Өлең, жыр, ақындар

Мытбайдың қылығы

Аты Мытбай деген бір ұмытшақ кісі болыпты. Өзі барғанша момын болса керек, қатта бір уақыттарда өзінің де атын ұмытып қалады екен. Және оның үстіне Құдай қосқан қосағы қулау болып, байы момын болған себепті әйелінің көңілі момынға толмағандықтан, оңды-солды жүріп, көңілі сүйген жігіттерімен ойнап-күледі екен. Күндерде бір күн әйелдің жақсы көрер адамы ойнауға кезегі кеп, байын бір жаққа жіберуге амал жасап, байын төркініне жұмсайды. Жіберген жұмысы:

— Көженің тұзын қанша салуды білмедім, бір рет көп болып кетті. Бір рет тұзы татымады, шешемде тұздың өлшеуі бар, барып, сен алып кел, — деп жіберіпті.

Бишара Мытбай еш нәрседен хабары жоқ аңқаулықпен салып отырып, қайнына келеді, қайтарында қайындары:

— Күйеужан, не жұмысқа келген едің? — деп, қызметін сұрағанда, Мытбай келген жұмысын айтады.

— Осындай қызыңыз «Тұздың өлшеуішін алып кел» деп жіберген еді, — деп. Қайындары бұған мазақтап күліп, біраз келемеж қылып, жолға шығарып, қайын енесі айтады:

— Шырағым, тұздың өлшеуіші болмайды. Қазанның суына қарай тұз салынады. Қазан толық болса, бір уыс, қазан жарты болса, жарты уыс тұз салынуы керек, — деп, қызына сәлем айтып, күйеуін қайтарып жібереді.

Мытбайдың ұмытшағы — қайғы, өзіне мәлім, біреудің сөзін біреуге жеткізу қиын еді. Себебі, ұмытып қалар еді. «Бір уыс, жарты уыс» деген сөзді ұмытып қаламын деп, аузында «Бір уыс, жарты уыс» дегенді қайта-қайта айтып келе жатқанда, бір қырман алып жатқандардың үстінен шығады. Қазақ ғұрпынша қырман сүзіп жатқан жерге келгенде, «Қырман тасысын» дегенді айтушы еді. Мытбай сорлы ерніне «Бір уыс, жарты уыс» деп келген соң Мытбайдың бұл сөзіне ашуланып, Мытбайды ұстап алып:

— Бәтшағар, біз қырман сүзіп жатсақ, сен «Бір уыс шықсын» дейсің, — деп, әбден мықтап сабап, ұрып-соғып, көрмегенін көрсетіп жібереді. Ауыр таяқ жеген басы-көзі ісіп, баяғы «Бір уыс, жарты уыс» деген сөзді де ұмытып қалып, түнде ел жатқанда үйіне келеді.

Үйіне келсе, қатыны жақсы көрер кісісімен есікті мықтап бекітіп, бір төсекте жатқан еді. Мытбай айқайлап:

— Қатын, есік аш, мен келдім, — деп, қатынын оятыпты. Қатыны бұл келген өзінің байы екенін айқайынан білсе де, аярлықпен:

— Кімсің өзің? — деп сұрағанда, Мытбай сорлы өзінің атын ұмытып қалып:

— Мен, мен, мен, — дегеннен басқа еш нәрсе айта алмайды.

Қайта дауысын танымаған болып:

— Мен, мен дейсің, кім біледі, сен ұры шығарсың. Танымаған адамды кіргізбеймін. Мен, мен деген қонақ мешітке барып жататын, ана жерде мешіт бар, соған барып, жат, — деп, мешіттің жөнін сілтеп, есікті ашпайды.

Мытбай не қыларын білмей, салы суға кеткендей болып, ақырын-ақырын жүріп, мешітке келеді. Келсе, молда да:

— Кімсің? — деп, атын сұраса, атын айта алмай,

— Мен, мен, мен, мен, — деп, атын ұмытқан бойынша айта алмайды.

Молда да дауысынан танып:

— Сен Мытбайсың ба? — дегенде,

— Ей, молдекежан-ай, — деп қуанып, үйіне қайтадан жүгіріп барып, қатынына атын айтып, есікті аштырып, үйіне кіріп, төсегіне жатады. Мытбай мешітке кетісімен-ақ қатыны жолдасын жөнелтіп, жіберіп қойған еді.

Ертеңіне таң атқан соң Мытбай молданың түнде атын айтып бергені есіне түсіп, мұны бір жақсылықтан санап, үйіндегі жалғыз асым етін асып, молданы үйіне қонаққа шақырады. Молда келгеннен кейін ет шала піскен, әйеліне:

— Бұл сорпаның майына батырып жеуге күлше пісіріп қой, — деп бұйырып, өзі ауылда бір-екі Қалыншы, Толыншы деген ақсақалдарды шақырып келейін, олар да молдаменен табақтас болып, дәм татып кетсін, — деп, үйден шығып кетті.
Мытбай үйден шығысымен қатын сорпаның бетін қалқып алып, бір үлкен қайрақты майлай беріпті. Молда бұл жұмысқа аң-таң қалып, не үшін қайрақты майлап отырғанына ақылы жетпей, ақырын қатыннан:

— Не қылайын деп отырсыз? — деп сұрайды. Сонда қатын айтады:

— Молдеке, бүгін сорыңыз қайнаған күн екен, Мытбай маған осы қайрақты майлап қой деп бұйырып кетті, бәрі жиналып келіп, осы қайрақты сенің көтіңе тықпақшы, — дейді. Молда мұны есіткен соң үрейі қалмай қорқып, тез үйден шығып, мешітке қарай қаша береді. Молда ет жеп, сорпа ішкен рақаттан безеді. Қатын молда кеткен соң сорпаны төгіп, етті түсіріп, сандыққа салып қояды.

Біраз уақыттан кейін Мытбай манағы айтқан кісілерін ертіп келсе, отта қазан тұр, молда жоқ. Мытбай қатынынан сұраса, қатыны айтады:

— Сені қанша күтіп отырды, келмеген соң молда асығып, етті жеп, сорпасын ішіп, сорпаның майын пышаққа жағамын деп алып кетті, — дейді.

Мытбай «Ет бұйырмады» деп, «әттеген-айға» душар болып, баяғы көміп қой деген күлше есіне түсіп, күлшесін сұрайды. Әйелі пісіріп қойған екен, күлшесін Мытбайдың қолына берді. Мытбай күлшені, ең болмаса, молда алып кеткен сорпасына, майына бір батырып, жеп қалайын, — [деп], қолында күлше наны, кетіп қалған молданы қуады. Шығып қараса, көздің ұшында молда кетіп бара жатыр екен, жақындап келіп, молдаға Мытбай айқайлайды:

— Молдекесі, молдеке, азғана майына нанымды бір батырып алып қалайын, — деп. Молдаға Мытбайдың айқайы бір түрлі болып естіледі.

— Молдеке, аз ғана кідір, күлше нанымды бір батырып алып қалайын. Молда асыққан сайын асқынып, қашып бара жатыр. Бір сүрлеу жерге ат сиген екен, соған жығылады. Мытбай молда жығылған аттың сідігіне келіп, молда жығылғанда алып бара жатқан майы осы араға төгілген екен деп, қолындағы нанын сордағы сідікке батырып, жеп, үйіне қайтады. Нанын сордағы сідікке батырып, жеп отырып:

— Қатын піскен еттің тұзын тағы ащы қылыпты, — деп кейіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз