Өлең, жыр, ақындар

Қорғаныс механизмдері және олардың ұжымдық қарым-қатынасқа әсері

ҚОРҒАНЫС МЕХАНИЗМДЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҰЖЫМДЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСҚА ӘСЕРІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең танымал әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі. Университет жылдар бойы үздіксіз даму үстінде болып, бүгінде халықаралық деңгейге жетіп, әлемдік оқу орындары қатарынан лайықты орнын алған іргелі білім ордасына айналды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы – еліміздің жоғары білім саласының дамуы мен қалыптасу тарихын айқындайтын ерекше белес. Бұл оқу орны – Қазақстандағы ғылым мен білімнің алтын бесігі, ұлттық интеллектуалдық әлеуеттің негізін қалаған киелі шаңырақ. Тоқсан жылдық тарихында университет талай буын білімді де білікті түлектерді тәрбиелеп, ел дамуына елеулі үлес қосты. ҚазҰУ түлектері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде және шетелдерде түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Университеттің мұндай биік жетістіктері – сапалы білім мен тәжірибенің, ұжымдық еңбектің және ғылымға деген адалдықтың нәтижесі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әрбір студенттің жеке тұлға ретінде қалыптасуына ерекше мән береді. Студенттер тек кәсіби біліммен шектелмей, өмірлік дағдылар мен көшбасшылық қасиеттерді де бойына сіңіреді. Осы бағытта «Басқару психологиясы» пәні айрықша рөл атқарады. Бұл пән студенттерді адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатуға және басқару үдерісінің психологиялық тетіктерін меңгеруге үйретеді. Аталған пәннен басқару қызметіндегі ұжымдық қарым-қатынасқа қажетті қорғаныс механизмдері жөнінде пәніміздің жетекшісі философия және саясаттану факультетінің доценті, психология ғылымдарының кандидаты Жұбаназарова Назираш Сулейменовнамен талқылау жасап, өзара салыстырып, теориялық әрі практикалық білімімізді толықтырдық. Ұжымдық қарым-қатынас адамның жеке психологиясына да тікелей байланысты болатындықтан адам психикасында жүзеге асатын қорғаныс механизмдерінің сол ұжымға қандай әсері барын жетекшімізбен бірге зерттеп, анықтай алдық. Қорғаныс механизмдері – жеке адамның ішкі жан дүниесін сақтайтын табиғи құрал. Бірақ ұжымдық ортада бұл механизмдер дұрыс бағытта қолданылмаса, қарым-қатынасқа елеулі әсер етеді.

Қорғаныс механизмдерін Зигмунд Фрейд пен Анна Фрейдтің еңбектерінен таба аламыз. Ондағы ығыстыру – адам өз ішіндегі ренішті, ашуды немесе ұят сезімін санадан ығыстырғанда, адам сырттай сабырлы көрінгенімен, ішкі күйзеліс жинала береді. Уақыт өте келе бұл жасырын эмоция жанжалға немесе бейжайлыққа әкелуі мүмкін. Ал проекция – өз бойындағы кемшілікті немесе теріс ниетті басқаға жапсыру. Ұжымда ол сенімсіздік туғызады. Мысалы, өз қателігін мойындаудың орнына «мен емес, сен кінәлісің» деп айту — команда ішінде түсінбеушілік пен шиеленіс тудырады. Рационализация (ақылға қонымды ету) – адам өз сәтсіздігін не дөрекі мінезін ақтап алуға тырысуы. Ондай кезде адамда жауапкершіліктен қашу байқалады. Мұндай қызметкер өз қатесін түсінбей, әрқашан өзінікін дәлелдеуге бейім болады. Бұл ұжымдық жауапкершілікті әлсіретеді. Реактивті білім (кері реакция) – адам шын сезіміне керісінше әрекет етуі. Бұдан ұжымда шынайылық жоғалады. Бір-біріне өтірік жылы көріну, ішкі араздықты жасыру – сенімсіз орта қалыптастырады. Регрессия (артқа шегіну) – стресс кезінде адамның балаша әрекет етуі, эмоциясын ұстай алмауы. Ұжымдық ортада адамда эмоциялық тұрақсыздық байқалады. Мұндай қызметкер қиын сәтте өзін-өзі ұстай алмай, басқаларға теріс әсер етуі мүмкін. Сублимация (жоғары мақсатқа айналдыру) – адамның жағымсыз энергиясын пайдалы іске бағыттауы. Бұл – ұжым үшін ең тиімді қорғаныс түрі. Адам ішкі қысымын шығармашылыққа, еңбекке немесе идея ұсынуға жұмсайды. Команда рухы күшейеді. Идентификация (теңдестіру) – қызметкер беделді адамға ұқсауға тырысуы. Ұжымда бұл кейде оң әсер береді – адам өзіне үлгі табады. Бірақ шектен тыс еліктеу жеке даралықтың жоғалуына, жалған бейнеге әкелуі мүмкін. Интроекция (ішке енгізу) – адамның басқалардың көзқарасын өзінікі етіп қабылдауы. Топтық ойлау пайда болуы мүмкін – яғни, бәрі бір пікірде болуға тырысып, сын айту тоқтайды. Бұл шығармашылық пен шынайы шешім қабылдауға кедергі жасайды. Изоляция (оқшаулау) – адамның өз эмоциясын тежеп, өз ойына шомуы. Мұндай адам белсенділігін төмендетіп, топтан алшақтайды. Нәтижесінде командадағы өзара қолдау мен жылылық әлсірейді. Ауыстыру – адам ашуын нақты адамға емес, басқа біреуге бағыттайды. Ұжымда әділетсіздік сезімі туады. Мысалы, басшының ренішін орынсыз басқа қызметкерге төгуі команданың моральдық жағдайын бұзады. Терістеу– адамның шындықты мойындамай, мәселені жоққа шығаруы. Ұжымда конструктивті диалог болмайды, себебі адам қателігін түсінбейді. Бұл даму мен түзетудің жолын жабады.

Қорғаныс механизмдері — табиғи психологиялық процесс. Бірақ оларды бейсаналы түрде шамадан тыс қолдану ұжымдық қарым-қатынасты әлсіретіп, жанжал, сенімсіздік пен өзара түсінбеушілікке алып келеді. Ал егер адам өз мінез-құлқын түсініп, эмоциясын реттей білсе, онда бұл механизмдер керісінше жеке және кәсіби дамуға көмектеседі. Қорғаныс механизмдерінің ұжымдық қарым-қатынасқа әсері міне осындай. Әр адам - жеке тұлға. Ұжымдық мақсатқа жету үшін адамның психикалық жай-күйі дұрыс, тұрақты болуы керек.

Жубаназарова Н.С.

         Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

 психология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.

Сайлинова Қ.К.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жалпы және қолданбалы психология

кафедрасының аға оқытушысы

Ерубай А.Б.,

    әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің

    1-курс магистранты

 

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар