Өлең, жыр, ақындар

Жапония елінің ұлттық феномені – манга

    Уақыт алға жылжыған сайын жаңа буынның қызығушылықтары да жылдам өзгеріп отырады. Сол құбылыстардың бірі — манга. Көпшілік оны уақытша тренд ретінде қабылдауы мүмкін, алайда манга — жай ғана комикс емес, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени феномен.

Манга — жапондық комикс өнері. Оның тарихы XII ғасырға дейін созылады. Ал қазіргі танымал визуалдық стилі XX ғасырдың 1950-жылдары қалыптасты. Араға тоғыз ғасырға жуық уақыт өтсе де, манга өзектілігін жоғалтпай, оқырманын сақтап келеді. Әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін манга Жапонияда қарқынды дамып, халықтық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды.

XX ғасырдың 1980–1990 жылдары манга Жапония шеңберінен шығып, ұлттық феномен ретінде әлемге танылды. Ол тек ойын-сауық құралы емес, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді, философиялық ойларды, адам болмысы мен құндылықтарын жеткізетін мәдени өнімге айналды.

Мангаға жаһандық сұраныс COVID-19 пандемиясы кезінде ерекше артты. 2021–2022 жылдары бұл салаға қызығушылық 118%-ға өсіп, манга мен оның экранизациясы — аниме әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан индустриялардың біріне айналды. Сол кезеңде манга мен аниме нарығының жалпы құны 20,6 млрд АҚШ долларына жеткен. Жапонияның өзінде халықтың шамамен 95%-ы манга оқыса, әлем бойынша жүздеген миллион адам бұл жанрға қызығады. Бұл манганың жас ерекшелігіне қарамай, түрлі буынды біріктіре алатынын көрсетеді.

Әлемдегі ең көп сатылған және ең танымал манга — Эйитиро Оданың «One Piece» туындысы. Бұл манганың 500–520 миллионнан астам данасы сатылып, Гиннес рекордтар кітабына енген. Сонымен қатар Масаси Кисимотоның Naruto, Акира Торияманың Dragon Ball, Тайто Кубоның Bleach, сондай-ақ Golgo 13 секілді мангалар да әлемдік мәдениетке үлкен ықпал етті. Бүгінде манга — Жапонияның мәдени символына айналған, ұлттық шекарадан асып, жаһандық құндылыққа ие өнер түрі.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Нүсупқан Тоғжан


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз