Өлең, жыр, ақындар

Өкiнiш

Аңсардың сабалақ жүндi ақ бауыр күшiгi бар едi. Өзi иiсшiл. Жасырынбақ ойнағанда Аңсарды демде iздеп таба қояды. Үнемi соңынан ерiп жүредi.

Қазiр де соңынан келе жатыр. Аңсар ойнап жүрген көп балаға қарай келедi. Ол бiр шикi сары баланы көрiп қалды. Әлгi бала қолына қолқылдатып әкесiнiң сағатын тағып алыпты. Сәлден соң бала шынжыр баулы алтын теңгедей сағатымен ойнай бастады. Ойыншық мәшинесіне салып алып шапқылады кеп.

Аңсар бiраз қызықтап қарап тұрды. Қасына келiп: «Сағатыңды менiң күшiгiме айырбастайсың ба? Бұл — ақылды күшiк», — дедi.

Күшiк, шынында, әдемi едi. Әлгi бала келiсе кеттi. Күшiгiн Аңсар да жақсы көретiн, бiрақ күшiгiнiң қайтып келетiнiне кәмiл сендi.

Ол сағат қолына тиiсiмен, қуанышы қойнына сыймай, өз ауласындағы балаларға жеттi. Күн батуға таяп қалған едi. Сағаттың тiлi он екiде тұр.

Балалар бұрап едi, — бұралмады. Құлағына тосса да, былқ етпедi.

— Бұзылған сағат, бұны қайдан алып жүрсiң? — дедi олар.

— Күшiгiме айырбастап алдым.

— Бұзылған ескi сағатқа ма?!

— Бұзық болса, мейлi. Күшiгiм үйге қазiр-ақ қайтып келедi, — деп жұбатты Аңсар өзiн.

Бірақ күшiгi қайтып келмедi.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз