Өлең, жыр, ақындар

Бірінші сынып оқушыларына күндізгі ұйқыны ұйымдастыру керек - Жандарбек Бекшин

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин оқушылардың күн режімін қатаң сақтауға шақырды.

«Оқушылардың күн режімі мәселесіне назар аударғым келеді. Әрине, мектепке баратын уақытта, балаларды күн режімін орындауға дайындауымыз керек», - деді Бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Режім деген ұғымға іс-қимылдың, демалудың және тамақтанудың барлық түрлерін тәулік бойы ұйымдастыру және бөлу кіреді. Кез келген ретсіздік баланың денсаулығына, яғни көңіл-күйіне, сабақ үлгеріміне әсер етеді. Атап айтқанда, оқушының денсаулығына ұйқы, тамақтану және қозғалыс белсенділігінің ықпалы зор.

«Баланың жас ерекшелігіне қарай ұйқысы қануы керек.  Оқушылар үшін түнгі ұйқының шамаланған нормасына тоқталсақ, 1-4-сыныптарда 10-10,5 сағатты, 4-7-сыныптарда - 9,5-10 сағатты, 8-9-сыныптарда - 9-9,5 сағатты, сондай-ақ 10-11-сыныптарда - 8-9-сағатты құрауы керек», - деді ол.

Ж. Бекшиннің сөзіне қарағанда, оқушыларға емтихан алдында, бақылау жұмысының алдында және басқа да ақыл-ой жүктемесі кезінде әдеттегі ұйқы уақытын (кемінде 1 сағатқа) ұзарту көзделген.

«Бірінші сынып оқушыларына мүмкіндігінше күндізгі ұйқыны (2 сағатқа созылатын) ұйымдастыру ұсынылады», - деп нақтылады ол.

Белгілі болғандай, 2-2,5 сағатқа ерте оянып, ұйқысы қанбайтын балалардың сабақтағы белсенділігінің деңгейі 30 пайызға төмендейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар