Өлең, жыр, ақындар

Махамбет батырдың өмірбаян деректері

1804 ж. — Ішкі Бөкей ордасы, Бекетай аймағында, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданыңда дүниеге келді.

1824 — 1828 жж. — Орынбор қаласында оқуда жүрген Жәңгір ханның баласы Зұлқарнайынның қасында кетші болады. Енді бір деректер бойынша хан баласымен бірге оқуға барған.

1829 — 1831 жж. — Калмыкова абақтысында отырады.

1831 ж. — Қамаудан қашып шығады.

1834 ж. Исатай Таймановпен тізе қосып, халық наразылығын білдіру мақсатында жұмыс жүргізе бастайды. Нақ осы жылы Хан ордасы Махамбетті өз жақтарына баурап алу үшін старшина (старшын) лауазымына ұсынады. Махамбеттің райынан қайтпайтынын байқаған Шекара комиссиясы ақынды старшиналыққа өткізбей қояды.

1834 ж., 9 маусым — старшындығын растайтын куәлік алады.

1836 ж., 8 қараша — орыс тергеушілеріне берген жауабында Махамбет қолында Жәңгір ханның өзін старшын етіп тағайындағанын растайтын, 1834 жылы 9 маусымда берілген № 572 ашық куәлігі бар екендігін, бірақ Шекара комиссиясы старшын лауазымын бекітпегенін айтады.

1836 ж., 14 қаңтар — Жәңгір Орынбордағы Шекара комиссиясы басшыларына Махамбеттің түзелмейтін бұзық, зұлым екендігін айтып мәлімдеме жолдайды.

1836 ж., 17 наурыз — Исатай мен Махамбетті серіктерімен қосып ұстау жөнінде хан жарлығы тарайды. Жарлықты орындауды Қарауылқожа Бабажановқа тапсырады.

1836 ж., 4 көкек — Махамбетті ұстап әкелу үшін шыққан Қарауылқожа 522 қарулы қолымен Исатай-Махамбет бастаған 200-дей сарбаздар кездеседі. Қиялы мола деген жердегі бұл теке тірес Қарауылқожа Бабажанов әскерлері бопсаға шыдамай, ұрыс ашпай, кейін қайтып кетеді.

1836 ж., 7 мамыр — Махамбет Жәңгір ханның малшысы Күшік Жаппар ұлын өлтіреді. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов бұл деректі 1942 жылғы "Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихының очерктері" атты кітабында келтірген. Профессор Қажым Жұмалиев 1979 жылы жарық көрген "Егеулі найза" зерттеуінде бұл ақынға жабылған жала екендігін айтады. Күшік Жапар ұлын өлтірді деп, өтірік жала жауын ханға арыз түсірген Қарауылқожа екендігін жазады. Бұл оқиға жағдайды ушықтыра түскен.

Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатында (қор № 4, тізбе № 1, іс № 1963, А.1.) бұл жөнінде нақты деректер сақталған. Ол деректерде лекар Сергачевтің дәрігерлік анықтамасы, хан кеңесінің кеңесшісі Б. Боздақов, сұлтан Күшік қали Шығаев, т.б. куәгерлігінің нақты мерзімі көрсетілген рапорт бар.

1836 ж., 22 мамыр - Жәңгір Орынбордың Шекара комиссиясына арыз түсіртеді. Бұзықтар Исатай мен Махамбетті сотқа тартуды талап етеді. Ол мәлімдемесінде: "Бұл екі қырғызды Орда халқымен қатыстырмай, бөлек ұстауды", өздерін ұстап алып қатаң тергеу жүргізуді сұрайды.

1836 ж., маусым — Исатай мен Махамбет Хан ордасына аттанады. Хан алдына қойылған шарттар туралы сөйлеспек ниеттегі батырлардың қасына ерген 17 адамның қарасы жол-жөнекей көбейіп, кәдімгідей қолға айналып кетеді. Ханға көтерілісшілер қалың қолмен келіп қалды деген хабар жеткізіледі. Хан елші жолдап, талаптарын жазбаша білдіруін сұрап, сұрауларын дұрыс тексеріп, қанағаттандыруға уәде етеді. Хан іле-шала Орынбор генерал-губернаторына хат жолдап, әскери күш көмек сұрайды.

1837 ж., 17 ақпан — Исатай — Махамбет бастаған 35 адамдық қарулы қол Қарауылқожаның аулын шауып алады. Қарауылқожаның арызына қарағанда олардың шығын мөлшері 4203 сомға жетсе керек. Бұл қарулы көтерілістің қауырт қимылға көшкен бастапқы кезеңінің хабаршысы болады.

1837 ж., 16 қыркүйек — Теңіз жағасында отырған Қарауылқожа ауылын шабады.

1837 ж., 15 қазан — көтерілісшілер Құдайбергенұлы Балқаны шауып оның сән-салтанатты үй-жайын өртеп жібереді. Бірнеше күннен кейін Қарауылқожаны тағы шабады.

1837 ж., 24 қазан — Исатай — Махамбет қолы Темірбек құмында тұрады. Бұл хан ордасынан шамамен 240 шақырым жер болатын.

1837 ж., қазанның соңғы күндері — көтерілісшілер Хан ордасына жақындап, төніп келіп үрей туғызады. Хан ордасының іргесінде қосын құрып, жайғасып жатып алады. Көтерілісшілер саны 2 мыңға жетеді.

1837 ж., 27 қазан — Хан ордасынан генерал-губернаторға жіберген төтенше мәлімдемеде көтерілісшілер саны 2 мыңнан астам деп көрсетіледі. Исатайдың қолбасыларының бірі Қалдыбай сөзі бойынша сарбаздардың жалпы саны 3 мың 500 адамға жеткен. Махамбеттің Исатай атынан жазылған "Әй, Махамбет, жолдасым!" толғауындағы ханның сасып - пысқаны туралы "Хан баласы жылады - ай, Жанымды қой деп сұрады - ай!", -деген сөздер осы күндердің шындығына арналған.

1837 ж., қараша — Исатай Жәңгір ханға он күн мұрсат береді. Сол аралықта Орынбордан подполковник Гете бастаған әскер, Астраханнан Миркулов отряды, хан орданың Шоқа Нұралы хан, Қарауылқожа Бабажанов бастаған өз жасақтары бас құрап үлгіреді. Махамбеттер Бекетай құмына шегінеді.

1837 ж., қарашаның соңы — Бекетай құмында Гете әскеріне үлкен қарсылық көрсетіп, табан тіреп соғысады. Махамбеттің "Соғыс" атты өлеңі осы күндердің оқиғаларын суреттейді.

1837 ж., 9 қараша — Хан Ордадан 9 қарашада аттанған Гете бастаған әскери топ қарашаның 10 жұлдызында Бекболат ауылына түнеп, 11 жұлдызында Бөріліден шығып, Қожа ұлының моласы деген жерде Горьскийдің күшімен, артиллериямен, Калмыково, тағы басқа тараптан жеткен әскери топтармен тоғысады.

1837., 14 қараша — отряд Жаман құмға жеткенде, Исатай - Махамбет Бекетайда дегенді естіп, жедел аттанады.

1837 ж, 14 қараша — Бекетайға кешкі сағат 6-да жетеді. Исатайдың орнын сипап қалады.

1837 ж., 15 қараша — таң ата Тас обада Исатайдың 500 сарбазымен кездесіп, соғысады. Атыс-шабыс. Исатай-Махамбет қолы осы жерде шашырап кетеді.

1837 ж., 19 қараша — Бөрі өлгенге жеткен отряд екі күнге аялдайды. 20-қарашада қазақтан 300 әскер, 600 орда жасақтарынан құрылған топты бастап подполковник Меркульев көшкен жұрттың соңынан қуа аттанады. Қалған күш 21 қарашаға дейін Бөрі өлгенде аялдайды.

1837 ж., 12-13 желтоқсан — жеңілген көтерілісшілер, Исатай мен Махамбет қырық шақты сарбаздарымен түнделетіп Жайықтың бергі жағына өтеді. "Жабығу", "Ереулі атқа ер салмай" деген туындылары осы күндердің күйзелісті көңіл-күйін білдіреді.

1837 ж., 12—13 желтоқсан — 1838 ж., маусым аралығы — Жайықтың бергі жағындағы ел ішінде болады. Қол жиып, қайта көтерілуді ойлайды.

1838 ж., 2 наурыз — Махамбет Исатайдың тапсырмасымен сұлтан Қайыпғали Ешимовке барады, Жәңгірге қарсы соғысуға әскер сұрайды.

1838 ж., маусым, шілде — бірнеше айдың ішінде қазақ, түрікпен жеріндегі қазақ аталарының басын қосып, қарулы жігіттерді жинай жүріп қайта құрастырған қол санын 3 мыңға жеткізеді.

1838 ж. — Исатай — Махамбет Хиуа ханының маңында жүрген Қайыпғали Ешимовпен жалғасып, Хиуа ханы Аллақұлдан да жәрдем алуға айналады. Қайыпғали Хиуа шегіндегі өзіне қараған жұрттан сарбаздар жинай бастайды. Қайыпғали Жәңгір ханмен шығыса алмай, 1829 жылғы көтерілістен соң Хиуаға кеткен, сол алғашқы көтерілісті бастаушылардың бірі. Исатай — Махамбеттер мен Қайыпғали арасындағы күрделі әрі саясатқа толы қарым - қатынастың болмысын Ығылман Шөрекұлы "Исатай-Махамбет" дастаныңда сипаттап жазды.

1838 ж., маусым — Махамбет пен Исатай Қайыпғали Ешимовпен сөз байласып, одақтасады. Адай, Әлім руларын жинап, қазақ аталарының басын біріктіріп, әлдеқандай ескілікті араздықты ұмытып, тізе қосып қимылдауға шақырады.

1838 ж., 17 маусым — көтеріліс көсемдерінің әрекеттері туралы әбден хабардар болып отырған Баймағамбет сұлтан Орынбор Шекара комиссиясының бастығына хат жолдайды. Қарулы отряд сұрап арызданады. Өзі де қол жиып, қам жасайды.

1838 ж., 6 шілде — Орынбор генерал-губернаторы Перовский тез арада қарулы әскер шығарады.

1838 ж., 10 шілде — Гете бастаған қарулы отряд Айшуақов Баймағамбет қолына келіп қосылады.

1838 ж., шілде — көтерілісшілер Қиыл өзенінің бойында Ту тігіп, жиналады. Исатай — Махамбет бастаған 500 адамдық қол ел ішіндегі әлі де екі ойлы жұртты өз жағына тартып алу, ықпалы күшті Баймағамбет сұлтанның ауылын шабу мақсатымен атқа қонады. Қиыл бойында Қайыпғали басшы болып қалады.

1838 ж., 12 шілде — Исатай — Махамбеттер қолы Гете мен Баймағамбет сұлтанның қарулы әскерлерімен кездесіп қалады. Күтпеген кездесу намысқа шауып соғысуға ұрады. Осы шайқаста Исатай батыр оққа ұшады. Исатайдың қазасы Қиыл бойындағы сарбаздарға да эсер етеді. Көтеріліс біртіндеп бәсеңсіп, қол тарап, сарбаздардың жалы жығылады.

1838 ж., шілде — 1939 ж. — Махамбет Хиуа хандығына қанаттас Назар жұртының ішінде жүреді. Қол жимақ болып жасаған түрлі әрекеттері сәтсіз аяқталады.

1839 ж., қаңтар — Асфандияр сұлтанның қолына Махамбеттің кейбір ру басыларына жазған хаты түседі. Ол хат Баймағамбет сұлтан арқылы Шекаралық комиссияға тапсырылды.

1839 ж., қазан — Махамбет Бокей ордасына келеді.

1839 ж., қараша — Махамбет Өтемісұлы Ресейдің әскери экспедицияда жүрген отрядымен, Егор Петрович Ковалевскиймен кездеседі. Солармен еріп ел ішінен кетпекші ниетте болады.

1839 ж., қараша - Махамбет боранды күндердің бірінде Е. П. Ковалевский тобынан көз жазып қалады.

1840 ж., қаңтар — Махамбет Бөкей ордасының шегіне өтіп кетіпті, - деген хабар жетеді. Жәңгір хан Балқы Құдайбергеновке, Жайықтың бергі бетіндегі Баймағамбет сұлтанға Махамбетті қайткенде ұстауды пәрмен етеді.

1840 ж., желтоқсан — Махамбет аз ғана жігітімен Жайықтың батыс шегіндегі Старшын Ақтай Мұңай ұлының 35 жылқысын қуып кетеді. Ашық қимыл-әрекетке көшкен Махамбеттен сескенген хан, сұлтандар ақынды қалайда қолға түсіруді жаппай ұйымдастырады. Осы мақсатта белгілі белді адамдарға арнайы тапсырмалар беріледі.

1841 ж. — қуғын-сүргінмен өткен күндерде аңдыған жауға алдырмай жүріп Махамбет Ембі, Жайық арасындағы ел ішін паналайды.

1841 ж., қаңтар — Орынбор губернаторы Махамбетті ұстауды тездететіндер деген шұғыл бұйрық шығарады.

1841 ж., 4 наурыз — белгілі бір адамдардың нақтылап көрсетуі бойынша Махамбет Тілекеев деген қазақтың үйінде отырған жерінде қолға түседі. Атаман отряды үй иесін де, Махамбетті де тұтқындап Калмыковоға жеткізеді.

1841 ж., 17 наурыз — Махамбет Орынборға айдалады. Махамбеттен бірге жолданған құжатта: "Жасы отыз жетіде, бойы 2 аршын — вершок, басындағы шашы, қасы, сақал-мұрты қара, бет-жүзі таза, қоңырқай түсті, көзі сары - сұр ("желто - серье")", — деп, жазып көрсетілген. Орынборда генерал-губернатор Махамбеттің ісін әскери сотқа тапсырады.

1841 ж., 7 шілде — Шекара комиссиясы Махамбетті шекарадан бері өткізіп салады. Сұлтан-правитель Арыслан Жантуринге шекараға жақындатпай, даланың ішкі алыс аумағына жіберуді мегзеп нұсқау береді. Генерал-губернатор "Махамбет Өтемісұлы жазадан құтқарылсын, шекарадан әрі өткізіліп салынсын, алдағы уақытта шекараға жақындауға тыйым салынсын, тыйымды бұзып, шекарадан ордаға өтсе қатаң түрде жазалансын..." деген мағынада үкім шығарады. Үкім бұлжытпай орындалады.

1841 — 1845 жж. — осы кезеңдегі Махамбет өміршең деректері жұтаңдау. Үкім шыққанын кейін Жайықтың бергі бетінде ел ішінде күн өткізсе керек. Осы уақытта Жәңгір хан істі қайта қозғау үшін деректер жинастырып, Орынбор губернаторынан ақынды қайтадан соттауды талап еткен.

1845 ж., ақпан — Махамбет баласы Нұрсұлтанды оқуға орналастырмақ ниетпен Орынборға келеді. Орынборға келіп, шекарадан тағы өтіп кеткендігіне орай генерал-губернатор кеңсесі істі қайта қозғай бастайды. Генерал-губернатор сұлтан-правитель Баймағамбеттен қосымша мәліметтер сұрайды. Іс қайтадан өріс алады. Махамбеттің басына мың сом (енді бір деректер бойынша 2000 сом) ақша тігіледі.

1846 ж., 20 қараша — Махамбет Өтемісұлы қаза болған күн.

Зейнолла Қабдолов


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

...

Махамбеттің дүниеге келген жеиі қате берілген

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз