Өлең, жыр, ақындар

Жастық шақ парақтары

Кішкентай Әнестің ес біліп, ересектердің әңгімелерінен әсерленіп, жүріс-тұрыстарына еліктей бастайтын шағы туған өлкесінде геологиялық геофизикалық жұмыстар кең өріс алып, Маңғыстау аймағында болуы мүмкін үлкен өзгерістер жайлы әңгімелер шыға бастаған кезеңге тұспа-тұс келді.

Әрине, төңірегіндегілердің тіліне тиек болып, әрқилы сөздерге жол берген бөгде жандардың мақсаты не екендігін алғашында бұл жете түсінбеген. Олардың Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері екендігін де, қаңырығы түтеп, аңқасы кеуіп жатқан мынау туған өлкесінен мұнай мен газ деген байлықты іздеп жүргендерін де бара-бара бала жүрегі үстірттеу болса да, пайымдаған. Сол пайымдауымен бірге оның сәби жүрегінде байлықты өз адамдарымыз неге іздемейді екен әлде оларға мұндай байлықтың қажеті жоқ па екен деген сұрақтар да туындай бастаған. Балауса сезім... Балауса ұғым...

"Қызықтың" ақ тақырында жалаңаяқ жүгіріп, "Ащымұрынның" ащы жусанының иісіне елтіп, аппақ құмын кешіп өскен жас баланың өмірден өз жолын таңдар күн туғанда оны жер байлығын іздеушілердің оқуына жетелеген де мүмкін сол бір балауса сезімдер жанына ұялатқан ұғымдар болар, кім біліпті. Оның арғы-бергі себептерінің түп тамырын ол кезде өзі де ойламаған. Әйтеуір көкірегі ояу, көзі ашық әкенің алдында өзінің осы төңіректегі болашаққа деген жоспарларын ашық айтқаны әлі есінде. Оның жүрек қалауы бір күнде қалай болса солай айтыла салған сөз емес, шешіліп қойған берік қадам екенін де бірден түйсінген. Осы өңірдегі ел басқару жұмыстарына араласа жүріп, Маңғыстаудың үлкен болашағы қаласындағы алуан түрлі әңгімелерді ести жүріп, көп нәрсені болжайтын әке қайта баласының бұл таңдауына қуанып қалған. Батасын да берген. Сөйтіп орта мектепті бітірген бойда теңіздің арғы жағына білім іздеп аттанып та кеткен.

...Адам баласы жас кезінде ауада қалқып ұшып жүргендей бір күйде болады екен де, тіршіліктің талқысын көре-көре, маңдайын анда бір, мыңда бір соға-соға біртіндеп әлгі биігінен төмендей береді екен. Өзінің алғаш рет осындай "биігінен" құлдырай бастағаны Азербайжанның мұнай және химия институтын бітіргеннен кейін басталғаны Әнес Бүркітбаевтың есінде қалыпты. Оқуға алғаш аттанған кезінде де, тіпті бәлен жыл осы оқу орнында оқып жүрген жылдарында да көңіліне қылау түсіп көрмеген екен. Керісінше, қатарынан озып, өзге бір елге білім іздеп баруы, соңында қалғандардың сенімін ақтап, барлық пәндерді игеріп кетуі, диплом алып, елге оралуы оның жас жүрегін шексіз шаттыққа бөлеп, енді сол алған білімді пайдаға жаратуға болатыны, соған мүмкіндік туғаны қиял тұлпарын әр саққа алып ұшып, тәтті ойларға жетелей бастаған.

Әсіресе, туған жерге қайтадан оралатындығы жөніндегі ойлары жан дүниесін ерекше рахатқа кенелтетін. "Маңғыстау, сені тастап кеткеннен соң, көзімнің жүре алмадым жасын тыйып", — деп, жырлайтын бабаларының хал-ахуалын өзі де түйсінгендей бір күйге түсетін.

Осы жылдар ішінде өзінің жаны сүйген туған өлкесінің қазынасын игеріп, туған халқына азамат ретінде пайдасын тигіземін ау деген ой оны шынымен қанаттандырып, сүйіспеншілігін еселеп арттыра түсетін. К.Г. Паустовский айтқан Каспий маңындағы адам тұрғысыз аймақта болатын кемпірқосақ бояулы ертегідегідей қалалар мұның да көз алдына елестейтін. Жер астында ғасырлар бойы сақталып, Жер бетіне шығуын күтіп жатқан қара алтын дариясын Жер үстіне шығарып, құм көмкерген өлкесін гүл жайнатуға армандай асығатын.

Енді ойлап қараса, көңілінің алып ұшуына негіз де жоқ еместей. Тау-кен инженері дипломын алғандар ол кезде баршылық дегенмен, әне-міне ірі өндіріс аймағына айналады деп отырған Маңғыстауға кадр аздық ете қоймайтыны анық. Оның көңілін қобалжытқан бірінші жағдай келешегі зор деп жұрт шулап жатқан, өзінің туып-өскен жеріне емес, ауылынан әлдеқайда қиыстау "Эмбанефть" басқармасына берілуі болды. Әрине, Қазақстан мұнайының алғаш өндіріле бастаған, ел байлығының көзін бірінші болып ашқан Атырау өлкесінен ат-тонын ала қашатындай еш жөні жоқ тіпті соның өзі дұрыс та шығар. Дені сау жас жігіт үшін ол жер де өз үйіне барабар сол да сөз болып па?! Теңіздің арғы бетіне өтіп, әлденеше жыл өзге жұрт, тұрмыс-салты бөлек өзге елде жүрді емес пе. Сондықтан ол тіпті бұл үшін еш көп қинала қойған жоқ. Тек қолында арнайы жолдамасы бола тұра басқарма бастығының қабылдауына кіре алмағанда барып қатты қынжылған. Лепірген көңілі су сепкендей басылып, жасып-ақ қалған.

Енді сол бір кездерді қайтадан көз алдына келтіріп, ойша талдап көрсе, Кеңес одағы дәуірінде белең алған бюрократия деген дерттің бір тамыры осы жолы көрініс берген екен. Ол өзі адамға, адам тағдырына деген немқұрайдылықтан басталатын секілді. Ол дәуірде адамның жан дүниесінде не болып жатқанымен ешкімнің шаруасы болмаушы еді-ау...

Ол кездері сенің мінез-құлқыңның барлық өлшемі Коммунистік мораль кодексіне жазылып қойылған. Онда да адам тағдыры ойыншық деген сөз жоқ. Бірақ адам бойындағы ең жоғары дәрежелі қасиеттерді дәріптейтін сол кодекс талаптары тым жоғары әуелеп ұшып жүреді де, әлгіндегідей бір қарапайым жайларға мән берілмей, қатардағы көпшілік назарға ілінбей қала береді. Көзге түсіп, еленіп ескерілуің үшін ең алдымен "танылуың" керек. Танылу үшін анкеталарда көрсетілген түрлі талаптарға сай болуға тиіссің.

Әрине, мұның қандай талаптар, қандай жерлерде қажетіңе жарауы мүмкін екенін білетін "зерделі" азаматтар бәрін алдын-ала ойластырып, дайындалып алады. Неліктен бастық біткеннің балаларының бәрі өз өмір жолдарын комсомол қызметінен бастайды? Өйткені олар комсомол мектебінен өткен, оның тәжірибесін көрген адамның жерде қалмайтынын жақсы біледі. Егер талдау жасай қалған адам болса, олардың бұл есептен қателеспегендіктерін сөзсіз дәлелдеп берер еді.

Ал Әнес сияқты жас жігіт ең болмаса сондай бір ықпалды адамның телефон шалуынан кейін барса босқа табан тоздырмас еді. Сондықтан да әлгіндей мықты сүйеніші, артынан сұрап отыратын іздеушісі жоқ адамдарға өмір сүру әлі күнге дейін қиындау. Сондықтан да кеңес өкіметі өмір сүрген жылдарда ондай ықпалды адамдары жоқтар ішкісі келгеннің бәрін іше алмады, жегісі келмесе де талай нәрсені құлқыннан өткізді. Істегісі келмеген жұмысты да істеулеріне тура келді. "Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады" дегендей, ол дерттен тәуелсіз қазақ елінің азаматтары жуық арада қоштаса қоюлары қиын шығар. "Осының кімі бар?!" деп, өсіп бара жатқан жастардың соңынан сөз теретіндер соның дәлелі.

Сөйтіп басқарма бастығының қабылдауына кіре алмай кеткен Әнес бір күні осы маңнан Ғалымжан Қожағұлов деген азаматты кездестіреді. Өндірістік практика кезінде танысып, сыралғы болған кісі, осы "Эмбанефть" басқармасына қарайтын ұңғыларды күрделі жөндеу конторының директоры екен. Бар жағдайын біліп алғаннан кейін оны өз қарамағына жұмысқа шақырады. Бұл кәсіпорын да өзі жолдамамен келген басқармаға қарайды. Тіпті қабылдауға кіре қалған күннің өзінде осы ағасының қарамағына тап болмасына кім кепіл?! Оның үстіне мұнайды Жер бетіне ұңғысыз шығармайды, ал оның қыр-сырын үйрететін жұмыстан бас тартуы қалай болады?!

Сол күні-ақ Ғалекең Әнесті қолынан жетелеп апарып, қызметке орналастыра салды. Бірақ арнайы оқу бітіріп келген жас маманды бір жағынан сынайын деді ме, әлде шынымен де жұмыстың реті солай болды ма екен, бастығы оны жұмыс орнына әкеліп отырғызар-отырғызбастан өзіне шақырып алып, бір бума қағазды көрсеткен:

— Инженердің жұмысы қағазсыз бітпейді. Алдымен осы қағаздарды қарап, бәрін ретке келтір. Ал түстен кейін кәсіпшілікке баратынымызды ұмытпа, — деп, қоя берген. "Бисмилла!" — деп қарап кеп қалып еді, әуелі ештеңеге түсіне алмаған, бірақ қайтадан сұрауға намыстанып, әрі-бері қайталай оқыған соң барып, қолынан келуі мүмкін шаруа екенін пайымдаған. Бірнешеуі жауап жазылатын хат болып шықты. Бөлімдерді аралап жүріп, оларға жауап беруге тиісті адамдарды тауып алды. Өзіне тікелей қатысты дегендерін бір бөлек жинады. Не істеуге болатынын бастық қана айта алады-ау дегендерін бір бөлек қойды. Бәрінің жөн-жобасын әбден түсіндім-ау деген кезде бастығына қайта барған. Істегендерінің бірі дұрыс, бірі қате, бір талайымен екінші, үшінші қайтара жұмыстануына тура келген. Грамматикалық қателерден де ада емес екен. Бірақ жас инженер жасыған жоқ Әрбір ескертуді жадына түйіп, екінші рет қайталамауға, бір айтылғанды қалт еткізбеуге сол күннен бастап бел байлаған.

Жас инженердің кеңседегі қағазбасты жұмысы түске дейін аяқталып, түс қайта кәсіпшілікке бару үшін бастығының алдында дайын тұрды. Жалпы оның жұмыс күнінің тәртібі алдағы уақытта да осылай жалғасады деп келісілді. Өйткені ол кеңсе жұмысын да, өндірістік тәжірибені де қатар игеруге қарсы болмаған. Кәсіпшілік басына барған соң бастығы оны Филипп Бондарчук атты украин жігітімен таныстырған. Байсалды, жігіт ағасы дерлік жасқа келіп қалған жылы шырайлы адам екен.

— Ал, хош келдің! Білгің келгенді кез келген уақытта сұрай бер, - деген ол мұның үстіндегі ақшыл шалбары мен ақ көйлегіне сүзе бір қарап өтіп. Көзінің құйрығынан әлдебір күлкі жылт еткенін байқамаған бұл. Біраз ойланып үлгергенше болған жоқ оның ұңғы жақтағы біреуге:

— Бастай бер! — деп, дауыстағанын естіп, манағылардың бәрі тұра ұмтылған. Әнестің көзіне алдымен түскені жөндеу мұнарасын бойлай көтеріліп бара жатқан құбыр болды. Соны қызықтап жақындай бергені сол еді ауыстыру үшін алынып келе жатқан әлгі құбырдың шолтаң еткен соңымен қоса шапшып атқан мұнайды ғана көзі шалып қалды. Қара қоңыр май оның басынан аяғына дейін бір мезетте жүгіріп өткен.

Бондарчуктың мұның үстіндегі киіміне неліктен мысқылдай көз жүгірткеніне енді түсінген. Әлгіндегі мұнтаздай қалпы енді түсіне де кірмес. Жігіт көзінен жылт еткен әлгі бір ұшқын есіне түсіп қатты қысылған. Оның мәнін ұғумен қатар өндірістің алғашқы бір естен кетпес сабағын да алып үлгергенін кейін пайымдады.

Сөйтсе ұңғы ашық қалған кезде мұндай құбылыстар бола береді екен. Өзгелер үшін мұның үйреншікті жай екені көрініп тұр. Үстеріндегі "спецовкаларының" жеңімен көздерін көлегейлеп теріс айналыса қойысты да, соңынан түк болмағандай, жұмыстарын одан әрі жалғастыра берді. Ал Әнес болса бір жағынан қысылып, екінші жағынан өзінің осындай жағдайды алдын ала болжай алмағанына ызаланып, іштей қатты ренжіп қалған. Өзін осында алып келген бастығының ескертпегеніне де өкпесі жоқ емес.

Ертеңіне ол кісі мұны өзіне шақыртып алды да, жұмысқа киетін арнайы киім бергізді.

— Мынаны кәсіпшілік жаққа барарда ки де, таза киімдеріңді осында іліп кет, — деп, ескерткен. Кешегі болған жағдай турасында ештеңе айтпады. Тек қана кетіп бара жатқанында:

— Кеше сенің келе сала мұнайға шомылғаның маған ұнады. Енді өмір бойы ісің қара маймен болады екен, — деген. Неге екенін өзі де түсінген жоқ сол арада лезде тынысы кеңіп, көңілі көтеріліп кеткен. Бастығының алдынан өзін өзі тоқтата алмай, жымыңдап шыққаны. Сол күні өзі тұрып жатқан үйге келісімен қалай тазартарын білмей, бір бұрышқа апарып тыға салған май-май киімдерін қағазға орап, далаға лақтырғаны есінде...

Әйгілі Құлсары кәсіпшіліктерінде осылай басталған Әнес Бүркітбайұлының еңбек жолы біртіндеп үйреншікті қалыпқа түсіп, өндірістің сан қилы сырлары сәл-сәлден болса да өз құпияларын оның алдына жайып сала бастаған. Кеңсе қызметіне де төселіп, алуан түрлі құжаттардың қайдан, қалай пайда болатындығын да ұға бастаған. Ең бастысы өзі күн сайын көз алдынан өткізіп жүрген жайларды жіліктеп шағып, әр тетігінің өндіріс барысында атқаратын қызметіне қаныққан. Сонымен бірге ұңғыларды өңдеу ісіне өзін бірден тап қылған тағдырына риза еді. Өйткені ұңғы мұнай мен газ өндірісінің жүрегі іспеттес. Оларсыз бұл өндіріс жүрмейді. Олардың бойында қандай кінәраттардың болатындығын алдын-ала ұғып, ондай білім бейне жүрек ақауларын тауып, ем қолданатын дәрігердің әрекетіңдей сезілген. Тіпті өзінің осы кәсіпорынға тап болуының өзінде де жаратылыстан тыс бір әсер бардай толғанатыны бар кейде...

Ғұмыр жолының бастауында Әнес Бүркітбайұлы санасында өшпес із қалдырған тағы да бір оқиғаны айтпай кетуге болмайды. Бұл жай ғана оқиға емес, өмір сабақтарының бір айтулысы десе де болады:

Аға инженер болып жүрген күндерінің бірінде Қаратон кәсіпшілігіндегі мұнай ұңғыларының бірінен алынып тұрған мұнай құрамында су көбейіп кетіп, күрделі жөндеу жүргізуге тура келген. Мұндай жағдайда мұнай келіп тұрған бұрынғы көзді цементтеп тастап, (бітеп), мұнай көзін басқа жерден ашады. Өзінің институт қабырғасында жүріп алған білімі мен ұңғыларды жөндеу жұмыстарында жүріп ұғып, түйгенінің бәрін пайдалана отырып, іске кірісіп кеткен... Алайда ісі сәтсіз болып, авария жасап алды. Былай қарағанда, ұңғы төңірегінде қайнаған өндіріс жұмыстары ғана жүріп, қолдап істейтін шаруалар ғана жүзеге асып жатқан сияқты көрінеді. Бірақ әрбір ұңғының өзінің өмір тарихы болады. Әрбір адамға ашылған сырқат тарихының картасы сияқты, оттың да өз басынан өткен хикаяттар сол картаға жүйелі түрде түсіп отыруға тиіс. Осы арада жұмысқа келген кездерінен-ақ мұндағы әріптестерінің қағазға салақтау екенін байқаған. Болып жатқан түрлі оқиғаларға орай ұңғы кітапшасын ашып, оларға жазба жасап жатқан көп ешкімді байқамаған. Әрине, әлгі оқиғадан соң да сол ұңғының тарихы жазылатын кітапшаны қарап шыққан. Қашан пайдалануға берілгені бар, бірақ неше рет жөндеуден өткені, жалпы бұзылған бұзылмағаны турасында ештеңе көре алмаған. Егер ол шынымен түрлі оқиғаларға ұшыраған болса, әлгі кітапшасында бәрі көрсетіліп тұрса, оны оңдау да қиын болмас еді. Ал ақауы бұрын қай жерде болғаны, жөнделген жөнделмегені белгісіз болса қараңғы үйге кірген адам тәрізді, әр нәрсеге соқтығысып, кез-келген сәтте ұшып түсуің де мүмкін емес пе. Әлгі ұңғының да басынан талай оқиғалар өткендігін, бірақ ол турасында ешқандай жазба қағазға түспей қалғандығын бұл кейін білген.

Авария болған жағдайда арнайы комиссия шығып, оны кімнің кінәсінен болғанын анықтайды. Абырой болғанда, инженер Әнес Бүркітбайұлының бұл жерде еш кінәсі болмай шығады. Әлгі бір қолайсыз оқиғадан кейін жүргізілген тазарту жұмыстары кезінде оның ішінен бес-алты құбыр сынықтары шыққан. Олар бұрын орнына дұрыс қондырылмауы себепті немесе ескіруі себепті уақытында алынбай, ішіне жинала беріп, шіри бастаған қалдықтар екен. Олардың көптігі сонша алып шығар кезінде көтергіш мұнара ауыр салмақтан екі бүктетіле майысып, әрең шыққан.

Құлсары кәсіпшіліктерінде жүргенде алған бұл екі сабағы оны көп нәрсеге үйретті. Әсіресе соңғысынан кейін ол өзінің жауапкершілігіндегі әрбір жұмысты, өзгелердің пікіріне қарамастан, анықтамасын тыңдай тұра, өзінің көзін әбден жеткізбей бастамайтын болған. Өмірінде, өзінің бұл арада айыбы болмаса да, басынан кешірген осы авария оның бірінші де және соңғы да авариясы болған екен.

Құлсары кәсіпшіліктерінде жүріп Әнес Бүркітбайұлы осындай өндірістік сабақтар алып, тәжірибе жинақтаумен қатар өзіне ғұмырлық жар тапқан. Ол сол кезде оқу бітіріп келіп, ауданаралық ауыл шаруашылығы бактериологиялық лабораториясында қызметте жүрген Әлия Қадымқызы еді. Сол өңірде олардың тұңғыштары Әмина мен ұлдары Жамбыл дүниеге келіпті.

Алғашында Құлсарыда ұңғыларды күрделі жөндеу конторында инженер, кейіннен Қаратонда аға инженер болды, осы кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлімін басқарды. Әрине, инженер деген сөз өзі басқаратын істі бүге-шүгесіне дейін егжей-тегжейлі білу деген мағынаны білдіреді. Алайда жоғары оқу орнын неше жерден бітіріп келген адам болса да, өндірістік жұмыстармен бетпе-бет келгенде қорқақтамай, бірден батыл кірісіп кетуі қиын. Оның үстіне әрбір жеке жағдайда ескермесе болмайтын түрлі ерекшеліктері де шығып жатады. Қалай болғанда да жаныңда жақынындай көріп, ерінбей үйретіп, жалықпай жаттықтыратын адамдарың болғанға не жетсін! Ғалымжан ағасы бүгінде Әнекеңе тек қана ұңғылардың қыр-сырын емес, тіршіліктің бүкіл болмыс-бітімін ұқтыруға күш салғандай көрінеді. Басқаны былай қойғанда, ауыздарынан шыққан әрбір сөздің дұрыс бұрысын бақылап, қате кетіп бара жатса сол бойда түзетіп, түсіндіріп отыратын. Әнеске ғана емес, соңынан ерген жастардың қай-қайсысына да қамқор бола жүретін. Сол кісінің жас жігіттердің біріне жасаған ескертуі әлі күнге дейін есінде қалыпты:

Әнес Бүркітбайұлының техникалық сауаттылығы, істеген ісіне ұқыптылығы, ұйымдастыру жұмыстарына ептілігі, уақытын бос өткізгісі келмей, әр нәрсені шұқып көріп, сұрап біліп отыруға құмарлығы, ізденімпаздығы Ғалекеңе ұнайтын. Сондықтан да болар, қызметін де сыналап өсіріп, өзінің ағалық ұстаздық парызын бір кісідей-ақ өтеп кеткен.

1963 жылы Әнекең өзінің туған өлкесіне қайтуға біржола бел байлаған. Мұның себебі туған жерінің байлығын игеруге ат салысу жөніндегі өзінің ежелгі арманы болса, Маңғыстау атағының дүрілдеп шығып, оған көмек беруге өзге өлкелерден көшіп келушілердің күрт көбейе бастауы ол себептің маңызын бұрынғыдан да күшейте түсті. Бұл Маңғыстаудың жерасты "күмбездері" (геофизикалық зерттеулер кезінде мұнай мен газды жерлерден білінетін белгілер) бар екені анықталып, түбектегі кен орындарының алғашқы схема-картасы жасалғанына ширек ғасырдай болып қалған кез. Маңғыстаудағы алғашқы газ фонтандары да, мұнай фонтандары да баяғыда атылып кеткен. Енді бұл аймақта мұнай өнеркәсібін өркендетуге біржола бетбұрыс жасалып, "Маңғыстаумұнайгаз" бірлестігі құрылғалы жатқан.

Туғаныңдай болып кеткен Ғалымжан ағасы тәрбие берген азаматының өз ісін жалғастырып, Құлсары өңірінде жүргенін қалаған болса керек, өзі сол кезде қатты сырқаттанып жатқанына қарамастан аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Саламат Мұқашевқа тапсырып:

— Мына жігітті еш жаққа жібермеңдер, — деп, өтінгені бар.

— Әрине, мамандар мұнда да қажет, "Прорва" ашылғалы жатыр. Бірақ бұл жігіт Маңғыстауға өзі сұранып жүр ғой. Ол жаққа да тәжірибелі жігіттеріңді жіберіңдер, — деген партияның нұсқауы және бар. Сонда өзі қалай болар екен, — деп, Сәкең күмілжіген.

Бұрынғыдай емес, өмірдің бар құйтұрқы сырларын өз болмысында түсінетін болған Әнес Бүркітбайұлы сол кезде Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінде жүрген Әбу Атшыбаевпен хабарласып, сол кісінің көмегімен Маңғыстауға жолдама алған-ды.

Әрине, алғаш рет еңбек жолын бастаған, сүйген жар тауып, екі балаға әке болған Ембі өңірі оның есінде мәңгі сақталып қалды. Сол өңірде жүріп жинақтаған тәжірибесінің Маңғыстаудағы көптеген табыстарға негіз жасағаны сөзсіз.

Маңғыстау өңірі жерінің негізгі бөлігі теңізбен шектесіп жатқанына қарамастан, оның ауа райына бұл ерекшеліктің көп әсері тие бермейді. Жазы ыстық әрі ұзақ, мамыр айында жаз шығып, қазанның қара суығына дейін созылады. Қысы суық және ол да ұзақ. Жыл сайын тізеден келетін қар түспеген. Бет қаратпайтын ысқырған жел, аязды күнде дірдектетіп жіберетін шақтары да аз болмайды.

Әнес Бүркітбайұлы Өзен Кен орнына жаз кезінде ауыс келгенімен, үй ішін 1964 жылдың қаңтарында ғана көшіріп алды. Осы кездерде ғана пайда бола бастаған құрастырмалы үйлерден бұларға да екі бөлме тиген. Келіншегі Әлия мен балалары Әмина, Жамбылға қоса бұлармен бірге тұрды. Енесі бесеуі осылайша Өзендегі мұнайшылар тіршілігін бастан кеше бастайды. "Дизельді" қуаты үй ішіне сәуле түсіруге әрең жетеді, оның көмегімен ас пісіру тіпті мүмкін емес. Су мен азық-түлік Бегдаштан тасымалданатын, бірде жетеді, бірде жетпей жатады. Барактың жел үрлеген тесіктері балалардың ескі-құсқы киімдерімен, қолға түскен кез-келген өзге шүберекпен тығындалады. Ал отын жайы тіпті қызық..

Өзен мұнайының басты ерекшелігін жұртшылық жақсы біледі. Оның құрамында балауыз (парафин) көп. Құбырға кептеліп қалған мұнайдың түрі кәдімгі шұжықты көз алдыңызға келтіреді. Ең қызығы, мұнай қозғалыссыз қалған жағдайда оның қата бастауы үшін отыз үш градус жетіп жатады екен. Өндіріс процесі барысында оның шашылып-төгілетін кездері ол кездері жиі ұшырасатын. Мысалы, ол жер қойнауынан белгілі бір қысыммен көтеріліп шығады немесе қажетті қысым қолдан жасалады (судың, газдың күшімен). Ал атылып кетпеуі үшін ішінде оған қарсы қысым қамтамасыз етіледі. Соған қарамастан, жер астынан оның қандай қысыммен келе жатқанын толық бағдарлай алмай қалатын кездер жиі болып тұрады. Осы сияқты түрлі себептермен төгіліп-шашылған мұнай айналаны бүлдіре бермеу үшін алдын-ала шұңқыр қазылып қояды. Оларға төгілген мұнай қатып қалған соң қи ойғандай ойына алып, отқа жаға беруге келеді. Сонау бір отын тапшы, қысылтаяң шақтарда барактарда тұрған мұнайшылар да осылайша мұнайды жағып күн көріпті. Қораптарға салып, қи секілді қалап жағып отыратын осы отындарын мұнайшылар әлі ұмытқан жоқ.

Қазір Жаңаөзен қаласына кіре берісте сол кезден қалған мұнай қалдықтары әлі де бар. Бүгінгі таңда, әрине, оны отын ретінде пайдалануға рұқсат етілмейді. Шұңқырларға төгіліп, топыраққа араласқан мұндай мұнайды арнайы өңдеп, пайдаға асыру қамы жасалуда. Сол мақсатпен арнай пештер жұмыс жасайды. Бұл қалдықтардың табиғатқа тигізетін зардабы да мол екенін түсіну қиын емес шығар. Бірақ мұнай өндіру жоспарын орындаудан өзгеде ешкімнің жұмысы болмаған сонау бір жылдарда жұрт тіпті экология деген сөздің не екенін білмейтін. Соған қарамастан қоршаған ортаның бүліне бастағанын жігіттер кезінде жоғарыда отырған басшылардың біріне осы тұрғыда мәселе де қойып көрген, бірақ олар қолды бір сілтепті. Енді Әнес Бүркітбайұлы: "Біз Жақсылық Енғазиевтарға жақсы мұра қалдырдық деп айта алмаймыз", - деп, төмен қарайды. Өзенге көшіп келгеннен кейін көп жылдай Әлия апай да (Әлия Қадымқызы Жандауова), мұнай өндірісі саласы жұмыстарына араласты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз