Өлең, жыр, ақындар

Блогерлер көбейді, бірақ сапа қайда?

 

 

 

 


Қазақстанда күннен күнге әлеуметтік желілерде блогерлердің саны өсіп келе жатыр. Себебі блогерлік тренд болып, түрлі саладағы адамдар үшін табыс көзіне айналып кетті.

Интернет пайдаланушылардың саны 2023 жылдың басында 17,73 млн адамды құраған. Бұл халықтың 90,9%-на тең. Ал 2024 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,19 млн-ға жетіп, халықтың 92,3% құрады. Бұл бір жыл ішінде пайдаланушылар санының 196 мың адамға өскенін көрсетеді. Алайда, бұл адамдарға сапалы әрі пайдалы контент ұсынылып жатыр ма?

Қазақ тіліндегі блогтарға лингвоэкологиялық тұрғыдан зерттеу жүргізілді. Ақпарат кеңістігінде ойына келгенін айтатын, өз өмірін ғана түсіретін және тіл мәдениетіне мән бермейтін сауатсыз блогерлер саны өте көп екені анықталды. Психологтардың айтуынша, блогерлер жалған әлеуметтік норма қалыптастырып отыр. Соның әсерінен кей жандар депрессияға ұшыраған.

Блог тілінің лексикалық ерекшеліктері бірнеше топтарға бөлінді: ақпараттық-аналитикалық, білім беру, саяхат және тұрмыстық. Өкінішке қарай, мағынасыз контент ұсынатын блогерлердің саны аз емес. Олар ауызекі сөйлеу дискурсін көп пайдаланады. Блогтар тым жеңіл болғандықтан, сөз арзандап, сапасыздыққа әкеліп соғады. Оларға қандай да бір шектеу болмағандықтан, ойларына келгенін жариялай береді.

Зерттеуім бойынша 2023 жылғы үздік блогерлердің бірі – Ерболат Жанабылов. Ол кезде оқырман саны 7,6 млн құраған. Ол Instagram және TikTok сияқты платформаларда белсенді, онда күнделікті өмірінен қызықты сәттерді бөліседі және көңіл көтеретін бейнероликтермен бейресми контент ұсынады. 2025 жылы оның оқырман саны 8,3 млн-ға жеткен. Ал сауатты сөйлеу және дұрыс тіл мәдениеті туралы кеңестер беретін Мөлдір Доспаевада 2023 жылы небәрі 80,4 мың оқырман саны болған. 2025 жылы оның саны 105 мың оқырманға ғана көтерілді. Бұл аудиторияның жеңіл контентке көбірек қызығатынын көрсетеді.

Адамдардың көп уақыты пайдасыз контентке жұмсалып жатқандықтан, сапалы әрі пайдалы ақпараттық контентті көбейту маңызды. Әлеуметтік желілер тек көңіл көтеру құралы ғана емес, сонымен қатар білім мен өзін-өзі дамыту алаңы болу керек. Сондықтан сапалы контент жасаушыларды қолдап, мағынасыз және пайдасыз материалдарға шектеу қойған жөн. Бұл қоғамның білім деңгейін көтеріп, саналы медиақолдану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

 

Авторы: Байжуманова Айым Мадияровна


Пікірлер (4)

Gulnaz

????????????

Арайка????

Иә, ойыңызбен келісемін.Біз кейде не көріп жатқанымызды аңғармай жатамыз , қалай артық ,орынсыз дүниені миымызға сіңіріп жатқанымызды байқамай қаламыз. Сондықтан контент мәдениеті қалыптасуы керек деп ойлаймын.

Aiganym

Керемет жазылган екен! Келісемін????????

Ару

Қандай пайдалы блогерлер бар екен қазір?????

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз