Шетелде білім алу – көптеген жастың ең үлкен армандарының бірі. Алайда оған жету үшін табандылық, еңбек және үлкен дайындық қажет. Алматы қаласы №126 мамандандырылған лицейінің түлегі Ақжан осы жолда бар күшін салып, Малайзия университетінің толық грантын жеңіп алды. Оның жетістігі – тек өзіне ғана емес, көптеген жас түлектерге үлгі.
Жастарға шабыт болсын деген мақсатта Ақжанмен сұхбаттасқан едік.
⸻
1) Алдымен айта кетсеңіз, шетелде оқуға түсу арманыңыз қашан басталды?
— Негізі менің аға-әпкелерім көп. Бәрі шетелде оқып, білім алып, қазір сол жақта жұмыс істеп жүр. Кішкентай кезімде соларға қызығып, “қандай күшті — ел көріп, жер көріп, әлемді аралап, сонымен қатар оқып та үлгеріп жүр” деп таңғалатынмын. Солардың әсері болар, бала кезден шетелде оқу мен үшін үлкен мүмкіндік екенін түсіндім.
⸻
2) Құжат тапсыру кезінде қандай қиындықтар болды? Сол сәтті қалай еңсердіңіз?
— Құжат тапсыру — шетелде оқудың ең алғашқы әрі ең маңызды кезеңдерінің бірі. Себебі құжаттарды дұрыс дайындау үлкен шыдамдылық пен ізденісті талап етеді.
Мен үшін ең қиыны — университеттер жайлы нақты ақпарат табу және дұрыс сілтемелер арқылы тапсыру болды. Кейде студенттер қате сілтемелерге өтеді де, өтініштері қабылданбай қалады. Сол үшін мен әр мәліметті бірнеше рет тексеріп отырдым.
Тағы бір қиындық — өз жетістіктерімді көрсету болатын. 7–9-сыныптарда түрлі жарыстар мен олимпиадаларға қатысып, көп жетістікке жеткенмін. Бірақ соңғы жылдары IELTS пен SAT сынақтарына дайындыққа көбірек көңіл бөлдім де, қосымша белсенділік азайды. Сол себепті “жақында алған жетістіктерім жеткілікті бола ма?” деген уайым болды.
Кейін білдім, әр университет студентті әртүрлі критерий бойынша таңдайды. Кейбірі тек академиялық нәтижелерге (IELTS/SAT) мән берсе, кейбірі баланың қоғамдық белсенділігі мен шығармашылық қабілетіне назар аударады. Сондықтан өзімнің бағытыма сай университеттерге құжат тапсырдым.
⸻
3) Грант алу жолында ең көп күш салған пән немесе бағыт қайсы болды?
— Негізгі екпінді IELTS және SAT тесттеріне бердім. Өйткені грант алу үшін бұл сынақтардың нәтижесі шешуші рөл атқарады. Бар уақытымды осы тесттерге дайындыққа арнадым.
⸻
4) Сізді қолдап, жігер берген адамдар кімдер болды?
— Әрине, әр баланың ең үлкен тірегі — ата-анасы. Мен үшін де солай. Ата-анам әрдайым “шетелде білім алып, елге оралып, алған біліміңді ел болашағына жұмса” деп үнемі жігер беріп отырды.
⸻
5) 100% грантты иеленген сәттегі сезіміңіз қандай болды?
— Алғашында бұл толық грант екенін түсінген жоқпын. Хатты толық оқыған соң ғана 100% грант алғанымды білдім. Бұған дейін де бірнеше университеттен шақырту алған едім, бірақ бұл жаңалық ерекше әсер етті.
“Сізді біздің университет асыға күтеді” деген жолдарды оқығанда жүрегімде тыныштық пен қуаныш сезімі орнады. Осы уақытқа дейінгі еңбегімнің босқа кетпегенін түсіндім.
⸻
6) Шетелдегі оқу жүйесі туралы алғашқы әсеріңіз қандай?
— Әр елдің оқу жүйесі әртүрлі екені рас. Мысалы, Малайзиядағы менің университетімде сабаққа қатысу (attendance) — GPA бағасының 80%-ын құрайды. Яғни сабақтан қалмау өте маңызды.
Сонымен қатар барлық материалдар тек университеттің ішкі платформасында жарияланады. Сабаққа алдын ала дайындалып келу міндетті. Тағы бір ерекшелік — foundation бағдарламасында негізгі пәндерді 2–3-семестрден бастап оқытады. Ал алғашқы семестрде студенттер өзара танысып, түрлі жобалар мен топтық презентациялар арқылы бейімделеді. Бұл — халықаралық студенттердің ортаға үйренісуіне арналған кезең. Сондай-ақ тесттер үлкен аудиторияда емес, жеке кабинеттерде өтеді. Барлығы қағаз түрінде тапсырылады, көшіруге жол берілмейді. Тәртіп өте қатал — бұл біздің елдің жүйесінен едәуір өзгеше.
⸻
7) Қазақстандағы мектеп білімі сізге қаншалықты көмектесті деп ойлайсыз?
— Мен оқыған лицей — мамандандырылған мектеп. Сол себепті математика мен физика пәндерінен алған білімім Малайзияда көп көмегін тигізді. Көп студенттер осы пәндерден қиналып жатты, ал менің базалық білімім мықты болғандықтан, бейімделу жеңіл болды.
⸻
8) Осындай жетістікке жетуді армандайтын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Адамның ойына оның қолы жетпейтін нәрсе келмейді. Егер армандасаң — демек, оған қабілетің бар.
Білім алуға құштар болсаң, ізден, еңбектен, талпыныс жаса. “Мүмкіндік жоқ” деген түсінік — жалған. Әрқашан шешім бар, тек оны көру керек. Ең бастысы — табандылық пен сенім. Ал қалғаны — Алланың қалауында.
⸻
Рақмет саған, Ақжан!
Саған зор табыс, шабыт пен жаңа биіктер тілейміз! Малайзиядағы оқуың сәтті болып, болашағың жарқын болсын!
Абдықасым Айша
Алматы қаласы, №126 мамандандырылған лицей
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі