Өлең, жыр, ақындар

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Қазақстанның демократиялық жолмен дамуы мен құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы тікелей қоғам мүшелерінің құқықтық сауаттылығына байланысты. Соның ішінде жастардың да құқықтық сауаттылығына ерекше мән беріледі. Өйткені жастар - мемлекетіміздің болашағы. Мемлекетіміздің келешек қозғаушы күші де солар. Сондықтан жастардың заңдық жүйелерді терең бағдарлап түсіне алатындай танымдық ой - өрісін дамыту міндетті. Және де заңды біліп қана қоймай, ол заңға деген құрмет пен жауапкершілік сезімі де жоғары бола алатындай мүмкіндіктердің жолдарын да қарастыру керек. Ондай мүмкіндіктердің шешімін дұрыс таба білген жағдайда құқытық мәдениеті жоғары жас буын тәрбиеленіп шығады. Ондай жастар құқықтық нормаларды біліп қана қоймай, оны күнделікті тәжірибесінде өмір сүру қағидасына айналдырады. Жоғары құқықтық мәдениетке ие болған жас буын өзінің құқықтарын қорғай алады. Өзгенің бостандығына нұсқан келтірмейді. Мемлекет алдындағы өздеріне жүктелген міндеттерін адалынан атқаруға бар күш - жігерін жұмсайды. Сондықтан да осындай биік деңгейде жастарды тәрбиелеп, олардың бойында заңға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін ең өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Өйткені қазіргі біздің қоғамда да жастар арасында құқықтық заңдарға немқұрайды қарап, сенімсіздік таныту құбылыстары әлі де кездеседі. Соның салдарынан құқық бұзушылық жағдайлар кездесіп жатады. Мұндай жағдайлардың орын алуына қазіргі цифрлық замандағы киберқылмыс, интернеттегі алаяқтық пен  әлеуметтік желілердегі этиканың бұзылуы да көп ықпал етеді. Ақпараттық кеңістіктің шектен тыс кеңейюі, жоғарыда айтылғанындай әлеуметтік желілердің ықпалы, жалған ақпараттың көптігі – бәрі жиналып келгенде жастардың құқықтық нормаларды дұрыс түсінуіне кері әсерін тигізетіндігін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Осындай қиындықтардың салдарынан құқық бұзылушылыққа жол беріліп жатады. Бұл, әрине, жастардың болашақ өміріне кері ықпал етеді. Мұндай қиындықтардың жолдарын қарастыруда бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарының ықпалын ескерудің де маңызы зор. Құқықтық тақырыптағы сапалы мақалалар, бейнематериялдар, әлеуметтік роликтер жастардың құқықтық сауатын арттыруға тиімді құрал бола алады. Құқықтың мәдениетті насихаттайтын контенттің көбеюі маңызды. Қарапайым тілмен баяндалатын құқықтық кеңестер, нақты мысалдар арқылы түсіндірілген заң нормалары жастардың танымдық ой - өрісіне жақын келіп, тиімді ықпал ете алады.
Қазіргі кезеңдегі қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталуы тиіс. Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары түсіндірілу, тәрбиелеу арқылы жүзеге асырылуы қажет. Жастардың қоғамдық өмірде белсенділік танытуына, еріктілік қызметке араласуына жағдай жасау керек. Бұл олардың азаматтық жауапкершілігін арттырады. 
Азаматтық жауапукершілікті түсіне білген жас заңдық нормаларды сақтау туралы өзіндік көзқарасы қалыптасады. Қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты сақтауға өз үлесін қосуға тырысады. Міне, осындай құқықтық сауаттылығы жоғары қалыптасқан жастардан тұратын қоғамда құқық бұзушылық жағдайлар төмендейді.
Қорыта келгенде, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру жүйелі де кешенді жұмысты талап етеді. Бұл салада мемлекет, бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру жүйесі, азаматтық қоғам және отбасы бірлесе әрекет еткенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Заңды құрметтейтін құқықтық сауаты мәдениеті жоғары жастар еліміздің жарқын болашағы. Оларға үміт артып, сеніммен қарау - парыз.


                  Материалды дайындаған: Мәншүк Тахан
                 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті
                  Жетекшісі: фил ғ.к., доцент Р.С Жақсылықбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Ainamkozzz

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар