Өлең, жыр, ақындар

Киелі киіз үй

Киіз үй – «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы. Киіз үй – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ-мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз.

Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз  жеткіземіз. Оған қарап отырсақ, бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыздың ақыл-ойы, тұрмыс мәдениеті, талғамы еш халықтан кем емес екен. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәдениет пен өнердегі талғамы – жалпы өмір тәжірибесіндегі іске  бейімділігі аңғарылады. Ал XII-XIII ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын орда, Ақ орда, Көк орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Ш.Уәлиханов айтқан.

Тағы бір ерекше айта кетерлік жай: біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады. Басқа  елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз, ши, ішінара күмістен құрастырылады, әрі көшпелі (жылжымалы) құрылыс түріне жатады. Дала тұрғындарының тапқырлық шешімін  осы тұрғыдан қарап бағалаған әлем ғылымы, мәдениеті мен өнерінің білімпаз сарапшылары дүниежүзілік, халықаралық этнографиялық көрмелерде қазақтың осы өнеріне әрқашан жоғары баға беріп отырған. Мысалы, 1861 жылы Алмас деген кісі Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық көрмеге киіз үй апарып, еуропалықтарды таң қалдырып, бәйге алған. 1876 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлы Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге кміз үй апарып, қазақ мәдениетін Еуропаға паш еткен. 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы I Николайға  киіз үй сыйлап, патша ағзам оған риза болған (Ә.Марғұлан). Жазушы Шыңғыс Айтматов  Батыс Еуропадағы белгілі мұражайлардың бірінен қазақтың киіз үйін көргендігін жазды. Сондай-ақ Германияның Гамбург, Майндағы Франкфурт қалаларындағы мұражайларда да қазақ киіз үйлері бар.

Көкшетаудағы Абылайдың ақ ордасы, Шыңғыс төренің 24 қанат ордасы, Жетісудағы Тезек төренің ордасы, Ырғыздағы Самырат байдың үйі,  Ақмоладағы паң Нұрмағамбеттің үйі сияқты елге аңыз болған үйлер көп болған. Киіз үй ішін жабдықтауға қазақ азаматтары байлығын аямаған және сол арқылы қазақ дәулеті мен мәдениетін таныта білген.

Байлығымен елге аңыз болған Кіші жүзден шыққан Байсақал қызын ұзатқанда оған арнайы отау әзірлеткен екен.

Қазақтың осындай байлығы мен сән-салтанатының куәсі болған киіз үйлер тәркілеу, соғыс, аштық, колхоздастыру сияқты жауыздық әрекет салдарынан құрып кетті. Сөйтіп, ХХ ғасырда қазақ мәдениетінің баға жетпес мұрасы – киіз үйдің құны мен маңызы төмендеді. Оның орнына кеңестік тәсілмен қалай болса солай жасалған, бір-екі жылдан артық тігуге келмейтін, қара құрым жабылған сапасыз бірдеңелер көптеп шығарылды да, ол киіз үй атты қасиетті, құтты орынның құнын түсірді.

ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ мемлекетінің жеке шығуы ұлт мәдениетін, оның ішінде киіз үйдің қадірі мен орны өз дәрежесінде қайта дәріптелуі, оларға лайықты ас пен тойлардың өткізілуі және соған сәйкес ұлттық мәдениет рөлінің артуы киіз үйге деген көзқарасты айқындады. Енді той-думан тігілген киіз үй сән-сәулетімен, өнер шеберлерімен, ұлттық дәулетімен, түрлі спорт жарыстарымен дәрежеленетін болды. Мысалы, тоқсаныншы жылдар басында Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлардың, Бұхар жыраудың, ұлы Абайдың, Жамбылдың тойында киіз үйлер жүздеп, мыңдап тігіліп, оларға бәйгелер белгіленді. Осы тойларда тігілген киіз үйлердің ішінде халықты таңқалдырған Торғай ордасы жұрттың әлі есінде. Алғаш рет Көкшедегі 1991 жылы Абылай хан асында тігілген бұл орда басында 12 қанат, кейін 18 қанат болып көлемі ұлғайтылды. Ол 1992 жылы қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайында, 1993 жылы Есет батыр, Шақшақ Жәнібек батыр асында, 1995 жылы Абай тойында тігіліп, бірнеше рет жүлделі бәйгелерге ие болды. Бұл орданы дайындап, ұмыт болған істі батылдықпен қолға алған Торғай азаматтары сол кездегі Жанкелдин ауданының әкімі Жақан Қосабаев пен Ахмет Байтұрсынұлының жерлестері – Аңсаған Қоңқабаев және Болғанбай Қойшиндер еді.

Бұл киіз үйді ХХ ғасырдағы қазақ  ордасының басы десе де болады. Орданың биіктігі 8 метр, ішіне жүздеген адам еркін сияды. Киіздері ақ тоқтының жүнінен басылған. Іші-сырты тек қана ұлттық бұйымдармен, киімдермен, тұрмандармен жабдықталған. Желбау, басқұр, тұскиіз, ыдыс-аяғы, ең ақыры, төсенішіне дейін қолдан шыққан қазақы дүниелер. Осы үйде болған қазақ зиялылары, мемлекет қайраткерлері Халифа Алтай, Е.Әуелбеков, М.Сағдиев, Ө.Жәнібеков, К.Сағадиев, М.Қозыбаев, М.Жолдасбеков, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, С.Жүнісов, Ш.Шаяхметов сынды білімді азаматтар, шетел өкілдері орданың ғажап шеберлікпен жасалып, тігілгеніне риза болды. Бұл жерде осыған өлшеусіз үлес қосқан Ахмет ауылының қыз-келіншектерінің баға жетпес еңбегін айтпай кетуге болмайды. Бұл орда бір ауылдың емес, бүкіл қазақ елі мәдениетінің, өнерінің үлкен табысы деп бағаланды.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Самал

Жақсы болды ғой
Киіз үй туралы эссе беріп еді жазуға

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз