Өлең, жыр, ақындар

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам дерті

     Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бір отбасы мүшесінің екінші бір мүшесіне еркінен тыс физикалық, жыныстық, экономикалық немесе психологиялық тұрғыда қысым көрсетуі, әлімжеттік жасауы және осы іс-әрекеттер арқылы оның өміріне қастандық жасап, денсаулығына зиян келтіруі.

Қазіргі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық өзекті мәселелердің бірі болып отыр және қоғам дертіне айналды. Қылмыскерлер бір үйдің мәпелеп өсірген қызын қамқор боламын деп алып, оларға бақытты күндер сыйлаудың орнына, керісінше, өлімге апарар жол сыйлап жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ақмарал Серікбаева баспасөз конференциясын өткізді. Оның айтуынша, жыл сайын полицияға еліміз бойынша 100 мыңға жуық тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама келіп түседі. Олардың барлығы бойынша тиісті шаралар қабылданады. 2024 жылдың қаңтар айында 10 мыңға жуық бұзақы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 2,7 мыңы қамауға алынды. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 25%-ға жоғары.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мақсатында полиция қызметкерлері 10 мыңға жуық қорғау нұсқамасын шығарды. Сонымен қатар, биылғы қаңтар айында елімізде “Тұрмыс” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, ол айтарлықтай нәтиже берді:

• Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға қысқарды.

• Ауыр қылмыстар саны азайып, оның ішінде тұрмыстық кісі өлтіру фактілері 6,7%-ға төмендеді.

• Денсаулыққа ауыр зиян келтіру жағдайлары 12%-ға, ал орташа ауырлықтағы зиян келтіру 67%-ға азайды.

Сондай-ақ бүгінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге 74 дағдарыс орталығы көмек көрсетеді. Үкіметтік емес ұйымдармен өзара тығыз іс-қимыл жолға қойылған. Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 1 мыңнан астам әйел жүгініп, оның 708-і балаларының бірге паналауға мүмкіндік алды. Бұл мемлекет тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу ісінің нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүкіл қоғам күресуі тиіс күрделі мәселе. Оны түбегейлі жою үшін заңнамалық шараларды күшейту, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру және халықтың санасын өзгерту қажет.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек жеке адамның емес, бүкіл халықтың амандығы үшін маңызды мәселе. Сондықтан күш көрсетіп немесе мәжбүрлеу арқылы бір-бірімізге зиян тигізбейік. Керісінше, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға көмек көрсетіп, оларды қолдайық! Себебі біз – келешек ұрпаққа үлгі-өнегеміз. Олар біздің сөзімізден емес, ісімізден ой түйеді. Сондықтан ойланайық: адам болып келдік пе – адам болып кетейік.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Дарменбай Зейнеп


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз