Геологтар поселкесіне аудандық Мәдениет үйі салынып, соның салтанатты ашылуы әне-міне болады деп отырған көктем күндерінің бірінде осында тұратын апа-жездесінің үйіне облыс орталығынан Мейраш келе қалды. Мектеп бітіргеніне екі жыл болып, бой түзеп қалған сұңғақ та сұлу мүсінді жас қыздың келуі айналасындағы көршілері үшін Мәдениет үйінің ашылуынан кем жаңалық емес секілді еді. Әсіресе қыз жотасындағы тоқпақтай қара бұрымға әркім-ақ еміңе қарайтындай. Өз ажарының көз тойдырарына сенімді ол сұқтанған көздер қадалған сайын тәкаппарлана, екі күн жүрді. Үшінші күні тұрғындардың көптен күткен жаңалығының да анық хабары жетті. Мәдениет үйінің ашылу салтанаты сол күнге белгіленіпті. Кешкілік поселке тұрғындарына көркемөнерпаздар коллективтері өнер көрсетіп, соңынан би болады екен.
— Барамыз ғой, Мейраштай? — Апасы бұған күлімдей қарады.
— Мұндайда біздің геологтар қауымы тайлы тұяғы қалмай жөнеледі.
— Барайық — Мейраш та іркілген жоқ. Бірақ оның көңілін күпті етіп тұрған бір жай бар екен, сонысын да білдіріп үлгерді.
— Сендер биге қарамайсыңдар ма?
— Біздің биіміз біткелі қашан?! — деп бір күліп алды. — Ал сен қал. Көрші балалар бар, соларға еріп келерсің. — Мейраш апасы өзін биге қалдырмай ма деп қорыққан, қуанып кетті.
Мәдениет үйі келісті салынған екен. Айналасы тақтай шарбақпен қоршалып, жас ағаштар да отырғызылыпты. Бірінші қабаттың бері қараған әйнек қабырғаларынан жергілікті тұрғындардың топ-топ болып әңгімелесіп тұрғандары көрінді. Мейраштар да ішке кіріп, солардың қатарын толықтырды.
Жездесі денелі кісі. Бойына сәйкес әжептәуір семіздігі де бар. Қалтарыстан шыға бергенде әуелі қарны көрінетіннің өзі. Әншейінде үсті басына көп мән бермейтін. Бүгін, жаңа Мәдениет үйіне келген соң ба, апасы кеше қоярда қоймай тіккіздім деп отырған сия көк түсті шибарқыт костюмін киіп, галстук тағыпты.
— Сәлеметсіз бе, қарындас?! — Біреу алдын кес-кестеп тұра қалды. — Қай жақтан ұшып келген көгершінсіз? — Мейраш бойы өзінен едәуір ұзын, әдеміше қалған жап-жас мұртты жігітті көрді. Аузында тынымы жоқ бейбастақ жасқа ұқсамайды.
— Ол Сізге не үшін қажет болды? — деп қарсы сұрақ қойды.
— Жай. Танысқым келіп... — Жас жігіттің үні енді ғана табиғи қалпына келген, бұрымыңыз әдемі екен.
Мейраш екі бетінің ұшы ду ете қалғанын сезді. Сезді ме, тәкаппар жас бойжеткендердің жігіттердің анау-мынау сөздеріне тақаса қоймайтын әдетімен бұрылып алып, қаздаңдай жөнелді. Жұрт та залға жинала бастапты. Үйме-жүйме ішке беттегендердің соңын ала бұлар да жүре берді. Есіктен кіре бере, неге екенін де аңғармай Мейраш әлгінде ғана өзін жігіт бөгеген терезе жақты елеусіздеу шолып өтті. Ол әлі сол орнында тұр екен. Қыз оның өзін бақылап тұрғанын сезді.
Жұрттың сұқтана қарауы Мейрашқа таңсық емес болатын. Мектепте оқып жүргендерінде құрбылары мұны қыздардың арасындағы ең сұлуымыз деп білетін. Әсіресе шашы көмірдей қара. Қашан болсын сәл толқындана түсіп, жылтырап тұрады. Шашының осы бір ерекше реңіне өзі де кейде көзі тоймай қарай беретіні бар.
Қазір ауылда болмаса, қала қыздарының шаш кеспегені жоқ қой. Әрі күтуге қолайлы, әрі жөндеп жатуға уақыт аз кетеді дейді де кесіп тастайды. Анасының күшімен оныншы класқа дейін беліне түсіре өсірген қара бұрымын Мейраш та мектеп бітіретін кешке баратын күні түбінен қырқып алған. Қап-қара жылтыраған жуан да ұзын бұрымды кесуге қимаған шаштаразға ерегіскен түрі еді бұл. Осылайша ол мектеп бітіру кешіне бұрымсыз барған. Әрине, ата-анасын да ренжітті сол жолы.
Күндіз кітапханада жұмыс істеп, кешкілікте институтқа түсу үшін облыс орталығындағы политехникалық институттың филиалы ұйымдастырған даярлық курсына кірген Мейраш бір күні бұрымды қызды көріп қалды. Ол да сол даярлық курсында оқиды екен. Шашы мұныкіндей қап-қара емес, сарғыш. Бұрымы да мұныкіндей жуан емес. Бірақ жұрттың бәрі соған қарап түк көрмегендей ауыздарын ашты да қалды. Жігіттердің бәрі де тек сол бұрымды қызбен сөйлесуге құштар секілді көрінді де тұрды. Мынау аудиториядағы жиырма бес адамнан өзінен басқа ешкімнің де сандықта жатқан сол бір қап-қара бұрым жайлы білмейтіндігіне Мейраш қатты өкінді. Ертеңіне-ақ ол сандықтың түбінде тығулы жатқан қап-қара жылтыр бұрымын тауып алып, шашына жалғап көрген. Бірақ қысқа кесілген шашы ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген. Рас, арада бес-алты ай өткеннен кейін жалғап жүруге әбден болатын еді. Бірақ оның бұрымы жоқ екенін көріп жүрген адамдар жалғап алғанын бәрібір біледі ғой. "Өзімдікі еді" деп кімге түсіндіріп жатсын. Мейраш геологтар поселкесіне кесілген шашпен емес, бұрыммен келгісі келген. "Тым құрыса танымайтын жұрттың көзіне бір түсейін" деп ойлаған. Манағы бір әзірде әне бір бейтаныс жігіт өзін тоқтатып алып, "бұрымыңыз жақсы екен" дегенде, қызарып кету себебі осыдан болатын.
Таныс болмағандықтан ба әлде жұрттан оқшау жалғыз қалғандықтан ба, өзіне назар аударушылар көп көріңді. Өзінің осында қалып қойғанына өкінетіндей. Дегенмен биге шақырушылар да үйіріле бастады. Бір кезде топ ортасында жүрген Мейраштың көзі билеушілерді қызықтағандардың арасынан даярлық курсында өзімен бірге оқитын жігітті шалып қалды. Бұлардан көзін алар емес. "Кету керек". Оның басына келген жалғыз ой осы еді. Билеп жүргендерді қалқаланамын деп,бір-екі рет бидің ырғағынан да жаңыла жаздады. Музыка да тоқтады-ау! Бірге билеген бейтаныс жігітке "рақмет" дегендей, басын изей салып, жұрттың ара-арасымен сытыла жөнелген. Мейраш дәл есік көзіне топтасқан балалардың тұсына жақындай бергенде, өзі жолыққысы келмеген жігіттердің алдынан шыққаны.
— Мейраш, сәлеметсің бе? — Таныс жігіттің сәлеміне бас изеп өте берген қыз кенет арқасындағы білектей бұрымына қарай созылып келе жатқан қолды байқап қалды. Өтіп кетемін дегенінше болған жоқ қол иесі:
— Бұрымыңыз қандай әдемі. Қайда асықтыңыз? — деп, өрілген шаштан асығыс ұстай алғаны сол еді, арқасындағы ауыр салмақтың баяу сырғып түсіп бара жатқанын сезді. Кенет келген қатты ашудан қызыл теңбілдене қалған жүзін бұрып, "Қандай дөрекісіз" деп бұрқ етуге шамасы келген қыз ендігі сәтте есіктен атып шыққан. Екі бетін басқан күйі Мәдениет үйі алдында жарықты лезде артқа тастап, қараңғылыққа сүңги берді.
— Қарындас, бұрымыңыз қалып қойды ғой! — деп айқайлаған жігіт даусы естілді сәлден соң.
Бұл үйге жақындай бергенде соңынан жігіттер қуып жетті. Қолдарында ұп-ұзын, жұп-жуан жылтыр қара бұрым бар еді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі