Биік мақсаттардың жүзеге асуы өз қолымызда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі мерзімді баспасөз бетінде жыл сайын берілетін сұхбаттарымен іс жүзінде жаңа саяси дәстүрді қалыптастырды. Міне, келіп-жеткен Жаңа жылқы жылының басында осы дәстүрді сақтай отырып, Қазақстандағы ең ықпалды баспа басылымдарының бірі «Түркістан» газетіне ауқымды да мазмұнды сұхбат берді. Мемлекет басшысы әрқашан қоғамдық көңіл-күй мен халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілектеріне барынша назар аударып отырады. Барлық мәселелер мен жоспарлар туралы бүкпесіз әрі ашық айтады. Бұл жолы да халықты толғандыратын көптеген маңызды мәселелер көтеріліп, талқыланды. Мысалы, салық реформасы, соның ішіндегі қосымша табыс салығы, энергетикалық және коммуналдық сектордағы реформа, көлік және логистика саласы, ауыл шаруашылығы және ондағы жағдай, туризмді дамыту, жасанды интеллект және Қазақстанды цифрлы елге айналдыру, ядролық энергетиканы қолдану, жер қойнауында сирек кездесетін металдарды пайдалану, отандық бизнес өкілдерінің орны мен рөлі, қаңтар оқиғасының себептері мен мәні, сыбайлас жемқорлықпен күрес, еліміздің сыртқы саясаты мен халықаралық қатынастар және тағы басқа мәселелер.
Мемлекет басшысы сұхбатының бас жағында әдеттегідей өткен жылдың қорытындысына тоқталды. Былтыр өте көп және айтулы оқиға болғаны белгілі. Мысалы, экономикамыз 6 пайыздан астам өсіпті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асыпты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекорлтық көрсеткіш. Қазақстан жаңғыру жолында айтулы табыстарға қол жеткізіп, барынша өркениетті ел бола бастады. Халықаралық қаржы институттары мен рейтингтік агенттіктердің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бірақ бұл жетістіктерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға болмайды. Оның үстіне әлі де шешілмеген және жаңадан туындап жатқан мәселелер бар. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек қана алға ұмтылуымыз керек. Ежелгі түркі бабаларымыз айтқандай «Күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» дегендей еңбек етуіміз қажет. Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру үшін тек үкіметке ғана арқа сүйеп отырмай, ел болып, жұрт болып білекті сыбанып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығарып, көп жұмыс істеуімізге тура келеді.
Еліміз реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрды. Реформаларды жүзеге асыру кедергілері көп, қиын жол, небір тар жол, тайғақ кешулерден өтуге тура келеді. Бірақ ол Қазақстан үшін өте қажетті, басқа жол жоқ. Бізге үстіміздегі және алдағы жылдары Қазақстанның әлеуетін арттыруға бағытталған көптеген міндеттерді шешуге тура келеді. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Оған қол жеткізу дегеніміз – халықтың әл-ауқатының артуы, инфрақұрылымның салынуы, қауіпсіз ортаның қалыптасуы, тың мүмкіндіктердің пайда болуы. Мемлекет басшысының айтуынша, биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Осы жылы ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табады.
Соңғы жылдары Қазақстанда көп нәрсе өзгерді. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. Қоғамдық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік басқару жүйесі жаңарды. Қазақстан әлемдік қауымдастыққа халықаралық құқықты қатаң сақтайтын ел екенін көрсетіп келеді. Сыртқы саясатта Қазақстанның абырой-беделі өсіп, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлі артып отыр. Біздің халықаралық қатынастағы негізгі мәселелер туралы өз көзқарасымыз, нақты ұстанымымыз бар. Қазақстан алдағы уақытта да тәуелсіз, егеменді, құқықтық, демократиялық мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайта береді. Біз ынтымақ, бірлігімізді арттыра отырып, кездескен қиыншылықтарды еңсере отырып, алға қойған барлық мақсаттарымызға жететінімізге сенеміз. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Оразбай Сарыбаев
- Виктор Франкл
- Карл Густав Юнг
- Эрих Фромм
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі