Өлең, жыр, ақындар

Төрт ұры

Ертеде бір төрт ұры адам мал, жылқы ұрлап алуға жолаушы болып шығыпты. Біреуінің аты — Қағанақбас екен және біреуінікі — Шибұт, тағы біреуінікі — Қылкеңірдек, төртіншісінің аты Тұз екен. Қолдарына ештеңе түспеген соң, ақыры, жүріп, біреудің бір ешкісін ұстап алып, бір бұлақтың бойына келіп, сол жерде түстеніп, әлгіні сойып, тамақ қылуға асыпты. Шибұт түрегеліп, Қағанақбасқа айтады:

— Сен мына майлы тоқ шектерін қарныменен суға апарып, жуып келе ғой, — деп. Қағанақбас барып, шектерді жуып отырса, оның басына, бетіне шыбын, маса қонып, қаптап, тынышын алған соң, Қағанақбас ыза болып, қолыменен масаларды қуамын деп, басына салып қалған екен де, басы жарылып, өліп қалады. Сонан соң Қылкеңірдек Шибұтқа айтады:

— Әлгі, шіркін, неғып кешігіп қалды, сен барып, оған болысып, жылдам оны әкел! — дейді. Шибұт барып қараса, Қағанақбастың басы жарылып, өліп жатқанын көріп, таң қалып:

— Апырай, бұл неғып өлген? — деп, екі санын екі қолымен салып қалған екен, екі аяғы үзіліп кетіп, жығылып, ол да өледі. Біраздан соң Тұз Қылкеңірдекке айтады:

— Әлгілер не болып кешікті, сен барып, шақырып, алып келе ғой, — дейді. Қылкеңірдек барып, олардың өліп жатқандарын көріп, таң-тамаша қалып, «Ойбай, бұлар неғып өлген?» деп, өңешін қатты «Еһ» деп тартқан екен, кеңірдегі үзіліп кетіп, ол да сол жерде өледі. Бұл уақытта жолдастары келмеген соң:

— Бұларға не болды? — деп, Тұз өзі барады. Не бетімен қарасын, жолдастарының өліп жатқандарын көріп, не деп айтарын білмей, таң қалып, қимылдай алмай, қарап тұрса, сол мезгілде қатты жаңбыр жауып кетіп, Тұз сол жерде еріп кетеді. Сөйтіп, асқан тамақтары біреуіне де бұйырмапты.

Ақыр біреудің адал ақысы арамзаларға бұйырмақ па еді?


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз