Бұрынғы заманда бір жарлы уақ деген ел бар екен. Сол уақта он төрт жасар Қамбар деген бала құлан, киік атып беріп, елін асырап жүреді екен.
Уақ елінің жел жағында алты күншілік жерде Әзімбай деген ханның елі бар екен. Ол ханның он екі жасар Назым сұлу деген қызы бар екен.
Бір күні Әзімбайға бір жақсы көретін уәзірі келіп сөйлейді. Сөйлегенде не дейді:
— Әзімбай сынды ханымыз. Ақылға диқан данамыз. Құлақ салып тыңдаңыз. Он екі жасар Назымның бекер күнін өткізіп, күйеуге неге бермейсің?
Сонда Әзімбай он ақ үй тігіп, жұртын жиып айтты:
— Кімге қызым тиемін десе, соған қалыңмалсыз беремін, — деді.
Назым қыз ешбіреуін де жаратпай әкесіне келіп айтты:
— Бұл жиылған кісілердің ішінде жылқыдан асау ат ұстап міне алатыны жоқ, — деп.
Сонда бір қарт кісі келіп айтты:
— Уақ деген елді асырап жүрген Қамбар деген бала бар. Қу кедей демесеңіз сол сіздің қызыңызға лайық. «Сонда хан оған ашуланды: «Мен қызымды қу кедейге беріп құтырдым ба?» деп. Назым сұлу әкесінің қасында тұрып Қамбардың атын жазып алды.
Бір күні Қамбар батыр құлан, киік атып, бір өткелден өтіп, арғы жағына шыға келсе, Назым сұлу өткелдің аузында қырық қызбен сейілге шығып, шатыр тігіп отыр екен, батырды көріп айтады:
Хан сүйекті Қамбар-ау,
Қара қасқа тұлпарың
Өкпе-бауыр, жалы бар-ау…
Біздікіне келе кет,
Қант пен мейіз, шай бар-ау.
Қамбар батыр оған қайрылмай өтіп кетеді,
Әзімбай ханның елінің ық жағында бір жауы бар еді, Орманбет деген ханның елі еді. Орманбет Әзімбайға Жалмамбет деген уәзірін жібереді: «Маған Назым сұлуды берсін, — деп. «Егер бермесеңіз тартып аламын», — деп.
Сонда Әзімбайдың кенже оғылы жіберген кісілердің баршасын өлтіріп, Жалмамбеттің құлақ, мұрнын кесіп, қуып жібереді.
Сонда Жалмамбет өзінің ханына келеді. Хан мұны көріп айтады:
— Уәзірім, сен Назымды көріп, көрімдігіне құлақ, мұрныңды кесіп бердің бе? — деді.
Жалмамбет айтады:
— Жіберген кісілеріңіздің бәрін өлтірді, менің құлақ, мұрнымды кесіп алды, — деді.
Орманбет бек қатты ашуланып, көп әскер жиғызып Әзімбай ханның еліне таман жүрді.
Сонда Әзімбай бек қатты қорқып, Қамбарға екі уәзірін жіберді. Екі би Қамбарға келіп айтты:
— Сені Әзімбай хан «Жауымды мұқатып берсін» — деп шақыртқалы бізді жіберді. Егер жауын мұқатып берсең, Назым сұлуды саған береді.
Бұлардың сөзін естіп болған соң, Қамбар қара қасқа атына мініп, Әзімбайдың еліне келіп, жауын жеңіп беріп, Назымды аламын деп, Әзімбайдың отырған үйіне келіп кірді.
Әзімбай:
— Сендей қу кедейге қызымды бермеймін, — деп айтты. Сонда Қамбар ханға ашуланып:
— Жұртыңды шабамын! — деп атына мінді.
Мұны көріп ханның бұрынғы жақсы көретін уәзірі келіп ханға айтты:
— Сіз қызыңызды Қамбарға беріңіз, мұнан жақсы күйеу таба алмассыз, — деп.
Сонда хан бермек болып, ат шаптырып, той қылып, көп жылқы айдатып жөнелтті.
Сөйтіп Қамбардың арқасымен уақ елі байыды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі