Сарыбайдың үш қызы
Осы жазбамды нағашы атам Сарыбай мен нағашы әжем Әлпеміштің рухына арнаймын! «Жақсының - аты, ғалымның – хаты өлмейтінін» тарих сан мың мәрте дәлелдеп келеді. Бұл жазба - ата-әжеме қойылған ең қымбат ескерткіш болсын. Рухтары Жәннаттық болып, Қияметте пайғамбарлар, Һәм шаһидтермен бірге тірілсін!
Мен нағашыларымды көрмедім. Бірақ ол кісілер жайлы үлкендер айтқанда, қатты қызыға тыңдап өстім. Бір өкініштісі, дәл қазіргі ата-әжелерде сол ерекше қасиеттер мен мейірімнің азайып кеткенін көріп, жаным құлазиды. Үлкен әпкелерім көрген мейірімді көре алмай қалғаныма, «нағашы» деген жұрттың махаббатына армансыз шомыла алмағаныма қарамастан, ол кісілерді шексіз жақсы көремін! Маған ана және нағашы әпкелер сыйлаған аяулы жандарға, терең тәлімдері мен мол ғибраттары үшін алғыс айтамын!
Екі күннен кейін сүйікті нағашы әпкем Бижамал, 64 жасқа толады екен. Бай болғанда көлік мінгізіп, қымбат сый ұсынармын. Ал әзірге жүрегімнен шыққан осынау жазбамды тарту етемін! Ақ ниетпен, шын жүректен қабыл алыңыз!
Жиен сіңліңіз Гүлмекен Қасенбай
05.03.2022 жыл.
Қырғызсайдың Қыз Жібегі.
Ол келе жатқанда бұрылып қарамайтын адам болмайтын. Кей жігіттер фотоаппаратын жарқылдатып, сыртынан суретке де түсіріп жүрді. Тал бойында бір міні жоқ, аппақ, сүп-сүйкімді, оймақ ауыз, күлім көз сұлудың есімі - Бижамал еді.
Әкесі - атақты Сарыбай ұста. Анасы - шебер Әлпеміш. Асылхан, Нәсілхан атты қос әкпесі бар. Кенжелері - осы Бижамал еді.
Екі қыздан кейін өмірге ұл бала келген. Аппақ балпанақтай сұлу сәбиге, бесікте жатқанда көз тиіп шетінеп кетеді. Сол қайғыдан кейін, араға 8 жыл салып құрсақ көтергенде, орта жастағы ұста мен бәйбішесі қатты қуанады.
"Сүйінші! Қызды болдың!"- дегенді естіп, анасының бойын бір мұздай сезім қарып өтеді. Әлгі суықтық омырауын иітпей, сүті тартылып қалады. Бәлкім өзін күйеуіне ұл туып бере алмағанына кінәлі сезінген болар. Бәлкім, ұлға деген сағыныш... Әйтеуір өз-өзін жегідей жеп, қан қысымы түспей қояды.
Біз кейде пенделікке салынып, өз армандарымыздың тұтқынына айналамыз. Болмаса үш қыз бала өсіріп, жақсы тәлім-тәрбие беріп, құтты орнына қондырған ата-аналарды пайғамбарымыз Мұхаммед (салла Аллаһу ғалейхи уассалам) Жәннатпен сүйіншіледі емес пе? Ендеше нағашы атам мен әжемнің мәңгілік өмірде (Жәннатта) ерте кеткен ұлдарымен, сүйікті қыздарымен бақытты ғұмыр кешулерін тілеймін!
Әңгімеге қайта оралайын. Қарны тоймай шырылдап жылаған сіңлісіне, он бес жасар Нәсілхан (менің анам) печеньені сүтке қосып қайнатып беріп, тербетіп ұйықтатып, қамқор болады. Айлар өтіп, нәрестенің қылығы шығып, тәп-тәтті күлкісімен үй-ішін баурағанда барып, көкірегінде тас боп қатқан шемен жас боп ағып, анасы сәбиін бауырына басады.
Әкесіне тартқан сүйкімді қыз мектепте алғыр да талантты, жан-жақты дарынды, үздік оқушы болады. Оған қоса ерекше тартымды, адамдарды бір көргеннен өзіне баурап алатын көркем мінез, жылы жүзді, күлімдеп тұратын, биязы ару болып бойжетеді. Ары қарайғы әңгімені дәлелмен жеткізу үшін, әпкесі мен жиен сіңлілеріне берейін.
Әпкесі Нәсілхан Сарыбайқызының ата-анасы, әпке-сіңлісі жайлы естелігі:
Ата-анам ерте отау құрып, бар өмірлерін өнер үйренуге, қай істі қолға алса да, шебер істеуге арнайды. Анам 21 жасында тұңғышы Асылхан әпкемді, 26 жасында (1943 жылы) мені, араға 7 жыл салып шетінеп кеткен ұл баласын, 8 жылдан кейін (1958 жылы 8 наурызда) Бижамалымды өмірге әкелді.
Татулық пен махаббатқа құрылған отбасының қыздары болдық. Ата-анамыз тек еңбексүйгіштікке баулыды. Әкеміз Сарыбай - темірден түйін түйіп, күміс балқытып, асыл, ақық тастармен безендірілген бес қаралық қымбат та ауыр ер-тоқымдар жасап сататын. Құйысқан, жүгеніне салпыншақ тағып, ерге айшық орнатқан мұндай ер-тұрманға қызықпайтын қазақ жоқ. Жағдайы бар бақуатты адамдар алыстан іздеп келіп, сұраған малы мен пұлын беріп, қайталанбас қолөнер туындыларын таласа алып кететін.
Қыз жасауына арналған қымбат тастардан көз орнатқан айналы сандық, жүзік-білезік, қамшы-жүген, келі-келсап, жозы, асадал, бесік, әбдіре т.т. мыңдаған қолөнер бұйымдарын да жасап, ешқашан бос отырмайтын. Арасында көпшілікпен бірге үкіметтің жұмыстарына шығып, ұсталығымен қоса мықты аспаз ретінде де көзге түседі.
Анам да әкемнен қалыспай, кепкен мал терілерін иін қандыра илеп, қайыңға бояп, байларға қызғылт түсті (оранжевый), былғары жиекті, қалың тондар мен тері шалбарлар тігіп сататын. Алабота (шөп) мен сексеуілді өртеп, күлінен сақар қайнатып, май қосып сабын жасайтын. Ол сабындар кірді қазіргі ең қымбат ұнтақтардан мың есе артық кетіретін еді. Әрі шипалы, тері ауруларына ем болатын.
Әлі комбайн машинасы жоқ заманда дайын ұн, піскен нан сатыла бермейтін. Әкем өзі егін егіп, қолымен орып, егінді анам баулап, тұлықтаспен бидай бастырып, тары ұшырып, қыстық азығымызды қамдайтынбыз. Күні-бойы тұлықтас жеккен аттың үстінде секектеп, іші-бауырым солқылдап, аяғым бастырмай қалатын.
Басында Ахмет Байтұрсынов жасаған «төте жазумен» қазақ мектепте білім алып, кейін Қытай мектебіне озат оқушыларды іріктеп алғанда, солармен бірге комиссиядан өтіп, қытай мектебінде оқыдым.
Әкем ұсталықпен айналысқанда, көрік басып беретінмін. (Көрік – темір балқыту үшін шоқты үрлеп отыратын құрал.) Ол кезде қазіргідей газ болмағандықтан, әкем «шырғанақ» деген ағашты өртеп, көмірін үйіп жинап алатын. Сосын ешкінің терісінен қазіргі насос секілді «көрік» деген құралды қолдан жасайтын. Екі шетін екі қолға киіп, ортасына толған ауаны шығарып-толтырып труба арқылы шоқты осы құралмен үрлеймін.
Тоғыз жасар мені зерігіп, ойнап кетіп қала ма деп ойлап, үйге келген кісілерге «Ой, менің балам «Желіккен жеңгейлерге»-ні айтып береді! (А.Тоқпанов, «Ерлік пен ізгілік» кітабынан) Менің балам «Тартпа шылымды» айтады. Қытайша өлең айтып берші? Әп, бәрекелді! Жарайсың құлыным!» – деп риза болып, әрі мені оқу-білімге шабыттандырып, қанаттандырып отыратын.
Үйде Жамбылдың, Абайдың, Пушкиннің кітаптары бар еді. Сол кітаптарды төте жазудан оқып, «Нұрила мен Үмбетәлінің айтысы» және оған Жамбылдың берген төрелігі, «Жамбыл мен Шашубайдың айтысы», «Жамбыл мен Айкүмістің айтысы» секілді көлемді шығармаларды да жаттап алдым. Сол жаттаған шығармаларды әлі жатқа айтамын. Бала кездегі ми тұнық, оқыған кітабың ешқашан ұмытылмайтын, тасқа жазған жазу іспетті болады екен ғой!
Анам ас-ауқатқа аса епті, қолы дәмді адам болды. Орған тарыны «тас болып кетеді» – деп қырманға салмайтын. Тарының басын келдектеп-келдектеп мөшекке салып, сыртынан тоқпақтап уатып алатын. Сосын бір күн бұрын қайнатып, мөшекке салып қойып, түн асырып, ертесі қуыратын. Қуырған тарыны мен келіменен түйетінмін. Мен - түйем, шешем – қуырады. Одан кейін оның кебегін ұшырып тастап, шешем екеуміз оны ақтаймыз. Ол тарының сөгі керемет дәмді болушы еді. Үйге келген елге сүтке бөрттіріп, сары майдан салып тұрып беретін шешем марқұм. Елдер мұндай асты сүйсіне, алғыс айтып жейтұғын. Тарының талқаны да тәтті болатын. Қазанға жылқының майы, қойдың майы, сары майды қыздырып, қайнатып отырып, бал мен құмшекерді ерігенше тары-талқан қосып араластырып, жесең таңдайыңнан дәмі кетпейтін жент жасаушы еді. Үлкен эмальді шелек ыдыстарға қатырып қоятын. Шетінен опырып жеп жүруші-ек! Дәл сондай жентті кейін еш жерден жеген емеспін.
Жүгерінің ұнынан «пом-нан» (тәтті кеуек булочкилер), «жың момо» (қазіргі пигоди секілді, ашыған қамырды буға пісіреді) т.т. небір тәтті нәрселер пісіретін. Қатықтың сары суының өзін шекер қосып қайнатып, қоңыр түсті тәтті шәрбат жасайтын. Біздерге кесте тігу, өрнек тоқу, жіп иіру, бізбен тор тоқу, шимен тоқыма тоқуды, киім пішіп тігуді, үй жабдықтары мен қап, дағарларды, дорба, айнақап, көрпе, тұскиіз, алаша, текемет, сырмаққа шейін оюлап сырып тігудің барлығын үйретіп кетті.
Біз Қытайдың Құлжа қаласы, Нылхы ауданында тұрдық. Табиғаты керемет жер еді. Ауасы көкірегіңді шайдай ашып, қанша жұтсаң тоймайтын, суы мөлдір, су түбіндегі тастары түрлі-түсті, қызыл-жасыл бор іспетті болатын. Сол тастармен жарқабақтардағы аппақ жалпақ тастарға жазу жазып, сурет салып ойнайтынбыз. Бұлағының суы жылт-жылт етіп, елдер ішінен кебек алтын сүзіп алдық – деп жүретін. Қатар-қатар мың бұлағы болғаны үшін, қазақтар «Мың бұлақ», қытайлар тілдері келмей «Мылхы» кейін «Нылхы» атап кеткен.
Әпкем Асылхан да - жанып тұрған талантты қыз болатын. Мектепте оқу үлгерімі өте жоғары болды. Басына он екі шыныны қойып билегенде, жұрт таң-тамаша қалатын. Даусы да керемет еді. Қазақша, ұйғырша тамылжытып ән салатын. Бір күні Құлжадан, облыстан адамдар келіп, 5 шартқа толған балаларды біз консерваторияға аламыз – деді. Олардың шартына әпкем тура кеп, әкем қызымды «әртістің оқуына бермеймін» - деп, ауылдың кіл жақсы-жайсаң, әкімдері бір ай бойы әкеме жалынып жүріп, әрең дегенде әпкемді Құлжаға алып кетеді.
Бесінші оқу корпусында оқып, кілең әскери киімдегі қыздар қатаң тәртіпте білім алып, нота үйреніп, Пекинге дейін барып концерт беріп келеді. Артынан апам екеуміз іздеп барып, жатақханасына қонып қайттық. Қасында Алтай, Шәуешектен келген Бижамал, Биғайша деген қыздар бар екен. Бижамалы апамның омырауын еміп:
-Апа, сағынып кеткенім-ай апаларымды – деп, әбден еркелеп, сағынышын басып еді сонда. Апамның мейірі оянды ма, содан кейін барып сіңлімді көтеріп, атын әдейі «Бижамал»- деп, сол қыздың есімімен атады.
Содан көре алмайтын бір адам әкеме арыз жазып беріп: «ол жерден қызың бұзылып кетеді, тез арада алып кет!» - деп айнытады.
Онсыз да қызын уайымдап, зорға жүрген әкем: «Әйелім қызымды сағынып кетіп қалды. Жалғыз қалдым. Қызымды қайтарыңдар?» - деп арыз жазады. Сосын «біреудің жанұясын бұзуға болмайды! Қайтарыңдар!»-деп, әпкемді ауылға қайтарады. Әпкем ауылда «Халық Комитетінің әртісі» болып жұмыс істейді. Маған бар білгенін үйретіп, мен де талай ауыл өнерпаздарымен концертке шығып, ән айтып, би-билеп өнер көрсетіп жүрдім.
Қытайда ұйғыр көршілеріміз болды. Солардың қыздарымен ойнап, ұйғырша сөйлеуді жақсы меңгергеніміз содан. Бүгін түскі асты сол үйден ішсек, ертесі біздікінен ішетінбіз. Дәмді тағам жасасақ, анамыз міндетті түрде көршілермен бөлісетін. Олар да біздерден бар тәтті-дәмдісін аямай, өте тату тұрдық. Сол тұста шегара ашылып, халық жаппай атамекенге қоныс аудара бастады. 1959 жылы біз де Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Қырғызсай ауылына көшіп келдік.
16 жасар кезім. Қырғызсайдағы орыс мектебінде 1 жыл орысша оқып, криллица әрпімен таныстым. Келесі жылы Сүмбе ауылына, Қасенбай деген жігітке ұзатылдым. Ары қарайғы өмірім ата-анам дүниеден қайтқанша, екі үйдің ортасында, екі ауылдың арасын жол қылумен өтіпті. Келіндік міндетпен қоса, перзенттік парызымды да орындауға, ата-анамның да разылығын алып қалуға тырысып жүргенде, 6 балалы болып үлгердім. Анам 1972 жылы наурыз айында қан қысымынан көз жұмды. Кенже қызым Гүлмекен туылғанда, Бижамалым Қызылордаға күйеуге кетті. Осы жылы әкем асқазан рагынан ауырып, 1981 жылы сәуір айының 20-сында қайтыс болды. Ал мамырдың 6-сы күні, мемлекеттік емтихан тапсырып жүрген сіңлім, тұңғышы Динарасын босанады. Оның артында бауырлары болмады. Өзі алғаш рет сәбилі болып отыр. Бөпесін қалай шомылдырып, қайтіп орап, не істеп жатыр? – деп шапқылап Алматыға келдім.
Сіңлімді көріп, Дикотайды шомылдырып, ол емтихан тапсыруға кеткенде емізіп, екі бөпеге бірдей қарап отырдым. Сегіз айлық Гүлмекенім мені бөлесінен қызғанып, шыңғырып жылап, жұлқынып-жұлқынып үстіндегі киімдерін тұтас шешіп, маған ұмтылатын. Қасында бір аптадай болып, қаладан азық-түлігімді ала келіп, әкемнің қырқын өткіздім.
Қара шаңырақтың перделерін шешіп, дүние мүліктің жарымын өзіме, жартысын туыстарыма бөліп беріп, есігін құлыптап шыққанда, ата-анамның неге ұл аңсағанын, Сарыбай мен Әлпеміш жаққан ошақтың оты расымен-ақ өшкенін.. бар жан-дүниеммен сезініп, көз жасым көл болды....!
Алланың ісіне не шара?! Ендігі арманым ата-анам о дүниеде бақытқа кенеліп, Жәннатқа өздерінен бұрын кеткен ұлдарымен, жақсы тәрбие берген үш қызымен кіруін күні-түні тілеп жүрмін! Бұл күні өзім де бір жылы кем сексенге келдім. Шүкір, біреуден артық, біреуден кем өмір сүріппін. Ұл болмаса да, ұлдан артық қамқор болып, бала-шағама көмектерін аямай, арқа сүйер әпке-жезде болғандары үшін, Сексенім мен Бижамалыма алғысым шексіз! Қыздары мен Олжатайының қызығын көріп, Қияметке дейін ұрпағы жалғаса берсін!
Жиен сіңлісі Гүлсара Қасенбайқызының естелігі:
Мен ес білген кезден бастап, Бижамал тәтем мен Күлімхан тәтем (әкемнің қарындасы) маған таласып жүретін. Менен небәрі 7 жас қана үлкен нағашы әпкем, Қырғызсай мен Сүмбенің арасында мені ары-бері таситын да жүретін. Ертелі-кеш Пазик автобус жүретін. Кейде автобустан кешіксек көпірден өтіп, жаяулатып төтелей тартатынбыз. Шаршасам арқасына көтеріп, шөлдесем қағаздан стакан жасап, ағып жатқан өзеннен су ішкізетін.
Кейде нағашы атам өзі есегіне мінгізіп алып кететін. Қырғызсайға жақындағанда:
Ата мен бұлт еттім – дейді екенмін.
Қайда бұлт еттің балам? - десе,
Мен нағашы атам мен нағашы апама бұлт еттім. Мен енді сіздердің балаларыңызбын!- дейді екенмін. Ал қайтарда Сүмбеге жақындағанда:
Ата мен бұлт еттім!-деп, тағы айтады екенмін.
Қайда бұлт еттің балам?-десе,
Мен әке-шешеме бұлт еттім. Енді солардың қыздары болам! – дейді екенмін.
Сөйтіп былдырлап арқасына жармасып, есегіне мінгесіп жүретінім есімде қалыпты. Нағашы атам мен әжем мені қатты жақсы көрді. Дүкенге апарып бастан-аяқ киім әперіп, тәттілердің неше түрін үйіп тастайтын. Мектепке барғаннан кейін, сенбі-жексенбі күндері сабақтан шыға сала Қырғызсайға тартып тұратынмын. Тіпті жазғы каникулым тұтас сол үйде өтетін. Бижамал тәтем екеуміз әпкелі-сіңлілі қыздардай бір үйде өстік.
Нағашы атамның үйі керемет таза, берекелі, қонақ үзілмейтін төрт бөлмелі шаңырақ болатын. Едені айнадай жарқырап, әр зат өз орнында, кірсең шыққысыз үй болды. Апама еркелеп дәу мысық жүретін. Үлкен, дәмді тандыр нандар пісіретін. Қоймасы мен асадалында (қабырғаға қағылған, беті пердемен жабылатын сөре) дорба-дорба конфет-печенье, кастрюлдерде қатырылған жент, бал, сары май, жұмсақ құрттар, қайтарған май мен балды араластырып өзінше бір дәмді тағам жасап қоятын.
Үйде жылқы, сиыр, қой, ешкі сынды төрт түліктің бәрі болды. 200-ге жуық тауықтары мен үйректері бар болатын. Орыс, ұйғыр, қазақтар шелек-шелек жұмыртқа, тауықтар сатып алатын. Тауықтар үйілген топандар мен маялардың арасына туатын. Кішкене екі шелегімді қолыма алып, мен жұмыртқаларды шелектерге бетпе-бет толтырып, зорға көтеріп теріп шығатынмын.
Ой балам рақмет! Міне менің Күшәтайым адам болып жұмыртқа жинап жүр. Осының ақшасын өзіне берем! – дейтін, апам марқұм.
Бау-бақшалары жайқалып, алманың неше сорты, қара өрік, сары өрік, шие, алша, шабдалы, алмұрт, таңқурай секілді жемістің барлық түрі өсетін. Сегіз түп тәтті дән өрік бар еді. Марқұм Бақытгүл әпкем екеуміз кешке шейін тәтті дән шағып жеуші едік. Апаммен бірге қақ жайып, банка-банка тосап (варение) қайнататынбыз. Ұрада алма, картоп, сәбіз, асқабақ, салат-варениелер тізіліп тұрушы еді.
«Серенада» деген асты - радио, үсті – күйтабақ ойнайтын патефон болды. Атам Алматыдан, Шонжыдан Батырлар жырын әкеліп, бүкіл көршілер біздің үйге жиналып «Алпамыс», «Қобыланды» жырларын тыңдайтын. Күләш Бәйсейітова, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Дос-Мұқасан т.т. орысша-қазақша күйтабақтар (пластинка) көп болатын. Пеште от жанып, ызылдап шай қайнап, күйтабақ ойнап, үйді мұнтаздай ғып тазалап, радио тыңдап жататынбыз.
Жиі қой сойылып, үйге жақсы-жайсаңдардың бірі келіп, бірі кетіп жататын. Апам үнемі қонақ шақыратын. Айттықта шалдар басып қалатын. Ат-есектер қашаның ана басынан, мына басына дейін қатар-қатар байланып тұратыны есімде. Нағашыларым ауқатты, үнемі ақшалы, берекелі-мерекелі отбасы болатын.
Бірде атам мен әжем ақшаларын, сататын заттарын алып Кегеннің Қарқара жайлауына, қойшылардың слетіне кетті. Сонда екі-үш күн жүріп, қоржын-қоржын базарлықты үйіп-төгіп әкелгені есімде. Күмбірлеп қалған домбыра, үлкен розовый дөңгелек обручты әпкеме әкеліп берді. Одан кішірек көк обручты дәл сол кезде ауылда жүрген бөле әпкем Бақытгүлге, одан кішірек қып-қызылын маған алып келді. Бүйірінде қызыл-жасыл жолағы бар үлкен көк допты әпкеме, одан кішірегін Бақытгүл бөлеме, одан кішірегін маған, одан да кішкене қып-қызылын бөле інім Нұрбосынға алыпты. Кілең қымбат кәмпиттер, қызыл-жасыл жалтыраған маталар, орамал, жемпірлер бар, барлығымызды базарлықтарымен қарық қылған.
Атам мен әжем қыздарына ең қымбат, ең әдемі нәрсенің барлығын алып беріп, бетінен қақпай еркелетіп өсірді. Бижамал тәтем мектепте үздік оқып, қызылға бітірді. Өнерпаздар үйірмесіне қатысып, домбыра, баянмен ән айтып, би де билеп жүретін.
Осы ас та төк береке апам қайтқаннан кейін азайып қалғандай, үй үңірейіп қалғандай сезімде жүрдім. Бір күні атама барсам, пештің күлін алып, сақалынан жасы алты тарам болып ағып, жылап отыр екен. Ол кісіге қосылып мен де жылап, «Болды бұдан кейін мен осы үйде жүремін. Атамның кірін жуып, тамағын жасап беремін» – деп, сенбі-жексенбіде Қырғызсайға шапқылайтынмын. Атамның арқасын құшақтап, тер иісі сіңген киімін иіскеп, қасында жататынмын. Менің нағашы атамдай мейірімді атаны көрмеппін. Өте балажан болатын.
Үй дәл таудың етегінде еді. Суды таудан асып, бұлақтан әкелетінбіз. Көршілердің барлығы атамның бауырлары - Сауданбек ата, Ниязбек ата, Қапсалаң ата, Оразбай ата деген кісілер еді. Ниязбек атаның Кенжақын, Молдақын деген балалары болды. Барлығы еңбексүйгіш, пысық, ағаштан түйін түйген шебер кісілер еді. Әр үйде он-он екі баладан. Кешке шығып шуылдап көшеде ойнап жатушы едік. Бақытгүл (Бакош), Гүлжамал, Бүбішайлар 1963-ші жылғылар, мен, Гүлсара, Нұргүлдер 1965-ші, Елеусіз марқұм 1964-ші жылғы еді. Барлығымыз үнемі «қызыл ту», «орта гол» деген ойындар ойнайтынбыз. Атамдар алыстағы бұлақтан ішетін таза су әкелсе, біздер әкпішпен өзеннен кір жуатын, гүлге құятын су таситынбыз. Есіктің алдында небір гүлдер өсіп тұратын. Әркімнің бойына шақ өз әкпіші (иін ағаш) мен шелегі болатын. Бүкіл ауылдың қыздары бірге жиналып, суға баратынбыз.
Апам қайтқан соң бір күн Әбен жешем, бір күні Оразқан жешем тамаққа шақыратын. Даладағы үлкен қазанға кеспе жасайды. Дәмі тіл үйіретін еді. Қай үйге барсаң береке. Күніге қой сойылып, қонақ басып, ет асылып жататын. Барлық үйде дорба-дорба құрт, қарын-қарын май, мешоктап қақ жиналып тұратын. Оншақты бала-шағалы болса да, кәмпиттері де таусылмайтын. Ас та төк береке. Әр үйден 5-6 сауын сиыр, 30-40 қой шығатын. Көктемде барлық үйде қорапта қозылар тұратын.
Атам қызын біреулер алып қашып кетуінен қауіптеніп, ешқайда жалғыз жібермейтін. Концертке шықса да бәріміз бірге баратынбыз. Киноға тіпті жібермейтін. Біреулер ысқырып келсе:
Кім ол ысқырып жүрген? Атам мен қазір! Мылтығым қайда тұр? – деп айқайласа, расымен атады екен деп, зәрем ұшатын. Ұлдар кеп, қыздар кеп:
Бижамал, Бижамал – деп құр айқайлап қайтып кететін.
Күлпан – деген құрбысы болды. Екеуі егіз қозыдай бірдей киініп жүретін. Құрбысы тәтемді бірге сабақ оқуға үнемі үйіне шақырып алатын. Оның Айтжан деген көрікті ағасы бар еді. Сол Бижамал әпкеме қырындап, тандырдың үстіне шығып алып, сай жақтағы біздің үйге айна түсіріп отыратын. Кейде сыртынан суретке тартып жүретін.
Бижамал тәтем Сүмбеге келсе, ауылдың бар жігіті соңынан еріп, біздің үйге дейін келетін. Тәтемнің сұлулығына тіл жетпейтін. Қуыршақ секілді еді. Үстінде джинсовый пальто, кейде писец жағалы пальто, чулки сапок, басында аппақ үлпілдеген ақ косынка орамал тағып қыста келсе, жазда әдемі көйлектермен, аяғы оқтай, шашын бұйралап, түйіп алады. Сосын менен:
Күшай, қарашы ана жігіт маған қарап тұр ма? – деп сұрайды.
Ойбай, жігіттің барлығы сізге қарап тұр! – деймін мен күліп.
«Анау жігіт қарап тұр. Анау да, мынау да қарап тұр» – деп мақтана мәз болатынмын. Расында сұлу әпкеме жігіттер түгілі, қыздардың өздері ауыздары ашылып қарап қалатын. Автобусқа кірсек орын жоқ, түрегеп тұратынбыз. Сол кезде Қырғызсайға жеткенше адамдар көз алмай және қарап отыратын. Автобустан түссек ол жақта да жүрегін ұстап, сыртынан ғашық болған жігіттер ысқырып, қол бұлғап, үйге дейін ілесіп жүретін. Үлкен кісілердің өздері тоқтатып хал сұрасып, «Сарыбай атаның сұлу қызы қалайсың?», «Аппақ қыз, чырайлық қыз қалайсың?» - деп, ұйғыр-қазағы аралас қауқылдасып, қал сұрасып жататын.
Бижамал әпкем даусы күміс қоңыраудай сыңғырлап, Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Бұлбұл» секілді әндерді орындайтын. Домбырамен Жезкиік, Туған жер, Қарқаралы, Ақбұлақ т.т. әндерді шырқап, түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып, облыстық, аудандық газеттерден түспейтін. Тіпті Консерваторияның тегін жолдамасын ұтып алып, оқуға түсіп тұрған жерінен, атам қаламаған соң бас тартып, ҚызПИ-дің физика-математика факультетіне түседі. Өнерімен көзге түсіп «Айгүл» ансамбльіне мүше болады. Оркестрде де отырды. Негізгі арманы КазГу-дің Журфагына түсу болғанымен, үш жыл қатарынан жолы болмай, 2-3 жыл ауылда Сельский советте жұмыс істейді. Жазуы маржандай, орысша-қазақшаға бірдей сауатты жазғандықтан, түрлі құжаттарды толтырып (туу туралы күәлік, төл құжат т.т.), хатшы болып істеді.
Қызылордаға барғанда да парторг, мұғалім болып жұмыс істеді. Айтысқа қатысып, әнін айтып, қойылымдарда Қыз Жібектің ролін сомдады. Белсенді де беделді ұстаз болды.
Әпкем оқуға кеткеннен кейін мен үнемі барып атамның кірін жуып, тамағын жасап, нанын жауып беріп жүрдім.
Атам - ұста, әжем - ісмер кісілер болды. Есік алдындағы қоймада ұзын-ұзын жәшіктер тұратын. Атам өзі жасаған, «саң» - деп атайтын. Біреуінде тола ұн, біреуінде бидай, енді біреуінде малға, тауыққа беретін жемдер сақталатын. Бір бұрышта сыпыртқының бозқараған, ши, тобылғыдан жасалған 3-4 түрі ілулі тұратын. Үлкені бар, кішісі бар, аула сыпыратыны бөлек, қора сыпыратыны бөлек, неше түрлісін жасап қоятын. Кетпені, күрегі, балтасы бар әр зат өз орнында тұратын. Ешнәрсесі шашылып жатпайтын, өте ұқыпты кісі болды.
Таңғы сағат 5-те тұрып, үлкендігі 200-300 кг болатын қанарлармен топанға кетеді. 6 қанарды топанға толтырып, ат сияқты есегіне артып, өзі ортасына отырып, зорға көрініп келе жататын. Соны есекке қалай артты екен? – деп, әлі ойлаймын. Солай екі мәрте топанға барып келеді. Одан кейін суға барады. Шәйді қойып, жұмыртқаны газға қайнатып, есік алдын сыпырып «балам тұр» - деп, мені оятатын. Күн шыққанша бүкіл жұмысын тындырып қоятын. Шампанның бөтелкесіне тары көжесін құйып беремін. Өзі оған ағаштан тығын жасап алған. Нанын, жұмыртқасын алып жұмысына кетеді. Кешке алмасын алып бірақ келеді. Келе сала шомылып, жуынып-шайынып, киімін ауыстырып тап-таза болып отыратын. Мен атамның жейде-шалбар, нәски-шұлғауларын аппақ қып жуып-шайып, тазалап іліп қоятынмын.
-«Ой, айналайын сары қызым менің!» – деп мақтап, мені қатты жақсы көретін. Шітірейіп киініп-ап, арасында тойға баратын. Аузында екі тал алтын тісі жылт-жылт етіп тұратын, әдемі қария еді. Елді күлкіге қарық қып, өзі де ішек-сілесі қатып, әңгімені керемет айтатын, көпшіл кісі болды. Өмірі ауырмаған, бақуат, апам «белім ауырды» - десе, «бел ауырғаны несі? Бел деген қай жақта болады?» - деп, әзілдеп отырушы еді. Тап-тұйнақтай, еңбексүйгіш, қағылез, ісмер нағашы ата-апамыздан үйренеріміз өте көп еді..
Нағашы апам қайтқаннан кейінгі жылдар. Атам колхоздың алма бағының шөбін шабады. Қайтарында қоржын-қоржын алма алып қайтады. Кеседей-кеседей алмалардың иісі бұрқырап, көздің жауын алатын. Атам бір дорба алмасын көшенің басынан үйге жеткенше балаларға таратып келеді. Мен болсам сол тәтті алмалардың бір-екеуін жеп, қалғаны тамағымнан өтпей, үлкен тегешке салып, қонақ бөлмеге апарып Бижамал әпкеме сақтап қоямын. Біресе ұраға салып сақтаймын. Тұра берген соң алмалардың асты жағы шіриді. Шіріген алмаларды лақтырып, қайтадан басқа алмалармен ауыстырамын.
Бір күні сұлу әпкем келеді әйтеуір. Жүгіріп барып жаңағы алмаларды беріп:
Қараңызшы, мынаның иісі қандай керемет? Мынаның дәмі ерекше тәтті! – деп мақтай жөнелем.
Өзің жемей, маған сақтап жүрсің бе? Жаныыыым соооол! – деп бетімнен сүйеді әпкем.
Сосын маған әкелген көп сыйлықтарын береді. Ерекше, ешкімде жоқ нәрселерді, өзінің әдемі көйлектерін, үйіп-төгіп сумка-сумка ғып маған тастап кететін. Ол кісінің келгені барлығымыз үшін үлкен мейрам болатын. Керемет сәнді аяқ киімдері мен пальтоларын, жылт еткен дүниесінің барлығын маған беретін.
Кейде Бижамал тәтем оншақты матасын алып, екі-үш күнге ауылға келетін. Анамыз соның барлығын күнімен-түнімен ұйықтамай отырып, түрлі-түрлі көйлектер, шалбарлар, сырт киімдер тігіп беретін. Марқұм Ажарқан апамыздың да керемет плащ тігіп бергені есімде қалыпты. Соның барлығын көтеріп, қуанып, қайта Алматыға кететін.
Барлығымыз сол кезде Бижамал әпкемізді «ауылдың жігітіне тұрмысқа шығады, қара шаңыраққа ие боп қалады» – деп ойлаппыз. Ол кісі Қызылордаға кеткенде көңіліміз қатты құлазып қалды. Анам екеумізге болашақ жездеміздің суретін көрсетіп, «Күшай, әдемі ме?»- деп сұрайтын. Сексен жездем де өте көрікті, үндінің актерлары секілді болды. Қызылордалық екенін айтқанда, сонау алысқа әпкемізді қимай, көңілін де жаралап алудан қорқып, жабырқап қалып едік!
Қысқа қарай Бижамал әпкемді Қызылордаға алып кетті, - деген хабар келгенде, атама қатты соққы болды. Өзі алдында бір нәрседен ұшынғаннан ба, әлде асқазанына жара түскеннен бе, ауырып жүрген. Желтоқсан айында Алматыда ресторанда өткен тойда аппақ қудай болып, зорға отырды. Қызылордаға барып, құдаларының есік-төрін көргісі келген. Бірақ сонау Қазалының Сарыбұлағына ол кезде тура баратын көлік болмай, құдалық жазға шегеріледі. Ал сәуір айының 20-сы күні атам бақиға аттанып кете барады..
Үш қызы үш елдің түтінін түтетіп, жат жұртқа кетіп, атам мен апам келмеске кетіп, жайқалған бау-бақша, дүние – мүлік барлығы қалады. Уақыт өте келе тозып, мүжіліп, үйдің де сәні кетеді. Әр кез Қырғызсайдың тұсынан өткен сайын, алаңсыз бақытты балалық шағым, нағашы атам мен апамның шексіз махаббаты есіме түсіп, көңілім бұзылады.
Тоғызыншы сыныпқа дейін, яғни атам қайтыс болғанға дейін, менің өмірім бақытты балалық сәттерге толы болды. Атам қайтқаннан кейін Сүмбеде «сарымсақ» деген бәле шықты. Барлығымыз жабылып гектар-гектар колхоздың сарымсағының шөбін отап, өзегін жұлып, қазған сарымсақты бір-бірлеп шауып, қамбаға өткізетінбіз. Түнімен үй әктеп, кір жуып, күндіз өзге шаруалармен босамайтынбыз.
Тәуелсіздік алғаннан кейін әпке-жездем Алматыға көшіп келіп, жанымызға жалау, арқа сүйер тірегімізге айналды. Әр нәрсені сол кісілермен ақылдаса істеп, шаруаларының бір жағына шығыса жүріп, бүгінгі күнге де жеттік! Бүгінде бес баланың ата-анасы, оншақты немеренің ата-әжесі болған әпке-жездеме, таусылмас бақыт, баянды ғұмыр тілеймін!
Әпкеме деген бауырмал сезімімді, жыр шумақтарымен аяқтағым келіп отыр:
Әпке сіз күн едіңіз...
Нұр шашқан, үйдегі.
Біз түгіл күллі ауыл,
Солай деп білетін!
Сіз жоқта атам да,
Жабырқап қалатын.
Қоңырқай күз келіп,
Қабағын жабатын.
Қаладан келгенің,
Мереке болатын.
Әр түрлі сыйлыққа,
Құшағым толатын.
Сізге арнап сақтаған,
Алмамды әкеліп.
Жеші - деп, тұрушы ем,
Өте көп күттік деп.
Құшақтап сүюші ең,
«Жаным» - деп, «күнім» - деп.
Қалаға жиналсаң,
Қия алмай тұрушы ек.
Өмірдің жылдары,
Біздерді есейтті.
Бірақ сол пәк сезім,
Санамнан өшпейді.
Жүзден де көп жасап,
Аман-сау жүргейсіз.
Сұлуым, ақ әпкем,
Тек бақыт тілейміз!
08.03.2022
Жиен сіңлісі Гүлнара Қасенбайқызының естелігі:
Ес білген кезімде анамыз бізді Қырғызсайға алып баратын. Кейде қолымызға тиын-тебен түссе, өзіміз де шауып кететінбіз. Автобустың шоферлары «болды, төлемей-ақ қой! Кәмпит алып жей ғой!»-деп, бізден ақша алмайтын. Оған біз мәз болып қуанып, дүкеннен атамызға арнап бірнәрселер сатып алатынбыз. Бізді көргенде нағашы атам мен апамның қуаныштан жүректері жарылардай болатын. «Құлдықтарым кепті, жандарым кепті» - деп, сүйгіштеп, бар тәтті-дәмдіні аузымызға тосатын. Гүлсара әпкем сол үйде өсіп, нағашыларына табиғи болып кеткен соң, өз апам мені қызғанып, бауырына басты. Сонда да нағашы апам: «Кемпірдің қызы кепті. Апасының қызы жей ғой?»-деп елжірей еркелетіп отыратын.
Нағашы апамның пісірген наны, құрт, май, ірімшік, женті ерекше тәтті болушы еді. Бізге деп сақтаған алмаларының иісі әлі мұрныма келеді. Қорап-қорап жұмыртқа, шелек-шелек бал тұрушы еді.
Төрт бөлмелі үйдің өздері алдыңғы екі бөлмесінде отырып, арғы бөлмелерінде таудай боп жап-жаңа көрпелері жиналатын. Жүктің үстінде әпкемнің қымбат домбырасы ілініп тұратын. Домбыраны ұстауға қорқып, ішегін дың еткізіп шертіп кететінбіз «даусы керемет екен ия?» – деп. Атам біздерді сүйгіштеп, дүкеннен әдемі сандаликтер, помази халаттар, қызыл-жасыл колготкилер алып беріп, шыттай ғып киіндіріп жіберетін.
Апам қайтқаннан кейін атам, Бижамал әпкеміз сабақтан келгенше тамағын жасап, отын жағып, үйді, ауланы мұнтаздай ғып сыпырып-сиырып күтіп отыратын. «Ұлым да, қызым да - Бижамалым, Пішаным!» - деп, әпкемізге бар мейірімін төгіп қарады. Қызы ауылда қалады, үйге бас-көз болады – деп ойласа керек. Бірақ жат жұртқа жаралған қыз бала, дәм айдаған жақтан бірақ шығады емес пе? Сыңарын тауып, ұшты да кетті... Атамыз сол кезде қатты уайымдап, құсалықтан күйігі ішіне түсіп кеткен секілді. Кемпірі кеткенде олай уайымдамаған еді. Содан кейін 5-ақ ай ауырды да, кете барды..
Гүлмекен сіңліміз сол кездері 5-6 айлық болатын. Анамыз әкесі ауырып, бар ойы сол жақта. Екі үйдің шаруасына бірдей шапқылап, бір омырауы ісіп, сүті тартылып қалады. Сүтке тоймаған бала шыр-шыр етіп жылап, біз Гүлсара әпкеміз екеуміз біресе печенье езіп беріп, біресе сүт беріп баққан боламыз. Өзі қатты ауырып жатқан атама, жиен немересінің шырылдап жылаған даусы ұнамай:
Әй, мына баланың жағы сембеді ғой? – деп, жақтырмайтын. Ол кісіге көрсетпей біз де жылап аламыз.
Анамыз әкесіне біресе ана тамақты, біресе мына тамақты жасап беріп, аударып-төңкеріп бәйек болып жүгіріп жүреді. Бірақ қанша қарасақ та, Алланың ісіне шара бар ма?! Дәм-тұзы таусылған соң, кім бұл өмірде қала алады?
Гүлсара әпкемді 1-2 сынып оқып жүрген кезінен-ақ «атаңа қара» - деп сонда жіберді. Атасына тарыдан көже жасап, тамақ жасап беріп. Кішкентай болса да қамыр илеп, нан жауып, нағашы атасының біраз батасын алды. Әпкемнің тамаққа да, үйге де епті болып өскені сондықтан-деп ойлаймын. Қиындық көрсе де атасын ешкімге жәутеңдетпей, Бижамал әпкеміз жоқ кезде ықыласпен қарады.
Ал мен әке-шешеммен бірге жайлауға шығып, артымнан ерген сіңлілеріме қарап, құрт жайып, мал бағып, үй тірлігіне болысатынмын. Біз үшін ең қиын кез, атам қайтқаннан кейін басталды. Әкесі - бақиға, сіңлісі – күйеуге кеткен анамыз сүлесоқ жүрді де, жазға салым Асылхан әпкесіне, Асының жайлауына кетті. Ол кісілер сол жылы колхоздың қойын бағып, алғаш жайлауға шыққан кездері екен. Бір аптадай сонда жүріп келді. Әпкесі екеуі сол жақта әбден жылап, иесіз қалған үйлері мен алысқа кеткен сіңлілерін жоқтап, небір өлең айтқан екен. Келе сала колхоздың сарымсағы басталып, анам, әпкем, мен үшеуміз сарымсақ отауға кірісеміз. Анамыз өзі алған жолды отап жүрген болады. Бірақ ойы басқа жақта. Арша ап жүрмін Бижамал, арша ап жүрмін,
Көтере алмай аршамды шаршап жүрмін.
Кішкентайдан өсірген Бижамалым,
Көргім келіп өзіңді аңсап жүрмін – деп, сіңлісін жоқтап, бұл дүниеден мәңгі кетіп қалғандай жылап, бір уақытта жер бауырлап құлап, жатып қалады. Әпкеміз екеуміз қосыла, көрсетпей жылаймыз. Анамыз не жынданып, не өліп қалатындай, зәреміз ұшатын.
Бір күні анам денесі күп болып ісіп, тұра алмай жатып қалды. Біздер қалақайды қайнатып, соған шомылдырып, Сексен жездем посылкамен жіберген таза балды жағып, күншуаққа төсек салып беріп, әбден терлетеміз. Бір айдан кейін анамыз ап-арық боп орнынан тұрды. Қайғы ішке түскенде, қатты жаман болатынын сонда көрдік. Енді мұндай күйзелісті ешкімнің басына бермесін!
Мен де өз естелігімді сағынышқа толы жыр жолдарымен аяқтайын:
Қырғызсай ауылымсың көңілге ыстық,
Құмыңа аунап, суыңа талай түстік.
Нағашымның көл-көсір мейірімін,
Таппай қалып, бір байғұс күйге түстік!
Ата десе, нағашым елестейді,
(Өзге адамдар атадай еместей бір).
Жай түскендей айнала қара тақыр,
Жеміс терген бау-бақшам көрінбейді
Әтештері апамның шақырмайды,
Қара есегі атамның ақырмайды.
Орыстар ұзын-сонар кезектесіп,
Жұмыртқа іздеп, апамды шақырмайды.
Кемпір-шалдар баяғы көрінбейді,
Күйтабақтан сазды әуен төгілмейді.
«Бижамал» - деп, сыртынан ысқыратын,
Жігіттердің ақ шашы селдірейді.
Су таситын сұлулар азайыпты,
Көрмегендей ешкім бұл ғажайыпты.
Бес-он тиын тұратын печеньелер,
Мәңгілікке жоғалған боп айыпты.
Топырлаған бала да азайыпты,
Той-тойлаған аз көрем халайықты.
Ынтымағы жарасқан қазақ-ұйғыр,
Бір-біріне тағып жүр көп айыпты.
Үңірейген қара ошақ орның қалды,
Жүрегімде сағыныш өртін салды.
Шіркін, дүние! Бір сәтке көрер ме еді..
Бала шақты, әжемді, ақ атамды...!
Жиен сіңлісі Назым Қасенбайқызының естелігі:
Марқұм нағашы атам менің де есімде еміс-еміс сақталыпты. Жұқалтаң келген сары кісі. Шекесі әжім-әжім болып, үнемі тамақ ішіп болғаннан кейін үйдің артына барып, тамағына шөп жүгіртіп, лоқсып, ауырып отыратын. Қазір ойласам, сол кездері ауырғанын ешкімге байқатпас үшін, солай істеген екен ғой. Бала болсам да, атамның айналасынан шықпайтынмын. Үлкен ат сияқты, жорға қара есегі болды. Сол есегінің артына мінгесіп, атамның арқасына жабысып, екі ауылдың арасында жүргеніміз есімнен кетпейді. Атам үйге жеткенше «Назым, лазым, пиязым» -деп еркелетіп отыратын.
«Тұқым жинаймыз, тұқым жинаймыз!» - деп, шөптердің арасынан шелек-шелек жұмыртқа жинайтынбыз. Сосын дүкенге апарып тәтті алып беретін. Жаңғақтан жасалған, қазір еш жерде жасалмайтын, бір керемет кәмпиттер болушы еді. Есімде тек атамның еркелеткен сөздері мен шексіз мейірімге толы көздері ғана қалыпты.
Анашым мен әпкелерімнің жоғарыдағы естеліктерін оқып, бір жылап алдым. Күйбіңге толы күнделікті өмірде, осындай тәтті сәттерді жиірек еске алып, бір-бірімізге қаншалықты қымбат екендігімізді жан-дүниемізбен ұғына жүргеніміз артықтық етпейді екен?! Жақындарымызды тірі кезінде бағалап, бар кезінде жақсы көретінімізді жиі айтып жүрейікші...?! Осынау игі бастамаға мұрындық болған сіңлім Гүлмекенге, алғысым шексіз!
Нағашы атам мен әжемнің жандары Жәннаттық болсын! Нағашы әпкем Бижамалға, жездем Сексенге - екі дүниенің бақытын, байлығын, бар жақсылығы мен игілігін тілеймін!
07.03.2022 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
- Виктор Франкл
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі