Айыр қалпақ — аса қымбат матамен тысталып, ішіне жұқа киіз немесе қалың мата салынып, сырылып тігілетін ер адамдардың бас киімі. Сыртына өсімдік тектес өрнек салынып, алтын жіппен зерленеді. Оны ертеде, негізінен, хан-сұлтандар салтанатқа киетін болған.
Оқалы немесе зерлі шапан — қымбат матадан жағасы мен өңіріне зер салынып, арқасы мен етек-жеңі оқалы жіппен өрнектеліп тігілетін сырт киім. Арқасына күн тәріздес дөңгелек өрнек, өн бойына өсімдік тектес оюлар салынады. Ертеректе мұндай шапандарды хан-сұлтандар, ауқатты адамдар киетін болған.
Жарғақ шалбар. Иленіп, әбден өңделген жұқа теріні қазақтар «жарғақ» дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі-түсті өрнек салынған жарғақ теріден тігілген шалбарды «жарғақ шалбар» деп атаған. Бұл сәнді киімді кезінде батырлар, бектер мен билер, сал-серілер салтанатқа киген.
Ішік — сырты матамен тысталып, түрлі аңның терісінен жүнін ішіне қаратып тігілетін қысқы сырт киім. Қолданылатын терісіне қарай олар: түлкі ішік, қасқыр ішік, сеңсең ішік, нышпақ ішік деп әр түрлі аталады.
Сәукеле — ұзатылатын қыз-қалыңдық киетін ғұрыптық бас киім. Оның сом күмістен күйылған төбесіне үкі тағылып, маңдайына жақұт қондырылады. Өне-бойы алтын, күміс сиякты қымбат металдармен өрнектеліп, ақық, маржан, гауһар сияқты асыл тастармен безендіріледі. Екі шекесіне моншақтан салпыншақ өріледі, төбесінен жерге дейін төгілген ақ желек жабылады. Сәукелені ұзатылатын қызға арнап шеберлерге дайындаттырады. Оның бағасы өте қымбат, мәселен, жүз жылқыға дейін барабар болған. Сәукелені қалыңдық ұзатылған күннен бастап бір жылға дейін ғана киеді.
Қос етек көйлек — жібек,торғын, шәйі сияқты асыл матадан тік жаға, кең етек етіп тігілетін қыздардың көйлегі. Етегіне өрнектеліп, бүрмеленген қос желбіршек салынады, сондықтан «қос етек көйлек» деп аталады.
Көк сауыр етік. Қалыңдықтың етігі де басқа киімдермен қатар арнайы тігіледі. Қазақ етігінің өкшесі биік, табаны ағаш шегемен шегеленіп тігілген. Қонышы өңделген теріден түрлі өрнектер салынып, көкшіл бояуға боялып, әсемделеді. Мұндай етікті «көк сауыр етік» дейді.
Саптама етік — қонышы тізені жауып тұратындай ұзын, табаны қалың сіріден оң-солы жоқ, түзу болып тігілетін аяқ киім. Оны киіз байпақпен киеді. Қысқы күнгі аязда ат үстінде жүргенге жылы әрі қолайлы.
Кебіс — табанықалың, өкшесі биіктеу, сыртына түрлі өрнектер салынып тігілетін, мәсінің сыртынан киюге арналған аяқ киім.
Кимешек — жасамыс (егде) әйелдер киетін бас киім. Ол көкіректі жауып тұратын тұтас матадан тігіледі. Ақ матадан бетжағы ойылады. Жағы, өңірі оқаланып кестеленеді. Төбесіне сәндік үшін шылауыш немесе күндік сияқты ақ мата оралады.
Тымақ — аң терілерінен жасалып, қымбат матамен тысталатын ер адамдардың қысқы бас киімі. Қазақта тымақтың түрлері көп, соның ең бағалысы — түлкі тымақ. Оның маңдайы мен құлақтарының ішкі жағына түлкі терісі тігіледі де, сырты мақпалмен, пүлішпен немесе басқа асыл маталармен сырылып тысталады. Тымақтың төбесі төрт немесе алты сай (бөлек) үшкіл (үш бұрышты) киізден құралып, шошақ болып тігіледі.
Шапан — қалыңдықтың сырт киімі. Ол да асыл матадан алтын жіппен зер салынып, өрнектеліп тігіледі. Шапанның өңіріне оюлы өрнек салынса, етегіне өсімдік тектес өрнектер кестеленеді. Бұл — өсіп-өнсін, өркенді болсын деген тілектің белгісі.
Көкірекше — жейденің немесе көйлектің сыртынан киетін жеңсіз, жеңіл киім. Оның өңірі мен етегі өрнектеліп, кестеленеді. Қыз балалардың көкірекшесіне теңгелер, маржан сияқты әшекей заттар қадалады. Ыңғайлы, ықшам көкірекшені, көбінесе, балалар жейденің, көйлектің сыртынан киеді.
Камзол — шапанға қарағанда ықшам, қысқа, көбінесе, жеңсіз немесе қысқа жеңді болып келетін әйелдің сырт киімі. Салтанаттарға киілетін камзолдар аса қымбат маталардан белі қыналып, өңірі мен етегі түрлі өрнектермен кестеленіп тігіледі.
Бөрік — жеткіншектерден бастап, ересек адамдарға дейін киетін бас киім. Ол етегін айналдыра қымбат тері жапсырылып, дөңгеленген пішінде тігіледі. Пошымына, тігілген материалына қарай шошақ бөрік, үкілі бөрік, камшат бөрік сияқты түрлерге бөлінеді.
Тақия. Қазақта тақияның түрі көп. Соның ішінде аса сәндісі, көркемі — бүлдіршін қыздар киетін үкілі тақия. Ол биіктігі 10-15 см мөлшерінде дөңгеленіп тігіліп, жалпақ төбесіне үкі тағылатын жеңіл бас киім. Айнала жиегіне ою салынып, түрлі асыл тастармен безендіріледі. Оны жас қыздар ұзатылғанға дейін киеді. Ұзатылған қыз қыз-ғұмырдың белгісі —тақиясымен «сыңсу» айтып қоштасады.
Малақай (құлақшын) — ерлердің салқында киетін бас киімі. Оны құндыз, бұлғын, сусар, жанат, түлкі, қарсақ, суыр, т.б. аңдар мен құлын, бұзаудың терісінен, қозы мен лақтың елтірісінен тігеді. Малақай маңдайдан, екі құлағы мен төбесінен және артқы құлағынан тұрады. Малақай тіккенде теріге өлшеп пішілген астарға мақта не жүн тартып, екінші бетіне шүберек салып сыриды. Мұның сыртынан терімен тыстап, астары мен тері тысын бір-біріне тігіп жапсырады. Тігіп болған соң қалыпқа кигізіп кереді. Малақай — әрі жылы, әрі сыпайы бас киім. Малақайды ерлермен бірге әйелдер де киеді.
Жаулық — әйелдердің бас киімі. Оны ақ түсті матадан немесе ақ жібектен тігеді. Жаулықты кимешектің сыртынан тартады. Ол тарту тәсіліне қарай қарқара, күндік деп аталады. Қарқара тартқанда әйелдер жаулықтың бір ұшын желке тұсына келтіре сәл шығарып қояды да, қалған бөлігін кимешектің сыртынан айналдыра, шашын көрсетпей жауып тұрарлықтай етіп орайды. Жаулықтың ұзындығына байланысты қарқараның биіктігі де әр түрлі болып келеді.
Күндік жаулық кимешектің сыртынан жартылай оралып, тартылады. Күндік жаулық тартқан әйел күнге қарсы жүргенде күндіктің маңдайындағы үш бұрышты қаттаманы еңкейтіп түсіріп қояды. Ол қарқара жаулығынан гөрі ұзындау, етегі әйелдің арқасын жауып тұрады. Күндік жаулықты үш бұрышты қаттама шыққан жерінен және әйелдің желкесіне келетін тұсынан түйреуішпен түйреп бекітеді. Қазақстанның әр облыстарында жергілікті қалыптасқан дәстүрге қарай жаулықты әр түрлі үлгіде тартады.
Күпі — матамен тыстап, ішіне түйенің, қойдың жабағы жүнін салып тігетін ұлттық сырт киім. Күпі әрі жеңіл, әрі жылы болғандықтан, оны ерлер де, әйелдер де, балалар да кие берген. Ол, әсіресе, жазғытұрғы және күзгі қара суықта киюге қолайлы. Күпіге тартатын жүнді жылы суға жуып кептіреді де, бетіне бидай шүберек салып көктейді. Күпінің тысына барқыт, мәуіті сияқты әрі мықты, әрі қалың, әрі кір көтеретін бір түсті мата пайдаланылады. Шапан сияқты күпінің де екі өңірі, артқы бойы, екі жеңі және жағасы болады. Күпіге матадан қайырма жаға не тік жаға салынады. Әйелдер күпісінің жағасы кестеленіп, жеңіне құндыз салынып, сәндеп тігіледі.
Тон — қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, оны қойдың, ешкінің және құлынның терісінен тігеді. Қой мен ешкінің терісінен тон тіккенде терінің жүні және тігісі ішіне қарайды. Оның тақыр бетін бояумен, қарағайдың қабығымен және рауғаштың нілімен бояйды. Бұл тонның сыртының кірлемеуі үшін керек.
Тонның қазақ даласында таралған негізгі екі үлгісі болған. Оның бірі — тік тон, екіншісі — бүрме тон. Бүрме тон тік тонға қарағанда сәнді болады. Тонға елтіріден, сеңсеңнен, кейде аң терісінен жаға салып, етегі мен өңірін, жеңінің ұшын елтірімен жұрындайды. Тонды сәндеу үшін оның екі өңіріне, етегіне, жеңіне жібек жіппен кесте тігіледі. Тонның ең қымбаты — «қамқа тон». Бұл тон екі түрлі жолмен тігіледі. Оның бірі «қамқа» деп аталатын жылтыр қара жүнді аңның терісінен түгін сыртына қаратып тігіледі. Екіншісі алтын, күміс жіптерден тоқылған матадан (зерден) тігіледі. Бұл тонның екеуі де аса бағалы.
Шекпен — жүннен тоқылатын сырт киім. Шекпен су өткізбейді. Сондықтан ол әрі сулық, әрі жайшылықта кие беруге жарамды бесаспап киім. Су тиген сайын шекпен ширығып қалыңдай түседі. Шекпеннің тағы бір артықшылығы — ол таза түйе жүнінен тоқылатындықтан аса мықты болады және ұзақ киіледі.
Шекпен тігу үшін түйе жүні иіріліп, одан кездеме тоқылады. Тоқылып болған кездемені кәдімгі матадан киім пішкендей етіп өлшеп, шекпен пішеді. Шекпенді жазда киеді. Оған қара барқыттан не болмаса басқа тыстық матадан қаптал жаға (дөңгелек жалпақ жаға) салып, етек жеңін сондай матамен көмкеріп әдіптейді.
Шекпеннің ең әдемі түрін «шидем шекпен» дейді. Шидем шекпен тайлақтың жүнінен тоқылады. Тайлақтың жүні әрі майда, әрі жеңіл болатындықтан, одан тоқыған шекпен де әдемі болып шығады.
Күрте — жеңсіз жеңіл киім. Онда жең де, жаға да болмайды. Күрте екі өңірі мен артқы бойдан тұрады. Ұзындығы шалбардың ышқырынан аспайды. Күртені мақта не жүн тартып та, теріні матамен тыстап та тігеді. Астарына кез келген мата жарайды. Әйелдер киетін күртеге атлас, шағи сияқты жібек тектес маталар, ал ерлер киетін күртеге барқыт, мәуіті секілді әрі мықты, әрі қалың бір түсті маталар пайдаланылады. Тері күрте тігу үшін суыр, борсық, қарсақ, түлкі сияқты аңдардың терісі мен қозының, лақтың елтірісі, кейде тіпті қойдың терісі, қылшығынан тазартылған ешкі түбіті жарай береді.
Күртені айналдыра басқа матамен, кейде сол тыстық матаның қиығымен әдіптейді. Күрте — әрі кеудеге суық өткізбейтін жылы, әрі ықшамды киім. Күртені жейде не көйлектің сыртынан, бешпенттің ішінен киеді.
Қолғап — қолға киетін киім. Ол қолды суықтан, жұмыс кезінде жарақаттанудан сақтайды. Қолғап тігілу, тоқылу үлгісіне қарай бес саусақты, үш саусақты, тұйықбас деп, ал тігілетін материалына қарай тері қолғап, жарғақ қолғап, тоқыма колғап болып бөлінеді. Тері колғап қойдың боялған терісінен тігіледі. Егер тері боялмаса, онда оның сыртын матамен тыстайды. Тері қолғап, көбінесе, тұйықбас болып келеді. Жарғақ қолғап тықыр теріден астар салып, көбінесе бес саусақ түрінде тігіледі. Тоқыма қолғап түйенің, койдың жүнінен, ешкінің түбітінен тоқылады. Тоқыма қолғап бес саусақты да, үш саусақты да (бас бармақ пен сұқ саусақ жеке), тұйықбас та болады. Қолғаптың ең байырғы түрінің бірі — құсбегілер қолына киетін «биялай». Биялай түйенің мойнақ терісінен, бұғы, бұлан секілді аңдардың, өгіздің қалың мойын терісінен сірідей тігіледі. Бүркіттің тегеуріні басқа теріні тесіп кетеді. Биялай да қолғаптың тұйықбас түріне жатады.
Байпақ — жылылық үшін етіктің, мәсінің ішінен киетін киізден тігілетін аяқ киім. Қыста киетін байпақтың киізі қалың, ал жазда киетін байпақтың киізі жұқа болады. Байпақ тігудің екі тәсілі бар. Оның бірі — табанын бөлек салып ұлтарып тігу; екіншісі — тұтастай қусырып тігу. Байпақтың тігісі аяққа батпау үшін оны сыртынан тігеді. Тігуге түйе немесе қой жүнінен иірілген шуда жіпті пайдаланады.
Жүннен тоқылатын байпақтардың қонышы қысқа болады. Ерте кезде оны шұлғау орнына киіз байпақтың ішінен кию үшін де пайдаланған. Мұндай байпақтар әрі жылы, әрі жеңіл, әрі жұмсақ болады.
Мәсі — өңделген жұқа теріден қонышына ою салынып, табансыз, ұлтансыз тігілетін, негізінен, үйде киілетін жеңіл аяк киім. Оны былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіс киіледі. Мәсінің қонышы астарланып, көмкеріледі. Ал ұлтаны жалаң қабат болады. Ол тарамыспен ішкі жағынан жөрмеп немесе жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Етікші мәсі тіккенде ең алдымен мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан, ұлтанын қалың былғарыдан пішіп алады. Одан соң тігісін ішіне қаратып, басын қондырады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді. Мәсінің қонышын қусырғанда тігістің арасына жіңішке сызық салады. Мәсі — әрі жеңіл, әрі жұмсақ аяқ киім. Ол тазалық үшін аса қолайлы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі