Ғылымның қай саласы болмасын өз тарихын терең зерттеп алмайынша алға баспайды. Демек, зерттеуді өз тарихынан бастау – ғылым жетістіктерін игерумен қатар, оның одан әрі алға басуына үлкен мүмкіншіліктер туғызады. Дәл осы жағдай қазақ ұлттық ойындарының даму тарихына да қатынасы болса керек. Халықтың ұлттық және спорттық ойындарының да өзіндік тарихи даму жолдары, қалыптасу кезеңдері, тәрбиелік маңызы халықтың саяси әлеуметтік-экономикалық дамуының негізінде болды.
Қазақстан жерін мекендеген көшпелі тайпалардың кезіндегі негізгі кәсібі болған аңшылық – келе-келе жекеленген тайпа мүшелерінің қоғамдағы орны мен ролін анықтады. Осыдан барып тайпалардың аңға шығардағы жасаған дайындық жаттығулары кезінде «Қарагие» ойынын туғызды.
Ойнаушылар бас киімдерін шешіп ортаға тастайды. Ойын жүргізуші көмбеден қашықтығы 25-30 адымдай жерге апарып арасы мен биіктігін аршын етіп белгіленген сызықтың бойына бас киімдердің саны қанша болса сонша қазық қағады. Қалғандары көмбеде тұрып әр ойыншы қолындағы сырығымен өзінің бас киімін атып алуы керек.
Қазақ халқының ұлттық ойындары жайындағы деректемелерді қағаз бетіне түсіргендердің бірі Венеция саяхатшысы марко Поло болды. Ол өзінің Қазақстанға жасаған саяхатында Жетісу бойындағы қазақ ауылының мерекелі тойларында болып, ойын-сауықтарын көріп, көптеген ұлттық ойындарына талдау жасап, шығу тарихтарына, қалыптасу дәуірлеріне де болжам айтқан.
Ұлттық ойындары жайында бұлардан басқа да, тіптен Қазақстан жерінде болмаған көптеген шетел ғалымдарының осы бір көшпелі халықтың тарихы мен этнографиясы туралы жазған зерттеулерінде де кездеседі. Мысалы, Австралияның атақты дипломаты С. Герберштейн 1516-1517 және 1526-1527 жылдары Мәскеуде болып, Қазақстанда болған орыстардың ауызша айтуларынан жиналған мәліметтерінен жазған 1549 жылы латын тілінде жарық көрген «Записки о московских делах» атты еңбегінде Қазақстанның жері, әдет-ғұрпы, орыс халқымен қарым-қатынасы, ойын-сауықтары жайында жазған.
А. Гумбольдт қазақ жерінде жүріп, көшпелі халықтың өмірі жайындағы ойға түйгенін Канкрин және Шеллерге жазған хатында былай деп көрсетеді. «Мен қазақ ауылында болған кезімді өмірімнің аса құдіретті кезеңі деп есептеймін. Себебі көшпелі халықтың біздерге көрсеткен қонақ сыйы мен ойын-сауықтары естен кететін уақиға емес... Мұндай өмірімнің аса бір белді кезеңін одан әрі Каспий теңізінің бойында өткізбей кете алатын емеспін. Мен, өмірімде осындай қысқа уақыт ішінде мұндай үлкен тарихтан осынша материал жинап көрген емес едім, бірақ бұл кең дүниенің ортасында болғандықтан да солай болу керек».
ХІХ ғасырда қазақ халқының әдет-ғұрпын, ойын-сауықтарын, ұлттық ойындарын зерттеуде еңбектер жазған тек басқа ұлттардың өкілдері ғана емес, сондай-ақ жергілікті көшпелі халықтың өз ішіндегі сауаттылары да өз халқының өмірін оқу, оны зерттеу жұмыстарымен айналысқан. Солардың ең алғашқыларының бірі Ешмұхамед Букин. Ол «дене тәрбиесінің тұңғыш ұстазы» атанған. Е. Букин «Физическое и умстевенное воспитание у киргиз» атты еңбегінде жергілікті мамандар арасынан бірінші болып «гимнастика» деген терминге ғылыми негізде түсініктеме берді, демек, адам баласы үшін дене шынықтырудың маңызын, оның жасөспірімдер үшін ғана емес, ересектер үшін де қандай рөл атқаратының баяндайды. Жергілікті мамандар ішінде ұлттық ойындарын жинастырып, қағаз бетіне түсірушілер барған сайын көбейе береді.
Ұлттық ойындарының жалпы қалыптасу кезеңі біздің заманымызға дейінгі ХІІ-ІХ ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі көшпелі тайпалардың құрылу дәуірі - өйткені ойындардың қай-қайсысы болмасын, қай кезеңде дамымасын, олар тек өндірістік қарым-қатынастың қалыптасуына негізделген. Кезіндегі өндірі күштерінің құралына пайдалануға икемделген тас, ағаш, сүйек, т.б. табиғи заттар осы дәуірдегі қалыптасқан ұлттық ойындарына да сол өндіріс құралдарының материалдары қолданылды. Мысалы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған «Асық» ойындарына кез келген сүйек емес жануарлардың асықтарын икемдеді, «Бес тас» ойынына кез-келген тастар емес, ұстағанда қолға сиятындай, домалақ тастар, «Қарагие» ойынына қолға түскен ағаш емес, тек қайың мен ырғайдың бірі, тіпті табылмағанда талды пайдаланған.
Алғашқы феодалдық қатынас кезіндегі қалыптасқан ұлттық ойындарындағы болған кезеңді өзгеріс, бірінші рет топқа бөлінетін ойындар пайда бола бастады. Ондай ойындардың алғашқыларының бірі күні бүгінге дейін сақталған «Ақсүйек» ойыны.
Ұлттық ойындарының келесі бір даму кезеңі ХV ғасыр, яғни Қазақстан жерінде алғашқы хандықтардың қалыптасу дәуірі. Бұл қазақ халқының ұлттық ойындарының дамуының жаңа бір сатысы болды. Бұл кезеңдегі ойындардың көбіне қоғамдық құрылыстың ерекшелігіне қарай жеке адамның рөлі арқау болып, таптық элементтер араласты. Айталық ұлттық ойындар арқылы үстем тап өз мүддесін, өз идеологиясын өткізгісі келсе, халық, еңбекшінің тап соған қарсы өз дегенін айтуға тырысты. Олардың қоғам құрылысына деген көзқарастарын бейнелейтін элементтер әсіресе асық ойындарында көбірек көрсетілген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі