Гендерлік теңдік: «Еркек-түздің, әйел-үйдің адамы» деген ұғым ескірді ме?
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты – ер жігіт», – дейді қазақ. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың», – дейді тағы. Халық даналығы ер мен әйелдің қоғамдағы орнын ерекше құрметпен айқындап кеткен. Алайда бүгінгі таңдағы сұрақ басқа: сол құрмет шынайы теңдікке ұласып жатыр ма?
Қазіргі қоғамда «гендерлік теңдік» ұғымы жай сөз емес, терең әлеуметтік құбылысқа айналды. Бірақ бұл ұғымға әркім әртүрлі қарайды: бірі қолдайды, бірі қарсы, үшіншісі бейтарап. Сол себепті гендерлік теңдік-бүгінгі күннің өзекті мәселелердің бірі. Әділетті және дамыған қоғам құру үшін ерлер мен әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктері тең болуы тиіс.
«Ер – елдің қорғаны, әйел – отбасының берекесі» дейді дана халқымыз. Иә, әр жыныстың өз табиғи міндеттері бар, дегенмен бұл олардың қоғамдағы орнын шектеуге себеп болмауы керек. Мәселен, қазақ тарихында батыр қыздарымыз — Әлия мен Мәншүк елін қорғап, ерлік көрсеткен. Ал бүгінгі күні әйелдер саясатта, ғылымда, бизнесте табысты еңбек етуде. Сол сияқты ер адамдар да тек отбасын асыраушы емес, бала тәрбиесіне, үй шаруасына да араласа алады. Бұл – заманауи отбасындағы теңдіктің белгісі.
Гендерлік теңдікке қол жеткізу – тек әйелдердің құқығын қорғау емес, бұл – екі жыныстың да мүмкіндіктерін тең дәрежеде қамтамасыз ету. Әлемдік тәжірибеде гендерлік теңдік орнаған елдерде экономика тұрақты дамып, әлеуметтік ахуал жақсарған. Мысалы, Скандинав елдерінде әйелдер мен
ерлер бірдей құқыққа ие, нәтижесінде бұл елдер әлемдегі ең бақытты мемлекеттердің қатарында.
Қоғам не дейді?
Қоғамда не байқалады?
Бүгінде көптеген қыз-келіншектер ұшқыш, программист, кәсіпкер, тіпті құрылысшы мамандығын меңгеріп жүр. Ер азаматтар да аспаз, тәрбиеші, дизайнер сынды бұрын «әйелге тән» делінген мамандықтарда жетістікке жетуде. Бұл құбылыс гендерлік шектеулердің біртіндеп жойылып келе жатқанын көрсетеді.
«Еңбек түбі – береке», – дейді халық. Жынысқа емес, қабілетке қарап баға беру – заман талабы.
Дегенмен әлі де кейбір мекемелерде әйелдерге ерлермен салыстырғанда жалақы аз төленеді. Басшылық лауазымға ұсынылған кезде ер адамдарға артықшылық беріледі. Кейде жас қыздар мансап пен отбасын қатар алып жүруге талпынса, қоғам оларды «әйелдік миссиясын ұмытқан» деп кінәлайды.
Сарапшы не дейді?
Әлеуметтанушы Данияр Омаров бұл құбылысты былай түсіндіреді:
«Гендерлік теңдік дегеніміз – ер мен әйелдің бірдей болу емес, бірдей мүмкіндікте болуы. Табиғи айырмашылық бар, бірақ бұл олардың құқықтары мен әлеуетін шектеуге себеп болмауы керек. Жыныстық теңсіздік – ел дамуына кедергі келтіретін фактор.»
Ал енді тарихпен салыстыратын болсақ, ата-бабамыз ешқашан қыз баланың дәрежесін түсірмеген. Керісінше, қыз баланы құрметтеп, қастерлеген.
Қазақ тарихында ерлермен қатар ел басқарған әйелдер болған. Томирис, Бопай ханым, Домалақ ана – тек отбасының ғана емес, ел тағдырына араласқан тұлғалар. Бүгінде сол рухты бойына сіңірген аналарымыз елімізді түрлі салада танытып жүр. «Асыл анадан – ардақты ұл туады, асыл ұлдан – ардақты ел туады», – деп бекер айтылмаған.
Қорытындылай келе, ер мен әйел адам бірін-бірі толықтырып тұратын тең тұлғалар. Ер адам да, әйел адам да ел дамуына, ұрпақ тәрбиесіне, ғылым мен өнерге тең дәрежеде үлес қоса алады. «Қос қанатымен ұшқан құс қана биікке самғайды». Қоғам да сол секілді: әйел мен еркек қатар дамығанда ғана кемелденеді.
Авторы: Сейітжан Айша Батырханқызы
«Әл-Фараби атындағы мектеп гимназиясының» 11 сынып оқушысы.
- Асқарұлы Санжар
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі