Өлең, жыр, ақындар

Әлем тілдерінің байлығы

  Ғалымдардың зерттеуінше, бүгінде жер бетінде шамамен 7 000 тіл бар. Бұл – адамзаттың мәдениеті, тарихы мен дүниетанымының көрінісі. Әрбір тіл – белгілі бір халықтың рухы мен жанының айнасы. Тіл – тек қатынас құралы ғана емес, ол халықтың ойлау жүйесін, дәстүрін, тарихын және өмір салтын бейнелейді.

Ethnologue дерегіне сүйенсек, әлемдегі 7 мың тілдің жартысына жуығы жойылып кету қаупінде. Себебі кейбір тілдерде сөйлейтін адамдар саны өте аз — кейде бірнеше жүз адам ғана болуы мүмкін. Әсіресе, технология мен жаһандану дәуірінде көпшілік ағылшын, қытай, испан сияқты халықаралық тілдерді көбірек қолданады.

Статистика бойынша:
    •    Ағылшын тілінде шамамен 1,5 миллиард адам сөйлейді;
    •    Қытай тілін 1,2 миллиард адам қолданады;
    •    Испан тілі — 550 миллион адамның ана тілі немесе екінші тілі;
    •    Француз және араб тілдерінде әрқайсысы 300 миллионнан астам адам сөйлейді.

Ал 3 000-нан астам тіл жойылу қаупінде тұр. Бүгінгі таңда әлем халықтарының 90%-ы бар болғаны 100 тілде ғана сөйлейді. Ең көп тіл қолданылатын мемлекет — Папуа–Жаңа Гвинея, онда 840 тіл бар.

Жаһандану мен урбанизация дәуірінде шағын ұлттар өз тілін аз қолдана бастады. Көптеген жастар ана тілінің орнына халықаралық тілдерді (ағылшын, қытай, испан) меңгеруге ұмтылады. Нәтижесінде кейбір тілдер күнделікті өмірде қолданылмай, біртіндеп ұмытылып барады. ЮНЕСКО дерегіне сәйкес, әлемде әр екі апта сайын бір тіл жойылады. Бұл — жыл сайын шамамен 25 тілдің адамзат мәдениетінің картасынан өшіп отыратынын білдіреді. Әлем тілдерінің көптігі — адамзаттың рухани байлығы. Әр тіл — бір мәдениет, бір әлем. Сол себепті тілдерді сақтау – тек лингвистердің емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Тілді құрметтеу — тарихты, мәдениетті және адамзатты құрметтеу. Тілдің жойылуы – тек сөздердің жоғалуы емес, ол тұтас бір мәдениеттің, бір ұлттың тарихының жоғалуы. Сондықтан бүгінде көптеген елдер аз ұлттардың тілін сақтап қалу бағытында түрлі мемлекеттік және халықаралық бағдарламалар жасап келеді.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Зинуллина Айсана


Пікірлер (1)

Айдана

Керемет????

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз