"Біз өндіріске керек кадрларды бұрынғыдай топтап, тоғыта даярламай, әрбір жұмыс орны үшін арнайы даярлауға ден қоя бастадық. Жаңаөзеннің майлы топырағында дүниеге келген талапты мұнайшы балалары АҚШ пен Канадада, Алматы мен Ақтауда, Жаңаөзендегі мұнай техникумында заман талабына сай жоғары және кәсіптік білім алуда. Ертең-ақ олар Өзен кен орнының өркенін өсіру жолындағы қат-қабат жұмыстардың ортасынан табылары сөзсіз. Зерделеп қарасам, министрден бастап ұлттық мұнай және газ өнеркәсібіндегі басшы қызметтер тізгінін ұстаған азаматтардың арасында еңбек жолы Жаңаөзенге, Өзен кен орнына соқпай өткендері жоқтың қасы екен. "Ел болса ер туғызбай тұра алмайды" демекші, солардан қалған соқпақты соны лек жалғастырып, "мұнайшылар астанасы — кадрлар ұстаханасың атанған Жаңаөзеннің мәртебесін алдағы ғасырға асыратынына сенемін", — деген екен бір сөзінде "Казахойл" ұлттық мұнай компаниясының вице-президенті Жақсылық Смағұлұлы Жанғазиев.
Айтса айтқандай, қазірдің өзінде "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы төңірегінде шетелдерде оқып келген жастар қатары жыл сайын көбейіп отыр. Ал Жаңаөзен жеткіншектері таланттары да жарқырай ашылып, алуан түрлі саладан көрініс беруде. Жол үстіндегі мынау бір кездейсоқ әңгіме де олардың таланты мен талаптарының көкжиегіне көз тіктіруге жарап жатқандай...
Жаңаөзенге қарай жүретін жеңіл машиналар мен шағын автобустар әдетте көп болады. Қазір жиі жүретін көліктер соңғы кездері пайда болып, қаптап кеткен іші де, жүрісі де жайлы шағын жаңа автокөлік түрлері — "Газельдер". Бүгін де солай қарай жол күткендер баршылық екен. Автостанцияның белгілі аялдамасына келіп тоқтаған көлікке сол арада тұрған жолаушылардың үлкен тобы лап берді де, оны лезде толтыра салған. Көпті көрген жанның сабырлылығынан болар, тек шағын денелі ақсақал адам ғана жұрттың соңын ала асықпай барып, орнына жайғасқан. Қолына ұстаған әдемі таяғы қаруынан гөрі сәнқой адамның сәнді дүниесіне көбірек ұқсайтындай. Өйткені онысын сүйеніп жүрудің орнына сол қолының саусақтарымен еркін ойнатып, әдемі сілтеп жүруді ұнататыны байқалады. Басында күннен қорғану үшін киген жеңіл қалпағы бар, қысқа жеңді ақ көйлегінің ұқыпты, үтіктелгені көрініп тұр. Жасы әжептәуір егдергенін маңдайына түскен әжім сызықтары аңғартып тұрғанымен, көзқарасы әлі жіті, жанарына көп шағым айта қоятын кісінің сыңайы емес.
Ақсақал әбден жайғасып алған соң айналасында отырғандарға бір көз жүгіртіп өткен. Манағы автокөлікке асыға ұмтылысқан үлкенді-кішілі жолаушының бәрі "жынын алдырған бақсыдай" тына қалып, енді бұрынғыларынан гөрі жайбарақаттау бір күйге түскен екен. Біреулері жолға алып шыққан сусындарын шығарып, ұзынды-қысқалы бөтелкелер, мойнына жармасса, енді біреулері орындықтарында рахат жайғасып, бет орамалдарымен желпінуге кірісіпті. Ал ақсақалдың дәл жанында және оң қапталында орналасқан үш-төрт баланың қолдарында бір-бірден балмұздақ. Мектеп жасындағы осы бір жасөспірім жандардың тірлігі ақсақалға әбден ұнап отар ма әлде есіне өзінің бала кезі түсті ме екен, біразға дейін солардан көзін ала алмаған. Оның есіне, шынында да, өзінің балалық шағы түскен. Бірақ ол бала кезінде бұлар сияқты балмұздақ сорып, шөлін баса алмаған. Қаңырығы түтеп, шөлдеген шақтарында тәтті сусын былай тұрсын, қарапайым қара суға да зар болған шақтары аз болмап еді-ау. Қар суынан жазға қор жасап, жердің астына терең көміп тастайтын сонау бір ауыр күндердің басынан өткенін айтса, қазір мына балалардың бірі сенсе, бірі сенбес еді-ау...
Ақсақал өзі де байқамай, терең күрсініп қалды. Жанындағылар өзінше кербез осы бір үлкен адамның жүріс-тұрысын манадан бері бақылап отырған. Енді мына күрсіністен кейін бірталайы-ақ бұрылысып, жүзіне зер сала қарағандай. Өзі ыңғайсызданып қалды. Соны сездіргісі келмегендей:
— Иә, балалар, әңгіме айтыңдар, жол қысқарады? — деген жанында қатарласа отырған балмұздақ жегіштерге жағалай көз тастап. Ішінен "Осылардың ата әжелерінің арасында баяғыда бірге жортқан өз сарбаздарымыз да бар шығар-ау. Тіпті анау толып отырған ересек жандармен де жөн сұраса бастасам, талайымен жекжат болып шығар едім-ау", — деп, ойлап қалған. Ойын жолсеріктері бөліп кетті.
— Біз Жаңаөзеннің балаларымыз, — деді өзіне жақын отырған қарасы.
... Ақтауға қыдырып келген екенсіңдер ғой. Бұл жерден қандай қызық көрдіңдер? Нені ұнаттыңдар? Қарт адамның сұрауына жауап беру оларға соншалықты қиын емес болу керек, келесі орындықта отырған сары бала шала жауап қайтарды:
Біздің қаланың балалары жазғы каникул кезінде Ресей жерінде өткен спорт жарыстарына қатысып келген, сол балалардың үстерінен әдемі спорт киімдерін көріп, өзімізге сондай киімдер алайық деп, осында келіп жүрміз.
— Міне қызық сонда сендер алдымен жарысқа қатысып, жеңіске жетпей жатып әдемі киім іздеп жүрсіңдер ме?! — Ақсақал шынымен таңданып қалған. Мәселе киімде ме екен, мәселе сайыста жеңіп шығуда емес пе... Сендер де неге алдымен жеңіске жетіп, сонан соң іздемейсіңдер әдемі киімдерді?!
— Біз де дайындалып жатырмыз, — деп, біреуі ақтала бастап еді, жолаушылар арасынан оларға ара түсушілер табыла кетті.
— Ақсақал, Жаңаөзендік балалар қашан да абыройсыз емес. Мен өзім Жаңаөзендік балаларға дән ризамын. Жуырда республикалық теледидардан көрген боларсыздар "XXI ғасыр майталманы" деген интеллектуальдық хабар өтіп жүр ғой. Соған осы Жаңаөзеннен Нұрлан Құлшымбаев деген жас бала қатысып, тіпті риза болдық, тіл аузым тасқа, енді бір болғалы тұрған бала екен. Өзім осы жаққа іссапармен келе жатқан адам едім, сол балаға риза болып, аты-жөнін жаттап алдым. Егер білгіңіз келсе, мен қазір сізді орыс еліне барып, алтын-күміс жүлделерді алып келген Жаңаөзеннің жас өрендерімен де жақсылап тұрып таныстырайын, — деген сол мезет арттағы егде адам. Ақсақал бұрылып еді, ол қолындағы кейсінен бір нәрсе іздеп жатыр екен. Іле-шала шағын ғана бір газетті алып, бұған ұсынды. — Оқыңыз, жаңаөзендік өрендердің кім екені осында жазылған. Мүмкін мына балалар да тегін болмас...
Екінші беттің төменгі жағындағы "Жүлдемен оралды" деп аталған шағын хабарда Тюмень облысының Тобольск қаласында "Жас спортшыдан спорт шеберіне дейін" атты халықаралық турнир өткені, оған Россия мен Қазақстан қалаларынан жүз жиырма спортшы қатысқаны, олардың арасынан Жаңаөзен қаласынан барған балғын боксшы балалардың ерекше көзге түскені жазылыпты. Жаңаөзендегі №6 орта мектептің 7 сынып оқушысы Махамбет Қаңбақбаев 34 килолық салмақта қарсыластарын ұтып, ақтық ойында Магнитогорск қаласының өкілі Петр Дорохинді айқын басымдылықпен жеңген. Осы жеңісі үшін Алтын медальға ие болып, ақшалай сыйлық алған екен. "Міне, азамат" — деп қалды ақсақал шын жүрегімен сүйсініп. Бұл ғана емес, №10 мектептің түлегі Қуаныш Сүйіндіков күміс жүлдеге не болған. Тағы да өзендік екі өрен қола жүлдегер атанған. Одан 38 килолық салмақта және 30 килолық салмақта жеңіске жеткен Қуаныш Стамбеков пен Жандос Ізмағамбетов екен..
Ақсақалдың риза болғаны соншалық көмейіне жас тығылып онысын балаларға байқатпау үшін терезеге қарай бұрылып кеткен Газетке үңіліп отырып байқамапты, көліктері әлдеқашан жолға шығып кеткен екен. Өзіне ежелден таныс дала жолымен, жанына етене жақын Өзенге қарай зулап барады. Соны тамашалап отырып, өзіне-өзі келген соң ғана қолындағы газетті әдемілеп бүктеп, иесіне қайырды. Жанындағы жасөспірімдерді де жаңа көргендей, енді ғана танығандай бір жылы сезіммен оларға елжірей, өзімсіне қарап:
— Балаларым, сендер өздеріңнің қаншалықты бақытты екендеріңді кейде сезінбей қалуларың да мүмкін. Өйткені өмірдің ешқандай да құқайын көрген жоқсыңдар. Аштық пен жалаңаштыққа ұшырамай, ата-аналарыңның мал-мүлкі талапайға түспей, отбасыларының берекесі кетпей, соғыс тауқыметі де ұмытылған мамыражай кезеңді бастан кешіп жатырсыңдар. Алла тағала сендерге адам баласы үшін, жас ұрпақ үшін осының бәрінің қаншалықты қымбат екенін, бастарындағы бақ екенін әрқашан да сездіріп жүрсе екен деп тілеймін...
Толқып сөйлеген атаның үніндегі терең дірілді байқап, балалар оған жапақ-жапақ қарап үнсіз қалды. Сол мезет автобустың соңғы орындарының бірінде елеусіз ғана әңгіме тыңдап отырған қараторы әдеміше әйел жұрт назарын өзіне аударған.
— Балалар, мен сендерді танымағаныммен, мұғалімдеріңмен жиі кездесіп тұрамыз. Өйткені облыстық оқу бөлімінің қызметкерімін. Айтайын дегенім, сендер өздерің әңгімелесіп келе жатқан ата сияқты адамдарды жақсы білуге тиіссіңдер. Ол кісі мына өздеріңнің туған қалаларың тұрған өңірге тұңғыш рет адам аяғын бастыру үшін жан аямай тер төккен және осы өңірдегі толып жатқан кен орындарын ашқан адам, — деген әлгі әйелдің сөзін жолаушылардың бәрі тыңдап қалды.
— Жаңаөзен қаласының алғаш қадасын қаққан Рахмет Өтесінов осы емес пе, — деді арада бір білгіш әлгі сөзге сәл күмәнданғандай...
— Оған дауым жоқ, бірақ менің айтып отырғаным мүлде басқа нәрсе. Жаңаөзен қаласы тұрған жер бір кезде жапан дала, құла дүз болатын. Ол арада адам баласы өмір сүруге болады деп ешкім есептемейтін. Ал қазір құдай айдап бізбен бір көлікке мініп, сапарлас болып келе жатқан Қамысбай Мырзағалиев деген ағамыз ел ішін аралап, ол жерде өмір сүруге болатынын жұртқа дәлелдеп жүріп, сол араға ең алғаш Ақшымырау мен Таушықтан бірнеше отбасын көшіріп келген. Содан кейін барып Ембіден, Баутин кентінен бірер отбасы көшіп келіпті. Сөйте-сөйте олардың қатары көбейе берген. Ол кісі Жаңаөзен қаласының ең бірінші тұрғыны деп есептелсе артық болмас еді... Автобустағылардың өзіне енді ерекше құрметпен қарай бастағанын сезген әлгі ата енді қысыла бастағандай, сөздің бетін өзінен аударғысы келіп:
— Шырағым, мені жақсы білетін сияқтысың, қай баласың, танымай жатырмын, — деген.
— Сізді білетін себебім, Қазақстан мұнайының жүз жылдығы кезінде атыңыз көп аталды. Білгіңіз келсе айтайын, осы Маңғыстаудағы бір қызыңызбын, — деді әдемі келіншек күліп. Күлгенде тіпті әдеміленіп кетеді екен, автобустағылар жадырай түсіп, бәрі де біріне-бірі жылы қабақ танытысқан.
— Өзім оқу бөлімінің қызметкері болған соң білуге тиістімін ғой, жалпы жаңа айтылған әңгімелердің негізінде үлкен шындық бар. Жаңаөзен мұнайшыларының ұрпақтары өз қатарлары арасында ерекше көзге түсіп жүр деген рас әңгіме. Қазір екі мыңыншы жылдың жазы ғой, әлгі айтылған сөздің барлығы осы жылдың ішінде болған жайлар. Ал осыдан бірер жыл бұрын осы қала мектептерінде ағылшын тілін үздік оқып жүрген бір топ бала Англияға барып, тіл үйрену курстарында оқып қайтты. Олардың ішінде қара халық қатты сыйлайтын, замандастары іскерлігіне талай рет тәнті болған, өз ісінің шебері марқұм Амангерей Орынбаевтың Болат деген баласы да бар. Ал ең соңғы жаңалықтың бірі ретінде Жаңаөзеннің қызы Гүлназ Өтесінова туралы айтуға болар еді. Оның ізденісінің жөні тіпті өзгеше. Гүлназ ағылшын тілін жетік меңгеру үшін ғана жазғы каникулда өз бетімен жол тауып, Англияға жалғыз өзі барып, бір айлық курстан өтіп келді. Өзі Алматыда оқиды. Бірінші курсты жаңа бітірген жас қыздың өз талабымен жасаған бұл қадамы ата-анасын да таң қалдырып отыр. Дарынды балалар, шүкір, баршылық қой. Бірақ сондай балалардың өз ата-анасы үшін де мақтанып, қуанып тұрғаны қандай жарасымды. Гүлназдың әкесі де Маңғыстаудың майталман мұнайшысы, — деп, әдемі келіншек әңгімесін жалғастыра түсіп ойланып қалған.
— Оу, мына жүз елу шақырымдық жолымыздың өзі лезде өте шығыпты-ау. Пысынап отырғанымызды да ұмытыппыз. Мұның өзі бір жайлы сапар болды-ау, — деп, біреулер уақыттың тез өткеніне ризашылығын білдіріп жатты.
Осындай әңгімелер үстінде автобус қалаға келіп кірген. Аптап қысқан қала көшелері шақырайған Күн көзінен қашып құтылғысы келгендей, әр тұстағы мардымсыз көлеңкелерге қарай еміне түсіп қалып жатыр. Ақтаумен арадағы екі сағаттық жол бойы байқалған қуаңшылық таңбасын серпіп тастардай күй Жаңаөзен кейпінен таныла қоймаған. Әйтсе де автобус әйнегінен айналасына беріле үңілген Қамаң ақсақалдың жүзінен сүйінуден өзге күй байқалмайтындай. Иә, мұнда әлі су тапшы үйлер қаншама салынса да, халықтың қажеті әлі өтеліп болған жоқ. Қанша ағаш егілсе де, Ақтаудағыдай жасыл желекке орана алмай келеді-ау... Бірақ соның бәрі де ол кісі үшін Жаңаөзен сәнін кеміте алмайтындай. Зейнетке шықса да осы төңіректен қоныс аудармай жүрген ағайындар, Қарақалпақстан мен Түркменстаннан келіп қоныс теуіп, тапжылмай отырып қалып жатқан қандастарымыз өз алдына, жыл сайын республиканың түкпір-түкпірінен көшіп келетіндер қаншама десеңізші?! Қазір қала халқының саны алпыс бес мыңнан асып кеткен. Ескі құрылыстар қатарын жаңадан толықтыруда. Олардың сән-салтанаты да өзгеруде. Осы күнде қолынан келгендер "особняк" деген жеке сәулетті үйлер салуға кіріскен, "хан сарайыңдай кең де келісті мекен-жайды біздің Жаңаөзенде де салуға болатынын дәлелдеймін", — деп, құлшынып шыға бастаған дәулеттілер де жоқ емес. Қаланың бір шетін көпшілік "бай ауыл" атандырып жіберген жаңа аудан толықтырды. Жуырда "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы да Ақтаудағыдай шетелдік үлгімен салынған сәулетті ғимаратқа көшкелі отыр. Мұндағы жаңалықтарға ылғи да сырттай құлақ түре жүретін Қамысбай ақсақал соңғы аялдамаға келіп тоқтаған автобустан тағы да асықпай түсіп, енді түн түндігін түсіре бастаған. Жаңаөзен қаласының әр үйіне, әрбір өзгерісіне зер сала қарап келеді.
Сонау бір жылдары өздері салған алғашқы жеркепелер, бір жерге жұмысқа барса жаппасын жығып, бала-шағасын өзімен бірге ала жүретін қайран қазағының бала мінездері есіне түсіп, күрсіне күліп те, сүйсіне елжіреп те келе жатқандай. Жалпы қазақ деген нар халық қой. Осынау өңірде басқа бір халық өкілдеріне тұруға тура келсе бұлар бастан кешкен сол бір қиыншылықтарды көтеруге қажыры жетер ме еді, жетпес пе еді, кім білсін..., — деген ой келген оған. Олар бірде қуантса, бірде налытады. Бірде сүйіндірсе, бірде күйіндіреді де. Бірақ қалай болғанда да, қазақты ел ретінде ерекшелеп, халық ретінде қастер тұтқызып отырған ойға-қырға шашылып, басын құрай алмай жүрген сол бір ұзынды-қысқалы, жуанды-жіңішкелі, қара көзді, көк көзді сол бауырларымыз емес пе?!
Жаңаөзенде де солардың талайы тұрып, өсіп-өніп, елдің таңдайын жібіткен. Жер байлығын өндіріп, ел ырысын қолдан жасап жатқаны өтірік емес қой. Әрине, кемшіліктер де жеткілікті шығар, бірақ кемшіліксіз кім бар дейсің, түзеледі де біртіндеп...
Қария бейне баласының өткен-кеткені туралы ой толғағандай, туған халқының, өз жүрегіне етене жақын осынау адамның өткені мен келешегіне ой жүгіртіп, ұзақ толғанған күні Жаңаөзен адамдары жайлы бұрын-соңды айтылған әңгімелерді есіне алған. Олардың өмірлері біртіндеп ертегідегідей сұлу да сәулетті көрінсе, біресе дәл өзінікіндей, мазмұнды еместей сезіліп, біраз мазасын алды. Жоқ олай болуы тіпті де мүмкін емес, олардың алдында зор мүмкіндіктер, бұл көрмеген қызықтар көп. Бүгінгі шақ ғылым мен техниканың дәуірлеген шағы. Адам баласы бүкіл дүниежүзілік тәжірибеден үлгі, өнеге алып, құлашын кеңге сермеп отыр. Ендеше тәуелсіз Қазақ елінің де адамдары, оның ішінде жаңаөзендіктер де ел үмітін ақтап, ертеңіне қарай батыл қадамдар жасай берері сөзсіз.
Ақсақалдың көз алдына манағы бір көздері жәудіреген жасөспірім балалар келіп, ойына олар туралы айтылған үміт пен сенімге толы әсерлі әңгімелер оралған. Сол-ақ екен көңілі көтеріліп, жан дүниесін көптен бері ұмытыла бастаған арманды сезім жайлаған... ол өмірдің жаңа көктемін көрген еді...
2000 жыл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі