Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап өмірді сеніммен бастайды. Ана құшағындағы сәбидің ананың мейіріміне иек артуы — сенімнің алғашқы сәулесі. Адам жүрегі өмір бойы осы сенім шырағымен жарықтанып тұрады. Сенім – көзге көрінбейтін, бірақ жанды жылытатын от. Ол болмаса, өмір мағынасын жоғалтар еді.
Сенім – өзіңе деген іштей берілген серт. Адам өз күшіне, ақылына, қабілетіне сенсе ғана биікке ұмтыла алады. Әрбір табысты тұлғаның артында – сүрініп тұрып, алға ұмтылған, өз-өзіне сенуді үйренген жанның тағдыры жатады. Өмірдің бұралаң жолдарынан сүрінбей өту – ішкі сенімнің беріктігіне байланысты.
Сенім – арманның қақпасын ашатын кілт. Жүректе алаулаған мақсат сеніммен суарылса, міндетті түрде жемісін береді. Өйткені сенім – әрекетке итермелейтін ішкі қуат көзі. Сенген адам арманына жақындайды, ал күмән – жолды бұлыңғыр етеді. «Сенген құлға Құдай өзі жолықтырады» деген халық даналығы осыны меңзейді.
Сенім – адамдар арасындағы көзге көрінбейтін алтын көпір. Достықтың адалдығы, отбасының берекесі, қоғамдағы бірлік – бәрі де сенімге сүйенеді. Ал сенім жоғалған жерде күмән пайда болады, күмәнмен бірге арақашықтық туындайды. Сенімді жоғалту – адамгершіліктің іргесін шайқалту.
Кейде мен де өзім қалаған нәтиже шықпаған сәттерде іштей күйзеліп, өзімді әлсіз сезінетінмін. Ол уақытта жолым көмескі көрінетін. Кейіннен түсіндім: бұл күйдің түп төркіні – өз-өзіме толық сенбеу мен іштей күмән еді. Бұл ой маған үлкен серпіліс берді. Сол сәттен бастап өзіме жаңа уәде бердім: енді тек алға ұмтыламын, сенімді серік етіп, бұдан да биік белестерге жетемін. Өйткені мен сенемін — мен бұған лайықпын!
Адам кейде өз күшінен бұрын, сенімнің арқасында алға жылжиды. Қара бұлт торлаған сәтте жүректе «бәрі жақсы болады» деген үміт қалса – адам жеңілмейді. Себебі сенім – ішкі жарығы бар жанды алға жетелейтін шырақ.
Сенім – адамның жан дүниесін нұрландыратын ең асыл рухани құндылық. Сенім бар жерде – үміт те, ұмтылыс та, өмірдің мәні де бар. Өз-өзіне сенген адам — өзгеге де сенім ұялатады. Сенімді жүрек — ешқашан жалғыз емес.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Болат Аяжан
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі