Өлең, жыр, ақындар

Көшпелі қазақ асханасы мен тұрмысына шолу

Біраз уақыт бұрын досымның мектепте оқитын ұлына «Қазақ халқының ұлттық дастарханы» тақырыбына реферат жазуға тапсырма берілген екен. Ізденіс барысында ғаламтор парақтарына көз жүгірткен оқушы назарына қызықты мақала ілігеді. Мақалада ерте күндері көшпенділердің ағаштан жасалған шелектің ішіне қызыған тастарды салып, осылайша ет пісіргендігі баяндалған. Бұл дерекке таңданған ізденімпаз мәселенің ақиқатына көз тастамаққа бел шешіп, тарих бойынша ғылыми басылымдарға ден қойған-ды. Алайда ондағы мәліметтер жоғарыдағы пікірді растамаса, теріске шығармайды.

Шындығына келер болсақ, көшпенділер етті қазанда пісірген. Тіпті болмағанда, қыштан жасалған ыдыс қолданған. Оны көне қалаларда жүргізілген археологиялық зерттеулер де растайды. Кей кездері қызып тұрған таста ет дайындағаны рас. Дегенмен бұл әдіс аңшылық құрғанда не жорықта жүргенде ғана көрініс тапқан. Етті дайындау үшін, ашық отта тастарды қыздырып, үстіне жұқалап туралған ет тілімдерін қояды. Бұл бүгінгінің «барбекюі» десек те артық емес.

Қазақ жасағында астың дайындалуына қазаншы жауапты болса, асты асбасшы үлестіреді. Көшпелі халықта жасақ жанында жүретін азық-түлік керуені болмаған. Әдетте арнайы бөлінеген жауынгерлер жасақ маңында келе-келе түйе мен табын-табын жылқыларды алып жүрген. Төрт түлік ішінен дәл түйе мен жылқының таңдалуы, олардың ұзақ сапарға төзімділігі себепті. Сонымен қатар, олардан алынатын сүт пен еттің мөлшері де анағұрлым көбірек.

Жасақтың әрбір тобында жезден, темірден не қоладан жасалған өз қазаны болған. Жорық уақытында етті көбіне пісіріп жесе, еттің қалғанын жауынгерлер қоржынға салып, өздерімен алып жүрген. Қоржындарындағы ет таусылғанда, жылқы не түйенің сіңірін талғажау етеді. Оған қоса, ұзақ уақыт бойына алып жүруге ыңғайлы болғандықтан, көшпенділер жасағы жорық үшін сүрленген, қақталған ет – ең қолайлы тағам.

Шоқан Уәлихановтың «XVIIІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» еңбегінде жорық жағдайы үшін арнайы әзірленген ас туралы мынадай жолдар келтіріледі: «Ресейден қашқан торғауыттардың ізіне түскен қазақ қолы дамыл жасап, жорық қазандарында сүрленген жылқы етін пісіріп, су құйылған торсықтарда құрт жібіткен. Бір сөзбен айтқанда, осылайша күндік асын талғажау етіп, күш жинайды».

Тұздалып, қақталған етті келіге салып әбден жаныштап, қойдың асқазанында сақтайтын, жорық жағдайы үшін арнайы әзірленген ас түрі – түймеш. Оны қазанға салып пісіргенде, ет тез піседі әрі жұмсақ болады. Сондай-ақ, жорықта жүргенде етті көбіне ашық отта не ыстық күлде дайындаған. Көшпелі тіршілікке сай болмаса да, қазақ жауынгерлері жылқының бүйрек-бауырын, көкбауырын істікке шаншып, отқа қақтап жейтін болған.

Батырлар жорықта қымыз, шұбат ішеді. Бұл сусындардың ерекшелігі мен құныдылығы да сол – қымыздың не шұбаттың бір литрінде адам ағзасына керек дәрумендердің тәуліктік мөлшері бар. Екі литр шұбаттың өзі адамға бір күндік сусын мен тамақ болуға жарайды.Тек бұлар ғана емес, жорықта айран, шалап, қатық та ішіледі. Академик-этнограф Леонид Потаповтың айтуынша: «Сүт өнімдерінің оңай әрі жылдам дайындалуы көшпелі қазақ тіршілігіне оңынан келді. Ат үстінде күн кешіп, ұзақ сапарға аттанғанда, сүттен жасалған сусынның орны бөлек. Сүт құйылған торсық тоқымға бекітіледі. Күні бойы шайқалып, бабына жеткен сүтті ішу үшін аттан түсудің де қажеті жоқ. Мұндай сусын шөліңді басып қана қоймай, бойыңа күш-қуат береді».

Көшпелі халық ағаштан жасалған ыдыс-аяқ түрлерін қолданған. Олардың тұрмыс-тіршілігі үшін ағаштан жасалған ыдыс өте ыңғайлы: сынбайды, салмағы жеңіл және жуғанға да тез. Қымыз ішуге саптыаяқ пен тостаған, ет жеуге астау, табақ, тегеш пайдаланылады. Аталған ыдыстардың барлығына ұлттық ою-өрнек түрлері қашалып, безендірілген.

Тағамды сақтап, сапарға алып жүру үшін қолайлы ыдыс – торсық. Оны жасауға қолөнершілер ең жақсы теріні таңдап алған. Теріні ою түсірілген екі ағаштың арасына салып, қатты бастыра отырып, ою рельефін түсіреді. Әлі де кеппеген торсықтың ішіне дымқыл құм салып, оған дөңес пішін берген.

Теріден жасалған тағы бірі ыдыс түрі – саба. Оның аузына ағаштан жасалған піспек қояды. Піспектің басын оюлап, күміспен, сүйекпен безендірген. Ең үлкен сабаға 100 литр қымыз не шұбат сыяды.

Ал байлар тұрмысында фарфордан жасалған ыдыс-аяқ түрлері деорын тапқан. Көшу барысында қымбат ыдыс сынып қалмас үшін, арнайы жасалған қапқа салынады. Мысалы, фарфор кеселерді шынықапқа (кесеқап) салып тасымалдаған.

Десек те, көшпенділер өмірінде қазанның орны бөлек. Онсыз отбасы жоқ, ошақ та жоқ, үй де жоқ. Тіпті, қазан қыз жасауының міндетті бұйымы болған. Қазақ үшін қазан бірлік пен қонақжайлықтың нышаны іспетті. Түркістандағы Ахмет Йассауи кесенесінде үлкен тайқазан сақтаулы. Оның диаметрі 2,2 метр болса, салмағы 2 тоннаны құрайды. Аңыз бойынша, қазан темір, мырыш, қорғасын, жез, қалайы, күміс пен алтын сынды жеті металл қорытпасынан құйылған. Әбділәзиз Шарафутдинұлы Тебризи құйған тайқзанның жасалуы да, көркемдік шеберлігі де ерекше. Қазанға ою-өрнек пен араб жазулары бедерленген.

Ерік АУБАКИРОВ

express-k.kz


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз