Өлең, жыр, ақындар

Қайым Мұхамедханов – қазақ руханиятының қайраткері

2026 жылы қазақ ғылымы мен әдебиетінің ірі тұлғасы, көрнекті ғалым, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз әрі қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Оның есімі қазақ руханиятының алтын қорына мәңгілікке жазылған.

 

Қайым Мұхамедханов 1916 жылдың 5 қаңтарында дүниеге келіп, 2004 жылдың 30 маусымында өмірден өтті. Ол саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен ғылымының дамуына арнаған бірегей тұлға болды. Ғалым Абайдың ақындық мектебін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, қазақ әдебиеттану ғылымында жаңа бағыттың негізін қалады. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы текстология ғылымының, шәкәрімтану мен алаштану салаларының негізін қалаушылардың бірі ретінде тарихта қалды.

 

Қайым Мұхамедханов — Семей қаласында Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастырушы. 1940 жылы ашылған бұл музей бүгінгі күнге дейін ұлы ақын мұрасын насихаттайтын киелі ордаға айналды. Сондай-ақ ол 1945 жылы қабылданған Қазақ ССР Әнұранының авторыретінде де ел тарихында ерекше орын алады.

 

Ғалымның ғылыми мұрасы аса бай. Ол — 1000-нан астам ғылыми еңбек пен зерттеудің авторы. Оның еңбектері Абай шығармашылығын тану мен түсінуде, ұлттық әдебиет тарихын жүйелеуде баға жетпес құндылық болып саналады. Қайым Мұхамедханов 1940 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды.

 

Ерен еңбегі үшін ол көптеген марапаттар мен атақтарға ие болды. Атап айтқанда, 1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Сонымен бірге ол:

    •    Халықаралық Абай академиясының Алтын медалінің иегері (Лондон, 1995);

    •    Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық Абай сыйлығының бірінші лауреаты (1996);

    •    Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының бірінші лауреаты (1996);

    •    Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты болды.

 

Сондай-ақ ғалым КСРО және Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Шығыс Қазақстан облысының Семей, Аягөз қалаларының, Жаңасемей және Абай аудандарының Құрметті азаматы атанды.

 

Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы — ғылымға адалдықтың, ұлтқа қызмет етудің, шындық пен әділдік үшін күрестің айқын үлгісі. Оның артына қалдырған мол ғылыми мұрасы мен рухани қазынасы бүгінгі және келер ұрпақ үшін сарқылмас байлық болып қала бермек.

 

Қазақ руханиятының шамшырағы болған Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдық мерейтойы — ұлт тарихындағы тағылымды кезеңдерді еске алып, ғалым еңбегін дәріптейтін маңызды рухани оқиға.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз