Өлең, жыр, ақындар

Көп тіл білу — заман талабы

Тіл — адамдар арасындағы қарым-қатынастың негізгі құралы, ойды, сезімді, ақпаратты жеткізудің әмбебап тәсілі. Қазіргі таңда тіл білу — тек артықшылық емес, өмірлік қажеттілікке айналды.

Бүгінде шет тілін меңгеру әрбір азамат үшін пайдалы. Көп тіл білудің бірнеше артықшылығы бар:

 1. Шетелде оқуға мүмкіндік береді. Жаңа таныстар табуға, жаңа ортаға бейімделуге және өзіңді тереңірек тануға жол ашады.

 2. Жан-жақты даму. Саяхат кезінде тіл кедергісі туындамайды, өзіңді еркін ұстауға мүмкіндік туады.

 3. Мәдениетті тану. Өзге ұлттың тарихын зерделеп, салт-дәстүрі мен ойлау жүйесін түсінуге көмектеседі.

 4. Ізденімпаздық пен интеллектуалдық қабілетті арттырады. Есте сақтау, логикалық ойлау қабілеті дамып, ми белсенді жұмыс істей бастайды.

Қазіргі жастардың ағылшын, орыс, француз сияқты шет тілдерге деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Бұл — жаһандану заманында қалыпты құбылыс. Алайда бұл үрдістің көлеңкелі жағы да бар: ана тілімізге деген қызығушылықтың төмендеуі. Өзге тілге қызығып жүріп, кейбір жастар қазақ тілінен алыстап бара жатқаны алаңдатады.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді көрнекті ақын Қадыр Мырза Әли. Бұл сөздің астары терең. Қазір көптеген алпауыт елдер өз тілін сақтау үшін бар күшін салып жатыр. Өйткені тіл сақталса — ұлт та сақталады.

Өзге тілді білуге ұмтылып, ана тілін ұмытып бара жатқан жастардың көбеюі — ойланарлық жағдай. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», — деп Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, тіл — тек қатынас құралы емес, ұлттың жаны, болмысы.

Тіл — ұлттың қазынасы. Өзге тілді меңгеру — білім мен өркениеттің белгісі. Ал ана тілін қастерлеп, басқа тілді де қатар үйрену — нағыз білімді, ұлтжанды адамның ісі. Көп тіл білу — заман талабы.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Кикабай Фариза


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз