«Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» - XXI ғасыр жастарының ұранына айналған бұл қағида жаңа дәуірдің бет-бейнесін айқындайды. Бүгінгі таңда «Елім үшін!» деп жүректері оттай жанған жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі ретінде мен де елімнің болашағына үлес қосуға бар күшімді жұмсауға дайынмын.
Болашақты гауһар тастарға толы мүмкіндік алаңы ретінде елестетемін. Әр таңдауым сол тастардан жасалатын өмір әшекейінің бір бөлшегіне айналады. Бұл мүмкіндіктерге жетудің басты жолы - білім мен еңбек. Аристотельдің: «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деген сөзі білімнің маңызын айқын көрсетеді. Дамыған Азия елдері - Корея мен Қытайдың білімге деген талапшылдығы олардың жетістіктерінің басты себептерінің бірі екені белгілі. Абай Құнанбайұлының: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген өсиеті де дәл осыны меңзейді. Яғни, саналы түрде білім алып, табанды еңбек ету – жарқын болашаққа бастайтын тура жол. Қазіргі таңда ақпараттың шынайылығы мен таралу ауқымы ерекше маңызға ие. Журналистика бейресми түрде «төртінші билік» деп саналса да, тәуекелі мол мамандықтардың қатарында. Болашақ журналист ретінде мен бұл саладағы шектеулер мен коммерциялану мәселелерін байқаймын. Сондықтан ертеңгі күнде тәуелсіз медианы қолдап, сөз бостандығын қорғау – басты мақсатым. Н. Михалковскийдің: «Журналистика қоғаммен бірге тыныстайды» деген пікірі осы ойымды қуаттайды. Қаңтар оқиғасы кезінде ақпарат таратқан журналистердің еңбегі – бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі маңызын дәлелдейді. Бұл жолда мен де елімнің мүддесін қорғайтын сөз иесі болуға ұмтыламын.
Заманауи технологиялар дамыған дәуірде экологияны қорғау - аса өзекті мәселе. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында мен ерікті ретінде жұмыс атқардым. Сайф Сараидың: «Ағаштың жемісін жеймін десең, түбіне балта шаппа» деген даналығы – табиғатқа деген қарым-қатынасымызға ой салуы тиіс. Болашақта «Эко» атты бағдарлама құру арқылы жастардың табиғатқа жанашыр көзқарасын оятқым келеді. Бұл бастама – менің болашағым мен елімнің амандығына қосқан үлесім болмақ.
Қорыта айтқанда, еліміздің жарқын келешегі - бүгінгі ұрпақтың қолында. Білім мен еңбек, еркін ақпарат тарату мен экологиялық жауапкершілік – осының бәрі біздің болашаққа апарар жолымыздың негізгі бағыты. Мен елімнің дамуына жеке іс-әрекетіммен, сеніміммен және қажыр-қайратыммен үлес қосуға дайынмын. Әр жас өз саласында табысқа жетуге ұмтылса, біз тек елімізді ғана емес, күллі әлемді жақсы жаққа өзгерте аламыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқарұлы Санжар
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі