Өлең, жыр, ақындар

Еркам Айдар

Бұрынғы заманда Еркам Айдар деген жас бала батыр болған. Ұзынсары деген алып болған. Еркам Айдардың Наран деген сұлу қарындасы болған. Сол сұлу қарындасын аламын деп Ұзынсары алып қызыққан. Оның келе жатқанын естіп, қарындасын алып, бір құдыққа түсіп жасырынған. Ұзынсары алып келіп, елді шапқан. Еркам Айдарды қарындасымен қарап таба алмаған. Ол елді шауып алып кетеді. Кеткен соң Еркам Айдар құдықтан шығады. Құдықтан шықса, бір қотыр күрең тай қалыпты. Қотыр күрең тайды барып ұстап алады, ұстаған екен, құнан болады, жүгендеген екен, дөнен болады, ерттеп мінген екен, бесті ат болады. Айшылық жерді алты аттайды, жылшылық жерді жеті аттайды. Сол аты Еркам Айдарға: «Менің үстімде жүргенде сені мен жауға алдырсам, мен ат болмайын, үстімде жүргенде сен жауға алдырсаң сен жігіт болма!», — дейді. Сонан соң, сол атқа мініп алмаған жау болмады. Сол Еркам Айдардың жалғыз қарындасы дуакер екен, сол дуа қылды. «Атса мылтық өтпесін, шапса қылыш өтпесін, адамның күші саған жетпесін», — деп дуа қылды. Бір күнде Еркам Айдар сапарға кеткен екен. Ұзынсары алып іздеп келді. Наран сұлу отырған үйге кірді, қызды көріп айтты: «Сен кімсің?» — деді. Қыз айтты: «Кім боламын, Еркам Айдардың қарындасымын». Ұзынсары айтты: «Сені неше жылдан бері іздеп келдім, құдайға шүкір, сені енді таптым. Енді маған тиемісің?». Қыз айтты: «Жоқ, мен саған бармаймын, менің ағам бек балуан, сені қайда барсаң да өлтірер, мені де өлтірер». Ұзынсары айтты: «Қорықпа, мен сені алармын. Сен шыныңды айт, мені сүйемісің?» Қыз айтты: «Неге сүймеймін, сүйемін, барармын саған. Сен мені алып кетсең, өзім амал тауып берейін!».

Қыз бір күндерде ауру болып дөңбекшіді. Еркам Айдар келіп: «Е, шырағым, тас құрсақта жатысқан, емшек бірге еміскен қарағым. Саған не болды? Саған, шырағым, не ем керек?» — дейді. Қыз айтты: «Е, ағам, ауру болдым, бар бір ем, алу қиын. Мынау жақта бір жеті басты жалмауыз бар деп естуші едім, соның маған бір қасық қаны керек. Соны ішсем, жазылар едім». Ағасы айтты: «Қиын болса да алармын. Қарындасымның жолында өлсем шейітпін!»

Еркам Айдар сол жеті басты жалмауызды іздеп кетті, бір күндерде бір далада тұрған үйге жетті. Бұл үйге: «Ассалаумағалайкум!» — деп еніп келді. О үйде отырған бір қыз адам екен, ол қыз айтты: «Уағалайкумәссәләм, не қылған жансың?» Еркам Айдар айтты: «Еркам Айдар деген алыппын!». Қыз: «Қайда барасың?» — деді. Жігіт: «Қайда барайын? Менің жалғыз қарындасым ауру еді. Соған жеті басты жалмауыздың қанын іздеп барамын». Қыз айтты: «Батыр болсаңыз да, ақылыңыз аз екен ғой. Сені қарындасың өлсін, қайтып келмесін деп жіберген. Ол жеті басты жалмауызға адам күші жетпейді, ол көрінген жанды күндік жерден жалмайды. Біз үшеуміз қыз едік, үшеумізді аламыз деп санайды, қашаннан бері біз онымен соғысып келеміз, ол бізді ала алмайды, жеті күн, жеті түн соғысамыз. Мұнан былай жолыңда екі апам бар, солар саған бір амал тауып бермесе, сен аласың деп айта алмаймын. Сен қайтқанда қонақ бол бізге».

Сонан бір күнде әлгі айтқан ортаншы апасына келді, апасына сәлем беріп, үйіне еніп келді. Қыз сәлемін алып, «Кімсің?» — деді. «Еркам Айдар деген балуан менмін!» — деді. Қыз айтты: «Сен қайда бара жатырсың?». Батыр айтты: «Менің жалғыз қарындасым сал ауру болды, жеті басты жалмауыздың қанын іздеп барамын». Қыз айтты: «Ақылды болсаң да, ақымақ екенсің, қарындасың сені өлімге айдап жіберген екен, сен түгіл үш балуан қыз біз де неше жылдай соғыстық. Үлкен апамыздың күші болмаса бізді алар еді. Сен біздің үлкен апамызға бар, сол бір амал тауып берер». Еркам Айдар үлкен апасына келді, кіріп келсе, ол апасы сұрамай оны біледі екен. Қыз айтты: «Е, Еркам Айдар, ақылды болсаң да ақымақ болған екенсің, батыр да болсаң, тентек екенсің. Қарындасың саған қас қылған екен». Еркам Айдар айтты: «Наранжан маған қас қылмас». Қыз айтты: «Ол жеті басты жалмауыз жеті күн, жеті түн ұйықтамайды. Жеті күн бізбен соғыс қылады, жеті жылдан бері соғысып тұрамыз. Ол көп ұйықтайды, біз аз ұйықтаймыз. Ұйықтап жатқан жерінде біз оны өлтірер едік, ол біздін әкемізді өлтірген еді. Әкеміз айтып еді бізге: «ұйықтап жатқан кісіге тиме» — деп. Әкеміздің тілін тастамаймыз. Осы күнде барсаң ұйықтап жатыр, өлтірсең қайтарыңда бізге қонақ бол».

Ол сол жеті басты жалмауызға барды, ұйықтап жатқан жалмауыздың қылышпен бір басын алды, алты басымен ақырып түрегелді. Алты басымен алты күн, алты түн алысады, ой жерді дөң қылады, дөң жерді ой қылады. Алты күнде, алты түнде алты басын алады, сол жерде өлтіреді. Қолқа-жүрегін кесіп алады.

Бір күндерде бағанағы қыздікіне қайтып келеді. «Өлтіріп қолқа-жүрегін алып келдім», — деді. Қыз айтты: «Саған да жақсы болды, бізге де жақсы болды, қорқушы едік», — деді. Үйіне қондырып жатқызады. Түнде ұйықтап қалған соң, ол жалмауыздың қолқа-жүрегін алып қалады, бір өгіздің қолқа-жүрегін қоржынына салып қояды. Ертең ерте тұрып, алғанын білмей кетіп қалады.

Айдан ай өтіп, жылдан жыл өтіп, бір күндерде үйіне келді. Үйіне жақындап келе жатса, қарындасы Наран сұлу тысқа шығып тұр екен. Ағасының келе жатқанын көрді, жеті басты жалмауыздың қолқа-жүрегін алып келгенін білді. Қайта жүріп үйіне енді: «Е, Ұзынсары алып батыр! Менің ағам келе жатыр, сенің әлің оған жетпес, бұл жолда жүдеген жоқ екен, қимылдамай жат! Тағы да бір қиын іске жұмсайын», — деді. Ағасы келді, амандасып көрісті. «Шырағым Наранжан, ауруың қалай?» — деді. Қыз айтты: «Жазылған ауруым жоқ», — деді. Жалмауыздың жүрегін қызға берді, қыз емделді, сол қыз ойнап жүріп жазылып кетті. Еркам Айдар қуанып тағы бір жау жаулауға кетті, сол жауды алып, үш күннен соң үйіне жетті. Келсе қарындасы есіктен төрге, төрден есікке дөңбекшіп, «ойбай» салып жылап жатыр. «Қарағым, Еркам Айдар, менің ауруым бұрынғыдан жаман болды». Еркам Айдар айтты: «Е, шырағым Наранжан, сен өлсең, мен жалғыз қайда барамын. Құдай сені жалғыз алғанша сен екеумізді бірге алсын. Наранжан шырағым, ұрғашыдан кәрі құлақты болушы еді, саған не ем керек болар?». «Маған Тағаланның ақ түйесінің сүті керек. Соны ішсем жазыламын. Тағаланның ақ түйесінің бурасы бар екен, сол бура көзі көрген жанның бәрін алады екен, соған барып сол бураны өлтіресің».

Сол Еркам Айдар кетеді іздеп, бір замандар болғанда әлгідегі қыздыкіне келіп кетті. Қыз амандасып: «Қайда барасың?» — деді. Еркам Айдар айтты: «Тағаланның ақ түйесінің сүтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Е, Еркам Айдар, ақылды болсаң да ақымақ екенсің. Қарындасың сені өлімге жұмсаған екен. Ол Тағаланның ақ түйесін адам ала алмайды. Сен ортаншы апама бар, ол білсе білер». Бір күндерде ортаншы апасынікіне келді. Үйіне кіргенде қыз айтты: «Қайда барасың?». Еркам Айдар айтты: «Жалғыз қарындасым ауру, соған Тағаланның ақ түйесінің сүтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Е, Еркам Айдар, ақылды болсаң да, ақымақ екенсің, батыр болсаң да, тентек екенсің, сені қарындасың өлімге жұмсаған екен». Бұл Тағаланның ақ түйесінің сүті бұлақ болып ағып жатады, ол өлген кісіні тірілтеді, оның бурасы бар, көрінген кісіні қуып жетіп өлтірер. Біз-дағы оның сүтін керек қыламыз, бірақ бурасынан қорқып бармаймыз. Менің үлкен апама бар». Бір күндері сол үлкен апасына келді. Қыз айтты: «Қайда барасың?», Еркам Айдар айтты: «Қарындасым ауру еді. Тағаланның ақ түйесінің сүтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Күшің көп те болса, ақылың жоқ екен, қарындасың сені өлсін деп жіберген екен. Тағаланның ақ түйесінің сүтін біз де алайық десек те, бурасынан қорқып бармаймыз, бір алсаң бурасы ұйықтап жатқанда аларсың, атың жүйрік болса алып қашып жеткізбей кетсең құтыларсың, егер қуып жетсе сені өлтірер». Еркам Айдар: «Ажал жетпесе өлмен!» — деді.

Бір күндерде барып жетті, ағып жатқан сүттен торсығына құйып алып қашты. Сол қашып бара жатқан атының дүбірінен ұйықтап жатқан бура оянды, көріп оны қуды, бір заманда қуып жетті. Қуып жетіп, иінінен тістеп алып жерге соқты. Еркам Айдар бураны түрегеліп соқты және бура оны алып соқты, бір-бірін екеуі үш-төрттен алып жықты, төртіншіде бураның жағын сындырып өлтіріп, құтылып кетті. Баяғы қыздікіне келіп қонды. «Есен-сау келдің бе?» — деді қыз. «Бураны өлтірдім, сүтті алып келдім», — деді. Түнде қонып, ұйықтаған соң, әкеле жатқан сүтін алып қалды, бір түйенің сүтін торсығына құйды. Ертесіне ерте тұрып, Еркам Айдар ештеңе білмей жүріп кетті.

Бір заманда үйіне жетті. Қарындасы ағамның келетін уақыты болған шығар деп тысқа шықты, ағасын көрді. Қайтып үйіне енді, айтты: «Ұзынсары алып, ағам келе жатыр, сенің күшің оған жетпес, үндемей жата бер». Ағасы үйге келді, қарындасымен амандасты, сүтін берді, бұл қыз әкелген сүтпен беті-қолын жуды, жазылды, ойнап-күліп жүрді. Еркам Айдар жауға аттанып кетті, үш күннен соң үйге қайтса, қарындасы бұрынғыдан да жаман ауырып қалыпты. Ыңыранып төрден есікке домалайды. Еркам Айдар жылады: «Сен өлсең мен де өлемін. Тағы саған бір ем керек пе?». Қыз айтты: «Маған Тағаланның көкшолақ қасқырының өті керек», — деді.

Еркам Айдар атын ерттеді, жұмсаған жеріне жөнелді. Бір заманда күндер болғанда баяғы қыздікіне жетті. Қыз айтты: «Қайда барасың?». Жігіт айтты: «Қарындасым тағы ауру, соған Тағаланның көкшолақ қасқырының өтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Сені өлсін деп жұмсаған қарындасың, өзге жолдан келсең дағы, бұдан келе алмайсың, ол көкшолақ қасқырға адам күші жетпейді. Оған сен барма, барсаң келмессің». Еркам Айдар айтты: «Қарындасым үшін өлсем шейітпін, барамын». Еркам Айдар кетті, бір заманда үлкен апасынікіне келді. Сәлем беріп, үйге кіріп келді. Қыз айтты: «Қайда барасың?». Еркам Айдар айтты: «Жалғыз қарындасым ауру болды, соған Тағаланның көкшолақ қасқырының өтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Е, Еркам Айдар, қарындасың сені өлімге жіберген. Ол көкшолақ қасқырға адамның күші жетпейді. Өзінен басқаның бәрін асайды. Оған сен барма, сені де асап қояр. Оған сен барма, барсаң, сонау көгеріп көрінген төбе сол —жатқан қасқыр. Ұйықтап жатқан жерінде алмасаң, ала алмассың», — деді.

Еркам Айдар атқа мінді, кетті. Бір уақытта көкшолақ қасқырға жетті. Қасқыр ұйықтап жатыр екен, пәлені барып қырық құлаш семсерімен шапты, белі екі үзіліп кетті. Кеудесімен алысып кетті. Үш күн, үш түн алысады, ол қасқырды өлтіріп өтін алды.

Қайтып қыздікіне келді. Қыз түнде жатқызып алып, қондырып, алып келе жатқан өтін алып қалып, басқа бір қасқырдың өтін білдіртпей салып қояды. Ертең ерте тұрып, Еркам Айдар кетіп қалады. Бір замандар болғанда үйіне жетіп келді. Қарындасы ағасының келетін уақыты болды деп, күтіп тұр екен. Қыз ағасын көрді-дағы қайтып үйіне енді қуанып. «Менің ағам Еркам Айдар жүдеп келе жатыр екен, тұрып бір алысып бақ, Ұзынсары алып». Еркам Айдар үйіне еніп келді. «Е, қарағым, қарындасым, сенің үшін жүдеп келдім, маған бір жақсы ас бер!». Қарындасы бір аяқ асты құйып берген екен, аузына тиер-тиместе Ұзынсары алып ақырып түрегелді. Екеуі сол жерде алыса кетті. Еркам Айдардың тақымы құрысып қалған екен, орнынан тұра алмады. Екеуі отырып сол жерде жеті күн, жеті түн алысты. Еркам Айдар айтты: «Е, қарағым Наранжан, тар құрсақта жатысқан, таласып емшекті еміскен, мынаның астына бұршақ сал, тайғақтап жығылсын. Менің астыма ұн сал!» Қарындасы астына бұршақ салды, Ұзынсарының астына ұн салды. Ұзынсары Еркам Айдарды бұршаққа тайғанақтап алып соқты. Өлтірейін десе қылыш өтпейді, атса мылтық өтпейді. «Мұны қайтеміз?» — деді. Қыз айтты: «Бір қырық қатынның сідігімен суарған бір алмас пышағы бар, бір өтсе сол өтеді». Сандықтан бұл пышақты алып берді. Сол пышақты тамағына шаншып қалса, пышақ тамағына еніп кетеді. Ұзынсары Еркам Айдарды өлтіріп, қарындасын, мал-жанын алып кетеді.

Еркам Айдардың өлетінін білген соң, күрең аты қашып кетті. Қашып, үш қызға барды. Күрең ат ол уақытта қызды мінгізіп алып келді. Баяғы жеті басты жалмауыздың қолқа-жүрегін, Тағаланның ақ інгенінің сүтін, Тағаланның көкшолақ қасқырының өтін алып келді. Өлгенді тірілтетін дәрі екен, емдеп тірілтпек еді, бағанағы пышақ суырылмады. Күрең ат айтты: «Жеті қабат жібектен арқан есіп, бір жағын пышаққа байла, бір жағын менің беліме байла. Пышақ сонда шығар, шықпаса өлгені». Байлады, күрең ат үш алып көкке шықты, үш алып жерге түсті. Сонда пышақ шығып кетті. Еркам Айдар: «А, қатты ұйықтап кеткен екем», — деп түрегелді. Қарындасының қас қылғанын жаңа білді.

Түрегелсе бағанағы үш қыз қасында отыр, үш қыз тірілткенін білді. Сол жерде үш қызды өзі алыпты. Үш қатыны айтты: «Біз ешқайда бармаймыз. Кеше қарындасыңды әкеткен жауыңа барып өш алсаңшы!». Еркам Айдар азық алды, тозбас киім киді, күрең атын мініп, іздеп кетті. Бір замандар болғанда бір елге жетті. Елге келсе, бір тезек теріп жүрген кемпір көрді. Еркам Айдар айтты: «Е, кемпір, бұл қай ел?». Кемпір айтты: «Ұзынсары алыптың елі». «Бұл — Ұзынсары алып Еркам Айдар деген алыптың қарындасын алған еді, сол қарындасы бар ма?» Кемпір айтты: «Ұзынсары алып Еркам Айдардан қорқып некесін қидырмаған еді. Тірілсе, бізді өлтірер деп қорқушы еді. Еркам Айдар тірілмеді, оның үшін некесін қидырып алғалы жатыр. Соның тойы болып жатыр».

Еркам Айдар сол үлкен тойға баруға түрленеді. Өзі тазша болып, атын қотыр күрең тай қылды. Сол тойға келіп бір қызбен өлең айтысады, ол қызды жеңіп кетіпті, тағы да екіншісімен айтысады. Сонда Еркам Айдардың қарындасы айтты: «Бұ кімнің дауысы, менің қарағым Еркам Айдардың дауысы сықылды екен?». Кісілер айтты: «Бұл — бір тазша» Қыз айтты: «Мұнда ша-қыртып келтірші!» Тазшаны үйге енгізді. Қыз айтты: «Сен тазша кімсің?». «Мен бір бейшара, мүсәпірмін». «Сен Еркам Айдарды көрдің бе?» Тазша айтты: «Көргем жоқ». Наран сұлу бұл тазшаға бір жақсы ат және шапан берді.

Сонан соң бір күндерде Ұзынсары жамағаттарын жиып алып, оқ атарға серуенге шықты; сонда Еркам Айдар көп кісімен бірге барды. Өзінің жағы жоқ екен, біреудің жағын сұрап алып атады. Тартуына жарамай сынып қалады, тағы да екінші жағын сұрап алып тағы да сындырады. Сонан соң жамағаттар: «Бір балуан тазша бар», — деп Ұзынсары алыпқа айтады. Ұзынсары алып: «Е, тазша, менің жағымды көтеріп атшы! Көтеріп атсаң, аттың, ата алмасаң, басыңды аламын». Еркам Айдар Ұзынсары алыптың жағын қолына алды. Тартса, жарамай сынып қалады. Ұзынсары алып ашуланады: «Бұл тазша балуан тазша екен. Еркам Айдардың үйдегі жағын алып кел, соны көтеріп атса жарайды, ата алмаса сонда басын алармын», — дейді.

Алып келіп, сол оқжақты берді, өзінің оқжағын қолына алып: «Әттеген-ай! Жаман болып қалған, түзетерге керек екен», — деді. Ұзынсары: «Мұны немен түзетер?», — деді. «Ту бие тауып берсең, соны сойып қазысына ораса түзелер еді, сонан соң көтеріп атсам, атайын, ата алмасам, басымды берейін!» — деді Еркам Айдар. Ту бие сойып қазысына үш күн орап тастайды. Төртінші күнде жағын қолға алды, бір оқ жағына салды. Бір оғының басы төрт пұт екен. Бір атқан екен, бес жүз кісі өледі. Сонан соң бұл Ұзынсары алып қашты. Ұзынсары алыпты куып жетіп, екеуі үш күн соғысады. Ұзынсары алыптың басын кесіп өлтіреді. Ұзынсары алыптың елін жесір-жебір қылып шауып алады.

Наран сұлу қарындасына келіпті. Қыз келгенін көріп: «Е, Еркам Айдар шырағым!» — деп алдынан жүгіріпті. Еркам Айдар қарындасын ұстап алды, атқа байлады. Енді шауып кеткен елін үйіне қайтарыпты. Наран жазасын тартып өлді. Еркам Айдар кегін алды. Үш қатынымен барша мұрат басына жетті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз