В. И. Вернадский биосфераны тропосфераға, литосфераға және гидросфераға бөлді.
Тропосфера — атмосфераның төменгі қабаты, ол 20 км биіктікке дейін көтеріледі, одан әрі биіктікте тіршілік болмайды, бірақ ол жерде биогендік газдардың миграциясы мен алмасуы жүзеге асады. Тіршілігі бар атмосфераның көлемі 7 444 600 км8.
Литосфера — 2-5 км-ге дейін тереңдіктегі су өтпейтін Жердің беткі қатты қабаты, одан төмен шөгінді жыныстар жатады, ал одан да төменде гранит қабатының қайта балқыған жыныстары орын алады. Тіршілігі бар топырақ қабатының көлемі шамамен, 100 000 км3 жуық. Топырақта бактериялар, тамыраяқтылар, инфузориялар, жұмыр құрттар, олигохеттер, насекомдар, кенелер, ұсақ сүтқоректілер, өсімдіктер кездеседі.
Гидросфера — өзендер, көлдер, теңіздер және мұхиттар таралған биосфераның су бөлігі. Теңіздер мен мұхиттардың алып жатқан көлемі шамамен, 1 млрд 370 млн км3 жуық болса, ал көлдердің, өзендердің, су қоймаларының жэне анықталған жерасты суының көлемі шамамен, 8 млн км3. Теңіздер мен мұхиттар биотоптардың негізін құрайды, бірақ оның шамамен, 90%-ы терең жерлер, ол жерлер мүлдем қараңғы. Бір шетінен, 4000 м тереңдіктен кейін, қысым өте жоғары болады, шамамен, 400 атмосфера. Қысқаша айтқанда, Әлемдік мұхиттар тірі организмдер кеңінен таралған табиғи барокамера болып саналады.
Гидросфераны планктондар, бентостар және нектондар мекендейді. Планктондар — жануарлармен өсімдіктерден тұратын организмдер мен ұсақ организмдер жиынтығы, олардың кейбір түрлері өз бетінше қозғала алмайды, сондықтан олар су ағысымен бірге қалқиды немесе кейбір түрлері суда өз беттерімен қозғалады. Оларды фитопланктондар және зоопланктондар деп бөледі. Фитопланктондар теңіздердегі бір клеткалы балдырлардан (диатомды), цианобактериялардан және басқа организмдерден, ал зоопланктондар бір клеткалы фораминифералардан, радиолиялардан жэне көп клеткалы ішекқуыстылардан, сонымен бірге шаянтектестерден, омыртқасыздардың дернәсілдерінен және т.б. құралады. Тұщы су планктондары төменгі сатыдағы шаянтектестер мен коловраткалардан тұрады.
Бентос — дегеніміз су түбінде тіршілік ететін жануарлар-зообентос және өсімдіктер-фитобентос (губкалар, ішекқуыстылар, құрттар, моллюскалар, шаянтектестер, тікентерілілер, асцидиялар, балдырлар жэне басқалар) жиынтығы. Тұщы су бентосына кейбір насекомдардың дернәсілдері, бауыраяқты моллюскалар, сүліктер, губкалар (бадяга) жэне басқалар жатады. Нектондарға — жүзіп жүретін ірі организмдер (су сүтқоректілері, балықтар, кальмарлар және басқалар) жатады. Тұщы су нектондарына түқы балықтар да жатады.
Литоралдарға — теңіз суының жағалауға жақын судың тасуымен болатын бірнеше метрлік жағалауы жатады. Ол жерлерді шаянтектестер, қүрттар, моллюскалар мекендейді. Биосфераның сулы бөлігінің тереңдігі су айдындарына байланысты болады. Мұхиттарда ол 10 км және одан да терең болады, ал тіршілік су тереңдігінің әртүрлі қабаттарында кездеседі.
Жер бетінде тіршілік пайда болғаннан бері тірі организмдер үздіксіз литосфераның, тропосфераның және гидросфераның заттарын үнемі өңдеп отырады деп есептейді. Сондықтан биосфераның қуаты Жер бетінде бір мезгілде тіршілік ететін барлық тірі организмдердің биомассасымен есептелінеді. Тірі организмдердің жалпы биомассасы 2,423×1012 тонна, оның ішінде құрлық организмдері 2,42?1012 тонна, су — 0,003×1012 тонна деп есептелінеді. Сонымен бірге Жер бетіндегі үштен бір биомасса бір клеткалы организмдердің бактериялар мен қарапайымдар үлесіне сәйкес келеді деп есептелінеді. Тірі организмдерде оттек 65-70%, сутек — 10%, қалған 60-тан аса элементтер — 20-25% болады.
Адамның тіршілігі мен іс-әрекеті тропосфераның төменгі қабатымен (бірнеше метр), литосфераның жоғары қабатымен (өсімдіктердің тамырлар жүйесі шоғырланған биогеоценотты топырақ қабаты) және гидросфера қабатымен тығыз байланысты болады. Қазір бізге мәлім болғандай, адамның ғарышта да ұзақ уақыт өмір сүруіне мүмкіндік бар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі