Баяғы өткен заманда Мысыр шаһарында Алған деген бай болыпты. Ол байдың Берген, Мерген, Құйым деген үш баласы болыпты. Ол бай- төрт түлік малда есеп болмайтын бай екен. Балаларының алды 18 жаста, ортаншысы 16 да, ал кіші баласы 8 жаста екен. Балалары ержеткен соң, бір күні балаларын шақырып алып, «Балаларым, сендердің екеуің ер жеттің. Ал, Құйым болса, әлі жас. Сендер мына малдарыңды алып, өздерің бағыңдар, мен кәртейдім» — дейді. Оған балалары: «Жоқ, әке. Бізге малыңның керегі жоқ. Әке малы — шатақ мал, бізге шатақ малдың керегі жоқ. Мал керек болса, өзіміз тауып аламыз» — дейді. Әкесі ары айтады, бері айтады, оған балалары көнбейді. Көнбеген соң, күнде өрісте мал бағып жүріп: «Ә, құдай, осы малды өзің беріп едің, енді өзің ал деп зарлайды да жүреді» — екен. Бір күні кешке жақын малын айдап, үйіне келе жатса, бір есекке мінген ақсақалды шал алдынан шыға келіп: «Әй, Алғанбай! Сен неге зарлап жүрсің?» дейді. Алғанбай барлық жағдайын айтып: «Осы малды құдай өзі беріп еді, енді, өзі алса екен» — деп жүрмін» дейді. Сонда әлгі шал: «Ей, осы айтқаның рас па?» депті. «Рас, кәзір алса да разымын, құдайға» — дейді. «Олай болатын болса, былай жаса. Үйіңде қара төбет итің бар екен.
Сол итің сені көріп, жүгіріп алдыңнан шығады екен. Соны аямай басына теуіп жібер. Тағы шақырып, аямай теп. Сонымен, малыңды қоралағаннан кейін жылқыда боз айғырың бар екен. Соны жүгенімен басына үш рет ұр. Сонан соң түйеде қара бураң бар екен. Соны бидасымен аямай басына үш рет соқ. Сонан кейін сиырда көк бұқаң бар екен. Соны да бидасымен басқа үш ұр. Қойда көк қошқарың бар. Соны буыршақпен үш рет басына, аямай соқ та, үйіңе бар. Үйіңе кіре беріп, оң босағаңды үш, сол босағаңды екі теп, жағып жатқан отты таяғыңмен сабап, күлін көкке ұшыр. Сонан кейін алаңсыз жата бер. Егер малдан құтылғың келсе, осыны адал ниетіңмен істесең, малдан құтыласың» — деп, әлгі шал жоқ болып кетіпті. Шал қуанып, малын аулына айдап келіп айғырды, бураны, бұқаны, қошқарды, итті бәрін сабап, үйіне келіп, оң босағаны үш, сол босағаны екі теуіп, жанып тұрған отты сабап, күлін көкке ұшырады. Мұны кемпірі көріп, «мына шалды өрісте жүргенде бірдеңе соғып кетті»- деп қорықты. Сонымен, тамақ ішіп жатып қалады. Түн ортасы ауа шал оянса, дала у-шу болып кетіпті. «Бұл не?» — деп далаға шықса, қой тышқан, сыйыры марал, жылқысы құлан, түйесі жирап болып безіп барады екен. Қайтып келіп, кемпірін оятып: «Әй, кемпір. Тұр! Мал кетті, бізде кетейік. Малдан қалып не бітіреміз?» — деп, тышқанның артынан еріп кете беріпті. Ал енді балаларға келейік: Ертеңгісін үлкен баласы орнынан тұрса, түс болып қалыпты. Шешесін қараса, шешесі жоқ. Киімдері де жоқ. Далаға шықса, малдары да жоқ. Тек қара төбет пен құбылаға қарап бір қара тоқты күйсеп жатыр. Одан басқа ештеңе жоқ. Итке барып итті шақырса, орнынан тұрмайды. Сөйтіп тұрғанда ортаншы баласы келіп, болған жағдайды біліп, итті ол да шақырса, орнынан тұрмайды. Екеуі барып кіші баланы оятады, «Сенің әке-шешең бізді тастап, малын айдап, бізден қашып кетіпті. Тұр!» — деп баланы оятады. Бала тұрып, ит пен тоқтыны көреді. Барып итті шақырса, ит тұрып келіп, қыңсылап, баланың үстіне секіреді. Сонымен, әлгі қалған тоқтыны бағып күнелте береді.
Күндердің күнінде тамақтары таусылып ашығады. Үшеуі келісіп, қара тоқтыны соятын болады. Сонда Құйым айтады: «Әкем айтушы еді, егер адам қысылса қара қойды сойып, етінен ауыз тимей, артқы бір санын басына жастап ұйықтаса, алдағы өмірі қандай болады екен, соны көреді» — дейді. Сонда қара тоқтыны сойып, үлкен ұлы Берген жастанып жатады. Ертеңгісін тұрады да, түсін айтады. «Мен түсімде бір жирен қасқа айғырға мініп, бір байдың жылқысын бағыппын. Күніне ішсем, бір кесе саумал ішеді екенмін!» — депті. Құйым тұрып: «Ендеше, сен өміріңше өстіп жүреді екенсің!» — деп түсін жорыпты. Келесі кешке, ортаншы ұлы Мерген жастанып жатыпты. Ол да бір қасқа өгізге мініп, бір байдың сыйырын жайып жүр екен, «тисе бір кесе сорпа ішем, бермесе ол да жоқ екен» — дейді. «Ендеше, сенде сондай өмірде болады екенсің!» — деп түсін жориды. Келесі күні басына Құйым жастанып жатып, мынандай түс көреді. «Шаңырақ ашық қалған екен, шаңырақтан үркер жұлдызы көрініп тұр екен. Көкірегі ашық қалған екен. Сол көкірегініне жаңбыр жауып қалыпты». Ояна келсе, түсі екен. Әлі таң атпапты. Құйым ойлайды. Егер мен осы түсімді айтсам мына жамандар жаман ойға жорыр, одан да, «Түс көргем жоқ» — дейін деп ойлайды. Ертеңгісін орнынан тұрады. Екі ағасы: «Ал, Құйым, не көрдің айт?» — дейді. Құйым: «Ештеңе көргем жоқ» — дейді. Сонда екі ағасы: «Сен сатқын, түсіңді айтқың келмей тұр» — деп, сабап-сабап қуып жібереді екен. Ол сол қалпында басы ауған жаққа қарай кете береді. Әлгі үйіндегі қара ит сонымен бірге қайда барса, сонда ілесіп кетеді. Сонымен Құйым ай жүреді, апта жүріп, бір дәу суға кез болады.
Судың арғы жағында бір кісі 40 өгіз бағып жүр екен. Соны көріп айғай салады: «Ей, ата! Мені мына судан өткізіп жіберші!» — дейді. Сонда шал: «Сені өткізіп неғылам?» — дейді. «Әке-шешем жоқ. Баласы жоққа бала болам» — депті. Шал өгізімен суға түсе қалып, баланы өткізіп алады. «Балам, сен рас маған бала боласың ба? Егер сен рас бала болсаң, менің бағып жүрген өгізім — Шығай Ханның өгізі, мен осыны бір жыл бағып ақыма бір дөнен өгіз аламын. Егер келісім берсең, быйылғы алатын өгізді сұрап алып, ел шақырып, ортан жілік ұстатып, сені балағып алайын» — дейді. Құйым: «Ата, еркің білсін. Менің әке-шешем жоқ. Сізге бала боламын» — депті. Әлгі кісі ақысына бір дөнен өгіз сұрап алып, соны сойып, ел шақырып, той жасап, балаға ортан жілік ұстатады, содан бала 4-5 жыл тұрады, 12-13 ке келеді. Бір күні «Әке, сіз мені неге балағып асырап алдыңыз?» — депті. «Е, қарағым, артымда қалып, түтінімді түтетіп, артыма ат қалдырайын деп асырадым» — дейді. Құйым: «Тағы басқа неге асырадың?» — дейді. «Сол, қарағым» дейді шал. «Жоқ, әке. Қолымдағы бейнетімді алсын деп асырадың ғой, сіз енді кәртейдіңіз. Өгізді мен бағайын. Сіз үйде болыңыз!» — депті. «Жоқ, қарағым, кәзір оқыра кезі. Өгіздер быж-тыж боп қашып кетеді» — депті шал. Оған Құйым көнбейді. Сонымен шал 40 өгізді Құйымға айдатып жібереді. Құйым кешке дейін бағып келеді. Ертеңіне тағы кетеді. Әкесі «Ей, балам, 12 өгіз қайда?» — депті. «Әке, бәленше жерде жайылып жатыр, оны айдап келемін деп едім мыналар кетіп қалатын болған соң мыналарды айдап жүре бердім» — дейді. Ертеңіне 10 өгіз айдап келеді. «Ей, балам, 30 өгіз қайда? «Олар кешегі өгізге қосылды. Ертең мыналарды соған қосып, бәрін айдап келем». Ертеңіне: «Қарағым, бүгін бірін қалдырмай айдап кел!» — депті. 10 өгізді өріске айдап барып, өзі кешке таяу қайтып келеді. «Ей, балам, өгіздерің қайда?». «Ей, ата, сіз осы жердің жайын білесіз бе?» — дейді.
«Білгенде қандай, осы жерде өсіп-өнгенмін» — дейді. «Ендеше, Бас төбені білесіз бе?», «Жоқ», «Май төбені білесіз бе?», «Жоқ», «Қызыл төбені білесіз бе?», «Жоқ», «Боқ төбені ше?», «Жоқ», «Көктөбені ше?», «Жоқ», «Ой, ата, енді не білесіз?», «Өгіздерің осы төбелерде жайылып жатыр. Ертең екі жақтап айдап келеміз» — дейді. Ертеңгісін шал баланы оятады. Бала: «Ата кішкене тұра тұр. Кеше «өгіздерді қуам» — деп әбден шаршаптым. Кішкене дем алайын» — депті. Шал: «Мен жүре берейін» деп еді, Құйым: «Ата, таба алмайсың, бірге барайық» — деп, екеуі тауға шығады. Тауға келсе, «Бас төбе» деп 40 өгіздің басын бір жерге кесіп-кесіп, үйіп қойыпты. «Қызыл төбе» дегені қып-қызыл ғып, 40 өгіздің етін бір жерге үйіп қойыпты. «Боқ төбе» дегені, 40 өгіздің боғын бір жерге үйіп қойыпты. «Көктөбе» дегені 40 өгіздің терісін бір жерге үйіпті де көк өгіздің терісін үстіне жауып қойыпты. Шалға: «Міні, осы төбеде жатыр» — депті. Шал сойылған өгіздерді көріп, есінен танады. «Ойбай, қу сотқақ! Енді хан екеумізді де өлтіреді. Сен маған бала болмадың, пәле болдың. Кәзір ханға барып айтып, сенің де көзіңді құрттырамын!» — деп, шал ауылға қарай жүгіріпті. Құйым: «Мен айтам, ханға» — деп екеуі ауылға қарай жарысып жүгіреді. Шал әрі-беріден соң жөтеліп, түшкіріп, балаға жете алмай қалады. Бала сол жүгірген қалпында ел жата ханның үйінің есігін қағады. «Хан! Ей, хан!» деп айғайлайды. Хан: «Не?» деп жауап береді. «Арызым бар, айтатын». «Арызың болса, ертең айтасың, алдыңда қорада екі құла тұлпар тұр. Соның ақырына барып жат» — дейді. Бала ақырға түскенде көзі ештеңе көрмей қалады. «Бұл қалай?» — деп отырғанда біреу келіп: «Ей, келдің бе?» — дейді. Құйым: «Келдім!» — дейді. «Мә, ендеше, мына тұлпарларды ертте!» — дейді. «Ойбай, көзім көрмей қалды!» — депті.
«Е, әкем көзіңді дұғалап қойған екен ғой, мен қазір дәрі әкелейін» — дейді. Әлгі адам алып келіп, бір дәрі береді. «Мә, мынаны көзіңе сүйкесең, көзің көреді» депті. Құйым алып сүйкеп еді, көзі бұрынғыдай көретін болды. Екі ертоқым мен екеуін ерттеп болған соң, жаңағы тағы келіп, «Мына қоржынды астыңа сал, ал енді тез кетейік» — дейді. Екеуі екі тұлпарға мініп, шу деп шаһардан шығып тартып отырады. Құйым байқап қараса, қыз сияқты. Сонымен, түнімен шайқалып кете береді. Таң ата қыз алдына қараса, қаршадай жас бала кетіп барады. «Ей, сұмдық, мынау не? Мен жынды болдым ба, мен кіммен бірге кетіп барам деп, қыз қойнында балгер кішкене кітабы бар екен, соны ашып қарап еді, кітапта: «Бұл — Құйым деген батыр, әуел баста құдай сені осыған бұйыртқан екен» дейді. Қыз атының басын тартып: «Әй, Құйым, тоқта. Мына өзен бойына тамақтанып алайық» — дейді. Құйым оған тоқтамайды. Қыз атынан түсіп, атын байлап, астындағы қоржынын түсіріп алып, ішінен бір ақ нәрсені жайып еді, шатыр болды. Оны тігіп, ішінен әр нәрсені алып жайса, шелек, қазан, ожау, кесе, не керек, жәңәй қорғанынан бір үйге қандай жабдық керек, бәрін алып, үйдің ішін жайнатып жібереді. Ол уақта Құйым қайта айналып келіп, атын қыздың атының қасына байлайды да, өзі анандай жерге барып отырады. Қыз шақырса, келмей ұялады. Құйымның басы таз, балтыры қотыр кедейдің баласы. Қыз — қандай сұлу. Адам баласында ондай сұлу болып көрген емес. Қыз қанша шақырса да келмейді. Қыз отын, бірдеңелер терген болып жүріп, Құйымды ұстай алып, бас салып шашын ұстарамен қанатып алады да, суға құммен ысып-ысып жуып, дәрі жағып, төсекке жатқызып қояды. Құйым сол жатқаннан ұйықтап, түс ауа тұрады. Тұрса, жақсылап киім тігіп қойыпты. Оны кигізеді және қыздың өзіне деп ала шыққан садағы бар екен, соны мойнына асып береді.
Ал енді біз, бұл қыз Құйыммен қалай қашқанына келейік. Бұл қыздың аулында бір қара дәу бар екен, сонымен қашпақ болып келіседі. Дәл, Құйым барған түні қашпақ екен. Құйым Шығай ханға айғайлағанда: «Батыр аңғал —деген» деп қыз шығып, Құйымға ілесуі сол себепті екен.
Құйым мен әйелі екеуі сол жерде 3 күн отырады. 4-күні «көшуге дайындалайық» — деп отырғанда үлкен құла тұлпар пысқырып, жер тарптып, тұрмай қояды. Сонда әйелі айтады: «Жау келе жатса, бұл сүйтеді» — дейді. Құйым құла тұлпарға мініп қараса, өздері келген жақтан шаң көрінеді. «Бұл не екен?» — деп тұрса, «қыз алам» — деп жүрген қара дәу, қыздың қашқанын естіп, арттарынан қуып келеді екен. Құйым алдынан қарсы шығып: «Әйелін алған кекті деген, сенің менде кегің бар, саған кезек бердім» дейді. Қара дәу кезегін алып, көкіректен атып қалыпты. Садақтың оғы келіп, көкірегіне тырс етіп тиіп, жерге түседі. Құйымның үстінде сауыты жоқ еді. Екінші, үшінші рет атады. Бірақ, оқты дарыта алмайды сонан кейін кезекті Құйым алады. Артына қараса, әйелі сауыт алып келіп тұр екен. Әйеліне: «Мына дәудің өзін атайын ба, болмаса атын атайын ба?» дейді. Әйелі: «Өзіңіз біліңіз, ерік сізде!» — дейді. Дәудің өлер жері — осы деп, жүректен тартып қалғанда, қара дәуден өтіп, арғы жағындағы бір дәу ағаштың түбіне тиеді. Ағаш түбімен бірақ құлайды. Ағаш құлағанда дәу бірге құлап, жерге түседі.
Құйым: «Байыңның басы» деп, алдына лақтырып тастайды. Сонымен, бұлар енді үйлерін жинай бастағанда құла тұлпар тағы пысқырады. «Бұған не болды?» — деп қараса, қаптаған қалың қол көрінеді. Құйым айтады: «Қатын, әлгі жақ сені көп әскермен қуып келеді. Үйге жақындатпай соғысайын» — деп, атқа міне сала ұмтылады. Келіп, қалың қолға араласып, соғыс салады. Бір сүтке соғыс салып, тең жартысын қырады. Жартысы соғысуға шыдамай быж-тыж болып, бас сауғалап, бет-бетімен қашып барады екен. Көре сала, Шығай ханға ұмтылып, қуып жетіп, Шығай ханды аттан жұлып алып, алдына өңгеріп алып, қызына қарай алып жүреді. Арада өзен су бар еді. Соған өтіп келе жатқанда, аты бір сүрінгенде екі-үш сүрініп, Шығай хан қолынан түсіп кетіп, суға тұншығып өледі. Әйеліне келіп: «Әкеңді алып келе жатыр едім, мына ат бір сүрінгенде үш сүрініп, суға кетіп өлді» депті. Қызы жылап, әкесіне бата оқып, ол жерден көшіп кетеді. Құйымның артынан ілескен қара төбет Құйым қайда жүрсе, олда сонда жүреді. Артынан ешбір көз жазып қалмайды. Бұлар осы кеткеннен кете береді.
Жолда келе жатса, бір тастың түбінде бір ақ тазы ұлып отыр екен. Соны тауып алады. Тастың басына қараса, бір бүркіт аяқ бауыменен отыр екен. Оны да алады. Сонан 2-3 күн жүріп, бір көлдің жанында сондай әдемі қорық бар екен. Соған келіп, үйін тігіп отырады. Олар қонып жатқанда жер жара айғайлаған біреудің даусы шығады. Оны олар елең етпейді. Отыра береді. Бұл қорық- сол елдің Бұтыр хан деген ханының қорығы екен. Ол қорықты бір құлағын жамылып, бір құлағын төсеніп жататын бір қара дәу күзетеді екен. Ол айғайлағанда мал тұрмақ, құрт-құмырсқа да ол маңайға жоламайды екен. Құйымдар 3-4 күн сол қорықта отырады. Қара дәу қанша айғайласа да іштеріне кірмейді. Бұдан хан уәзірін шақырып алып: «Мына дәу 3 күн болды айғайлағанына, бұған не болды, сен барып біліп келші, елдің үрейін алып болмады» — деп уәзірін жібереді. Уәзірі келіп: «Саған не болды, неше күн ұдайы айғайлап елдің берекесін алдың?» — депті. Сонда қара дәу айтады: «Мына ханның қорығына бір жас бала келіп, бүгін 4 күн болды кетпейді. Менің айғайлағаным, ішіне кірер емес. Бір ақ тазысы, бір қара иті, қолында бүркіті бар, аң аулап кетеді. Әйелі үйінде қалады. Қанша айғайласам, даусымды шыбын ғұрлы көрмейді. Білмеймін, не пәле екенін. Барып, өздерің біліңдер» — депті. Бір уәзір айтады: «Барып ханға айтайық» — дейді. Бір уәзір: «Жоқ, барып білейік, сонан соң ханға айтамыз, барып білмей, ханға не дейміз, жүр, барайық» — деп, Құйымның үйіне келеді. Дәл түс кезі екен, Құйым үйінде екен, «Ей, сен, елмісің, жоқ жаумысың?» — дейді келген уәзірлер. Құйым айтады: «Ханыңа айта бар, жауы десе жауымын, досы десе досымын, өзі таңдағанын білсін!» дейді. Уәзірлер келіп, ханға айтады: «Осындай бір бала келіп қорығыңызға отырыпты. Дәу қанша айғайласа да құлағына кіретін емес. Біз барып, елмісің, жаумысың десек: «Ханыңа айта бар, елі десе елімін, жауы десе жауымын!» — дейді. Тегі жас бала қорқатын емес. Айтқандай, тақсыр, әйелін айтсаңшы, адам баласының сұлуы екен, күйеуі тіпті жас екен!» — деп, ханға майын тамыза мақтайды. Хан айтады: «Ендеше доспын» — деп ауылдың қасына көшіріп кел» — деді. Уәзір барып: «Сенімен хан дос боламын деп, көшіріп кел деп жіберді. Келіп ауылдың қасына қоныңыз» — деді. Құйым әйелі мен екеуі барып, ауылдарына жақын қонды. Хан келіп, нөкерлерімен: «Қоныс құтты болсын!» айтты. Хан үйіне келіп, жақсы көрерін шақырып алды. «Мына баланың әйелін қалай алам, соған амал табыңдар, мен соның әйеліне ғашық болдым» — дейді. Бас уәзірі тұрып: «Тақсыр, осы ауылда бір мыстан кемпір бар, ол барлығын да орындайды» — деді.
«Ендеше, соны шақыр!» — деді. Мыстанды алып келді. Мыстанға барлық жайды айтты. Мыстан ойланып: «Сіз, қара қойдың қанын ішіңіз де қарық-қарық құсыңыз. Есіктен төрге, төрден есікке домалаңыз. Сонан елді шақыр, маған тамырыңды ұстат. Мен айтам, бұл — жаман ауыру, бұған айбөкеннің сүті керек деймін. Айбөкен деген аң, ең шапшаң және өте күшті. Ол алға шабады. Оған барса, қайтып оралмайды. Сонан соң әйелін сен алмағанда мен алам ба? Мен: «Айбөкеннің сүтін кім табады?» — дегенде, сен әркімдерге айтып қой, «Құйым табады» — деп, халық бір ауыздан шу ете қалатын болсын!».
Сонымен, хан қара қойдың қанын ішіп, қарық-қарық құсып, есіктен-төрге, төрден есікке домалады. Елді шақырды. Ел жиналды, әлгі мыстан ханның тамырын ұстап: «бұл ауыруға бірақ ем бар, ол — айбөкеннің сүті, одан басқадан жазылмайды» — деді. Бас уәзір: «Қалқам, оны кім табады?» — дегенде, «Оны Құйым табады» — деп, ел шу ете қалды. Хан Құйымды шақырып: «Ал, қарағым, менің өмірім қәзір сенің қолыңда. Айбөкеннің сүтін сенен басқа ешкім таппайды. Соған бар!» деді. Құйым: «Мен үйіме барып, біраз ойланайын» деді. Үйіне келіп, әйеліне барлық жағдайды айтты. Әйелі балгер кітабына қарап: «Барсаң бар, бірақ ханның ақ сауыты бар, соны сұра, 9 бүктемелі ақ семсері бар, соны сұра, байлауда қара қасқа тұлпар тұр, соны сұра, соларды берсе бар, әйтпесе барма!» — деп кеңес берді.
Құйым ханға келіп, ақ сауыт, ақ семсер, байлаудағы қара қасқа тұлпарды сұрады. Қара қасқа тұлпарды сұрағанда хан: «Ә, мынаған оңай ажал табылды» деп ойлады. Ол қара қасқа тұлпарды, сол ауылдағы елді өлтіріп болмаған соң, төрт аяғына төрт қазық қағып, шынжырмен байлап тастаған. Оған барған соң, оны босатқан соң, оны бассалып өлтіреді деп ойлады да: «барып атыңды алып кел, сонан соң басқасын берейін» деді. Бағатын кісіні шақырып алып: «Мына кісіге қара қасқа тұлпарды бер» — деді. Мұны естіп, елдің бәрі жиналды. Есігін ашып беріп, өзі төбесінен шай, су беретін жерден қарап тұрды. Құйым есіктен кіріп барғанда, қара қасқа тұлпар оқыранып жіберді. Аяғындағы шынжырларын қолымен бұрап сындырып, мойнына белбеуін салып, жетектеп алып шықты. Халық көріп: «Ойпырмай, мынау хан болуға жарайтын адам екен!» — десті. Сонан Құйым сауытын алуға барғанда, хан қорқайын деді. Айтқанын түгел берді де: «Қарағым, тездет!» — деді. Құйым барлығын алып, үйіне келді. Әйелі:«Сен енді үйден шығып, бір оты жақсы жерге барып, бұл тұлпарды 15 күн жіберіп семіртіп, бойын жаздыр. Сонан соң ізде» деді. Құйым атына мініп, жүріп кетті. Жолда атын 15 күн жіберіп, тойындырып алды. Бір тауға барып, басына шығып тұрды. Сонда атқа тіл бітіп сөйледі. «Сен, Құйым, жан-жағыңа қарашы, не көрінеді маңыңда» — деді. Құйым: «Еш нәрсе көрінбейді, тек қаптап өскен қарағай мен қайың көрінеді» деді.
— Ал, сен тыңла, мен саған айтайын. Мен, өзің сияқты бір батырдың жанындай жақсы көрген аты едім. Сол батырды осы патша айбөкеннің сүтіне жұмсады. Сонда дәл осы жерде тұрдық. Мен байқамаппын, айбөкен келіп қалыпты. Мен жалт беріп, қаша жөнелдім. Ол үстімдегі иемді алып қалды да жеп қойды. Мен шапшаңдықтан құтылып кеттім. Қайтып иеме оралуға менде ондай күш-қайрат жоқ қой. Ал, сол иемнен айрылған соң, айбөкенге күшім жетпеген соң, мен барып осы патшаның елін қыра бердім. Көзіме не көрінсе, бала болсын, үлкен болсын теуіп, тістеп өлтіре бердім. Мені ұстауға неше түрлі айла-әрекет жасап, ақыры мені ұстап, өзің босатып алған қораға төрт аяғыма төрт қазық қағып, шынжырмен байлап тастады да қораның төбесін тесіп, сол жерден маған шөп, су беріп 33 күн асырап тұрғанда, сен келіп босатып алдың. Менің жағдайым — осы. Ал сен, жан-жағыңа дұрыстап қарашы, ештеңе көрінбей ме екен?». Мен жан-жағыма қарап, қалың қарағайдың арасында, бір ағаштың басында ағарған бір нәрсенің көрінетіндігін айттым. Одан басқа ештеңе көрінбейді» — дедім. «Ендеше, айбөкен деген — сол. Ол «айға шабамын» — деп мерт болды. Сол «айды ұстаймын» деп айға шапқан, содан барып жете алмай, қайта құлаған. Кәзір ағаштың басында тұр. Құлағанда ағаштың үстіне түсіп, ағаш артқы бір санына кіріп, өзі сол ағашты құшақтап тұр. Сен қазір, менің басымды солай қарай жібер. Мен бар шабысыммен шабайын. Сен қылышыңмен шауып өт. Сонда ол жерге түседі. Біз сол қалпында кете береміз. Ол саған: «Қайт!» — деп айғай салады. Сен қайтпа! Екінші айғайлағанда қайтпа! Үшінші рет «дос болам, қайт!» дейді. Сонда қайт! Қайтып келіп, барлық жарасын ағаштан тазалап, үстіңдегі жейдеңмен таңып бер. Сонан соң керегіңді сұра. «Ал кеттік» деп, «шу» — деп жөнелді. Мен қылышты суырғанша Айбөкенге құйғытып жетіп келді. Қылышпен шауып кеттім. Айбөкен домалап жерге түсті. Түсе сала: «Қайт!» — деп айғай салды. Қайтпадым. Үшіншіде ғана қайта оралдым. Келсем, саулап аққан іріңі бес-алты шелек майдай болып ағып қалыпты. Келе сала ағаштардың кіргенін алып, іріңін тазалап, жуып-шәйіп, жейдеммен таңып бердім. Таңып болған соң: «Ал, досым, не тілегің бар, айта бер?. Не жұмыспен келдің, күшім келгенінше, бәрін орындаймын» деді. Мен: «Ханымыз ауырып, соған айбөкеннің сүті керек болып, соны іздеп шығып едім. Маған айбөкеннің сүтінен басқаның керегі жоқ» — дедім. «Ендеше, ол- өте арзан екен. Мен кәзір айғайлаймын, сонда неше түрлі аңдар келеді. Баурында алты емшегі бар айбөкен батысқа қарап тұрады. Соның алдына шық та, қылышыңды бұлға, ол сенің артыңнан еріп отырады. Алып бар да, патшаңа сауып бер. Егер оған көнсе, сүтін алсын, көнбесе «елін қыр»- деп маңдайынан сипасаң, мың әскер оған сөз емес. Тегіс қырып бітіреді. Егер айтқаныңа көнсе, «қайт жануар» — деп сауырынан сыйпа. Ол бір-екі минутте көзден ғайып болады. Бұл жерге сенің көмегіңсіз-ақ өзі келеді. Ал оған басқа бір нәрсе керек болса, мені осы жерден табарсың» — деді де екі-үш рет айғай салып еді, неше түрлі аңдар қайтып келе бастады. Ең соңында ұзындығы 3-4 метір бір ұрғашы айбөкен келіп, күнбатысқа қарап тұрды. Соның алдынан шығып, қылышымды бұлғап, жүріп кетіп едім, артымнан ерді де отырды. Сол күні соғып отырып, ауылға келдім. Ол келгеннен көріп: «Ойпырмай, Құйым айбөкеннің сүті тұрмақ, әуелі өзін әкеліпті!» — деп, ел таңғалды. Оны хан да естіп, зәресі кетті.
Ертеңіне Құйым айбөкенді ілестіріп, ханның ордасына барды. Хан айбөкенді көріп, төрден есікке, есіктен төрге жүгіріп, «Шырағым, мен сен кеткеннен кейін, көп ұзамай басқа дәрі-дәрмек ішіп, жазылып кеткемін. Бұныңды енді әуреғылмай қайтарғын» деп жалынды. Құйым: «Қайт, жануарым!» — деп жотасынан сыйпап еді, зымырап, «әні-міні» дегенше көзден ғайып болды.
Хан қайтадан мыстан кемпірді шақырып алып: «Мынау мына жолы да аман келді. Енді не айтасың?. Мен өлетін болдым. Ғашықтықтан жуадай солып барамын, менің мал-мүлігімнің жартысын алсаң да, осының әйелін алуға бір амалын тап» — деп жалынды.
Мыстан кемпір: «Енді бір ақыл бар, соны істейік. Одан ол, мың жаны болса да оралмайды. Сен тағы қара қойдың қанын іш, қарық-қарық құс, есіктен-төрге, төрден-есікке домала. Елді жи, маған білегіңді ұстат, мен сонда айтам: «Бұл ауруың бұрынғы емес, сен енді ұзақ ауырасың, сен қайта ауырмас үшін су сыйырдың сүті керек» деймін. Ол, су сыйыр, жер үстінде, тек ақ дәу, қара дәу, қызыл дәу деген перілердің қолында. Ол перілермен біздің арамызда 6 тау бар. Ол — құз тау, оған адам түгіл, құс ұшып шығалмайды, шыққанымен, арғы жағында тас тау бар. Онда кілең айнадай жылтыр тастар жатады, оған адам тұрмақ, таста жүретін тау ешкіде тайып құлап өледі. Ал, одан әріде Қар тау бар. Онда қар күндіз-түні бірдей жауады. Ол таудың қарының қалыңдығы — мың кез және ұн сияқты үлпілдек. Одан тегі өте алмайды. Ал оның ар жағында Мұз тауы бар. Ол-бәрінен тайғақ және бәрінен биік. Шапшаң ұшатын құс оның етегінен басына дем алмай, бір ай ұшады. Ал оның ар жағында — саз тау бар. Бетіне бір мысқал тас түссе, соны түбіне қарай тартып әкетеді. Онан арыда от тауы бар. Одан адам түгіл, құс та ұшып басына шыға алмайды. Оның ыстығы күнге жетіп тұрады. Міне, осыған жұмсаймыз. Сонан соң, ол кеткен соң, біраз күннен кейін некелеп, өзіңе қосып ала бересің» — деді.
Хан қара қойдың қанын ішіп, қарық-қарық құсып, төрден-есікке, есіктен-төрге домалай бастайды. Барлық ел жиналады. Жәңегі мыстан білегін ұстап: «Ойпырмай, айтайын ба, айтпайын ба?» — деп өтірік көзі шарасынан шығады. «Қош, неде болса, әулием, жасырмай айт!» деп жалынады. Ел де хан сөзін қоштайды. «Ендеше, мен айтайын, бірақ көңілдеріңе ауыр алмаңдар, бұл ханның ауыруы бұрынғы емес, бұл — өте қауыпты, дәрісі табылса, 2-3 ай созылады, дәрісі табылмаса 2 айдан кейін өледі» — дейді. Уәзірлері: «Ал, енді қандай дәрі керек?» депті. Сонда кемпір айтады. «Бұған су сыйырдың сүті керек, одан басқа дәріге жазылмайды» — дейді. Уәзірлер: «Ойбай, ол су сыйырды кім табады дейді?» — елге. Сонда ел: «Оны Құйым табады!» — дейді. «Өзің үшін туыпсың, елің үшін күйіпсің» деген қарағым, барып кел!» — деп, ел шу ете қалады. Құйым бармақ болып, уәде береді.
Құйым ертеңіне су сыйырды іздеп, жолға түсіп кетеді. Сол кеткеннен кете берсін. Енді ханға келейік. Хан екі-үш күннен кейін Құйымның кеткенін әбден білген соң, Құйымның әйелін алуға жүреді. Ал Құйымның әйелі мұны балгер кітабын ашып біліп, сол кітәбіменен дұғалап, өзінің үйін айналдыра 9 қабат адам шыға алмайтындай етіп, тастан қорған соғады. Мұны көріп хан, қол астындағы барлық елді жинап, соны бұздырады. Кешке дейін ел жиналып 8 қабатын бұзып, бір қабаты қалады. «Ертең бұзамыз»- деп кетсе, ертеңіне сол 9 қабаты қайта қаланулы тұрады. Енді осы хан 9 қабат қорғанды күнде бұзумен болсын, енді Құйымға келейік.
Құйым сол кеткеннен кетіп, өзінің айбөкен досына барады. Барып, амандасып болған соң, бар жағдайды айтып, соған болысуын сұрайды. Сонда айбөкен айтады: «бұған менің ешқандай көмегім жоқ, ол ақ дәу, қара дәу деген үш перінің қолында. Оған бару үшін 6 таудан өту керек. Ол таулардан құс та ұшып өте алмайды»- дейді. Ал енді саған айтар бір кеңесім бар: Анау аспанмен тіресіп тұрған бәйтеректі көрдің бе? Соның басында «Алып қара құс» деген құс бар. Соның балаларын сол жерде тұратын айдаһар жеп кетеді. Сен сол айдаһарды өлтірсең, баласын ажалдан аман алып қалғаның. Бала деген бауыр еттен жаралады ғой. Сол үшін де сені қалаған жеріңе апарады. Ал оған бару, тек сенің қолыңнан келеді. Одан басқа істейтін амал жоқ» — деді.
Құйым айбөкенмен қоштасып, сол көрінген бәйтерекке келеді. Келсе, бәйтеректің басында үш балапан жатыр екен. Әрбірінің үлкендігі түйенің үлкендігіндей екен. Балапандарға қауырсын жәңә-жәңе шығып келеді екен. Әлгі жердің өсімдіктері де басқа жерге қарағанда өзгеше. Түйе жапырақтың бір жапырағының асты бір үлкен тайдай екен. Атын босатып жіберіп, сол жерде «айдаһар қай жақтан келер екен?» — деп тосып жатты. Жатып ұйықтап, кетіпті. Шырқыраған бір нәрсенің даусынан шошып, ояна келсе, әлгі балапандар екен. «Бұл неге сонша шырқырайды?» — деп жан-жағына қараса, бір нән айдаһар бәйтеректің суын сығып, жоғары балапандарға өрлеп кетіп барады екен. Құйым 9 бүктемелі ақ семсермен салып жіберіп еді, басын қақ айырды. Айдаһар жерге тарс етіп, құлап түсті. Құйым қылышпен кескілеп өлтірді де, кеулі жай отыра берді.
Бір уақыттар болғанда қатты жел тұрды. «Бұл не?» — деп қараса, алып қара құс екен. Әлгі соққан соның қанатының желі екен. Келіп, бәйтерекке отыра кеткенде бәйтерек майысып, сына жаздап барып, қайта орнына тоқтады. Балаларына әкелген жемді беріп: «Әй, осы жерде адам исі шығады, бұл жерде адам қайдан жүр?» дейді. Сонда балалары: «Ана, досың керек пе, жоқ қасың керек пе?» дейді. Әуелі: «қасым керек» — дейді. Сонда балалары айдаһарды көрсетеді. Айдаһарды «ауп» деп бірақ жұтып, «ал, енді маған досым керек» — депті.
Балапандары Құйымға: «шық!» депті. Құйым жапырақтың арасынан шыға келгенде, оны да жұтады. Бірақ, балалары тамағынан қысып, шырқырап жібермейді. Жібермеген соң, қайта құсады да: «Қой, балаларым, бекер істедіңдер. Жұтып қайта құсқанымда 1000 кісілік күш беретін еді. Бұған 100-ақ кісінің күші бітті. Бұларың дұрыс болмады» деп, Құйымнан мән-жайын сұрады. Құйым су сыйырдың сүтін іздеп келгендігін айтты. «Мұның үлкен жұмыс екен, оған менің күшім келмейді, тек сені апарып, сол жерге тастайын, сонан кейінгісін өзің біл, менен басқа ешқандай көмек болмайды». «Жарайды, мені сол жерге жеткізсең болғаны, аржағын өзім көріп аламын» — деді Құйым. «Олай болатын болса, сен осы жерде екі жеті тос. Мен балаларыма тамақ жиып беріп кетейін. Және өзімізге тамақ дайындайын және 40 мес су керек. Арада от тауы бар, содан өткенде керек болады» — деді. Сонымен, Құйым сол жерде қалды да, алып қара құс тамаққа кетіп, бір жетіде екі рет келіп, балапандарына екі айға жарайтын етіп тамақ жиып беріп, 40 мес су артып, үшінші күні қайтып келіп, «ал кетелік» деді.
Құйымды аты мен екеуін қанатының үстіне таңып алып ұшады. Бір ай тік ұшты да, сонда Құйымға: «Жерге қара!» деді. Құйым жерге қарап, «Жер тоқымның үлкендігіндей-ақ екен» — дейді. Сонда құс: «Әлі төмен екенбіз» дейді: Тағы біраз күн тік ұшады. «Ал, енді қара!» дейді. «Жер жуан иненің көзіндей болды» — дейді. Ал енді төбесіне шықтық. Енді тура ұшамыз. Сен көзіңді жұм!» — дейді. Бірнеше күн ұшқан соң, бір мезгілде ұшуын тоқтатады. Құйым көзін ашса, бір жерге келіп қоныпты. Ал енді «келдік» деді. Қараса, 40 мес судан түкте жоқ. «Су қайда?» — деп сұрап еді, жаңа от тауына келгенде өзімізге ыстық келтірмес үшін тесіп, барлығын құрттым» — деді. «Ал енді сен осы суды жағалап жүре берсең, алдыңнан көпір шығады. Содан өтіп, ақ дәудің үйіне барасың. Мына бір қауырсынымды алып қал. Қай жерге барып қонсаң да от жаққан жердің қасына шаншып қал» — деді де: «ал, қош сау бол» деп, құс ұшып кетті. Құйым атына мініп, көпірден өтіп, жолмен біраз жүргеннен кейін, алдынан ақ үй көрінеді. Ол үйге келсе, үйден 15-16 жасар бір қыз шығады. Ол қыздың аузына бүрме темір салып қойған. Сол қыздан «Бұл кімнің үйі?» — деп сұрайды. «Бұл-ақ дәудің үйі» дейді. «Ол — өзі қайда?» «Аң аулап кетті», — депті.
«Ендеше, үйіңе түсейін» — деп түссе, үйінде бір қазан ет, бір саба қымыз тұр екен. Қызға: «Ет, қымыз әкел!» — дейді. Қыз: «Әкем ұрсады» — депті. Құйым: оған қарамай еттен, қымыздан алып, қызға: «іш!» — дейді. Қыз: «Бірге отырып ішпеймін, әкем ұрсады» депті. Аузымдағы бүрмені тамақ ішіп қоймасын деп салып кетті» — депті. Құйым: «Әкең енді келмейді, ұрыспайды» деп, аузындағы бүрмені алып, тамақ береді де «Әкең қай жолмен кетті?» депті. «Мына жолмен кетті». «Қай жолмен келеді?». «Мына жолмен келеді» — дейді қыз. «Келеді» деген жолға түсіп, бір жерге ағаш ішіне атын байлап, тосып отырса, артында тазысы, қолында бүркіті, иті ұлып, бүркіті шаңқылдап, сауыты сөгіліп келеді екен. Сонда ақ дәу: «Ей, ұлымағырдың иті ұлып, өз басыңа көрінсін! Шаңқылдамағырдың құсы шаңқылдап өлеріңе көрінсін!
Сөгілмегірдің сауыты сөгіліп, тозарыңа көрінсін. Осы Құйым туғанда бүлк ете қалып еді, бар денем» — деп келеді екен. «Әй, мен саған неғылдым?» деп Құйым шыға келеді. Сонда екеуі алыса түседі. Алысып-алысып, ақ дәуді алып ұрып, басын кесіп алып, қызына: «Мә, әкеңнің басы» деп жүре береді. Қыз әкесінің басын көріп, жылап қала береді. Біраз жүрген соң, қара дәудің үйіне келеді. Онда екі қазан ет, екі саба қымыз тұр екен. Оның да үйінде бір қыздан басқа ештеңе жоқ, келіп үйіне түссе, қызының аузына бүрме салып қойыпты. Оны сындырып, қасына отырғызып, тамақ ішіп, әкесінің қай жолмен келетінін сұрап алып, алдынан шығуға кетеді. Бір жерде тосып тұрса, оныңда иті ұлып, құсы шаңқылдап, сауыты сөгіліп келеді екен. Ол да: «Ей, ұлымағырдың иті ұлып, өз басыңа көрінсін. Шаңқылдамағырдың құсы шаңқылдап, өлеріңе көрінсін! Осы Құйым туғанда солқ ете қалып еді бар денем?» деп келеді екен. «Мен саған не жасадым» — деп шыға келеді. Құйым екеуі алыса түседі. Алысып-алысып, оны да алып ұрып, басын кесіп алып, қызына әкеліп: «Мә, әкең басы. Әкең келмесіне кетті» — деп жүріп кетеді. Біраз жүріп, қызыл дәудің үйіне келеді. Келсе, онда да аузына бүрме салған бір қыз жүр екен. Құйым келіп:
«Кімнің қызысың?» — депті. «Мен қызыл дәудің қызымын» — депті. «Ендеше, қымыз әкел» — дейді. Онда үш қазан ет, үш саба қымыз тұр екен. Қызға аузындағы бүрмені алып, менімен бірге қымыз іш»-дейді. Бұл қыз бұрынғы қыздар сияқты қарсыласпай, бүрмені алып, бірге қымыз ішеді. Қымыз ішіп отырып: «Сіз, Құйым деген батырсыз ба?» дейді. «Я, оны қайдан білдің?» Менің білгенім, әкем үш ағайынды. Үшеуі де пері. Олар, жиналғанда айтушы еді. Біздің ажалымыз, «Құйым деген батырдан»- деп, сол батыр үшеумізді өлтіреді» — дейтін. Және бұл жерге адам келе алмайтындай етіп, осы жердің жан-жағын алты таумен қоршаған еді. «Оның үстінен асып келе алмайды» — деп дұғамен қоршаған, қайран әкемнің ажалы жеткен екен. Енді саған айтатыным бар: Менің әкемнің жаны — бөлек. Екеуің 7 күн, 7 түн алысасың. Сонда әкемнің бір танауынан ақ жібек, бір танауынан қызыл жібек салбырап шығады. Сонда сен, соны мұртына келгенде тартып, үзіп ал. Менің әкемнің жаны — сол. Сен оны олай етпегенде де жеңесің. Бірақ, сол мұртынан салбыраған жібек жерге жетіп, сенің аяғыңа оралып үзілгенше, кем дегенде бір ай алысу керек. Ал, әкем, мына жолмен кетті, барсаң алдынан шығасың» — дейді. Құйым жолға түсіп келе жатса, иті қаңқылдап, құсы шаңқылдап келеді екен. «Әй, ұлымағырдың иті ұлып, өз басыңа көрінсін! Қаңқылдамағырдың құсы қаңқылдап, өлеріңе көрінсін, сөгілмегірдің сауыты сөгіліп, тозарыңа көрінсін! Осы Құйым туғанда солқ ете қалып еді, бар денем» деп келеді екен. Құйым бұғынып тұрған жерінен шыға келіп, «Әй, мен саған неғылдым?» — деп, атып шығады. Екеуі алыса кетеді. Екеуі 7 күн, жеті түн алысып, сегізінші күні болғанда қызыл дәудің екі танауынан бұтамдай бір ақ жібек, бір қызыл жібек шығып, салбыраған екен. Құйым қолын жібере салып, жібекті жұлып алады. Қызыл дәу жерге тарс етіп, құлап түседі: Құйым басын кесіп алып, қызына әкеп береді: «Мә, әкеңнің басы» — дейді. Қыз:
«Өлерін мен өзім айттым, әйтпегенде әлі де біраз жарық дүние көретін еді» депті. Сонымен, Құйым сол күні сол үйге түнейді. Алып қара құстың қауырсынын от басына қыялап шаншып қояды. Ертеңгісін Қара дәудің қызының үйіне қонады. Алып қара құстың қанатын от басына шаншып қояды. Ертеңгісін тұрса, ақ дәудің қызы: «Ой, Құйым келіп қалыпты ғой!», — деп, малын қайырып жүр екен. Қараса, бәрі малымен көшіп, ақ дәудің үйіне келіп қалыпты. Сол күні Ақ дәудің үйіне қонып, қанатты тағы от басына шаншып қойып жатады. «О, біздің Құйым досымыз келіп қалыпты!» — деп айбөкен малын қайырып жүр екен. Қараса айбөкенге келіп қалыпты. Төртінші күні айбөкеннің аулына келген соң, сол жерге түнеп, ертеңгісін өз үйінің қасына келіп қоныпты. Әйелімен амандасып, аман-есен көріседі. Ертеңіне алып қара құс келіп: «Ал батыр, менің баламды ажалдан айырғаның үшін азда болса, көптей көріп, мені босат,» дейді. Құйым көп-көп рахмет айтып, алып қара құспен қоштасып, ықтиярымен қайырады. Ел: «Құйым келіпті, су сыйыр тұрмақ үш дәудің үш қызын әйелдікке алып келіпті» — десіп шуылдасады.
Құйым ханға барып: «Ал, хан-еке, су сыйырдың өзін әкелдім. Етін жесең де, өзің біл» дейді. Хан қорқып: «Қарағым, сен кеткен соң, әртүрлі дәрі дәрмек ішіп, жазылып кеттім» дейді. Сонымен, хан мыстан кемпірді шақырып алып: «Ал, мына пәле тағы келді, енді не айла табасың?» дейді. Кемпір ойланып: «Енді бір амал бар. Ол былай: Сіз дәу бір маядай сексеуілді маймен майлатып жинатыңыз. Ортасына қойған бір шынжыр үстіне шығып тұрсын. Сонан соң, бір күні сол сексеуілдің қасына елді жинатып: «Мына сексеуілдің ортасында шынжыр бар, соған біреу байланып отырады. Сонан соң, жан-жағынан от қоямыз. Түтін аспанға көтерілгенде, менің әкеме берген қонақ асы, берген киімім, істеген ісімді, әкемнің кәзір қандай күйде жүргенін көреді. Соған кім байланады?» де. Сонда елге айтып қой, «Құйым байланады» — десін. Сонан соң, оны байладағы, отты түгел қойып жібер. Сонан соң, мың жаны болса да күйіп кетеді» — дейді. Айтқанын істеп, елді жиып, кемпірдің айтқанын айтты. «Артынан түтін көкке шыққансын түсіріп аламыз. Осыған кім байланады және әкемді кім көреді?» деді хан. Ел:
«Құйым батыр көреді» деді. «Ал, Құйым, бүгін жұма күні, қарағым соны көріп кел!» — деді хан. Құйым: «Мен үйге барып келейін» — деп үйіне келді. Әйелдеріне айтып еді. Қызыл дәудің қызы: «Біз періміз, сен барып байлан, сонан соң біз көк кептер болып барып, сені түтіннің арасынан алып келеміз, одан қорықпа!» — деді. Құйым барып, «Ал мені байлаңдар!» — деді. Құйымды байлап, ел болып, жан-жағынан отты қойып жіберді. Түтін аспанға шыққанда кептер болып әйелдері келіп, шешіп алып кетті. Оны ел білген жоқ. Жан-жағы жанып, ортасы ойылып кеткенде хан атына мініп, «Мен Құйымның өз әйелін алам» деп, уәзірлері: «Мен қызыл дәудің, мен қара дәудің, мен ақ дәудің қызын аламын» деп, тура Құйымның үйіне шабады. Сонда әйелдері: «Ал енді қыр!» —дейді. Құйым атына мініп, қарсы шапқанда: «Ойбай, біз әншейін шауып едік» — деп, быт-шыт болып қашады. Бірақ, Құйым оған көнбей, хан мен бектерін қырып тастап, мал-мүлкін елге сыйға таратып беріп, өзі сол елдің сұрауы бойынша патша болады.
Үлкен әйелі босанып, ұл табады. Баласының атын Арпалыс қояды. Арпалыс 8 айға толғанда Құйым шалқасынан жатып, көкірегіне мінгізіп отырса, баласы сиіп жібереді. Сонда Құйым күліп жібереді. Әйелдері: «Неге күлдің?» депті. «Жәй, өзім ғой», — дейді. Бірақ әйелдері сұрап болмайды. «Күлгенді сұра сыры бар, жылағанды сұрама мұңы бар деген, айт!» — дейді. Құйым: «Жарайды, айтайын!» — дейді. «Мен жас күнімде түс көріп едім, сонда түсімде түңлік ашық қалыпты, одан үркер жұлдызы көрініп тұр екен. Кеудем ашық қалыпты. Кеудеме жаңбыр жауып қалыпты. Қазір мына Арпалыс көкірегіме сигенде сол түсім ойыма түсті. Соған күлдім» — деді. Сонда қара дәудің қызы: «Мына Арпалыспен менен туған бала сенің әке-шешеңді табады екен, ал мына ақ дәу мен қызыл дәудің қызынан туған бала өгей әкең мен шешеңді және екі ағаңды табады екен, барлығы жиналып үркердей болып, бір жерге бас қосады екенсіңдер» дейді. Келесі жылы, үш әйелінен үш ер бала туады. Той жасап, бірнеше күн сауық-сайран құрады.
Арпалыс 6 жасқа келгенде қара дәудің қызынан туған бала екеуі тауға шығып, серуендейтін болады. Екеуіне сауыт сайман соқтырып, найза жасатады. Арпалыс найза ұстағанда найзасының ұшынан от жарқылдап жүреді екен. Ағын шешесі: «Қарағым, кәзір жауға тиіспе, біраз кісі өлтірген соң, найзаңның ұшындағы от өшіп қалады да найзаң өтпей қалады, сонда жылқының сідігіне ұстасаң, қайта от шашады» — дейді. Сонымен тағы бір рет тауға шықса, таудың аржағында қалың мал көрінеді. Арпалыс жолдастарына: «Сендер осылай тұрыңдар, не ел екен, мен барып, біліп келейін» — деп, сол елге қарай кетеді. Келсе, қалың қонған ел екен. Шетінде үлкен бір үйден өлең айтқан дауыс шығады. Сол үйге барып, атын мамағашқа байлап, найзасын іргеге сүйей салып, «Ассалаумағалайкум!» — деп кіріп барса, бір дәу өлең айтып, төсектің үстінде шалқасынан түсіп жатыр екен.
Қарт адам еңкейгенде «белім» дейді,
Көзіме мың кісі де көрінбейді.
Айқасып қалың қолға ойран салсам
Кер атым ерінуді бір білмейді —
деп өлеңді соғып, баланың берген сәлемін алмайды. Бала өзімен атын мақтап, сәлем алмаған соң, ашуланып: «Сен батыр болсаң, сенің күшіңді көрейін» деп далаға шығып, найзасын қолына алып, атына мініп, жылқысына қарай шаба жөнеледі. Дәудің әйелі бала кеткен соң, артынан жүгіре шығып, шауып бара жатқан баланы көріп, қайтып үйіне келіп, күйеуіне: «Сен жаңағы баланың сәлемін бекер алмадың. Ол — бала батыр екен. Қолындағы найзасының ұшынан от жанып барады. Қазір сенің жылқыңа барып тиеді. Сен «ә» дегеннен оған барма, алдымен елді жауып жібер. Біраз адамды өлтіргенен кейін оның найзасының оты өшеді. Сен сонда барып, айқас. Әйтпесе, сенің күшің келмейді» — дейді.
Арпалыс бара сала қайнап жатқан қалың жылқыға тиіп, айдай жөнеледі. Қараса, жылқышысы бір тайды шиге қақтап жеп отыр екен. Бала жылқыны айдай жөнелгенде олар да бата алмай қорқады. Біреуі артынан келіп: «Әй, батыр, бұл жылқының иесі де батыр, аты осы жылқыда кетіп барады, батырдың атын беріп кет, арманда қалар» — дейді. «Жарайды, алып қал» дейді.Үлкен кер ат екен. Ұстап алып қалады. Атын иесіне апарып беріп, болған жағдайды айтады. Батыр ашуланып: «Мен барғанша соғысып жолын бөгеңдер!» — дейді. Бірақ жылқышылары барудан бас тартады. «Бармасаңдар, алдымен сендерді жайғаймын!» — деп, қорқытады. Амал жоқ, жылқышылары жылқыны қуып жөнеледі. Жылқышыларының артынан олда барады. Барса, біразын жайғапты. Найзасының оты өшіпті. Бара баламен айқаса түседі. Арпалыс найзасын қалай салса да өткізе алмайды. Қараса, оты өшіп қалыпты. Шауып барып, бір жылқының сідігіне ұстап алады. Қайтып суырып алса, от қайта жаныпты. Оны көре дәу үйіне қарай тұра қашады. Артынан қуып, үйіне жақындағанда қуып жетіп, найзасын салады. Найза өтіп, ар жағынан шығады. Әйелі есік алдына қарап тұр екен. Әйеліне: «Арыздасып қал, найзамды суырғанда жаны қоса шығады» дейді. Әйелімен қоштасып, найзаны суырғанда тамырымен құлаған ағаштай жалп етіп, құлап түседі. Атын жетектеп, жылқыға әкеп қосып, жолдастарына айдап келеді. Жолдастарына болған жағдайды айтып, аулына қайтады. Жолда келе жатса, бір екі сайдың аржағында бір адам түрегеліп жығылып, қайта түрегеліп, жығылып жүргенін көреді. Бір жолдасына: «Сен баршы, ана қара неғылған адам екен?» — дейді. Жолдасы шауып барып, қайтып келеді. Бір шал, бір кемпір. Барып сәлем беріп едім, сәлемімді алмайды. Бірдеңеге сүйеніп тұрады да жерге құлап, жерді тырмалайды.
Ақыры жауап ала алмадым» — дейді. Арпалыс қызылдәудің қызынан туған бала екеуі: «Біз білейік, сендер осылай тұра тұрыңдар!» деп екеуі шауып шалмен кемпірге барып, сәлем береді. «Шал басын жұлып алып: «Ой, қарақтарым, Құйымның өзімісің, жоқ көзімісің?» — деп еңіреп қоя береді. Сүйтсе, тышқан артынан кеткен әкесі мен шешесі екен. Шал мен кемпірге екі ат мінгізіп, жылқыға алып келеді де бір баланы Құйымға шаптырады. «Әкесін таптым, жолына бір кесе бал құйып, төкпей-шашпай алдымыздан алып шықсын» — дейді. Құйым хабарды алып, «Бұл қалай, менің балам осындай маған әмір береді» — деп ойлайды. Бірақ, шеше алмай, бір кесеге бал құйып алдарынан алып шығады. Әке-шешесі мен аман-есен көрісіп, баласынан: «Сен маған неге сондай тапсырма бересің?» дейді. Сонда баласы: «Сен ұлы патшасың, үйіңнен жылап шығасың, сонда сенің қай жерің патша болады, сол үшін солай буынын бекітіп келсін дегенім» дейді. Сонымен әкесін үйіне алып келіп, үлкен той жасайды.
Қара дәудің қызынан туған Қасым мен ақ дәудің қызынан туған Есім екеуі «ел көреміз» деп алыс сапар жүреді. Жүре-жүре бірнеше айлар жүріп, бір қалың тоғайға келеді. Келсе, ол шеті мен бұл шетіне көз жетпес қаптаған қалың жылқыға келеді. Жылқының ағы бөлек, көгі бір бөлек, құласы, қарасы жеке-жеке бөлінген. Сондай қызық. Қасым мен Есім екеуі осы жылқыға қызығып, ауылға айдап кетейін деп, жылқының бірін қалдырмай айдайды. Айдап, кешке бір жерге келіп қонады. Түнде нөсер жаңбыр жауады. Паналайтын жер іздеп жүріп, бір жаман там табады.
Қасым атын шідерлеп, Есімнен бұрын тамға кірсе, тамның төржақтағы бір бұрышынан бір бұрышына бір нәрсе жүгіргенін көреді. Қасым батыр «Бұл кім? Адам ба? Сайтан ба? Адам болсаң айт, сайтан болсаң өлтірем!» — деп ақырады. «Мен, адаммын» — деп бір адам даусын шығарады. Адам болсаң, неғып жүрсің?» — дейді. Әлгі адам: «Мен саған жайымды айтайын» — деп, қасына келіп отырады. «Мен бір байдың баласы едім және үш ағайынды едік. Әкеміз малыменен қашып кетіп бізді тастап кетті. Содан біз кедей болып, қаңғып қалдық. Менің ең кіші інім: Құйым еді. Ол да бізден қашып кетті. Ол байғұс қай жерге барып өлгенін білмеймін. Мен үлкен ағамыз екеуміз осы жерде бір байға жалданып, мен жылқысын бақтым, үлкен ағайым сиырын бақты. Сөйтіп жүре бердік. Содан бай басқа жерден қоныс алып, соған көштік, кеше осы жерден көшіп бара жатқанда мына жерде бір жотаның басына бір ақбоз атқа мінген бір адам шауып шыға келіп, бізге қарап ат қойды. Оның артынан біреуі, сөйте-сөйте 40 ақбоз атқа мінген адам келіп, елді шапты. Сонан өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін малымен айдап кетті. Міне, мен аттан жығылып, өтірік өліп жатып, олар кеткеннен кейін тұрып, қашып, осы тамға келіп тығылдым» — дейді. Қасым айтады: «Сіздің айтуыңызша, Алғанбайдың баласы Құйым ба?» — дейді. «Я, қарағым, оны қайдан білесің?» — деп әлгі адам жабыса кетеді.
«Сол Құйымның мына екеуміз баласымыз», — дейді. Сол жерде үшеуі көрісіп, амандасып болып: «Ендеше, осы жерге қалайық, ертең сол жермен жүрелік» дейді. «Ойбай, қарағым, онда бармаңдар, барсаңдар малдарыңнан түк қоймайды және түгел тонап алады» — дейді. «Сіз одан қорықпаңыз!» — деп Қасым оны басады. Ертеңіне таң атады. Жылқыны соған қарай айда!» — депті. «Қарағым, сауыт-сайманың жоқ, олардың бәрі қарулы, жуыма!» — дейді. «Сіз қорықпаңыз, солай айдай беріңіз!» деп, үшеуі жылқыны солай айдайды.
Бір жерге келгенде бір боз атты шауып шыға келеді. «Әні, келе жатыр» — деп, Құйым ағасы зарқақты. «Мен оларды тосамын, сендер айдай тұрыңдар» деп атын көлденең тартып, Қасым тұрып қалады. Бірінің артынан бірі шығып, 40 боз атты шауып келеді. Шетінен келгенін қамшымен бір ұрып, аттан ұшырып түсірді. Сонымен қырық ұрып, бәрін жерге түсіріп, қырқының да қолдарын байлап, өздері шауып шыққан жерге келсе, ар жағы қаптаған мал, тігілген үй екен. Жылқыны айдап сонда келеді. Әлгі тауып алған әкесі бір кісіге барып: «Шүйінші! Құйымның мынау балалары екен!» — депті. Сөйтсе, әлгі Құйымның үлкен ағасы екен. Оныменен де көрісіп болғанда бір шал келіп, «Қарағым, айтып тұрғандарың Алғанбайдың Құйымы ма?» — дейді. «Я» деп жауап береді. «Ой, қарағым-ай, аман екен-ау — ол! Шығай ханның қызын алып, қашып кетіп еді, маған бала болып жүріп» — дейді. Сөйтсе, әлгі өгей әкесі екен. «Өгей шешесі — мынау!» деп, қасындағы жылап тұрған кемпірді көрсетеді. Барлығына ат, шапан беріп, еліне алып қайтады. Еліне алып келіп, Құйымменен көрісіп, барлығы бір жерге жиналып, үркердей болып, тату-тәтті өмір сүріпті. Бір уақыттарда аранын ашқан ажал бұлардың да түбіне жетіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі