Өлең, жыр, ақындар

Қазыналы Қазалыға қадам

Салиева Бақнұр Айбекқызы

          Бұл жерде батырлар, ақындар, әулие-әнбилер дүниеге келген, солардың бірде-бірегейі халқына қорған болған тарихи тұлға Жанқожа баба. Ол теңдесі жоқ ерлігімен бірге, әруағы қастерлі, тегі асыл, киелі тұлға саналады. Жанқожа батыр туралы аңыздар көп. Солардың бірнешеуін әрі ауылдасым, әрі руласым, Жанқожа батырдың жетінші ұрпағы Әбдіхалық-тегі Дәурен деген азаматтың айтуы бойынша жазып алғанмын: «Жаугершілік заман еді. Жанқожа батырдың жетпіс жылдай өмірі ат үстінде өтеді. Ол біресе Хиуа, Қоқан хандарының шапқыншыларымен шайқасса, бірде қарақалпақ жорықтарына тойтарыс беру ұрыстарына басшылық жасады. Сонымен қатар, қазақ хандықтары өмір сүруін тоқтатып, отарлау саясаты кең өріс алған тұс еді. Жанқожа батыр тағы күреске шықты. Батырдың қолбасшылық қабілеті мен көріпкелдігін айтпай кетпеуге болмайды. Үш жүзбен бірігіп, Қоқанның Созақ қамалын алуға ат салысады. Кенесары Қасымұлының қоластында 1500 төлеңгіт болса, Жанқожа батыр 500 жігітпен келіпті. Таңертең Кенесары төлеңгіттері ұрысқа дайындалып жатса, Жанқожа батыр әскерімен қашып кетіпті деген сөз тарайды. Ызаланған Кенесары әскерін қамалға бастайды. Көріпкелдік қасиетімен сезінген Жанқожа батыр Қоқаннан көмекке келе жатқан әскердің алдын тосуға кеткен екен. Айтқандай, Тоған балуан бастап келе жатқан 800 әскерді жаншып тастайды. Сөйтіп, Созаққа қайтып келсе, қамал алынбаған күйде екен. Ертесіне шайқасқа шығар алдында, Төремұрат жырауды 500 серігінің алдына шығарып, жігерді жанитын жыр толғатады. Батыр оншақты жігітті ертіп, оқ қауіп төндірмейтін қамал қабырғасына жетіп, қақпаны балталап бұзып, жасағына жол ашады. Қазаққа тозақтай болған Созақ қамалы осылайша құлайды. Жанқожа батырдың аты шығып, ел таниды. Ойлап қарасаңыз, қазіргі Қазақстан аумағындағы қалалар мен жерлер жатқа жем болмай, қазақтың иелігінде қалғаны – Жанқожа батыр сында батырларымыздың орасан зор еңбегі.

          Батыр жөнінде тағы бір аңыз: бабамыз ханы бар үйге тоқтамайды екен. Ханы бар үй дегеніміз – балалы үй. Баланы ханға теңеген екен. Бірде әдеттегідей баласы жоқ үйге аялдаса, үй иесі жоқ жетіктігіне қарамастан, батырды сыймен жақсы қарсы алады. «Батыр бабаның батасын алып қалайық, перзентті болар ма екенбіз?!», - деп үй иесі бата сұрайды. Жанқожа батыр былай деп батасын береді: «Тәңір жарылқасын, әулиелер қолдасын, әлем әлемнің берекетін берсін!». Таңертең тағы батасын берер деп күтеді. Алайда, батыр осы батасын тағы қайталайды. Үй иесі: «Батасы үш ауыз сөзден асқан жоқ», - деп ренжиді. Ол реніш Жанқожа батырдың құлағына тиеді. Сонда батыр: «Алла жарылқаса, әулиелер қолдаса, әлем әлемнің берекетін берсе, одан артық не керек! Оның тілегі қабыл болады. Жарын осындай уақытта сары ұлды болады», - деген екен. Айтқанындай, жарын әлгі үй иесі ұлды болып, бақша мұратына жетіп отыр екен. Батыр бабамыз арық сөйлеп, семіз шығуды жөн көрген».

          Мұнаралы көк күмбезді кесенеге кіріп келеміз. Айнала мамыражай тыныштық, ұшқан қарлығаштар, көк теректің сыбдыры ғана естілуде. Кесененің екі жағында екі жолбарыстың бейнесі тұр. Екі жолбарыс мүсіні батыр баба аруағы болып бейнеленеді екен. Жанқожа баба аруағының екі жолбарыс болып көрінуі қатты ашуланған кезде болады екен дейді үлкен қариялар. Кесенеге көтерілетін жерде оң және сол жағында тағы екі жолбарыстың мүсіні тұр. Кезінде кесенедегі ескі екі жолбарыстың орнына жаңа мүсіндерді қоймақшы болған екен. Жаздың күні, аспан ашық, аяқ астынан аспаннан төпелеп бұршақ жауып, онымен тұрмай арты дауылға айналады. Кесене басындағы талдар құлап, сынады. Жарық жүйелері үзіліп, бір-біріне тиіп, от жарқырайды. Кесене басындағы үйдің шатырлары ұшып, сынып жатты. Сол жердегі азаматтар ойласып, бұрынғы тұрған жолбарысты қозғамауға пәтуаласады. Сөйтіп, алып келген екі жолбарыс мүсіні баспалдақтың екі жағына қойылады екен. Тылсым оқиғалардың әсерінен кейін, батыр ұрпағының батасын алып, жолға шықтық.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз