БАСҚАРУ ПСИХОЛОГИЯСЫНДАҒЫ СТРЕССТІҢ РӨЛІ МЕН МАҢЫЗЫ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі, білім мен ғылымның ірі орталығы. 1934 жылы құрылған университет бүгінде ұлттық жоғары білім жүйесінің дамуында және әлемдік ғылыми қауымдастықпен ықпалдастықта маңызды рөл атқарып келеді. Бұл оқу ордасы – білім мен ғылымның, мәдениет пен адамгершіліктің тоғысқан киелі мекені. Университеттің басты міндеті – бәсекеге қабілетті, кәсіби және рухани дамыған мамандар даярлау, сонымен қатар заманауи ғылым мен инновацияны дамытуға үлес қосу.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бүгінгі заман талабына сай жаңа мазмұндағы пәндер оқытылады. Солардың бірі – басқару психологиясы пәні. Басқару психологиясы – адамның мінез-құлқын, мотивациясын, қарым-қатынас мәдениетін, басшы мен бағынышты арасындағы психологиялық өзара әрекетті зерттейтін пән.
Аталған пәннен психология ғылымдарының кандидаты, профессор Жұбаназарова Назираш Сулейменовна дәріс оқиды. Біз семинар барысында ғалым К.Ғ. Ахметовтың «Менеджмент негіздері» еңбегі мен К.Ж. Елшибекованың «Көшбасшылық» еңбектерін және де шет елдік ғалымдардың оқулықтарын басшылыққа ала отыра өз жұмыстарымызды ұсынамыз. Басқару психологиясындағы негізгі тақырыптардың бірі стресс тақырыбы.
Стресс (ағылш. stress – күш түсу, ширығу, кернеу; жоғары ширығу күйі) – организмнің әртүрлі қолайсыз факторлардың (физикалық немесе психологиялық) әсерінен пайда болатын бейспецификалық бейімделу реакцияларының жиынтығы және соған сәйкес жүйке жүйесінің немесе тұтас организмнің күйі болып табылады. Мұндай факторлар стрессорлар деп аталады және олар организмнің тұрақты қызметін бұзады. Стрестің екі түрі ажыратылады: позитивті стресс (эустресс) және негативті стресс (дистресс).
Эустресс ұғымы екі мағынада қолданылады: біріншіден, жағымды эмоциялар тудыратын стресс; екіншіден, организмнің белсенділігін арттыратын, бірақ шамадан тыс емес стресс. Эустресс кезінде адам психикалық тепе-теңдігін уақытша жоғалтқанымен, алдына қойылған міндеттерді шешуге жеткілікті ішкі ресурстарға ие болады. Әдетте, мұндай күй қысқа мерзімді сипатқа ие және тұлғаның «беткі» бейімделу қорлары жұмсалады. Эустрестің белгілері – қарым-қатынастағы қиындықтар (сөйлеудің бұзылуы, ойды нақты жеткізе алмау), қысқа мерзімді есте сақтау үзілістері, физиологиялық реакциялар (көздің қарауытуы, теріге қанның құйылуы, жүрек соғысының жиілеуі және т.б.). Сонымен қатар, осы сәтте адамның психикалық (жад, ойлау, қиял) және физиологиялық функциялары әдеттегіден тиімді жұмыс істейді. Эустресс жағдайында адам ішкі күш-қуаттың көтерілуін сезінеді.
Дистресс – организм жеңе алмайтын жағымсыз стресс түрі. Ол адамның денсаулығына кері әсер етеді және ауыр ауруларға әкелуі мүмкін. Стрестен ең алдымен иммундық жүйе зардап шегеді: физикалық немесе психикалық стресс кезінде иммундық жасушалардың түзілуі төмендейді, сондықтан адам инфекциялық ауруларға бейім болады. Дистресс – бұл психофизиологиялық функциялардың бұзылуымен сипатталатын деструктивті процесс. Мұндай шамадан тыс кернеу, әдетте, ұзаққа созылған стресс жағдайында пайда болады, оның барысында организмнің барлық бейімделу ресурстары жұмсалады. Мұндай жағдай жиі психикалық ауруларға – психозға, неврозға әкеледі. Жалпы алғанда, стресс – организмнің өзгермелі жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік беретін бейімделу механизмі. Ғылыми тұрғыдан стресс ұғымын алғаш зерттеген ғалымдардың бірі Г. Селье өз еңбегінде: «Стресс – бұл организмнің кез келген талапқа берген бейспецификалық жауабы» деп анықтама берген.
Стресс түрлерін кәсіби және ұйымдық стресс деп бөліп қарастырамыз. Кәсіби стресс – бұл адамның еңбек қызметіндегі шиеленісті жағдайларға психикалық және физикалық реакциялар түрінде көрініс табатын көпқырлы құбылыс. Кәсіби стресс еңбек қызметінің әртүрлі салаларын қамтиды. Ең көп стресске ұшырайтын мамандықтар: өрт сөндіруші, азаматтық авиация ұшқышы, қоғамдық көлік жүргізушісі, мұғалім, дәрігер, кенші, полицей, әуежай диспетчері. Ұйымдық стресс – бұл көпқырлы құбылыс, ол ішкі ұйымдық факторлармен (жеке тұлғалық ерекшеліктер, топ ішіндегі өзара әрекеттестік, ұйымдық орта) және сыртқы макроорта факторларымен (ұйымның микро және макробизнес ортасымен өзара әрекетінің сапасы мен тиімділігі) айқындалады. Басқаша айтқанда, ұйымдық стресс – бұл ұйымдық-өндірістік жағдайға жауап ретінде адамның бейімделу механизмдерінің шиеленісуі. Ұйымдық стресстің негізгі белгісі мен себебі – бұл қызметкердің жеке мүмкіндіктері мен ұйым талаптарының арасындағы ішкі қайшылық. Яғни ұйымның талаптары мен жұмыстың тартымдылығы, қызметкердің күткен үміті мен нақты мүмкіндіктерінің арасындағы сәйкессіздік стресс тудырады. Ұйымдастырушылық стресстердің ерекше түрі – әріптестер мен бағыныштылар алдындағы, жалпы іс үшін жоғары жеке жауапкершілік факторы. Зерттеулер көрсеткендей, жоғары жауапкершілік сезімі бар адамдар кәсіби күйіп кету синдромына жиі шалдығады.
Ұйымдық стрессорларға компанияның даму жоспарлары мен болашағының белгісіздігі, қызметкерлерді материалдық тұрғыдан әділетсіз (немесе «жасырын») марапаттау жүйесі, шешім қабылдау процесіне қызметкерлердің қатыспауы да жатады. Егер қызметкерлер алдағы ұйымдық өзгерістер туралы хабардар етілмесе немесе талқылауға тартылмаса, олар өздерін «ескерілмеген» сезінеді. Бұл жағдай жағымсыз тәжірибе ретінде қабылданып, эмоционалдық стресс тудырады.
Жубаназарова Н.С.
Психология ғылымдарының кандидаты,
жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры
Мадалиева З.Б.
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы,
психология ғылымдарының докторы, профессор
Серикбай А.Б.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі