XIX ғасырдың ортасына таман (1830-1840 жылдар арасы) қазақ ыдырап, орысқа бағына бастады. 1730 жылдар қазақтың табалдырығын орыс алғаш аттауы деп саналады. Өйткені Кіші жүздің Әбілхайыр деген ханы орыс патшасына елші жіберіп, «орысқа қараймыз» деген ұсынысы қабыл алынып, қағаз (грамота) алған еді.
Жетісуға орыстың ірге теуіп орнауы 1840-1860 жылдар арасында болды. Бұл ана Кіші жүздің алғашқы орысқа қарауынан жүз жылдай кейін.
Жетісуды орыс алардың алдында осы күнгі Садыр, Матай жүрген жер (Лепсі, Талдықорған уезі) түгелімен Ұлы жүздің қолында еді. Лепсі, Алтынарық, Ақсу, Мақаншы бойларында Шапырашты, Сарыүйсін деген елдер қоныстап, Матай — Ұлы жүздің жаңағы руларымен өрістес еді. Күркілдектің (Аягөз) құйғанынан осы күнгі қонысына шейін, Қаратал, Көксу бойында Жалайыр жүруші еді. Осы күнгі Іле көпірден өрге қарай Құлжаға шейін беті ашық — өзеннің екі жағын өрістеп Ұлы жүздің Албан-Суаны жатушы еді. Талас суының кеудесінен төмен қарай, Шудың бойы, Қордайдың аяғын баса Дулат қоныстанушы еді.
Талас пен Сырдың арасы түгел Ташкенте, Шу мен Іленің арасы — Қоқан хандығына, Күркілдек пен өрге тарта — Іле арасы Жоңғардың қолынан Қытайға өткен еді.
Қырғыздар осы күнгі қонысында жүруші еді. Бұлардың басты рулары: Бұғы — Ыстықкөл маңын, Жаға — Нарын өзенін қоныстап жүрді. Сарбағыш — Қырғыз Алатауында және Шоң Кемін мен Кіші Кемін деген өзендер бойын қоныстады. Солты — Қырғыз Алатауын Пішпектен батысқа қарай Атаға шейін және Талас басын мекендеді. Саяқ — Нарын өзенінің орта бойы мен Тоғыз тарауда жүрді. Ширек — Ақсай мен Атбасшыдан, Бессіз бен Тоғыз тарауға шейін жайлап, Памирдің саласына шейін барушы еді.
Қырғыздың мұнысын пайдаланып, Қоқан хандығы қырғызды өзіне бағындырып та алған. Орыс қырғызды алардың алдында Қоқан хандығы қырғыз жеріне тегіс өріс жайған еді. Шудың даласына, Пішпек, Тоқпақ, Бештөбе қорғандарын тұрғызған. Алатаудың өрелгісінде, Ыстықкөлдің құбыла бетінде, Жұмғал даласында, Атбасшыда, Нарын бойында және Күртік пен Тоғыз тарауда қорған салынған. Бұл қорғандарға шерік қойылған. Шеріктің лау-сойысы елден болды. Бірақ бұл қорғандағы аз шеріктің әмірі қорғаннан алыс руларға жүрген. Қырғыз-қазақ Қоқанға бағынып алым берсе де ішкі ісіне жұрт өзі ие болып, жеке манаптарға билетіп тұрған. Анда-санда Қоқанға бір жау шыға қалып, қоқалақ болса, қырғыз-қазақтың Қоқан хандығына қараған рулары Қоқан жауының сойылын соққан. Қоқан өкіметінің саясаты да екі рудың арасына от жағып, жауластыру болған.
Шудың бойына буынын бекітіп, орнығып алған Қоқан хандығы ақырындап Арқаға қарай аттап, Іленің сол жағында мекендеп жүрген Ұлы жүздің Дулат, Шапырашты, Сарыүйсін, Албан деген руларына ауыз сала бастаған. Елден зекет алып қинады. Бұл туралы найман Жанкісі деген кісінің Қоқан ханына айтқаны бар. (автор осы жерде Жанкісінің өлеңін келтіруді ойластырып, арнайы белгі қойған екен, бірақ оны қолжазбадан таба алмадық. Жанкісінің бұл өлеңі 1989 жылы шыққан «Бес ғасыр жырлайды» кітабының 1-томында, 177—178-беттерінде бар. — Ә.Ә.). Осы кезде Ақсай мен Қаскелең суының түйіскен жеріне «Шапырашты Тойшыбек» қорғанын орнатты.
Қоқан қазаққа да киіп-жарып өкімет бола алған жоқ. Елі алым төлесе де, ішкі жұмысында өзі қожа еді. Қоқанның қолынан келгені — елдің арасына жік салып, ру барымтасын қоздырып, түбі тоздырып алам ба деген ойы еді. Сондықтан Қоқан хандығы Іленің сол жағын қоныстаған Ұлы жүзді Іленің оң жағындағы Орта жүзбен ұстастырды. Арасына от салды. Кеше аттаныс, жортулар болды. Жетісу тарихында көрнекті орын алған «Үрістем қырғыны» осы Қоқан саясатының жемісі еді. Өйткені Іленің суағарынан солтүстікке қарай жатқан ел Қытайға қарайтын ел деп есептелетін еді. Бұрын Жоңғарға қарап жүрген қазақтар Жоңғарды Қытай алғанда... Қытайдікі боп шықты.
Бірақ бұл елдің Қытайға қарауы деген тек аты еді: қазақтың жеке сұлтандары, рубасылары, белгілі адамдары ғана анда-санда шеттегі Қытай өкіметімен қатынас жасап, хатмер қылып беретін; «уандық», «көндік» дәрежесін алып келіп үйде жата беретін. Көпшілік Қытайды «өкіметіміз» деп те білмейтін. «Орта жүзді түгелімен бердім» деп хан, қожа, төре «уаң» болған. Қытайдан бұған грамота берілген. Сондықтан Қанқожа баласы Сыбанқұл Қытайды өбек қылып, өле-өлгенше ұрыспен он бес жылдай арпалысып өлді.
Қазақты және басқаны жаулап алуға орыс үкіметінің аса жерік болатыны Ресейде тұтасып туып келе жатқан сауда капиталының буы еді, Оның тасқыны орысты орасан жауынгерлікке итермеледі. Бұл қарсаңда Ресейдің үкіметі жікшілдіктен сауда капиталының қолтоқпағы болуға айналған еді. Мұндай тасқынның бетіндегі көлденең — қазақ еді. Қазақ ол кезде руға бөлінген, ақсақалға жүгінген, мал баққан көшпелі ел еді. Көшпелі қазақтың шаруа түрі Ресейден келген сауда айырбасына, тауар алыс-берісіне табан тіресе алмай, әлсіреген кезі еді. Қазақ ішінде бектің бір түрі де бар еді. Хандар, төре, сұлтандар, ақсүйектік, қарабауырлық, төлеңгіт дейтін сойлар — сол бектік құрылыстың бұтақтары еді. Бірақ бұларды жалпақ қазақтың күшті қоғам түрі деуге болмайды. Қалың ел, көпшілік көбінесе аламан, ақсақалшыл дәуірде еді. Ескі билер, ақсақалдар, батырлар, рубасылары еді. Ру мен бектер ашық, жабық аянбай тартысты. Ру құрылысын жаныштап, жарыққа шығатын бектік дәуірі қазақта қанша танылғанмен дәуірлей алмады. Өйткені оған қазақтың көшпелі түрі, өрісті мал шаруашылығы, ру құрылысының күштілігі мойын ұсынбады. Сондықтан қазақ ішіндегі әлсіз бектік құрылысы өзін көтеру үшін орыс өкіметіне қол артты. Ханы, төресі, сұлтаны орыстан шен-шекпен алып, қазаққа орыс күшімен үкім етпек болды. Қазақ даласына тамыр жаю үшін орыстың сауда капиталы саяны қазақ ішіндегі бектерден тапты. Аға сұлтан, төре, сұлтандар ауылдарына орыс саудагері малын сақтап, қойға салған. Ащының науасындай құйылды. Орыстың саудасын қазақ даласына кіргізуге мұрындық болды. Орысқа «бағынамын» деп уәде бергендер қалай да қара қазақты орыс үкіметіне қаратуға, орыс саудасын таратуға үндеді.Елдің орысқа шабатын шабуылдарына іріткі болуға, орыстың түскен қалаларына көмекші күзетші болуға қайрат қылды. Сауда керуендеріне жәрдем беріп, оларды қазақ даласынан аман-есен өткізіп, Қытаймен, Орта Азиямен тұтасуына көмегін көп көрсетті.
Кешегі Абылайдан кейін қазаққа белгілі, көпті бауырлап билеген хан болған жоқ. Қазақтың тұтас өзін билеген дәуірінің аяғы Абылай деуге болады. Одан кейінгі бектік талабы бытыраңқы болды. Әр төре, әp хан қазақтан өзіне бөлек үйір салып, жеке бек болмақ ниетінде болды. Әр жерде «алдияр» молайды. Осылар шынжыр балақ, шұбар төс, «төре сүйек», «ақсүйек» болды.
Өзге қара бұқара — «қара» болды. Төреге қара — «қарашы» болды. Хан, төре төңірегінде «төлеңгіт», «қарабауыр» деген коғамның құл түрі болды.
«Ақсүйектер» аяғында орысқа сүйенді. Орыс үкіметі қазақ ішінен «тиянақты» төре-сұлтаннан тапты. Сұлтандар елді өз үйіріне — болыс, орысқа бағындырды. Төрелер рубасыларын, ақсақалдарды, билерді, батырларды қолжаулық қып ұстады.
Жетісудағы Ұлы жүз, Орта жүзді орысқа бағындырған және өздері елге «сұлтан» болған төрелер:
Садыр төресі — Бөлен,
Матай төресі — Қарақ, Жанбөбек, Жәңгір төрелер.
Ұлы жүзде: Жалайыр төресі — Сөк.
Албан-Суан төресі — Тезек, оның інісі Әбілейіс.
Үйсін, Шапырашты, Дулат төресі — Әділ төрелер еді.
...Есен Үрмізев тұрды.
Сібірге ірге теуіп, Омбыны, Семейді сауданың кенті қылған орыс капиталы енді Қытайдың Шәуешегі, Құлжасымен сауда қылуды өте керек етті. Ел арасының да ынтасы бұрынғы Ташкен, Қоқан жағынан келетін сарт қыдырмашысынан алатын без, мата, көпебай, манат, қаламы, тымпайы, батсайы, мірсарынышы, шайы, шәркез, шыт, аттың өртігі, мойын қабы, тон, міндер сықылды бұлдардан — орыс қолы тауарға ауа бастады. Ел ішіне орыс тауарының тарауын ел әдейі тіледі. Бірақ орыстың тауарын, нәрсесін жақсы көрсе де орыстың билеуін жақтырмаушы еді. Сондықтан орыс саудагерін аулында сақтап, оларды тапаудан қорғайтын «орысшыл» әркім-ақ табылды. Ақсүйектің бірқатары қазақты орыс үкіметімен үлесіп басқару үшін орысқа қатынас жасай бастады. Мұның ең алдыңғысы Кіші жүзден Әбілхайыр болды. Бұл 1730 жылы Уфаның әскербасысына (воеводына) өтініш қылды: «Жан- жағым жау, билеп тұрған жерім мені қожа қылып, Ресейге бағынуын сұрады». Бұл ұсыныс қабыл алынды. 1732 жылы Әбілхайыр қоластына қараған елімен орыстың боданы болып ант ішті. 1740 жылда Орта жүз бен Кіші жүзді Әбілмәмбет пен Абылай бастап орысқа қарады.
Осы ретпен-ақ әр жердегі орысқа үйір болған адамдар өзіне қараған елменен орысқа қарадық дей берді.
Қазақ хандарының бәрі орысқа берген уадасында тапжылмай тұрып қалды деуге болмайды. Ел атынан орысқа «қарадық» деп уада бергеннің барлығы да өзінің «ұлық» болуынан дәмелі еді. Орыс үкіметі мұны істеді де. Шен тағып, шекпен берді де, пәлен елдің ұлығы пәленше деп ресми түрде бекітті де. Бірақ кейбір төрелерді ел ұнатпады. Төрелерді тек орыс үкіметі берген даражасы қанағаттандырмады. Сондықтан олардың бірсыпыралары арыз беріп, орысқа бағындық деп ант ішіп алып, орысқа шапқан жұртқа бірге араласып та кеткендері болды. Сауда керуендерін талады. Елдің жартысын алажаңқы қылып алған орыс үкіметі кейіннен мұндайларды ұстауға әскер де шығарды.
Ол уақытта Орта жүз рулары Сібірден Жетісуға қарай қоныстанушы еді. Кіші жүзге қарағанда Орта жүз тынышырақ болды. Бірақ бұлардың хандары Әбілмәмбет, Абылай «орысқа қарадық» деп уада қылғаннан соң, кешікпей-ақ Тарбағатай, Жоңғар тауының өлкесін билеп тұрған қалмаққа бағынып, оның артынан Бежинге барып, Қытайға қарады. Сөйтіп Орта жүз екі жаққа да енжар болды. Қытай Жетісу өлкесін өз жерім деп санаса да, тамырлы өкімет орната алмады. Елдің ішкі басқарылуы өз қолдарында болды.
Сібір жақтағы қазақтардың арасында бассыздық күннен-күнге күшейді. Абылайдың Уәли деген баласын ел хан деп танымай (Уәлиді орыс үкіметі хан деп бекіткен еді), ырың-жырың болды. Орыс үкіметі мұнымен пайдаланып, ел билеу жөнін өзгертуге керек болды. Бұрынғы хандық лауазымын жойып, оның орнына 1822 жылы Сібір қазақтарын басқаратын жаңа закүн («Временные правила по управлению сибирскими киргизами») шығарды.
Бұл закүн бойынша Сібірдегі қазақ даласы «батыс», «шығыс» деген екі бөлімге бөлінді. Ел билеу ретінің ең төменгісі «ауыл» болды. 10 — 12 ауылдан «болыс» болды, 15 — 20 болыстан «округ» жасалды. Ауылды старшын биледі. Ол үш жылға сайланатын еді. Болыстарды «сұлтан» басқарды. Округтарды басқаруға ортасынан «аға сұлтан» сайланды. Әрбір округте «Округ жарлығы» (Окружной приказ) деген мекеме болды. Мұнда бастық аға сұлтан болды. Орыс шенеунігінен екеу, қазақтың жуандарынан екеу кеңеске кіруші еді. Екі орыс шенеунігін облыс бастығы беріп, белгілеуімен болып, екі қазақты ел сайлап беруші еді.
Бұл қарсанында сот екі бөлек болды. Кісі өлтіру, орысқа қарсылық, патша өміріне мойын ұсынбау, талау, барымталар орыс сотында тергелді де, қалған қылмыстар — қолақылар, жесір, ұрлық дауларын елдің әдетімен «билер» тексерді. Әр округте ішкі тәртіп сақтау үшін қазақ-орыстар қойылды. Бұл қазақ-орыстар тұрған жеріне үй салып, орнығып қалуға міндетті болды. (Мұнымен қатар сауда капиталының жүріп отырғаны жоғарыда айтылды.) Мұндай қазақ-орыс үй салған жерлерден там-тұмдап базар ашылып, елдің ірі бас орны бола бастады.
Жаңа закүн шыққан соң, бес жылға шейін қазақ алымнан құтқарылып, 1827 жылы алым төлейтін болды. Бұл алым — түйеден басқа малдан жүзден бірі алынды. Мал үш жылда бір саналушы еді. Көкшетау округы мен Қарқаралы округы ашылды. Бұдан соң округ жасау бірнеше жылға шейін тоқтатылды. Тоқтатылуына мынандай жағдайдан бөгет болды.
1818 жылы Қаратал мен Іленің ортасында көшіп жүретін Жалайыр төресі Сөк Абылайханов Қоқан хандығының қол астынан шығуға талпынып, Қытайдан көмек ала алмай, орысқа 55 мың жанмен қарадым деп ант ішеді, қағаз береді. Қоқаннан қорғануға Ресейден көмек сұрайды. Сөктің ұсынысын орыс патшасы қуаныш-құрметпен қарсы алады. Бір жағы Қытай, бір жағы Қоқанның қолтығында жатқан жалпақ елдің ортасының ойылып, орысқа қараймын дегені орасан олжа болады. Сөкке 8-кластың шенін сыйлайды. Сөктің қасындағы рудың бастықтарына да әртүрлі награда береді. Қаратал бойынан қазына ақшасына үй, мешіт салуға жарлық болды. Сөкке әскер жәрдемін беруге жарлық болды*. Бірақ бұл жарлықтар қазақ даласына жаңа закүн шығумен қарбалас болып, іске аспай, біраз созылады. 7 жыл өткен соң, 1825 жылы Қаратал бойына орыс отряды жіберіліп, үй салынады.
Орыстың Қараталға келуі Қытай өкіметін үлкен тынышсыздандырды. Қытай орысқа қарсы наразылық көрсете бастады. Оған орыс өкіметі Қаратал бойын Қытай жері емес деп жауап қайырғанмен, Сібір казак-орыстарына Жетісудан қазақ араларына үй салудан тоқтай тұруға және Қаратал бойындағы отрядты кейін шақырып алуға жоғарғы өкімет үкім қылады. Бірақ әскері, саудасы ақырындап Жетісуға аяқ баса бастайды. Күркілдек (Аягөз) суының бойында мекендеп жүрген Орта жүздің Жошыұлы Сарт деген төресі күнбатыс Сібірдің генерал-губернаторынан сыртқы округ жасап, Аягөз маңайынан округтік жарлық (окружной приказ) ашуға тілек қылды. Бұл Сарт бұрын Қытайдың «гөңі» еді. Бұл «уаң» Қанқожа баласы Сыбанқұлмен кезбас болып, екеуі екі дай болды.
Сарттың округ аш деп ұсынған Аягөз қаласының орны Ресейдің Сібірден Қытайдың Құлжасы мен Шәуешек қаласына жүргізілетін екі үлкен сауда жолының дәл түйіскен жерінде еді. Сондықтан бұл жерден округ ашу орысқа ең керекті жұмыс болды. Сарттың ұсынысы қабыл болып, 1831 жылы Аягөз округы жасалып, Аягөздің округтік жарлық мекемесі ашылды. Сарт өзі аға сұлтан болып сайланды.
Бұған Қытай бұзып-жарып қимыл қылған жоқ. Жалғыз-ақ қағаз жіберіп, Сарттың тауансыздығын сөкті де қойды.
Аягөздің округтік приказ жасалуы орыстың Жетісу табалдырығын алғашқы аттағаны болды. Аягөзге орыс әскері келген соң Сыбанқұл өзіне қараған елмен Тарбағатай тауын Қытайға қарай аса қонып алып орысқа, орысқа қараған Сарт еліне тоқтаусыз шабуыл жасап тұрды. Құлжа, Шәуешек жолындағы орыстың сауда керуендерін талап, сауда жолын кесті. Сыбанқұл Шәуешек қолтығындағы Байжігітке ірге таяп алып, орысқа қарап тұрған Мұрын Сыбандарды тынышсыздандырды. Бұл елдің араларында иелер барымта, ұлы жасақты, ауыр қолды қанды соғыс, талай қырғын болды. Шатақ бірталай жылға созылды. Сыбанқұл қозғалысы себебінен Аягөзден Жетісу ішіне қарай орыс бір дәуір жылға шейін ілгері баса алмай қалды.
Сыбанқұл Байжігіт ішіндегі төрелерді көзге ілмей, өзі билеп-төстей бастады. Әкесі Қанқожаның Қытай өкіметінен алған жарлық хаты қолында еді. Соны күш қылып, Сыбанқұл Қызайды да алмақ болды. Сыбанқұл жорығы Қызаймен Еміл өзенінің бойында кездесіп, Сыбанқұл қолы жеңіліп қайтты.
Сыбанқұлдың осындай қылықтарын Қытайға қараған қазақтар Шәуешек амбұсына (қытай ұлығы) шақты. Амбұның шақыртқанына Сыбанқұл бармай қойды.
1Сөйтіп Сыбанқұлдың соңына қытай да, орыс та түсті. Сыбанқұлдың өрісі тарылып, Тарбағатай маңайында қалды. Орыс үкіметі 1839 жылы Сыбанқұлды іздетіп, әскер шығарды. Орыс астыртын Сыбанқұлдың ашынасы бір саудагер сарт арқылы Сыбанқұлды алдап, қолға түсіріп алды*. Сыбанқұлдың ауылын шауып, мал-мүлкін қазынаға алады. Қатын-баласымен Семей арқылы Томск губерниясына жер аударады. Сол айдау жолында 1841 жылы Сыбанқұл өледі.
Сыбанқұлдың колға түсуі елірген елдің жығасын түсіреді. Орыс үстемдігін көтереді. Қытайға қарай сырғып көшкен ел өз қоныстарына қайта қонады. Сыбанқұл бастап жүрген рулар орысқа қарауға ұсыныс қыла бастайды. Орыс «ауыл», «болыс» жасауға кіріседі. Қаракерей, Садыр тып-тыныш орысқа қарайды. Бұлардың ішінен болыстар жасалып, сұлтандар тұрады. Бұл «болыстарды» ұйымдастырып шыққан отрядтың бастығы Медведьев пен Аягөздегі округтік жарлықтың заседателі Крайкин деген шенеунік еді.
Бұл кезде Орта жүздің Матайдан басқа рулары орысқа әбден қол қойып, бағынып, орныққан кезі еді. Орысқа қараған (қарағанның бұқарасы да) елдің көңілі: «Аузы түкті кәуір алған соң малында билік, басында ерік болмайды» деген түсінікпен шошымалдана бастады. Ішкі ойы орысқа сенбеді. Бүгін солдат алмаса да, түбінде солдат алады деді. Сол замандағы өлең деп үлкен кісілер мынаны айтады:
Өскенбай мен Құнанбай бай-батырсың,
Әлі салдат алған жоқ, жай жатырсың.
Орысекең орнығып алғаннан соң
Бозбалаңды бойдақтай айдатарсың.
Орыс келіп Садырды қаратып жатқан кезде Лeпci мен Қаратал арасын мекендеп жүрген Матай деген ел орысқа қарамас үшін Ілеге қарай үркеді. Бұлардың ішінде Қоқан қолының жүздей адамы болады. Медведьев бастаған орыс әскері бұларды Қаратал мен Көксудың арасында қуып жетеді. Қазаққа орыс кісі салса да ел көнбей, орысқа қазақ соқтығады. Қоқанның туы қолында, казак-орысқа Ташкен адамдарының бастығы қазақты бастап қарсы шықты. Әскер мылтық пен зеңбірек атады. Қазақ бытырап қашады. Өзге қазақ жапырыла қашқанда бір қазақ орнында тұрып қалған екен, соның басын зеңбіректің оғы жұлып әкетіпті. Әлгі қолды бастаған Ташкен адамы жаралы болады. Ел ішінде осы күнге шейін ауыздан қалмай айтылып жүретін:
Әриайдай арбаның дөңгелегі,
Кейін қалды аулымның бір бөлегі.
Кейін қалмай қайтеді бір бөлегі,
Шыдатпады кәпірдің зеңбірегі —
дейтін өлең сол күнде айтылып қалған.
Бұл орыс әскерлерінің қоқандықтармен алғашқы түйіскені еді.
Матай осы үріккен бетімен осы күнгі Матай тауы атанған жердің маңайында болыпты да, бірақ Матай өздері кезбас болып екі бөлініп, бірін Құлшан Тастанбек бастап, бірін Қыдыралы Тәнеке бастап, екеуі екі жаққа тартады.
2Бұлар Іленің бергі жағына барған соң, алпыс қара ат тарту-таралғымен Қалқабай мен Тастанбек Қоқанға барып мәлімденеді. Қанша жан, қанша үй үркіп келгендігін білдіреді. Қоқан хамы бұларға қойнын ашып қабыл алып, екеуіне сый береді. Қалқабайға қодастың құйрығынан жасалған ту сыйлайды. Сол көшіп келген жерлерінде мекендеп, өзге рулармен тату тұрыңдар дейді. Бірақ елдім ұсақ ұрлығы үзілмепті. Ұсақ ұрлық өршіп ру барымтасына шабады. Бұрыннан Қоқанға қол артқан Ұлы жүз рулары мына Матайды ауып келгенсіп, бата торыпты. Барымта, ұрыс болып, екі жақтан кісі өлімі болады. Ұлы жүз адамдары Матайды жамандап Қоқанға шағады. Қоқан хандығы Матайдың адамдарын Қоқанға шақырады. Үстінен шағым жүріп қалған Матай Қоқанға баруға қорқады. Ол уақытта Қаракерей, Садыр орысқа қарап тыншып қалады. Сондықтан Матай ептеп кейін қонысына қайтуға ойланады. Матайдың осы қобалжуын біліп, Қоқан хандығы Матайдың жақсы ат, атаның қыздарын олжаланып қалуға атақты қанішері Үрістемге ерік береді. Үрістем Үйсінге Матайды орысқа қарай көшкен ел деп, талап, малын олжалануға, айалын ат көтіне салуға шабынға шақырады. Осы күнгі Іленің солтүстік бойында ақсақалдар аңыз қылып отыратын «Үйсін-Найман шабысы» болады.
Бұл қырғын — қазақтың тарихи дәуірінде болған қырғын. Қазақтың өз алдына тұтас жұрт болған ұйтқысы бұзылып, жартысы орысқа, жартысы Қоқанға қарап, ала жылан, аш бақа болған күніндегі көп әрекеттің бірі. Екі нардың сүйкенгеніндегі шыбынның шығыны еді. Әрине, шыбынның шығын болмағына екі нарды бір-біріне соқтықтырған шаруашылық, тіршілік тіректі мықты себепкерлер болды. Оның ең бастысы-ақ орыс пен Орта Азияның саудашыл капиталының тоқайласқаны еді. Оның тоқайласқан жері Жетісудай қазақ-қырғыздың қонысы болды.
Басында орыстан сырғып Қоқан қолтығына кіруге қонысынан ауған Матай шабылып, шашылып, Қаратал бойын, осы күнгі Балықты, Тегерезді мекендейді. Бұл 1838 жыл. Бұл уақытта Қаракерей, Садыр орысқа әбден қарап, тыншығып қалған болатын. 1839 жылы маусымның 20-сында Матай төрелерінен (сұлтан) Иса Сайтұлы, Жәңгір Шақайұлы заседатель Крапикинге келіп, Матайдың орысқа бағынатынын ұсыныс қылады. Матайды Аягөз округіне қосып «болыс» жасаудың керектігін, Матайдың өз қонысына қайта қонуына рұқсат қылуын тіленеді. Со жылы күзгі қазан айында Матай орысқа қарап, осы күнгі қонысына қайта қонды. Садырдан бөлек «болыс», «ауыл» жасалып, Аягөз округіне қосылады.
1843 жылда Аягөз округінен алым (жасақ) алына бастады. Аягөз округі жасалудың артынан іле-шала Ақмола, Баянауыл және басқа округтер жасалып, ол төңіректің қазақтары тыныштықпен жаңа тәртіпке мойынсұнды. Орыс өкіметі енді ілгері Жетісу ішіне қарай аяқ баспай, сол қараған елдің арасында өкімет тамырын жайып, тәртіптеумен біраз жылға шейін тоқталып тұрды. Орыстың Жетісу ішіне қарай соңғы аяқ басуы — Кенесарының Жетісуға келуі болды. Бұл 1846 жылда.
Бұған шейін Кенесары Орынбор, күнбатыс Сібір аймағында орысқа қарсы көтеріліс жасап жүргелі 10 шақты жылға тартып қалған. Кенесары барлық қазақ руларының басын қосып, жеке мемлекет жасауға талпынды. Қазақ пен Хиуаны қоспақ болды. 1839 жылғы граф Перовский бастаған орыстың Хиуаға аттанған жорығының жолы болмай, қазақ даласында орыстың қадірі түсуіне үлкен себеп болды. Кенесары осыдан пайдаланып, қазақты орысқа жалпағынан қайта көтерілінуіне талап қылады.
Кенесары көбінесе соңына Орта жүзді ертті. Ол қазақтың не орысқа, не сартқа, не қытайға қарауына разы емес еді. Ташкенмен де жау еді. Үлкен ағасынын орайына Ташкеннің 40 адамын өлтіртті. Кенесары аралаған Орта жүз қазағы Кенесары сөзіне ұйыды. Орыспен өштесе бастады. Әр жерде орыспен қағысулар үзілместен болып тұрды. Сондықтан орыс өкіметіне Кенесарымен белсеніп айналысуға, қалай қылса да оның үстемдігінен қазақты аршып алуға қатты қам қылуға керек болды. Қазақ даласында әскер күшейтілді. Ақмоладан 300 шақырым оңтүстіктен Ақтау қорғаны салынып, арасына бекеттер орнатылды. Кенесарыға қарсы казак-орыс атты әскері шықты. Кенесары орыспен талай соғысып, кейін Ертіс бойынан тайсап, Торғай өзенінің, Орынбор даласының маңайына барды. Мұнда Кенесарыға Кіші жүздің көп елі көмек көрсетті. Кенесары осы жонмен кейде Сібірде, кейде Орынбор даласының маңында он жылдай ашық көтеріліс, жорықтар жасап жүрді.
Кенесары осы он жылдың ішінде орысты орасан беймазалады. Оның жорығы аса ептілік, айлалылық, өткірлік жағынан орысты састырды. Бұған қарсы Орынбордан да, Ақтау қорғаны арқылы Омбыдан да әскер жіберілді. Бірақ Кенесары бүгін бұл жерде болса, ертең күтпеген жерден бұрқ етіп шабуыл жасайтын еді. Қазақ арасында Кенесары даңқы жер жарды. Ел оны «жан жеңбес», «қамал бұзар» деді. Сөйтіп өкімет бұған мықты шара қолданып, шындап алыспаса, Кенесары қазақ даласында, Қоқан, Қытай, Хиуа мемлекеттерінің арасында орыстың отарлық бетін быж-тыж қылатын болды. Сондықтан орыс өкіметі Кенесарымен табандап алысуға қам қылды. Шепті күшейтті. 1845 жылдың ішінде осы күнгі Ырғыз, Торғай қалалары салынды. 1846 жылы Кенесарыға кезігуге күшті бөлек әскер шықты. Мұның бірі Орынбор даласына шығып, бірі Ертіс бойына жорыққа жүрді. Бірақ бұл осы маңайдағы елдің ішінен орысты жақтаушылар шыққан кезі еді. Сондықтан Кенесары осы шыққан орыс әскерін тосып соғыса алмай Шу бойына, Дулат ішіне барды. Ташкенге қарайтын қазақты бауырына алды. Қазақ-қырғыздың басын қосып, орысқа қайта соқтығуға таяныш іздеді. Бірақ бұрыннан барымталы, жауығып жүрген қырғыз қазаққа да, Кенесарыға да жылы ұшырамады.
Онда осы күнгі Жалайыр мекендеп жүрген жер Іле мен Қаратал арасы еді. Аягөз округының күнбатыс жағы Жалайыр болатын. Мұның бәрін қосып, Сөк төренің орысқа көрсетуімен, бұлар Үйсін болысы болған. Осы күнгі Жетісу қазағы жатқан жердегі Дулат, Шапырашты, Жалайыр, Найман руларымен Кенесары сөздес бола бастады. Қара бұқара Кенесарыға қол артты.
1846 жылы Кенесарының артынан бақылау үшін Аягөзден жасауыл Казашпиннің қоластында бір топ әскер жіберілді. Бұл отряд Лепсі басында осы күнгі Шұбарағаш қаласының орнына лагерь салып жатты. Бұл қарсаңда Кенесары бұған қарамастан елді бауырына алып, ауыр қолмен Ілені қайта өтіп, Аягөзге соқтығуға ойланды.
Мұны естіп орыстың шекара бастығы генерал-майор Вишневский деген Үйсін болысына келді. Кенесарыдан Үйсін болысын бұрын алуға қам қылды. Ел арқылы Кенесарыны ұстауға талап етті.
1846 жылдың маусым айында Вишневский Лепсі өзеніне келіп, барлық Үйсін болысының инабатты адамдарын шақырды. Ұлы жүздің Дулат, Албан, Суан, Шапырашты, Жалайыр руларының ақсақалдары, сұлтандары, билері Лепсіде Вишневскийге тоғысты. Аз сөйлесіп, бұлар Ресейге бағындық деп хат-мор қылды. Ант ішті. Кенесарыны ақ патшаның да, қазақтың да жауы деп байлау қылды.
Осы уадамен Ресейдің хұқығы Жетісу аймағында қожалық алды.
Жандарал Вишневскийдің Лепсіге келуінен Кенесары кейін сырғып, Іле бойына барды. Орыс әскері тағы кейін сырғығанынан пайдаланып, Кенесары қайта Көксу келіп, Үйсінді қайта қолға алады. Қара бұқара Кенесарыға тағы толқиды. Бұдан орысқа уада бергендер Кенесарыны кетіруге орыстан әскер сұрап дамыл көрмейді. Орыс Лепсінің отрядын күшейтті. Қару-жарақ жеткіздіртті. Лепсі әскерінің қолбасылығын қашаннан қазақ даласын жаулаған жорықта ысылған Инукальев дегенге тапсырды, Инукальевке осы күнгі Қапал болысының жері Қызыл ағаш суының сағасынан үй салуға ұсыныс болды. Бірақ отряд Қызыл ағаш сағасына күзге шейін қазақ үйлерін тіктіріп аз жатып, осы күнгі Қапал қаласының орнына келді. Отрядқа тапсырылған міндет — Кенесарыға түйісу, қалайда Үйсін ішінен Кенесары үстемдігін тазалау болды.
Қапалда Кенесарыға барлық Үйсін болысының сұлтандары қосылды. Бұл уақытта Кенесары мың қолмен Іленің Балқашқа құйған жері Қамауда жатыр еді.
Инукальев Кенесарының артына түсіп, әскермен Қаратал, Көксуды өтті. Іленің оң жағымен осы күнгі Кербұлақ басып, орыс әскері Кенесары жатқан Қамауға жүрді. Бұл уақытта қыс болып қалып еді. Орыс әскері Қамаудың қалың қамыс, шұрат-шұратын көрген соң, жер түрінен шошып, кейін қайтты. Кенесары да орыс әскерімен түйіспей, Ілені өтіп, Шуға тартты. Кенесарының қолы да аты арып, тоны тозып, ішінен іріткіге ұшыраған еді. Сондықтан Кенесары қолындағы қолмен орыспен айқаса алмайтын болды. Кенесарының бұл қайтысы орыс әскерімен ең соңғы маңайласқаны еді. Бұл қайтыс Кенесарының орысқа қарсы тұра алмайтын әлсіз екендігін ел көзіне айқындағандай болды.
Кенесарының жүдеп-жадап, орысқа батпай қайтуына қазақпен жау, қалса Кенесарының дұшпаны қырғыз қуанды. Кенесарыны қууға орыс өкіметі нұсқауымен Үйсін төресі Әлі, Әділдер қол жиды. Бұған қырғыздар кісі жіберді.
Қырғыздардың осы ниетін біліп Инукальев қырғыздың Бұғы, Сарбағыш руларының манаптарына хат жіберіп, хабар қылды. Үйсінге қосылып Кенесарыны ұстауға тілек қылды. Бұл Инукальев әскері қайтып Қапал қыстады.
Шу бойына қайтқан Кенесары артына аз ғана Дулатты ертіп алып қырғызбен жауласып кетті. Өйткені орыс айтқанына қол қойған қырғыз қалай қылса да Кенесарыны мұқатуға қам қылды. Қырғыз — қазақ арасы нелер ұлы дүбір соғыс болды. Аяғында 1847 жылы Сарбағыштың манабы Ниязбекұлы Орман бастаған қырғыз бен қазақтың Алатау бауырындағы соғысында (Тоқпақтың төменгі жағы) Кенесары Наурызбаймен қолға түседі. Қазақтың бес мыңдай қолы Карасудың батпағына қамалып қырғын табады. (Бұл туралы айрықша кітап өлең бар.) Кенесарыны барлық қырғыз манаптарының жиылысы өлтірмек болады. Сонда Кенесары сөз алып, орыстың түбінде қазақ, қырғызға жайлы тимейтіндігін, өзінің қашаннан қарсы қылып жүрген қайратының мақсатын айтып келіп, қырғызға Ұлы жүзбен иықтасып орысқа қарсы тұруға ұсыныс қылады. Бірақ қырғыз құлаққа ілмейді. Кенесарының басын сыйлап, қырғыз манаптары өздерінің орысқа сенімді екендігіне көзін жеткізеді.
Кенесары қозғалысы орысты орасан күтіндірді. Орынбор мен Сібір жолындағы қорғандар жиі салынды. Әскері күшейтілді. Жетісуға әдейі қоныстанып, ірге тебу үшін орыс көшірілді. Бұл орыс — Сібірдің казак-орысы еді. Бұлардан «казачий войско» (әскер) жасалды. Бұған қазынадан жабдық, жалун берілді. 2 жастан жоғарғы еркегі мылтық пен жалун алушы еді. Казак-орыспен қатар Жетісуға өз еңбегімен күн көрмейтін, өкімет жәрдеміне сүйенген крестьяндар да көп келтірілді. Бұлар ішкі Ресейде шаруашылығынан айрылған, үйсіз, жерсіздер еді. Бұлар қазақтың ең әдемі қонысындағы суды, жайлы жерге өкімет тарапынан әдейі орналастырылды. Жетісудағы Лепсі, Үш арал, Үржар, Сарқан, Тасбекет, Арасан, Қапал, Талдықорған, Қоғалы, Іле, Алматы, Қаскелең, Ұзынағаш сияқты қалалардың адамдары — казак-орыс пен әлгі крестьяндар. Ана крестьяндар орныққан соң мінез де, хұқық та Сібір казак-орысымен етенелесіп кетті. Бұдан басқа Семейден жерге еңбек сіңіретін татарлар келіп, осы күнгі Алматы қаласының қасындағы «Ноғай қаласы» болды. 1846 жылдың желтоқсанының 5-інде бекіген жарлық бойынша Сібір беттеп жер алып келе жатқан әскердің жөні 9 округке бөлінді. 1846 жылы Қапал қорғаны салынды. (Қапал — қазақтың «қопал» дегенінен) Бұл Сібірге қосылды. Қорған келесі жылы әдемі үлкен қала болып, 9 округтың тоғысқан орталығы болды. Одан ары Ұлы жүзді билеу үшін пристав мекемесі ашылды. Бұл мекеменің орны Қапал қаласы болды. Қапал Аягөз арқылы Семеймен тұтасты. Жолда бекеттер жасалды. Әрбір станицадағы казак-орыстар үй басы екі пар ат ұстап, поштаның лауын айдаушы еді.
Ұлы жүздің орысқа қарағанын білген Қоқан хандығы 1848 жылы жазғытұрым қоластындағы қыпшақтардан Ілеге үш мың кісі әскер жіберді. Қолбасы Аққұла деген адам еді. Аққұла Іленің сол жағындағы Тойшыбек қорғанына келіп, орысқа қараған Дулаттардан алым сұрады. Ұлы жүз сұлтаны Аспандиярұлы Үрістемді Қоқан қоластына кіруге үндеді. Мұның хабарын Ұлы жүздің приставы майор Врангель естіп, орыс әскерін Ілеге жеткізуге Шұбарағаштан Қоқанға қарсы мықты қорған салдыруға қам істеді. Бұл уақытта Ташкенте Бұхардың шабуылы болып, Аққұла алымын да жинай алмастан қыпшақты алып, асығыс кейін қайтты.
Келер жылы (1849 ж.) Іле бойына қайтып келіп, Дулаттардан Қоқанға қарайсың деп алым сұрады. Бірақ Дулаттар «алым бере алмаймыз» дейді. Аққұла Іленің сол жағына қыстап шыққан Дулаттардың жылқысын алып, Тойшыбек қорғанына апарды. Аққұла қорғанда жатып елді Қоқанға қаратуға үндеді. Сұлтандарға хат жазып, орыс қоластынан шығуын өтінді.
Бұл хат Ұлы жүз приставының қолына тиіп, ол 1850 жылы жазға салым Гутковский бастаған отряд жіберді. Отрядтың 50-і жаяу солдат, 175-і атты казак-орыс болып, екі зеңбірегі бар еді. Бұларға қашаннан Қоқан ұясы — Тойшыбек қорғанын талқандау табыс қылынды. Гутковский Іледен өтіп, Тойшыбек қорғанына жақындады. Қорғанның төрт жағы 40 саржадан болып... Қоқан әскері бар еді. Түнде орысқа қараған Дулаттардың өздері айнып, орыс әскерін қамайды. Орыс қорғанды ала алмай, атыса-атыса қашып,
Іледен кейін өтеді. Бұл жағдай Қоқан мерейін қазақ арасында недәуір көтерді. Қыпшақ пен қырғыз бірігіп орысқа қараған Дулатты шабады екен, Қапал қорғанын алады екен деген лақап елге таралып кетеді. Сондықтан Қоқан мен орысқа жөндеп сілкісуге тиіс болды.
1851 жылдың көкегінде Қапалға генерал-адъютант Анненков келді. Келді де Іле бойына отряд аттандырды. Отрядтың бастығы подполковник Карбышев болды. Бұған Тойшыбек қорғанын талқандау, Дулат ішінен айнып, Гутковскийге соқтыққан қазақтарды жазалау, Іленің оң даласында орыс үстемдігін күшейту тапсырылды.
Карбышевтің отряды Қапалдан 26-мамырда шықты. Бұған қазақ басшы Сөктің баласы Жошы мен Әбілейіс (Әбілпейіз) Әлі баласы төрелер (сұлтандар) болды. Бұл отряд Талғар суының Ілеге құйған жерінен өткелі жатқанында Албан төресі Хакімбек баласы Нұралы мен Суаннан Ибақ баласы Адамсарт дегендер қолымен қосылды.
Маусымның 7-сінде Карбышев Тойшыбек қорғанына келді. Қорғанда жанды қарға жоқ еді. Мына әскерден Қоқан кісілері қаймығып, Пішпек қорғанына қайтып кеткен. Келесі күні Тойшыбек қорғанын орыс әскері жермен-жексен қылды да, Іледен қайта өтіп, орыс әскері Іле бойында тамызға шейін жатып, кейін Қапалға қайтты.
Бұл қарсаңда Қытай мен Орыс өкіметі келісім жасады. Бұл 1851 жылы, 15-шілде. Шекара белгіленді. Сауда жолы ашылды. Саудаға айрықша шарт жасалынды. Сауда жолы Шәуешекке Тарбағатай ауданында, Құлжаға Іле бойында ресми түрде сауда қатынасы болатын болды. Құлжа мен Шәуешек қаласына екі жақтан консул қойылды.
Бұл уақытта Қоқанның қолынан келгені қоластындағы қазақ, қырғыз бен орысқа қараған қазақты жауластыру болды. Ел арасы жаугершілік болды. Осындайдан теперіш көрген Ниязбек баласы Орман манап (Кенесарыны өлтіретін) Ұлы жүз приставына орысқа қараймын деп жәрдем сұрады. Бұл — 1853 жыл.
Орман ұсынысы қабыл алынды. Бұл енді қырғыздың орыс босағасына алғашқы бас сұққаны.
1853 жылы шілде айында Қапалда Ұлы жүз приставы майор Перемышельский қоластында Іледен өте жорық жасауға әскер аттандырылды. Бұған Іледен өткен соң орысқа қарағанына Орманнан ант алу, өрдегі Бұғы қырғыздардың беделді манабы Баймұрат баласы Борамбаймен қатынас жасау, қазақтардың көші-қон ыңғайын бақылап отыратын, Қытаймен қатынасын, жолын байқап отыратын, Қырғыздың Қашқармен қалай қатынасатынын, Қапалмен қатынас жасауға қолайлы болатын, бекет салатын орындарды шолып көру және Іленің дәйімі өтіп тұратын өткелін белгілеу тапсырылды.
Перемышельскийдің отряды Қапалдан шілденің 2-сінде шықты да, Түрген суының Ілеге құйған жеріндегі «Өгіз өткелге» шілденің 15-інде келді.Отряд арбасы, азық-түлігі, жаяу-жалпысы, зеңбіректерімен өте алмай, үш күн жатты. Топограф Сопев деген адам қасына40 кісі алып Ілені төмен қуалап өткел қарады. Бұл Талғардың Ілеге құйған жеріне келіп, осы күнгі Іле көпірі салынған жерді дәйімі өткелге белгіледі. Үй салды. Ал Перемышельский қалған отрядпен Ілені өрлеп барып, Есіктің Ілеге құйған жерінен өтіп, ол Есіктің бойына қыстады. Талғар, Алматы суларының сағасына қарауыл салды. Алматы, Талғардың сағаларынан Дулат қонысы болғандықтан, сулы, шөпті және ағаштың қалыңдығы үй салуға жеңілдік беретіндіктен, ұдайы қорған қала салуға ұйғарылды. Үй салынды.
Осы күнгі Алматы қаласының орнына Перемышельскийге Албан, Дулаттың сұлтандары, адамдары келді. Бұлардан орыс Қапалдан азық-түлік, қару-жарақ тартуға түйе сұрады. Ел түйе бермеді. Сондықтан елден түйе алуға Гилахирин деген жүзбасы бастатқан бір көп отряд шықты. Бұл отряд Күрті суын өтіп барып қолына түскен қазақтың түйесін қырып-жойып айдап, Есіктіге барды. Осыдан соң-ақ ел жығасы түсіп, орысқа өктем жаны жаншылып қалды. Орыс не алам десе қазақ бас тартпай бере бастады.
Есіктіні қыстаған Перемышельский қыстай Албан мен қалмақ, қырғыз-қалмақ арасындағы, Албан-Дулат арасындағы барымта, құнды бітіріп, «тыныштаумен» шықты. Жаз шыға бұл отряд Есіктіден Алматы суының сағасына келіп үй салып, орныға бастады.
1854 жылы қазақ даласының оңтүстік-шығыс жағында ел билеу тәртібі өзгерді. Семей облысы жасалып, Сырт Аягөз бен Қапал округы бұған кірді. Аягөз бен Қапал станицалары округтық қала даражасына көтерілді. Бұдан 2 жыл соң Іленің оңтүстік жағында Ұлы жүзді билейтін Алатау округы жасалды.
Ыстықкөл аймағын қырғыздың екі үлкен руы мекендеп жүруші еді. Мұның бірі — Бұғы, манабы Баймұратұлы Борамбай. Бұғы Қытай қоластында саналатын. Енді бірі — көлдің батыс жағында жүретін Сарбағыш руы. Манабы — Ниязбекұлы Орман. Бұл ру — Қоқан қоластында саналатын.
Полковник Перемышельскийге тапсырылған жұмыс орындалмады. Орысқа қарауға Орманға ант ішкізу жұмысы жүзеге аспады. Бұл уақытта Қоқан да қарап жатпай Пішпек, Тоқпақтың қорғанындағы отрядты әскермен күшейтті. Орман манаптың басын қайырып алды. Сондықтан орысты жайқап Іле даласында көшіп жүретін Сарбағыш руы кайта көшіп, өз қонысы Шуға барды. 1855 жылы жаз Қоқан қолының Алматы үстіне аттанған қарауылына Орман басшы болады. Сарбағыш пен Бұғының арасында ежелден ру жаулығы болатын. Қоқанның қолтықтауына сеніп, Орман манап Бұғының манабы — Борамбайдың ауылына тиеді. Ауылға тиген Орманның айналасын Бұғылар қамап қалады. Бұл жанжал Шаты суынын бойында болған ат бауырынан қан аққан қырғын соғыс болады. Аяғында Орман Борамбайдың немересі Қылыштың қолынан өледі. Қылыш батыр — өзінің батырлық, қанішерлігімен «Ыстықкөлдің жолбарысы» атанған еді.
Орман өлімі Сарбағыш руына Бұғымен орасан ешті қан кегін қозғады. Сарбағыш Қоқаннан қол алып сүйеніп Бұғыны шаппақ болды.
Енді Бұғы өз күшіне де сенбей, Қытайға да қол артпай, турадан тура Ұлы жүздің приставына хабар қылып, «ақ патшаның» қолтығына кіруді ұсыныс етті. Перемышельский бұл хабарды жоғарғы ұлыққа білдірмек болып, Семей мен Омбыдан бір хабар болғанша Бұғы қырғызының жерін көруге хорунжий Лощевті 40 казак-орыспен шығарды.
9-қыркүйекте Алматы қорғанынан шыққан Лощев Іле Алатауының теріскей бауырымен өрлей жүріп, Шарынды өтіп, Кеген суына барды. Одан Қарқараны басып, Сантасты асып, Ыстықкөлге барды. Онда осы күнгі Түптің (су) өлкесі Бұғының мекені екен. Орыстар осы жерде лагерьмен бір жұмадай жатып, Торайғыр тауын баса, Шелек суынан өтіп, 6-қазанда Алматы қайтты.
Қоқан хандығы орысқа қарсы Сарбағыш қырғызының қолтығына су бүрікті. Қырғыз-қазақ тағы барымталасты. Сарбағыштан Бөлекбай деген атаның баласы 1855 жылдың 12-қазан түнінде Алматы аттанып келіп, 213 жылқысын тиеп әкетеді. Бұған Алматыдан Шайтанов қоластында отряд шығады. Отрядқа қазақтан 250 жігітімен Жайнақ қосылады. Бұлар Қордай тауының батыс-түстік жағында Бөлекбайды табады да, ұрыс болады. Орыс қырғызды жеңіп, талап кетеді.
Сарбағыш Бұғыдан кек алуға аттанады. 1856 жылдың мамыр айында өлген Орман манаптың баласы Үмбетәлі қалың қолмен Бұғыны шабады. Бұғы Ыстықкөл маңындағы қонысынан үркіп, Текес өтіп, Іленің басына кетеді. Сол жерден Алматыдағы Перемышельскийге орысқа қараймыз деп, қорғауына алуды сұрайды. Бұл тілек қабыл алынып, Ұлы жүздің приставының міндетін уақытша атқарушы полковник Хоментовский бастатқан әскер Бұғыға шығады.
Сол кездегі Қоқанға сүйенген Бұғы қырғыздарының арасындағы шатақ туралы Хоментовскийге Бұғылардың жазған мынадай арызы бар. (Арыз қырғыз тілінде жазылған. Маңызын сақтап қазақшаладым. Қолжазбасы Жетісудың архивінде сақтаулы. — І.Ж.).
«Ұлы жүз үйсіннің қазағын,
Бұғы қырғызын билеуші
ұлық мансапты бригаданың командирі
полковник Хоментовскийге!
Сарбағышпен болған уақиғаларымыздан Бұғы қырғызының манабы подполковник Боранбай Бекмұратұлынан, манап Мұраталы Пірназарұлынан, манап капитан Шералыұлынан.
Осы 1855 жылда, қазанның 23-інде Сарбағышпен арамыз бірнеше күннен бітісе алмай тұр еді. Өзіміздің жуастығымыздан елші жіберіп, «табысалық» деген соң нанып ек, бізді алдады. Орман батырдың құнына мың жылқы, жүз қызды атқа міндіріп бер. Ол қыздардың бастығы Боранбайдың, Мұраталының, Қайшыбектің қызы болсын, — деді. Сөйтіп бітімі жоқ сөзбен бізді аядапты және біздің Нәдірбек дегеніміз сендерде тұр, соны үйімен қайтарып бер, — депті. Өздері қырғыздың әр жерінен қол жинап, сол қолды тосып тұрған екен. Қолы жиналған соң бізді сәскеде көп кісімен келіп шапты. Құдай оларға дec берiп, бізді үркітті. Kөп мал талап алды. Қойдан қырық мың қой кетті. Түйе мыңнан артық. Сиыр, өгіз де осындай, мың жарым бар, Жылқы тегіс кетті. Төрт-бес мың үй бар еді, тігулі күйінде жау қолында отырып қалды. Қолға түскен қатын-бала екі жүздей. Қырық бес кісі өлді. Еркектен көп кісі қолға түсті. Өлгеннің ішінде екі манабымыз бар. Бірі менің інім, бірі Қайшыбектің ағасының баласы. Екеуі де Орманға татырлық еді. Құданың тағдыры ғой. Құдай біледі. Бұл шабында бізден қатты шабылған ел болмас. Алдымен сорлы мені жүндеді. Өлген бәйбішем қолындағы төрт жасар баласымен өлді. Және де беліне байлаған үш...(танылмады) және де тоғыз жабысы ат-тонымен және түйе артқан барша аспаптары, патшадан берілген барша сарпайларымыз, қылышымыз, мөрлеріміз және сол сияқты Қытайдың жаң-жұңынан келген сауғаларымыз, барша үй аспаптарымыз және де балаларымыз бен өзімізге қараған 2000-дай қойымыз кетті және де түйеден елу түйе кетті. Төрт-ақ түйеміз қалды. Сиырдан, өгізден бір тұяқ қалмады. Алла тағала қайырлы қылсын. Бізден соң Мұраталы жаман шабылды. Ешнәрсесі қалмады. Жылқысынан бөлек бір келіні қолға түсіп кетті, Қырғыз Жантай батырдың қызы еді. Айтшалар (?) Жантай батырдың қызын мың қой беріп сатып алған. Қайшыбек батыр Сарбағыштан аман шығып, шапқан күні-ақ тоқтамастан түн қатып Албанға қарап кеткен екен, оған Албан қазағы қарсы шығып, ауылын шауып, малын талап, үлесіп алыпты. Бір қатын, бір бала өліпті. Бұл хабарды естіп, біз Албанға баруға қорқып, тоқтасып едік. Он бес күн өткен соң пристав хазретлерінен хат алдық. Көлден қорықпаңыздар, Қарқараға, Текеске таман келіңдер. Албан алғандарыңызды құдай бұйырса жаз шыққан соң төлетіп алып береміз, — депті. Сонан соң Текеске көшіп келдік.
Енді хазретлерімізден өтінеміз: ай жүреді, жәрдеміңізбен рақым қып Сарбағыштан біздің кегімізді, малымызды алып беріп, біздерге бірер кішкене қорғанша салдырып, біраз ғана кісі қойсаңыз. Хазретлеріңіздің тымағының төбесін көрген соң Сарбағыш қорқып, жақын келмес еді. Қырық бес орысыңыз келіп еді. Оны Сарбағыш естіп, келуге баспап еді. Хорунжий хазретлер, аттарыңызды қайырып, мұнда қалыңыз, өздеріміз aт беріп, тамағыңызды көтереміз деп едік, пристав тез қайт деп жатыр деп болмай тоқтамады. Қайтып кетті. Қайырлы болсын! Алла тағалаға тапсырдық. «Өлген соң тәубе жоқ» дейді. Хазретлеріңіз... нала қыламыз. «Зәйтәуә әмрәуәқбәлә» деп қатамызды ғафу етесіз. Жамандық жасырылмайды ғой. Сарбағыштан өлгендер де екі жүзден асып кетті. Манаптары да қолға түскен. Үш манап баласы. Манап балаларының өлгені жиырмадай. Біздің... есір алмады; өлтіре берді. Сарбағышты Шұға түсіп кетті деп есітеміз. Сарбағышпен келген сарттан екі кісі өлді. Бірі былтыр зекетші болып, зекет жия келіп еді. Томалақ қожа деген еді. Олардың неге келгендері мәлім болмады. Қайыр, Алла тағалаға тапсырдық. Ұлық патшадан өміріміз барынша жәрдем тілейміз. Ерте-кеш дұғамыз «зәйтә уә әмрә уәқбәлә» деп, дұғагөйлеріңіз, пақырларыңыз ізгілік тілеп жазарға йорғушы Бұғы тайпасы манап полковник Боранбай Бекмұратұлы, мөрі болмады.
Манап Мұраталы би Пірназарұлы,
Манап капитан Қайшыбек Шералыұлы (мөрі басылған).
Манаптардың сұрауымен жаздым. Батырқан Файзолла
Инкаев (Дело по описью №15. Сөздің маңызы сақталып,
түзімі өзгертілді. Тыныс белгілері менікі — I. Ж.).
Бұған қосымша ретінде Тезек төренің Перемышельскийге мына жазған арызын келтірем: Дело по описью № 15. Бум. 25. «По распрям дикокаменных родов Бугу с Сарбашами в 1855 — 1858 г.г.»
«Ұлы жүз Үйсін, Албан, Суан,
Дулат, Жалайыр, қырғыз-қазақ
құзырындағы подполковник пристав
Перемышелъский хазретлеріне!
Ұлы жүз Албан, Суан елін
билеп тұрған аға сұлтан
Тезек Тәрәліұлынан.
Айтылмыш Сіздің жазған хатыңызды алдық. Қыркүйектің 9-күнінде, нөмірі — 529. Қырғыз Қайшыбек турасында бізге жазған екенсіз. Біздің қоластыңыздағы албанға қырық қазақ- орыс шығарған екенсіз. Енді мен Сіздің хұзырларыңызға ағлам қыламын. Сіз Ұлы жүз Үйсін, Суан, қырғыз-қазақтардың пристав подполковнигісіз. Мен бұрын өзімді Албан-Суан деген елге аға сұлтан деп білуші едім. Бүгінде қырғыз Қайшыбек пе, жә ноғай Файзоллама? Сіздің құзырларыңызға арызымыз мынау: біздің Албан деген елдегі қырғыз Қайшыбектің малын алып бер деген екенсіз. Бүгінде өзім бек аурумын. Біздің Албан деген елде Қайшыбектің малы болса, бітіріп алып бергеніңіз бек жақсы болар еді. Сізге мақұл — бізге мақұл. Енді бүгінде өзім ешқайда шыға алмаймын. Өзімнің орныма інім Сералы төрені жіберем. Бізге тиетін жолун ақшаны інімізге берерсіз.
Ұлы жүз Үйсін, Албан, Суан елін
билеп тұрған аға сұлтан
Тезек Төрәліұлы мөрім бастым (мәрі).
1855 жыл. Қазанның бірі».
Хоментовскийдің отряды бұрынғы Лощевтің жүрген жерімен Ыстықкөл келіп, Түптен Бұғыны шабады. Алматы әскерінің бұл жаққа кеткенін біліп тұрған Сарбағыштар аттанып, Ілеге шейін барып, Дулатты шабады. Іле бойында Қапалдан келе жатқан орыстың жүгін талайды.
Осы хабармен Бұғыларда жүрген Хоментовский Алматыға қайтып, асығыс ретте әскерді жауып, Сарбағышқа аттанады. Бұған Ұлы жүзден көп қазақ көмек ереді. Әскер Қастек асуын асып келіп, Тоқпақтың өр жағында бейқам жатқан Сарбағышқа соқтығып, Сарбағыш үркеді. Қарақ- ұрық қалың малды орыс әскері Қастек асуының өріне тырмысқан жерде таудың, тастың арасынан қырғыз қаптап әскерге тиеді. Қолма-қол астынан алады. Түтіні түтеген қырғын соғыс болады. Орыстар оқтың күшімен малды тастап, күн батқанша жаяулап асудан асады. Орыстан 8 кісі өліп, отыздайы жарадар болады. Қырғыздың қырылғаны жүзге тартады. Сол күні түнде атысып, Хоментовский қалған әскерімен Алматыға келеді.
Хоментовский әскері кетісімен Сарбағыштан сақтанып, Бұғылар ЬІстықкөлден тайқап, Сантас асып, Сыртқа, Текеске кетеді. Сарбағыш ЬІстықкөлдегі Бұғы қонысына баса қонады. Бұғылар тау-тасқа қамалып, жұтайтын болады. Бұл 1856-57 жылдың қысы. Алматыдағы орыстан Бұғылар тағы көмек сұрайды. Бұғылардың бұл тілегімен Алматыдан П.П.Семенов бастаған отряд тағы шығады. Мұнымен бірге Сарбағыш пен Бұғының арасына кіріп, татуластыруға Ұлы жүздің сұлтаны Тезек төре Төрәлі баласы 800 кісісімен жүреді.
Семеновтың отряды Ыстықкөлге келгенде Сарбағыш үркіп, Бұғының қонысы түгіл, бұрынғы өздерінің өрісі — көлдің түстік жағасын да босатты. Бұл үріккенде Сарбағыш екі бөлініп, бірі Тоқпаққа қарай Шу бойына Қоқан қорғанына тартты. Бір бөлегі Теріскей Алатауды аса Нарын суының басына барып, Нарын қорғанындағы Қоқанның қорғауына саялады.
Сарбағыштың жер босатқанын пайдаланып, Семенов Заукен асуын асып, Нарынның басы шығатын Сырт деген жерге барды. Одан Бұғының қыстауына келіп, Бұғы мен Сарбағышты татуластырудың сөзіне кірісті. Екі жағы бітіп, барымталарын қайтарысып, байлаған кісілерін босатысты.
Бұғы тынышталған соң Семенов3 білім реттеу жөнімен Тянь-Шаньның күншығыс саласын аралап, Іленің басын кесе өтіп, Текесті көктей Ыстықкөлге оралып келуге ниет қылды. Бірақ бұл уақытта бұрыннан қазақпен барымталы Бұғылар Тезекті байлап алған дақпыртымен ойға алған жерден орала алмай, Семенов қайтып келіп Тезекті босатты.Пішпектегі Қоқан қолының бастығы Атабектен Бек төрені босату туралы сөйлес қылды. Атабек Бекені (Бек төрені) босатпады. Отряд Қордаймен асып, қайта Алматы келді.
Атабек Сарбағышты орысқа, орысқа қараған қазақ- қырғызға қайраумен еш қанағаттанбай, Ұлы жүз бен Бұғының адамдарына Барғыз қосылып, орысты қуалық деп хат жазды. Осыны естіп Колпаковский Қоқанға қарсы қалайда қапы қимылдың керектігін ұғындырып, жоғарғы өкіметінен тілек қылды. Өкімет Колпаковскийдің ұсынысын әбден қолдап, күш жиып, Қоқанның Тоқпақ, Пішпек қорғандарына соқтығуды Орынбор жақтағы орыс жорығы Түркістанға жақындағанша 1861 жылға шейін тоқтата тұруды мақұлдады.
1859 жылы шілде айында Омбыдан генерал Гасфорт Алматы келіп, Тоқпақ, Пішпек қорғанына аттанатын жорыққа жоспар жасады. Ұзынағаш, Қастек қорғандары күшейтілді. Бірақ Қастек қорғанына, қазаққа шабуылын Сарбағыш тоқтатпады. 8-9 қазан түнінде Сарбағыштар тоқтаусыз екі күн Қастек қорғанын қамап жатып, отряд аты жайылатын Қастек тауының шөпті жерінін бәрін өртеп жіберді. Генерал Гасфорт Жетісуда осындай жағдайдың бар екенін көзімен көрген соң Петербургтегі үкімет жарлығына қарамай-ақ жергілікті қаражат күшімен Қоқанға қарсы қимыл қылуға қам қылды.
* * *
Міне, Жетісуда Алатау округы бастығы және Ұлы жүздің приставы болуға Г.А.Колпаковский келгендегі жағдай осы еді. Бұл — 1858 жылы.
Г.А.Колпаковский Омбыда тұрған генерал Гасфорттың ең мықты, сенімді адамы еді. Колпаковскийдің ұсынысымен Гасфорт I Николай мен II Александрден Жетісуға Сібірден ғана емес, ішкі Ресейдің барлық губернияларынан крестьяндар көшіруге және Қашқардан, Орта Азиядан келген, келетін солдаттарды Жетісуға қала халқы қылып жерге ие қылуға, орысқа қаратуға рұқсат сұрады. Бұған ұлықсат алынды. Алматыға келген сарттар отырғызылып, орысқа бағынды. Қаскелең, Ұзынағаштарға үй салынып, адам отырғызылды.
Іле даласында орыстың үй салып, орныға бастауы Қоқанды мазасыздандырды. Қоқан хандығы Сарбағыш қырғызының арасына орысқа қарсы үндеу жүргізді. Сарбағыш орысқа қарап тұрған Бұғы қырғызымен, Ұлы жүздің қазағымен дамылсыз барымталасып тұрды. Бұғы мен Дулат Сарбағыш шабынынан үлкен тынышсызданды. Бұл уақытта Қастек асуының ішіне Қастек қорғаны салынды. Азық- түлігімен орыс әскері сонда жатты. Со жылдың 27-мамырында қырғыздан 500-дей кісі аттанып келіп Суықтөбедегі Дулаттарды шауып кетті. Артынан барған орыс әскеріне Сарбағыш қырғыздары соқтығып, отрядты бастап жүрген Ұлы жүздің Бек төресін қолға түсіріп алады. Бұл отрядты бастаған штабс-капитан Н.Н.Уюков деген орыс еді.
3-4 шілдеде Шөміш (жердің аты) жонында Уюков отряды Сарбағыштармен екі рет қолма-қол соғысып, аяғында қырғыздарды қуды. Орыс шілденің 10-ында Пішпекке таяу барды. Үй салды... Желтоқсанда Бұғы қырғыздарының ішіне келіп, Зәуке суының (бойына) қорған салуға, қырғыздан алым алуға жүрген Қоқан адамдарын қуды. Бұл отрядтың бастығы Жеребетьев деген еді.
1860 жылдың мамыр айында Қастек қорғаны арқылы Сарбағышқа соқтығуға әскербасы Шайтанов бастаған бір бөлек әскер Қастекке келді. Бұғыны аралап, Ыстықкөлді айналып, жоғары айтылған Жеребетьевтің отряды қосылды, Көтімалдыны орап қайтқан Бенюков тағы қосылды. Осы қосылған отрядтар Шудың басын басып, Қошқар, Жуанарық аудандарын аралап, қайта Қастек келді. Бұл жүріс Бұғыны орысқа әбден қаратты. Елдің қонысын көріп, елмен танысып — орыс әскері бұқараның көңілін шайып шықты. Отрядтарға бастық болып, елді аралатып, орысқа қаратуға себеп болған Қайшыбек Шералы баласы деген манапқа майорлық шен беріліп, аға манаптыққа бекітілді. Қоқан хандығына жасалатын жорыққа Цимерман деген бас болды. Оған тоқтаусыз Пішпек пен Тоқпақ қорғанын алуға табыс қылынды. Колпаковский жау-жарақпен Қастек қорғанын күшейтуге Алматыдан келді.
Колпаковскийге саудагерлер арқылы Пішпекке Үрістембек деген біреудің қалың қолмен Қоқаннан келуінен, жақында тағы Наманған жақтан қол келе жатқандығы хабарланды. Бұл уақытта Іле бекетіне Дулаттар тағы шабуыл жасады. Бірақ жарты взвод (10 шақты) солдат күшімен бекет талаудан аман қалды. Қоқан әскерімен «Жирен айғыр» деген жерде түйіскен Цимерман әскері жеңіп, Алматыға қайтып келді. Келіп бір ай демалып, Тоқпақ, Пішпек қорғанын алуға қайта аттанды. Онда 3 отряд: 6 взвод жаяу, 6 взвод атты қазақ-орыс еді.
22-тамызда Қастекке барлық әскер, жабдық жиналды. 23-тамызда орыстың әскері екі бөлініп, жаяулар осы күнгі Қасқарау жайлауы — Қордайдың шығыс жағымен, атты казак-орыс Қастектің асуымен асты. 2б-тамызда бұл екі отряд су жағасында тоғысып, өзеннен өтіп, Тоқпақты қамап, «Зөгерек» атты Тоқпақ қорғанында 70-тей ғана Қоқан әскері бар екен, бұларды қоя беріп, қорғанды (крепосты) талқандады.
Тамыздың 28-інде Цимерман отрядына 100 кісімен Колпаковский, 150 жігітімен Тезек төре қосылды. 29-тамызда орыс әскері Пішпекке келіп, қорғанды босат деп ұсыныс қылды. Бұл ұсыныс Қоқан қолы тарапынан қабыл алынбады. 31-тамыздан бастап, қыркүйектің 4-іне шейін Пішпек қамалып, зеңбіректің астына алынды. 4-қыркүйектің кешіне екі кісі елші келіп сөйлесіп, Пішпек қорғаны орысқа берілді. Қорғандағы 627 адам Қоқан отряды босатылып, қорған жермен-жексен қылынды. Екі жақтан да адам өліп, жараланды. Сарттан өлген — 20, жаралы — 50, орыстан бір кісі өліп, үш кісі жараланды. Пішпекті талқандап алып болған соң Алматыға келіп, орыс әскері таратылып, подполковник Цимерман Қоқан аптығын бастым деп, аз әскермен Колпаковскийді Жетісуда қалдырды да, кейін қайтып кетті.
Орыстар Қоқан қолының қорғанын талқандап қайтқан соң енді Алматыда жасанғандықты қойып, жайбарақат жата берді. Отрядтың алды Омбыға, Қапалға қайтты. Қалғаны тыныштықпен қыстауға үй салуға кірісті.
(Қолжазба араб қарпінде. ҚР Орталық мешекеттік архиві: Қор - Р-1368; Тізбе - 1; Іс - 51).
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі