Өлең, жыр, ақындар

Бұрынғы мен қазіргі білім беру жүйесі: айырмашылық неде?

    Барлығымызға белгілі, Қазақстандағы қазіргі білім беру жүйесі әлі де даму үстінде. Соңғы жылдары жасанды интеллектке негізделген технологиялар мен заманауи әдістер кеңінен енгізіліп жатыр. Дегенмен, «Бұрынғы заманда біздің ата-бабаларымыз қандай жүйемен білім алған?» деген сұрақ көпшілікті қызықтырады.

ХХ ғасырдағы білім беру жүйесі

1922–1923 жылдары ұлт мектептерін оқулықтармен және оқу бағдарламаларымен толық қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Қазақ тілінде алғашқы 14 оқулық жарық көрді. Оларды дайындауға қазақтың көрнекті тұлғалары — А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Асфендияров және басқа да зиялылар атсалысты.

1920–1930 жылдары елімізде 367 жаңа мектеп салынды. Бастауыш мектептердің саны небәрі 333-тен 1864-ке дейін артты. Алайда сол кезеңде қыз балаларды оқыту деңгейі төмен болды: бастауыш мектептердегі оқушылардың тек 11 пайызы ғана қыздар еді.

1929 жылы араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшу халық үшін үлкен өзгеріс болды. Кейін 1940 жылы ел латыннан кириллицаға ауысты. Бұл кезең қазақ жазуы мен білім беру ісіне елеулі әсер етті.

1980–1990 жылдары білім жүйесінде бірқатар реформалар жүргізілді. Соның ішінде:

  • 6 жастан бастап оқыту,
  • жалпы білім беретін 11 жылдық оқу жүйесін енгізу,
  • лицей, гимназия, колледж және жекеменшік мектептердің ашылуы сияқты маңызды өзгерістер болды.

2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен еліміздің 8 мемлекеттік жоғары оқу орнына ерекше мәртебе берілді. Олардың қатарында —

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы,

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті және тағы басқа оқу орындары бар. Сол жылдары республикада 35 мемлекеттік жоғары оқу орны жұмыс істеді.

Қазіргі білім беру жүйесі

Бүгінгі таңда білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Ғылым мен технологияның, әсіресе жасанды интеллекттің ықпалы артып, оқыту процесі жаңа бағыттарға бет алды.

Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты — бәсекеге қабілетті, заманауи маман даярлау. Бұл жол мектеп қабырғасынан басталып, жоғары оқу орнына дейін жалғасады. Әр оқушының міндеті — өз мамандығын анықтап, сапалы білім алып, қоғамға пайда тигізу.

Бүгінде Қазақстанда 12 жылдық оқу жүйесін енгізген жекеменшік мектептер көптеп ашылып жатыр. Жалпы елімізде 7724 мектеп бар, оның ішінде:

  • 5279 мектеп — ауылдық жерде,
  • 2445 мектеп — қалалық жерде орналасқан.

Жоғары оқу орындарына келсек, қазір Қазақстанда 113 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның 64-і — жекеменшік, 48-і — мемлекеттік, және 1-еуі — шетелдік білім беру мекемесі.

Соның ішінде:

  • 11 ұлттық университет,
  • 78 университет,
  • 14 академия,
  • 10 институт бар.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Исабек Альмира


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз