Эссе және өлең-жыр байқауы

Қимыл тапшылығының зияны

Дене жаттығулары – емдік гимнастиканың басты кұралы. Адам өмірінде маңызды рөл атқаратын бұлшық еттердің қызметі осыған негізделген. Организм біртұтас дүние екенін барлығымыз білеміз, ішкі ағзалар мен сыртқы  бұлшық еттер тығыз байланыста болса, жоғарғы жүйке жүйесі бәрін қадағалап отырады. Сондықтан қимыл-қозғалыстың тапшылығы (гиподинамия) әртүрлі аурудың пайда болуына әкеледі.

Қазіргі ғылыми-техника жетістігі адамдарды ауыр жұмыстан, қарапайым үй тіршілігіндегі қимыл-қозғалыстан (шөп шабу, отын жару, кір жуу т.б.) қол үздіріп отыр. Өндірісті автоматтандырудың және шаруашылықты механикаландырудың кеңінен орын алуы адамдардың ой еңбегінің артуына, дене еңбегінің кемуіне душар етті. Күнделікті өмірде транспорттың көбеюі, лифтінің пайда болуы және теледидар алдында ұзақ уакыт қозғалыссыз отыру да организмге зиянды әсер етеді. Ол дағдыға айналып кеткеннен кейін тіпті оған мән де берілмейді. Адамның аз кимылдауы – бұлшық еттердің дәрменсіз қалуы, қан айналысының нашарлауы, ішкі ағзалардың қызметі төмендеп, зат алмасуы бұзылды деген сөз. Қимыл-қозғалыстың тапшылығынан жүйке-тамырға, жүрекке айтарлықтай күш түседі. Мәселен, кан айналымы әлсіреп, жүрек-тамыр аурулары байқалады, буындардың қозғалысы кеміп, омыртқалар арасындағы шеміршек жұқарып, семіп, остеохондроз және т.б. ауруларға шалдығуға мәжбүр етеді.

Қимыл-қозғалыс кемшілігінің денеге әсер етпейтін жері жоқ. Аз қозғалыстың салдарынан жоғарғы реттеуші орталық, ішкі ағзалар, шеткері орналасқан қан тамырлары, сүйек буындары т.б. көптеген өзгеріске ұшырайды. Адамның жұмысқа деген қабілеті төмендеп, өзін қоршаған ортаға бейімделу қасиеті кеміп, «тіршілік жүйесі» әлеуметтік және биологиялық құбылыстарға төтеп бере алмай калады. Гиподинамия (қимылдың кемдігі) ең алдымен ми қыртысын зақымдайды. Оның себебі әрбір қимыл-қозғалыстан бастап, өте күрделі гимнастикалық жаттығуларға дейін, барлығы тек жоғары реттеуші орталықтың бақылауымен ғана орындалады. Сондықтан ми және бұлшық еттер, буындардың қимыл-қозғалысы бір-бірімен тығыз байланыста.

Орталық жүйке жүйесінен (ми қыртысынан) түскен бұйрық арқылы қатты, екпінді қозғауға, не ақырын қимылдауға болады. Ал қозғалысқа түскен бұлшық ет керісінше миға қарай жүйке талшықтары арқылы орындалған жұмыстың «қорытындысын» жібергендей хабар береді.

Жоғарғы жүйке жүйесі бір жағынан  бұлшық ет, буындардың, ішкі ағзалардың қызметін қадағаласа (қан айналымы, өкпе, жүрек, бауыр, ішкі секреция бездерінің жұмыстарын), екінші жағынан, өзі осы мүшелердің толық ықпалында болады.

Денсаулықтың, адамның еңбекке деген қабілеті, қандай жаста болса да, дамылсыз соғып тұрған жүрекке байланысты. Барлық қимыл-қозғалыс денеде өтіп жатқан мыңдаған құбылыстар тек жүректің арқасы. Жүрек  бұлшықеті ретпен жиырылып-жазылып, қанды қолқа тамырға итеріп шығарады, ол ары қарай тарамдалып, кішкене тамыршалар арқылы бүкіл денені «жуып» шығады.

Сол арқылы денедегі әрбір жасуша, ең шеткері орналасқан жүйелер, оттегі, су, тұз т.б. қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Содан соң бұлшық ет босаңсыған уақытта керісінше көктамыр аркылы көмір қышқылына және тағы басқа заттарға толы қан қайтадан жүрекке келеді.

Қимылдың тапшылығы жүректің осылай өз ретімен жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Жүрек бұлшық еттерінің жиырылу күші кеміп, денеге тарайтын қанның мөлшері төмендеп, қажетті қоректік заттарға тапшы болып қалады.

Қимыл-қозғалысты аз мөлшерде ғана қысқартқанның өзі денеде айтарлықтай өзгеріс тудырады. Мәселен, бұлшық еттің солуы, жүректің жиырылу күшінің кемуі, ішкі ағзалар қызметінің нашарлауы т.б. сияқты құбылыстар байқалады.

«Сақтауға қажет бір асыл болса – алдымен жүрегіңді сақта, өйткені өмір бастауы – сол  жүрек» - деген атақты ғалым У. Гарвей.

Қимылдың тапшылығынан басқа да толып жатқан сырқаттарды аңғаруға болады. Ол – қазіргі кезде жиі кездесіп жүрген ғасыр ауруы деп аталатын остеохондроз. Бұл омыртқааралық шеміршектің мүжіліп тозуы, жұқаруы. Бұған не себеп? Әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қазіргі адамдардың тұрмыс-тіршілігінде айтарлықтай ерекшелік байқалады. Оларды шаршататын ерте ғасырлардағы сияқты қимыл-қозғалысты арттырып, күшпен атқарылатын дене еңбегі емес, ой еңбегі. Соның нәтижесінде денедегі ең көп ауырлық арқа және желке  бұлшық еттеріне түседі. Үнемі қозғалмай бірқалыпты сіресіп отырғаннан аталған  бұлшық еттер әлсірейді. Олар бірте-бірте өзінің серпінділігінен айырылады. Сөйтіп қысып ұстап тұрған омыртқалар негізгі күштен айырылып, бар салмақты өзіне алады. Одан әрі адам еш әрекет жасамай, сол отырған калпын өзгертпесе, ауырлық омыртқааралық шеміршекке түседі. Сөйтіп, олар біртіндеп ыдырай бастайды да, жыртылады. Сол кезде омыртқалар бір-біріне тиіп қажалып, соның салдарынан омыртқаның қалыпты қимылы өзгеріске түседі. Кейде сол омыртқа аралық шеміршек сыртқа теуіп шығып кетеді (мұны медицина тілінде «грыжа» дейді). Мұның өзі жұлыннан шыққан жүйке талшықтарын мыжып, қантамырларын зақымдап, адам зардап шегеді. Ал омыртқалардың өз орнынан ауысып кетуі кейде жұлынға тікелей әсер етеді. Жұлыннан шыққан жүйке талшықтарының түбі жаншылған соң, айналасы бірден ісініп-қабынып кетеді. Қан айналымы тоқтап, жүйке-тамырлар жарақаттана бастайды. Ал осы «бүлінген» жерде омыртқалар өзінің серпінділік немесе амортизациялық қасиетін сақтау үшін олардың тіреу міндетіне күш түседі. Соның салдарынан омыртқалардың жан-жағынан үшкір сүйектер өсіп шығады. Оның өзін омыртқалардың қиындыққа көндігуінен туған жағымды компенсаторлық (орын толтыру) қасиеті деп түсінуге болады. Дегенмен ол үшкір сүйек (остеофиттер) омыртқалардың тұрақтылығын біршама қалыптастырғанмен, сыртқа тепкен шеміршек сияқты жүйке талшықтары мен қантамырларын ығыстырып тастайды. Содан барып аурудың әртүрлі белгілері байқалады.

Омыртқа жотасының ішінде ең үлкен салмақ мойын және бел омыртқаларына түседі.

Сонымен остеохондроз басқа белгісіз себептермен бірге омыртқа жотасын қысып ұстап тұрған  бұлшық еттің әлсіреуінен пайда болады. Оған жұмысты бірыңғай отырып істеу, соның салдарынан  бұлшық еттің жетілмеуі, яғни қимыл-қозғалыстың тапшылығы тікелей ықпал жасайды. Ал омыртқааралық шеміршектің, буындар мен сіңір тарамыстардың өзгеруі тек осы бұлшық еттер әлсіреп, зақымданған соң байқала бастайды.

Қимыл-қозғалыстың тапшылығынан пайда болатын аурудың бірі – семіздік. Ол адам бойындағы артық салмақ. Археологиялық қазбалардың көрсетуіне қарағанда, семіздік адам организміне тас заманнан бері тән құбылыс. Сол ерте заманда-ақ семіздікпен күрес жүргізілген. Мәселен, ежелгі Спарта елінде бозбаланың салмағы белгілі мөлшерден асып кетсе, оны қаладан қуып жіберген.

Қазіргі медицинаның дәлелдеуі бойынша, семіздік денсаулықты құртады, өмірді қысқартады. Статистикаға жүгінсек, адамдардың орташа жасын 7-10 жылға кемітеді екен. Салмағы өте жоғары адамдар , салмағы қалыпты адамдармен салыстырғанда, 2 есе көп өлетіні белгілі. Семіздіктің салдарынан адамдар қантты диабет, бауыр, өт жолдары, жүрек-қантамыр ауруларына жиі шалдығады. Әсіресе семіздік қан қысымының жоғарылауына себепші.

Семіздікке қимыл-қозғалыстың кемдігі ғана себепші деу қате. Оған әсер ететін жайттар көп. Ол адамның тамақтану мәдениетін білмеуі, яғни бірыңғай тамақтың түрлерін қолданудан да болады. Мәселен, өте майлы тағамдарды, сұйық заттарды көп қолдану, сол сияқты дәрумендердің жетіспеуі, зат алмасудың бұзылуы, денеде тұздың көбейіп кетуі айтарлықтай физиологиялық өзгерістер тудырады.

Ішкі секреция бездері қызметінің кенет төмендеуі де үлкен әсер етеді. Негізінде семіздікті сыртқы және ішкі себептерге байланысты екі түрге бөледі. Сыртқы себептерге мешкейлік, аз қимылдау, бала кезде тәттіге әуестену т.б., ал ішкі себептерге ішкі секреция бездерінің бұзылуы, зат алмасуының бұзылуы т.б. жатады.

Семіздік қандай себептен пайда болса да, ол денсаулыққа өте зиян. Өйткені артық салмақ жүрек, өкпе, қан тамырлары, асқазан, ішек-қарын, буындарға күш түсіреді. Сондықтан семіздікке шалдыққан адамдарда сан алуан белгілер байқалады. Олардың ауырмайтын жері жоқ, соған орай емделмейтін әдістері де болмайды. Әйтсе де оның бәрі ретімен жасалған жаттығуға жетпейді. Қимыл-қозғалыстың тапшылығы балалар мен жасөспірімдер арасында да байқалады. Өскелең организмге сыртқы күштің әртүрлі жағымсыз әсерінен омыртқа жотасы, аяқ, табан құрылысы, пішіні өзгеріп кетеді. Олар іштен туа және жүре пайда болған деп бөлінеді. Аурудың жүре пайда болуы улануға, жаралануға, зат алмасудың бұзылуына, денеге жұқпаның енуіне, сол сияқты тұлға, қаңқа сүйектің қисаюы гиподинамияға тікелей байланысты. Дегенмен, бала денесінің өзгеруіне бірден-бір себеп – әртүрлі әсерлердің бірден күш көрсетуі.

Ең жиі кездесетін кемтарлық – омыртқа жотасының қисаюы. Әдетте ол табиғи төрт физиологиялық иіндерден тұрады. Оның екеуі – мойын мен бел тұстарының алға қарай ойысуы (лордоз), қалған екеуі – кеуде мен құйымшақ жотасының сыртқа тебуі (кифоз).

Омыртқа жотасы 7 мойын, 12 арқа, 5 бел, 5 сегізкөз, 5 құйымшақ омыртқаларынан тұрады. Осылардың ішінде қозғалмай бір-бірімен тығыз байланысып калған сегізкөз бен құйымшақ, ал қалғандары козғалыс үстінде.

Жоғарыда айтылған ойыс пен дөңестің және омыртқааралық шеміршектің нәтижесінде омыртқа жотасының тепе-теңдік және серпінділік қасиеті сақталады.

Табан  бұлшық еттерінің жетілмеуінен балаларда қазтабан ауруы жиі кездеседі. Оның да адамға тигізер зияны айтарлықтай.

Қорыта айтқанда, гиподинамия салдарынан көп ауруларға шалдығатынымыз белгілі болды. Оған ықпал жасайтын адамның өзі. Қимыл-козғалыс тапшы болса, организмде тұрып қалған зиянды заттар да сыртқа шықпай жасушаларды, жалпы адамды тез қартайтады.

Сондықтан да емдік гимнастикаға, дене тәрбиесіне, дене шынықтыруға, табиғат факторларына жүгінуге тура келеді.

Тек ұқыпты орындалған дене тәрбиесі ғана организмді көптеген жағымсыз әсерлерден сақтайды, кейбір аурудың алдын алады, ал балаларды тікелей емдеп жазады.

Гүлбаршын ИКІМАНОВА,

медицина ғылымының докторы,

профессор


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Мейіржан

Емдік гимнастикаға, дене шынықтыруға жастайымыздан өзімізді баулайық. Авторға рахмет, қалың бұхараға мақаланың түп мақсатын ашып, əрі түсінікті етіп жеткізе білгеніне.

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...