Әндер, ежелгі поэмалар, күрес, әйелдердің еркіндігі және олардың қоғамдық мерекелерге қатысуы — бәрі біртіндеп қолданыстан шығып барады.
(Шоқан Уәлиханов шығармаларынан.)
Ерте заманнан-ақ қазақ қоғамында әйелдің рөлі мен мәртебесі жоғары болған. XVIII ғасырлардағы қазақ әйелдері туралы жазбаларда олардың ер адамдармен бірге қару алып, шайқасқа қатысқаны айтылған.
Мысалы:
• Айтолқын — Абылай ханның қызы.
• Гауһар — Қабанбай батырдың жары. Гауһардың қызы Назым да жоңғарларға қарсы шайқастарға қатысқан.
• Бопай ханым — Кенесары ханмен бірге Ресей империясына қарсы көтерілісті басқарған.
«Жеті жарғы» заңында әйелді ұрлау — адам өлтірумен тең қылмыс саналатын. Мұндай заңдардың өзі сол дәуірде әйелге деген қоғамның құрметін көрсетеді. Алайда уақыт өте келе әйелге деген көзқарас өзгерді. Қыздың малға сатылуы, оның тауарға айналуы қайдан шықты?
Әйел рөлінің төмендеуінің себептері:
• XIX ғасырда хандық билік жойылды.
• Қазақ халқы атақоныс жерінен айырылып, экономикалық дағдарысқа ұшырады.
• Қаржылық қиындық салдарынан қызды қалың мал үшін сату жиіледі.
• Отарлық саясаттың ықпалы артты.
Қазақ қыздарының еркіндік жолындағы күресі XIX ғасырдың соңында айқын көріне бастады. Бұл кезеңде Алаш қозғалысы, мерзімді басылымдар мен әдебиетте әйел мәселесі жиі көтеріле бастады. Қыздарға арналған алғашқы мектептер де осы кезде ашылды.
Алғашқы бастама Бөкей ордасында 1883 жылы көтеріліп, киіз үйде білім берген Хұсни-Жамал Нұралыханова болды. Оның мектебінен —
• Алма Оразбаева,
• Әмина Мәметова,
• алғашқы қазақ стоматолог-дәрігер Мүбинә Ниязова тәрізді ірі тұлғалар шықты. Олар Батыс Қазақстан өңірінде әйел теңдігі жолында күресті.
Семей қаласында Нәзипа Құлжанова бастаған ағартушылар мерзімді баспасөзде әйел мәселесін көтеріп отырды.
Қазақ зиялылары да әйелдің еркіндігін қолдады.
• Мұхтар Әуезов 1917 жылы жазған «Адамдық негізі — әйел» мақаласында әйелге құрмет көрсету қажеттігін ерекше атап өтеді.
• Міржақып Дулатов 1921 жылы «Ақ жол» газетінде «Әйел теңдігі» атты мақаласын жариялады.
Алаш қозғалысы кезеңінде ерлермен қатар күрескен қазақ қыздарының бірі — Нәзипа Құлжанова. Оның «Аналық дәрежеге жеткенше, әйел бала ер баламен қатар тәрбиеленуі керек» деген сөзі — терең мәнге ие. Ол Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай кеш ұйымдастырып, одан түскен қаржыны қазақ жастарының шетелде оқуына жұмсаған. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев секілді тұлғалар — Нәзипа Құлжанованың шәкірттері.
Мұхтар Әуезовтің «Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тәліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» деген сөзі — әйел мәселесінің өзектілігін дәл көрсетеді.
Білімді, еркін, мықты қазақ әйелі — бұл батыстан енген түсінік емес. Бұл — біздің өткеніміз, бүгініміз және болашағымыз!
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Кикабай Фариза
Әдемай
Молодец өте керемет шығыпты????
жаннурка
молодец Фариза ????????
Айымка
Тамаша жазылған. Жарайсың Фариза!!