Ерте, ерте, ертеде, ел әлденеше хандыққа бөлінген заманда, жаз жайлауда өзен жағасына малын қатар жусататын екі қойшы болыпты. Бірде әңгімелесіп отырып, екі қойшының бірі түнде көрген түсін жорыттырыпты. Оның аты - Базар екен. Ол:
— Түсімде бас жағымда - күн, аяқ жағымда - ай, төсімде -жұлдыз қонып отыр екен, – депті.
Екінші қойшы:
— Басыңа бақ қонғалы тұрған сияқты. Сен сол бақытыңды іздесең қайтеді? – деп кеңес беріпті.
Ертеңіне қойшы қойын өткізіп, жол азығын қамдап, екі етегін беліне түріп, беті ауған жаққа жүріп кетеді. Апта жүрді ме, ай жүрді ме, кім білсін, әбден арып-ашып, сілесі қатып, айдалада тұрған төбесі ашық жалғыз тамға кіріп, көз шырымын алмаққа жата кетеді.
Сол маңда Алшын хан билеген ел бар еді. Ханның ай дегенде -аузы, күн дегенде - көзі бар Алқа есімді сұлу қызы болатын. Хан қызын хан баласына ғана беретін заман ғой. Осы елде торқалы тойда сайыс, күрес, жамбы ату сияқты жарыстарда атақты бай баласы көзге түсіп жүретін. Реңі де жұрт таңғалғандай көрікті, өткір жігіт болатын. Алқаның көңілі сол жігітті ұнатса да, дәстүр-салтты аттап кетуге қаймығатын.
Күндердің күнінде әлгі жігіт екеуі сөз байласып, қашпаққа бекінеді. Қыз ханның екі тұлпарын алып шықпақшы болады. Екеуі ары ойласып, бері ойласып, айдаладағы жалғыз тамда кездеспекке уәделеседі.
Түннің бір мезгілінде сол тамда ұйықтап жатқан қойшы баланы хан қызы «тұр-тұрлап» оятып алады да, екеуі аттанып кетеді. Ал бай баласы қараңғы түнде адасып, уағдаласқан мезгілде әлгі тамға жете алмай қалады. Қойшы жігітті ертіп алған қыз әкесінен қорқып, суыт жүріп ұзай береді. О, тоба! Таң аппақ болып атқанда қасындағы серігінің басы таз, балтыры қотыр, табаны жарылған, ерні тілінген біреу екенін көреді. Өзінің алданғанын білген қыз не істерін білмей сасады. Елге қайтса, әкесі өлтіреді, бұл жерде кешіксе, қуғыншылар ұстап алады.
Ақылы артық туған Алқа әрі-бері ойлап «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» деген ата-баба мәтелін еске алады. «Алланың бұйрығы шығар, менің адамым осы бала болсын енді» деген шешімге келеді. Сөйтіп, жанына ерген жанның не кәсіп еткенін білгісі келіп:
— Шіркін-ай, мына сазға сиыр бағып, айранын ішер ме еді? –дейді. Жігіт оған жауап қатпайды.
— Шіркін-ай, мына араға бие байлап, қымызын ішер ме еді? –дейді. Жігіт оған да жауап қатпайды.
— Шіркін-ай, мына суатқа қой жусатып, қатығын ішіп отырар ма еді? – дейді тағы бір қырға шыққанда. Сол уақытта жігіт «уһ» деп күрсінеді. Қыз бұл байғұстың қой баққанын сонда барып түсінеді.
Алқа енді жігіттің ақылын сынамақ болып, бір қалаға жақындағанда, ақшаны әдейі жетімсіздеу беріп тұрып:
— Мына ақшаға екеуіміз және екі атымыз да тоятын ауқат әкел, – деп базарға жұмсайды.
Жігіт тамақ алайын десе, өздеріне жетіп, аттарына еш нәрсе артылмайды. Аз-кем ойланып, қауын-қарбыз сатып әкеледі.
— Мұның қалай? – деп сұраған қызға:
— Ішін өзіміз, қабығын жылқы жейді, – деп жауап береді. Соған қарап, қыз жігіттің алды-артын ойлайтынын біледі.
Екеуі әлгі қаладан шығып, жолдарын жалғастырады. Айдалада оларға жеті ұры әдейі күтіп жүргендей кезігіп қалады. Сұлу қызды көрген ұрылар қасындағы қойшы баланы қорқытып, қызды иемденуге ниет қылады. Тіпті олар сол арада бір-бірімен таласып та қалады. Шатақтың аяғы төбелеске айналады.
Сонда қыз тұрып:
— Сендер бұлай таласпаңдар. Мен бәріңе емес, біреуіңе ғана шығамын. Бақтарыңнан көрерсіңдер. Қазір жеңілденіп алып, сонау жалғыз төбеден бермен қарай жаяу жарысыңдар. Қай озғаның аласыңдар, – деп өз шартын қояды.
Бұл шартқа мойынсұнған жетеуі көз ұшындағы төбеге кеткенде, екеуі ұрылардың аттарын жетекке алып, қаша жөнеледі. Сол жүргеннен мол жүріп, бір шаһарға келіп орын тебеді. Өздеріне үй сатып алады. Қыз молдаға неке қидырып, Базар қойшыға қосылады. Қойшыны жуындырып, киіндіреді. Күнкөріс үшін ара-тұра орамал тігіп, базарға сатқызады.
Күйеуіне:
— Орамалды тек үш ділдәға ғана сат, одан артық ақша бергенге келіспе, – деп тапсырады. Қойшы әйеліне әр күн сайын үш ділдә әкеліп тұрады.
Күндердің күнінде өзі қара, көзі көк бір зор денелі адам орамалды алты ділдәға сатып алыпты. Қойшы баланың келіншегі:
— Неге алты ділдәға саттың, енді менен айырылатын болдың? – дейді күйініп.
Ертеңіне шынында әлгі саудақұмар бейтаныс күймелетіп келіп, қызды алып кетеді. Сөйтіп, күн ұзақ суыт жүріп, іңір түскенде бір бұлақтың басына түнеуге тоқтайды. Ол кезде ерлі-зайыпты адамның неке қидырмай тұрып қосылуы Құдайдың алдында күнә саналатын еді. Әлгі дәу бірінші кездескен мешітке үйіп-төгіп алтын берсем де рәсімін жасатармын деген үмітпен ұйқыға кіріседі. Және ол бір ұйықтаса үш күн, үш түн ұйықтайтын. Осыны алдын ала сұрап білген хан қызы еркекше киініп алады да, қараңғы түсісімен қара дәудің атын мініп қаша жөнеледі. Таң қылаң бере тағы бір у-шуы мол қалаға таяу келіп, атын от шалдырып алмақ болады. Сөйтсе, халық қала сыртына шығып, Бақыт құсын ұшырып жүр екен. Ол елдің ханы дүние салып, артында тігерге тұяқ қалмапты. Сондайда, әдетте, Бақыт құсын ұшырып, кімнің басына қонса,сол адамды хан сайлайтын салт болатын. Әлгі құс қойшы баланы қайдан табамын деп уайымдап тұрған Алқа қыздың басына барып қонады. Жұрт жабыла келіп:
— Енді ханымыз өзіңсің, – деп, қызды таққа отырғызады.
Алқаны еш адам қыз екен деп ойламады. Өйткені, ол еркек киімін үнемі тастамайтын.Оның үстіне ол өте әділетті хандық құрды. Ел-жұрты кемшілік көрмеді. Ай сайын жан-жаққа сауда керуенін жүргізіп тұрды.
Апта артынан апта, ай артынан ай өтеді. Бір күні қыз суретші шақыртып, өзінің суретін салдырып, оны неше мың дана етіп көбейттіреді. Суретші өзі салған қызды ханның қарындасы екен деп ойлайды.
Ханды ел «Әділ хан» деп атап кеткен болатын. Әділ хан суреттерді керуенбасыларға таратып, оларға жасақ қосып береді. Жасақшылар суретті әр елге көрсетіп, таныдым деген кісілерді хан алдына алып келуге тиіс еді.
Күндердің күнінде жасақшылар баяғы жеті ұры мен қара дәуді айдап алып келеді. Тақта отырған айбарлы ханнан қорқып, олар жапырақша қалтырайды. Жеті ұры ұрлығы үшін, қара дәу әркімге жасаған зорлығы үшін лайықты жазасын алады.
Көп үзамай:
— Суреттегі әйелді таныдым, – деп жылап тұрған қойшыны да жасақтар алдына салып айдап әкеледі. Хан сарайына келген қойшы ханның өз әйелі екенін танымайды.
Сонан не керек, Әділ хан қойшыны қызметшілеріне тапсырып, күтімге алғызады. Боз биенің сүтіне шомылдырып, бақсы-балгерге қаратып, адам қалпына келтіреді. Күндердің күнінде қыз оған шын сырын айтып, екеуі жылап көріседі. Ақылды қыз қойшы баланы хан көтеріп, таққа отырғызады. Өзі де күнделікті қасында болып, ақыл-кеңесін аямайды. Ұзамай балпанақтай бір ұл тауып береді. Сөйтіп, сын сағатта есіне алған «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» деген қасиетті сөздің шындығына көзі жетсе керек.
Қойшының баяғы жарлы-жақыбай кезінде көрген түсіне енген басындағы күн — бағы, аяғындағы айы — әйелі, кеудесіндегі жұлдызы — баласы екен.
Назар аудар:
Өлі мен тірінің достығы туралы аңыз
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі