Өлең, жыр, ақындар

Түбектегі тұңғыш педиатр

1985-жылдың он үшінші декабрі. Бұл күні Шевченко қаласындағы Абай атындағы Мәдениет сарайында кезекті облыстың партия конференциясы басталған. Оған басқа да коммунистермен бірге апалы-сіңлілі Жұмагүл мен Бақыт – түбектің тұңғыш педиатры, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері мен Халық депутаттары Форт-Шевченко қалалық Советі атқару комитетінің председателі де қатысып отырды. Ағайынды делегаттарға конференция тағы да бір үлкен қуаныш сыйлаған: Жұмагүл Орынбайқызы Сарина Қазақстан Компартиясының кезекті XVI съезіне делегат болып сайланды.

Үлкен көздерінің қиығына күлкі үйіріліп тұратын аққұба қыз бір кезде Форт-Шевченко қаласында мектепте оқыған. Есейе бастаған шағында өзінің ержеткен кезін көз алдына елестетіп, бір кезде өзінің қандай маман болып шығатындығын ойлап, толғану кімнің де басынан өткен шығар-ау. Ондай сезім балғын Жұмагүл жүрегінде де талай рет толқыған. Ондай кездері әрқашан өздерінің көршілері болған дәрігер Вера Ивановна көз алдына елестейтін. Үстіне кіршіксіз ақ халат киіп, науқастар арасында жүретін шағы көз алдына келсе-ақ келешегіне асыға түскендей бір күйге бөленетін. Кейіннен Таушық орта мектебін бітіріп, өмірдің үлкен жолына қарай тұңғыш қадам жасар кезде де сол бір арманынан ажырамаған. Сөйтіп ол Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны 1961-жылы бітіріп шықты. Ол Маңғыстау өңірі жастары арасынан шыққан алғашқы педиатр еді.

1961-жыл. Түбек тарихына бір сәтке ғана көз жүгіртіңізші.. Бұл түбекте тұңғыш мұнай фонтаны атқан дүбірлі жыл емес пе еді. Облысымыздың еңбекшілері биыл сол айтулы оқиғаның ширек ғасырлық тойын өткізуге орай қызу дайындық үстінде. Міне, өзінің еңбек майданына жаңа аттанған жас маман ол кезде туған өлкесіндегі ұлы өзгерістер дүбірімен бірге түбектің жаңа жасампаздық тарихын жазуға кірісіп кеткен...

Әрине, түбектегі үлкен өзгерістердің бір күннің ішінде оп-оңай жасала салмағаны белгілі. Ол кезде қазіргідей түбек төсін оңды-солды қайшылаған асфальт жолдар да, күндіз-түні ағылып жатқан автомобильдер мен самолеттер де аз болатын. Дәрігерлер де саусақпен санағандай. Бірімен бірінің аралығын ондаған шақырым иен дала айырған елді мекендерге кез келген қара машинаның жолына жабысып, кейде тіпті үш-төрт шақырым жерге дейін жаяулап науқасқа барамын деп жолға шығатын кездер аз болмайтын. "Жедел жәрдемнің" қазіргідей сүліктей сұлу тұлпарлары ол кезде түске де кірмейді. Алайда жас та қажырлы өзінің қалап алған мамандығын жанындай сүйген, қандай кезде де адамдарға көмекке жетуді, және жай ғана жетуді емес, бойындағы бар білімін сарқа жұмсап, қолынан келген бар жақсылығын сол мақсатқа сарқа жұмсауды мұрат еткен жас дәрігерді ешқандай қиындық та мойыта алмаған.

... Бір жолы Тұрыштағы интернат балалары арасында эпидемия тарады. Жұмагүлдің осы балаларды емдеуіне тура келген. Күнделікті дәрі-дәрмектерін өз қолынан ішкізбесе, көңілі көншімеді. Әрбіреуінің жанына отырып, жылы қабақпен жағдайын сұрамаса, жетімсіретіп алатындай. Жұмагүл көңілі сонда да тыншымаған. Күнделікті емін жасап өзге де жұмыстарын реттеген соң бір күні қолына дорба алып, үй-үйді аралап кетті.

— Интернат балалары үшін көк сарымсақ керек еді. Үйлеріңізде ондайдан ештеңе жоқ па, — дейді сонда айтатыны. Өзі үшін өмірінде біреуден сабақ жіп сұрап көрмеген басы, сол жолы басқаның бәрін де ұмытқан секілді. Көз алдында тек қана өзіне жәудірей қарап, көмек күткен балалар ғана...

Ауыл адамдары дәрігер қыздың мұқтажын жүректерімен ұққандай. Бір-екі тал болса да, қолына ұстатып жатыр...

Ақыры күткен күн де жеткен. Балалардың бәрі де бастарын көтерді. Аурудың беті қайтты. Осылайша он күн бойына күнімен-түнімен дерлік тыным таппаған дәрігер қыз жеңіспен үйіне оралған.

* * *

Жұмагүл Орынбайқызымен мен ұзақ жылдар қызметтес болдым. Орта медициналық оқу орнын бітіріп Таушыққа келгеннен кейін ол кісінің қарамағында медсестралық қызмет атқардым. Кейіннен осы Шевченко қаласына ауысқан соң да қызметтес болдым. Сол жылдарда көзім жеткен бір жай, ол кісі бір кезде Таушыққа қандай өзіне өзі талап қойғыш, өз ісіне аса мұқият, жауапты қарайтын болса, коллектив басшысы кезінде де сол қасиеттерін жоғалтпапты. Және сол талапты өз қарамағындағы қызметкерлеріне де қоя біледі. Қандай іс тапсырса да, оның қандай қиыншылығы болса да уәж айтып жатпастан, еш жаққа бұрылмастан баратын жеріміздің шалғайлығына да қарамастан жолға шығып, жүре беретінбіз. Өйткені ол кісіге жұмыс жайына келгенде сылтау айтып, бұлталақтауға ұялатынбыз. Ол кісі қызмет істеген жерде осындай бір атмосфера қалыптасатын, — дейді қазір облыстық аурухананың қан құю станциясында қызмет істейтін Роза Сағымбаева. Осы бір сөздердің өзінен-ақ көп нәрсе аңғарылмай ма...

Жаңағы Жұмагүл Орынбайқызының қажырлы еңбегі көп көзінен таса қалған жоқ. 1963-жылы Облыстық Советтің депутаты болып сайланды. 1967-жылы "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" деген атаққа ие болды. (1965-жылдың күзінде Каспий жағасында Шевченко сынды ақ мәрмәр қалаға ауысқан Сарина бұл кезде облыстық аурухананың бас дәрігері дәрежесіне жеткен).

Жаңғырған өлке мен жаңадан пайда болып, қанат жайған жас қаламен бірге түбектегі медициналық қызмет көрсету ісі де өрістей түсті. Бір кезде сол облыстық ауруханада балалар мен ересектер ғана емес, медициналық қызметті қажет еткен бүкіл науқастар емделді десек, артық болмас еді. 1978-жылы облыстық балалар ауруханасы құрылған кезде Жұмагүл Орынбайқызы оның бас дәрігері болды. Ол түбекте өркен жайған бұл қызмет саласының алғашқы күндерінен бастап атсалысып, бойында бар білімі мен тәжірибесін халық денсаулығын сақтау ісіне сарқа жұмсап келе жатқан маман.

— Қазір медициналық қызмет бүкіл облыс көлемінде жоғары сатыға көтерілді. Ауруханамызда балалар денсаулығы үшін қызмет істеуге тиісті қазіргі заманғы советтік медицина мамандарының бәрі дерлік бар. Іс тетігі көп жағдайда ұйымдастыруға, шаралардың дер кезінде алынуына байланысты ғой. Сол себепті профилактикалық жұмыстарға зор мән береміз. Осы бүгін ғана Ақшұқыр селосына бір бригада жүріп кетті. Ол келесі жылы мектепке баратын алты жасар балаларды тегіс профилактикалық байқаудан өткізеді, — дейді бас дәрігер аурухананың қазіргі жағдайымен таныстыра келіп. Мұндай бригадалардың селолық жерлерде болуы жиі ұйымдастырылатындығы да байқалады. Осы тұста бас дәрігердің іскерлігі, инициативашылдығы, талап қойғыштығы хақында оның әріптестері айтқан сөздер тағы да ойға оралған. Оның өз ісіне тындырымдылығы науқастар алдындағы дәрігерлік жауапкершілікті терең сезінетіндігі, коллектив басшысы ретіндегі ұйымдастырушылық қабілеті ол әңгімелеген әрбір жайдан да аңғарылғандай. Оған абырой әперіп отырған да сол екенін қапысыз түсіндік.

* * *

Әйел бақыты! Ол неде? Осынау сұрақ төңірегінде ой толғағанда бүгінгі жарқын заманымыздың төрінде өзінің жүрек қалауымен ғана жар таңдап, өзінің жүрек қалауымен ғана өзіне өмір серік еткен, сүйікті ісімен шұғылданып жүрген, еңбегімен елінің құрметіне ие болған, сайрап жатқан сара жолмен келе жатқан айналамыздағы көптеген замандастарымыз көз алдымызға келеді. Солардың бірі — Жұмагүл Орынбайқызы. Ол жолдасы Ноғай Түрікпенбаев екеуі Абай, Нұрлан, Сәкен есімді үш ұл тәрбиелеп отыр. Абай мен Нұрлан Қазан қаласында химия-технология институтында оқиды. Ал Сәкендері үшінші класс оқушысы.

Жұмагүл Орынбайқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып келеді. Он екі жылдан бері қаламыздың белді насихатшыларының бірі. Әлденеше рет қалалық Советтің депутаты болып сайланған. Кешкі марксизм-ленинизм университетін бітірген. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне «Ерлік еңбегі үшін» медалімен, 1973-жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен наградталған. Бірінші категориялы дәрігер педиатр дәрежесі үшін сынақтан өтті.

Ол есігінің алдында "Жедел жәрдем" машинасы қаңтарылған қала шетіндегі биік ғимаратқа бүгін де асыға жеткен. Мұнда оны екі жүз жиырма адамнан құралған үлкен коллектив, қызметтестері, денсаулықтарын түзеу үшін жатқан ондаған сәби күтуде. Күнделікті шешімін іздестіретін жайлар қаншама?! Олардың бірі коллектив мүддесіне қатысты қажеттіліктен туса, енді бірі сырқат балалардың ахуалымен ұштасып жатады. Бүгін оның көңілінен кетпей қойған сары аурумен түскеніне екі ай болған сәбидің жағдайы. Екі ай ішінде сырқатынан айығып кете алмаған бұл баланы қарауға Ақтөбеден шақырылған маман бүгін жетуге тиіс. Келе ақ хатшы қызға самолеттің қай кезде келетінін білуді тапсырған...

Осылайша оның күнделікті ұшы-қиыры жоқ жұмысы басталып жүре берді. Аурухананың бөлім меңгерушілерімен өткізілген шағын кеңес тез аяқталған сияқты көрінгенімен, бірталай уақыт алыпты. Алдында жатқан календарлық жоспарға үңілген. "Сәрсенбі күні қандай кезекті жұмыстар бар еді!?". "Иә, медсестралар советінің отырысы, одан соң жергілікті комитет мәжілісі..." Телефон шыр ете түсті. Қалалық партия комитетінен екен. Түстен кейін төртке барлық делегаттарды бірінші секретарь жинап жатқан көрінеді, соған баруы керек. Асығыс сағатына қараған. "Тездету керек", — деп күбір етті де, алдындағы кнопканы басқан:

Күтіп отырған кісілерді жіберіңіз...

Сәлден соң есіктен қолында бір парақ қағазы бар қартаң әйел кіре берді. Бас дәрігер алдындағы орындықты нұсқады...

22-январь 1986-жыл. "Коммунистік жол "


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз