Өлең, жыр, ақындар

Іскерлік журналистиканың қыр-сыры

 

   Іскерлік журналистика – қоғамның экономикалық тынысын көрсететін маңызды сала. Кәсіпкерлік, қаржы, нарықтағы өзгерістер – мұның бәрін қарапайым оқырманға түсінікті жеткізу кәсіби журналистердің міндеті. Осы орайда біз «Атамекен Бизнес» арнасының журналисі Сымбат Серікқызымен іскерлік журналистиканың қыр-сыры туралы сұхбаттасқан едік.

-Іскерлік журналистика қоғамға қандай пайда әкеледі?

-Ел экономикасында, іскерлік ортада болып жатқан жаңалықтар жалпы қоғам үшін маңызды. Оны білу елдің әр азаматына артық етпейді. Себебі, ол түптеп келгенде әрбіріміздің өмірімізден көрініс табады. Бизнеске көтерілген салық бәрібір тұтынушының қалтасын қағады емес пе? Демек іскерлік журналистика Үкімет қабылдап жатқан шешімдердің әр азаматтың өміріне қалай әсер ететінін түсінуге көмектеседі. Іскер журналистер заңдағы өзгерістерді, экономикалық жаңалықтарды қарапайым халыққа түсінікті етіп жазады. Кәсіби мамандармен олардың тілінде сөйлесе алады. Осылайша білікті, мінберде тұрған мамандар мен халық арасында байланыс орнатады. Белгілі бір деңгейде білімді адамдарды халыққа танытып, халықтың заң тұрғысынан сауаттануына ықпал етеді.

-«Атамекен Бизнес» арнасында тақырыпты қалай таңдайсыздар және қандай критерийлерге сүйенесіздер?

-Ең бірінші критерий- тақырыптың өзектілігі. Өзекті дегеніміз- қазір талқыға түсіп жатқан, көрермен үшін қызықты әрі маңызды тақырып.   Бірақ кез келген бағыттағы тақырып өзекті болуы мүмкін ғой. Мәселен, “Қайрат” футбол командасының Реал Мадридпен болатын ойыны. Бірақ біз бұл тақырыпты кеңінен көтермейміз. Өйткені арнамыздың таңдап алған бағыты бар. Бұл - экономика, бизнес, саясат. Сондықтан мәдениет, спорт, өнер сынды тақырыптарды ала қоймаймыз. Спортқа арналған жеке бағдарлама бар, бірақ жаңалықтар бөлімінің журналистері ол тақырыптарда жазбайды. Атап өткенімдей, саяси, экономика бағытындағы тақырыптарда материал дайындаймыз. Мәселен, Мәжілісте белгілі бір заң талқыланып жатса, міндетті түрде назарға аламыз. Ол қандай заң, ол қабылданса ел өмірінде не өзгереді, оның маңызы қандай? Осы сұрақтардың жауабын іздеп, көрерменге түсінікті етіп беруге тырысамыз.

 

-Қазақстандағы кәсіпкерлер үшін қандай тақырыптар ең өзекті деп ойлайсыз?

-Бүгінгі күні ең өзекті тақырып- қосымша құн салығы. Қыстан бері талқыдан көз ашпай келе жатқан тақырып. Өйткені, ол кәсіпкерлер үшін ғана емес, жалпы Қазақстан халқы үшін өзекті. Қосымша құн салығының өсімі кәсіпкерлер көбірек салық төлейді дегенді білдіреді. Демек шығындары көбірек болады. Арықарай ол тауарымның құнын өсірсем бе?- деп ойлайды. Бірақ тауарды қымбаттатып, тұтынушымнан айырылып қалмасам екен дейді. Бірақ бұл салық түрі барлық кәсіпкерлер үшін көтерілмейді. Оның ара-жігін ажыратып алған жөн. 

-Экономикалық деректерді қарапайым көрерменге түсінікті етіп жеткізудің қандай әдістерін қолданасыз?

-Таңдап алған тақырыбыңды көрерменге түсіндіріп бергің келсе, оны алдымен өзің түсініп алуың керек. Ол үшін бірінші кезекте өзге журналистердің материалдарымен танысамыз. Бұл тақырыптың дәл қазір қаншалықты өзекті және жаңалығы неде екенін түсінуге көмектеседі. Яғни, одан инфо-повод шығаруыңыз керек. Мәселен, анаңыз үйге жұмыстан соң “Тәп-тәтті” дүкенінен етті бәліш алып келді. Сіз анаңыздың жұмысы бар екенін білесіз, күнде бұл дүкенге соғатынын білесіз. Демек жаңалығы неде? Осы жолы етті бәліш алып келгенінде. Бұны алғаш рет әкеліп тұр. Бұл сіз үшін жаңалық. Осылайша мәселенің жаңалығын шығарып аласыз. Яғни, көрерменнің назарын бұрын болмаған нәрсеге аудартасыз.

Жаңалығын түсіндіңіз делік, бірақ мәселенің түп-төркінін әлі ұқпай тұрсыз. Оның маңызы неде, экономикаға әсері қандай? Осыны түсінбесеңіз, өзіңізді кінәлаудың қажеті жоқ. Өйткені сіз экономист емес, журналистсіз. Сондықтан нағыз маманнанға жүгінгеніңіз жөн. Сұхбат жазу арқылы тақырыбыңыздың түсінбеген тұстарын сұрап алыңыз. Сұрақтарыңыздан ұялмаңыз. Сұхбаттан кейін де сарапшыдан түсінбеген тұстарыңызды сұрап алыңыз. Нағыз сарапшылар тақырыбыңыздың жаңалығын табуға көмектесіп, көрерменге қалай жеткізу керектігіне жол сілтейді. 

-Ақпараттың сенімділігін тексеруде қандай негізгі қағидаларды ұстанасыз?

-Ақпараттың дереккөзін іздеу қажет. Кез келген журналист материалында кімге сүйенетінін жазады. Мәселен, сіз сайттан көзіңіз шалып қалған материал авторы Үкіметке сілтеме жасайды. Бірақ Үкіметтің әлеуметтік желідегі парақшаларында да, сайтында да бұл ақпарат шықпады. Сондықтан Үкіметтің баспасөз қызметіне хабарласасыз. Ақпаратты растауын сұрайсыз. 

 

-Іскерлік журналист болғысы келетін жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

-Көп ізденіс, жан-жақтылық қажет. Әртүрлі тақырыптардағы материал, кітаптарды оқуға, жазуға тырысыңыз. Ең алдымен бұл саланың қыр-сырымен танысу үшін болашақ әріптестеріңіздің жұмыстарымен танысыңыз. Содан соң бұл салаға неге барғыңыз келетінін түсініп алуыңыз керек. Әйтпесе жұмыс істеуге құлшыныс болмайды. Шаршаған сәттеріңізде сол сұрақтың жауабы сізге шабыт сыйлап, алға сүйреп отырады. Журналистерге арналған тегін де ақылы мастер-класстардан қалмаңыз. Білім ешқашан артық етпейді. Өз білетініңізді естіп қайтсаңыз да, саланың проблемалары, журналистерді толғандыратын мәселелер айтылмай қоймайды. Оны журналистердің спикерге қоятын сұрақтарынан байқайсыз. Бұл саланың қай бағытта дамып жатқанынан хабарлар болуыңызға көмектеседі. 

-Қазіргі цифрлық дәуірде телеарнаның бизнес тақырыптарын аудиторияға жеткізу тәсілі қалай өзгеріп жатыр?

Бүгінде көрермен жинау қиын емес, оның назарын ұстап тұру қиын. Жан-жақтан ақпараттар ағыны толастамай жатқанда, оның көңілін өз арнаңа бұру қиын. Сондықтан көрерменді жоғалтпау үшін түрлі тәсілдер қолданылады. Көмекке цифрлық дәуірдің жаңа технологиялары келеді. Мәселен, жақында біздің арнамызда “Түскі формат” бағдарламасында смарт көзілдірік қолданыла бастады. Көрермен эфирді жүргізушінің көзімен көре алады, эфир алдындағы қарбаласты көріп, теледидардың аржағындағы өмірмен танысуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ таңғы жаңалықтар үшін материалды жасанды интеллект жазады, өзі дыбыстайды. Бұл да жаңашылдық. Осылайша жасанды интеллект технологиясын алғаш болып енгізіп жатқан арналардың бірі болдық. Оны жан-жақсы сынап, қолданып жүрміз. Ол нағыз көмекші құралымызға айналды. Дегенмен сапа жағында мәселе бар. Бәрібір материалда қате жібереді, қазақша әріптерді дұрыс оқымай қалатын кездер болады. Мұндай мәселе орыстілді жаңалықтарда кездесе бермейді. Бизнес тақырыптарына көрерменнің назарын аударту қиынырақ болғандықтан мұндай жаңашылдықтарды қолдану керек деп ойлаймын. Көрермен талпынысымызға өз бағасын береді.

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер