Бұрынғы өткен заманда, дін мұсылман аманда, Жиделі Байсын деген жерде, Қоңырат деген елде Байбөрі деген бай болыпты.
Бір күні Байбөрінің Аналық атты кемпірі:
— Е, бай біз өліп кетсек, бұл малға кім ие болады? — жасым болса келді, «сен келдің 80-ге, мен келдім 70-ке, не айтасың?» — депті. Сөйтіп Байбөрі байға Аналық атты кемпірі: «Түйеден бура, қойдан қошқар, жылқыдан айғыр әкел!» — дейді. Шал оның айтқанын жасайды. Малды алып әулие кезеді. Мал сойып құдайға «бала бер» — деп жылайды. Арыстанбапқа бір түнейді. Әулиелердің бәрінен пайда болмады. Қалған жалғыз қошқарымен еліне қайтып келе жатады. Жолдың жағасында тұрған шеңгелге барып түнейді. Қошқарын сояды. Жатып кемпірі түс көреді. Түсінде шал кісі аян береді: «Қырықты берейін бе, бірді берейін бе?» — дейді. Кемпір: «біреуі-ақ керек» — деп айтады. Бала жерге түскенде ақ таяғы бар шал кіріп атын қойып береді» — деді. Ғайып болады. Оянса түсі екен. Қуанып шалын түртіп оятады. «Сол түсті менде көрдім», — дейді Байбөрі. Қуанып еліне келеді. Тоғыз ай, он күнде ұл бала туады, артынан бір жыл өткен соң қыз туады. Баяғы түсіндегісі келіп, «ішін жараттым қара шойыннан, сыртын жараттым болат темірден, атса мылтық өтпейді, шапса қылыш кеспейді, суға салса батпайды, бұған қас қылған ешбір мұратқа жетпейді. Аты Алпамыс батыр» деп бата береді. Бұл Хизр еді, көзден ғайып болды. Алпамысты 10 жасқа келген соң Сарыбай байдың қызы Гүлбаршынға үйлендіреді.
Байға бір күні қойшы келіп: «бес қойыңды қасқыр өлтіріп кетті» — дейді. Бір жылдан соң жылқышы келіп: «Байбөрі бай, жылқыңды қалмақ шауып кетті» — дейді. Бұл сөзді естіген соң баласына қарап: «Сен туған соң малымның берекесі кетті», — деп налиды. Мұнан кейін Алпамыс жылқыға барады. Жүген сілкіп еді, бір шұбар тай жетіп келді. «Теңім сен емессің» деп лақтырып жібереді. Біраздан соң ол тағы қайтып келеді, Құдайдың жазғаны осы екен» — деп сол тайды жүгендейді. Тай жүнін тастап, түрлене түседі. Тоқымын салып ерлеп үстіне мінген соң, тай Байшұбар тұлпар болып шыға келеді.
Қалмақтың ханы Алпамыстың аттанғанын сезіп, адамдарын жинап, сөз салып: «Алпамысты ұстау кімнің қолынан келеді?» — дейді. Көп ортасынан мыстан кемпір шығып, патшаның берем деген мүлкіне қызығады. Кемпір 40 отау, 40 қыз беруін өтінеді. Алпамыс та күтіп жата береді. Байшұбар кемпірдің дұшпан екенін сездіреді. Кемпір әбден жалынған соң сұрауы бойынша тіккен отауына барады. Алпамысқа қыздар қымызды беріп-беріп мас етеді. Үйдің жел жағын ашып қойғандықтан, батырға жел тиіп есін білмей қалады. Апарып, осыдан соң батырды зынданға салады. Жата береді. Патшаның қойшысы Кейқуат қой жайып жүріп қоңыраулы серкені зынданға түсіріп алады. Қойшы Алпамыспен келісіп, күніне бір қойдан беріп тұрады. Бір күні патшаның қойы таусылады. Алпамыс амал табады. Түйенің сүйегін алдырып сылдырмақ жасап, оны Кейқуатқа беріп ханның қызы Қаракөзайымға жібереді. «Соның келе жатқан алдынан тарт» — дейді.
Осы кезде Алпамыс зынданда жатып ұшып бара жатқан тырналарды көреді. Дауыстап еді, «өлгеніңнен тұрма» деп кете барады. Артынан бір жалғыз тырна келіп, Алпамыс жатқан зынданға түседі. Әке-шешесіне, қарындасына, досы Қарабайға сәлем айтып хат жазып, оны қанатына байлайды.
Бір ауылдың тұсында даусын шығарып жібереді. Оны көрген біреулер ұстап алып, үйіне әкеледі. Сояйын деп жатқанда қанатындағы хатты көріп қалып: «қойыңдар, соймаңдар Алпамыс мұны естісе бізді тірі қоймайды» — деп, тырнаны баратын жолына қоя береді.
Тырна Алпамыстың құс аулайтын жеріне келеді. Қарындасы Қарлығашқа кез болады. Хатты алып оқиды. Мұны естіп Алпамыс жатқан жерге досы Қарабай келеді. Бірақ намыстанып Алпамыс досының көмегіне бармайды. Зынданның жартысына келіп қалғанда 40 құлаш арқанды қиып жіберіп жатқан жеріне қайта түседі. Кейін «осы досым бұл істеген жақсылығын бетіме басар» — дейді. «Тірі болсам шығармын, өлі болсам қалармын» — дейді. Досы қоштасып, еліне қайтады.
Ханның қызы Қаракөзайым бау ішінде Кейқуатқа жолығып қалып: «бұл сылдырмақты кім істеді?» — дейді. «Өзім жасадым» — десе қыз сенбейді. Жалынған соң, мұны Алпамыстың істегендігін айтады. Қыз: «Алпамысқа апар» — деп әуре етеді. Ертіп келіп батырды көрсетеді.
Алпамыс қыздан аты Байшұбардың жағдайын сұрайды. Қаракөзайымға:
Қаракөз көзің сүзілер
Көкірегіңде жаның үзілер,
Сен кетсең, көңілім бұзылар
Ғаріп көңілімді сен аула — дейді.
Алпамыс осыдан кейін өзін қалай босатуды айтады. Киімін киіп, диуана болып батырдың атына барады. Иесінің киімін біліп, шұбар темір үйді бұзып шығады. Байшұбар Алпамыс жатқан зынданға келіп құйрығын салбыратады. Батырды босатып алады. Шығысымен ханды, кемпірді өлтіреді. Қалмақтың жазықтыларын тегіс қырады.
Алпамыс қойшы Кейқуатқа ханның қызы Қаракөзайымды қосады. Бұл қалмақ еліне Кейқуатты хан сайлайды. Ол жұртты билеп тұра береді.
Алпамыс көңілі тынған соң еліне қайтады.
Аулына жақындап қалғанда бір қойшыны көреді. Жұрттың көкпар шауып жатқанын көреді. Алпамыс қойшыдан: «Анау көкпар не?» — деп сұрайды. Сонда қойшы: «Е, шырағым Алпамыс деген балам бар еді, кеткеніне 7 жыл болды, хабарсыз. Келінді Ұлтан таз «әйел етем» — деп көкпар шауып той жасап жатыр» — дейді. Анау соныкі деп сол күні тойға барады. Бала Жәдігерді көріп табысады. Жар-жарға қатысады.
Бадам сақау сөз бастайды:
Есік алды өтеді айуан
Шылдырап өтеді кейуен.
Мойнымда ділдә, майжан
«Мен бәйбіше, Гүлбайшын тоқал» — дейді.
Алпамыс айтады:
Ине өткенен жіп өтеді қылдырап,
Дабыл тисе жерге қонар бұлдырап,
Атасыздың көрген күні құрысын
Бір байталдық құлдан жедім жұдырық.
Құтты болсын баба, қылған тойыңыз,
Осылай дегеннен соң Гүлбаршын өзінің ері екенін таниды.
Мұнан кейін Алпамыс түрлі ауыртпалықтармен Ұлтан тазды өлтіреді. Алпамыс елін аман-есен көріп дегеніне жеткізеді. Үй-ішіне көрмеген жақсылықты көргізеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі