Өлең, жыр, ақындар

24 қазақстандық Қытайда тегін білім алады

Аспан асты елінде 24 қазақстандық студент тегін білім алады. Сонымен қатар, оларға жыл сайын 12 мың юань шәкіртақы төленеді. Оқу мерзімі 3 жыл. Оның ішінде бір жылы қытай тілін үйренуге арналады. Осындай тамаша мүмкіндікке ие болған жастарды ата-аналары мен ұйымдастырушылар Қытайға салтанатты түрде  шығарып салды.

Қазақстандық жастар үшін оқу жылы қазан айының соңынан басталады. Әлеуметтік білім беру жобасы Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы (Палата) және Ганьсу провинциясының оқу орындары арасында іске асты. Өткен жылы облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ҚХР провинциясында екіжақты кездесу өтіп, оның нәтижесі бойынша Алматы облысы студенттерімен білім беру бағыты бойынша өзара алмасу жобасын іске асыру жөніндегі келісімге қол жеткізген болатын. Осы жылдың мамыр айында Талдықорғанда Кәсіпкерлер палатасы және Цзюцюань кәсіптік-техникалық колледжі, Ланьчжоу мұнай-химия колледжі мен Ланьчжоу ресурстар және қоршаған орта кәсіптік-техникалық колледжі арасында меморандумға қол қойылды. Келісім аясында «Жұмысшы мамандықтарды Қытайда меңгерейік» атты әлеуметтік білім беру жобасы іске асырылды.

«Жобаның басты ерекшелігі - жастар кәсіпорындарға қажетті мамандықтарды тегін түрде оқиды. Аталмыш мамандықтарға елімізде сұраныс жоғары. Осыған дейін қытайлық колледждермен танысу барысында олардың кадр дайындау деңгейіне тәнті болдық. Жалпы, Қытай үшін бұл негізгі даму бағыттарының бірі болып табылады. Осылайша олар әлем экономикасындағы жетекші елге айналды. Қазақстандық студенттер ең сапалы халықаралық білім алатынын болады», - деп атап өтті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғараева.

Кәсіпкерлер палатасына Қазақстанның барлық өңірінен оқуға қатысу үшін 50-ден астам өтінім келіп түскен. Қазіргі таңда комиссияның іріктеуі мен сұхбаттасу кезеңінен Алматы, Қостанай облыстарынан, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларынан 24 жас таңдалды. Олар туризм, ІТ, тау ісі, мұнай-химия, ветеринария, дәнекерлеу ісі, мұнай және газды пайдалану, геология, қаржы және экономика, металлургия, электротехника, инженерлік өлшемдер техникасы мамандықтары бойынша білім алады.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар