(Деректі әңгіме)
Жар төсегінен ыстық, жар төсегінен ләззатты, жар төсегінен тәтті нәрсенің мынау жарық дүниеде жоқ екеніне Ақшолпанның көзі жетіп, көкірегіне түйгені қашан? Байлық бақыт емес бедел, өзгені қорқытып, үркіту үшін, алдыңа әлсіздің тізесін бүктіру үшін ғана қажет екен. Ал жар құшағы...
Атақты бай, құдай қосқан қосағы Қожаназардың дүние салғанына да үш-төрт жыл мезгіл өтті. Қара жамылып жылын күтті. Бұдан емес өзге әйелден, әлгі жаугершілікте қолға түскен Қонай батырдан сауғаға алған қалмақ әйелінен туған балалары Жем өзенінің бойындағы әдемі тоғайлықта қазақ даласында бұрын соңды болмаған ас берді. Оған Кіші жүздің ханын шақырды. Атынан түскен ханның алдына қонақ үйіне жеткенше ақ киіз төседі. Кейін бұл жер «Ақкиіз» тоғайы атанып кетті.
Қайғының қара түнегі иығынан түсіп жеңілденген сайын, көңілін әлдене арбағандай, әлдене денесін шымшығандай әлденеге омырауын қытықтағандай болады. Әсіресе наурыз мерекесі өткелі. Әсіресе күні кеше қайнысы ағаның орнында отырған жеңгеге көрісе келіп кеткелі.
...Тұла бойы өртеніп барады. Өртеніп барады. Құс төсек, құс мамықтан емес, жылқының сабаудай-сабаудай қылынан жасалғандай тал шыбықтай бұралған дененің тиген жеріне түрпідей тиеді. Бұның тілегені бір «нәрсе». Отағасының тамағын сыйпай қытықтайтын ұзын тарам сақалының, қыпша белін екі орап алатын салалы саусақты ұзын қолдарының орны бөлек екен ғой... Бәрі-бәрі еске түсіп Ақшолпанды төсектен атып тұрғызды, құс жастықты құшақтатып қайта жатқызды, жұмсақ жастық оның құшағын толтыра алмай жұмарланды да қалды. Ызадан есік жаққа лақтырып жіберді.
— Жігерсіз, жасық, еркек емес!
Ызадан қолы дір-дір етті. Найза кірпіктер ашылып-жабылып жанардан жас моншақтары домалады.
Ақшолпанның бұл өкпесі кеше келіп кеткен қайнысына болатын. (Кейін әже болған кезінде ол қайны мен қайнағалары туралы: «біреуі батылы жетіп көрпемді аша алмайды, ал қойшы-қолаңды үстіме шығаруға қорсындым», — деп отыратын болды).
Ия кеше қайнысы Әлі келген. Тұлғалы, ажар-көркі бір еркектен кем емес жігіт ағасы.
— Жеңеше наурызда көрісе келдім, — деді ол. Жасы өзінен мүшел кіші Ақшолпанды ата салтымен жеңеше деді. — Жеңеше, жай-күйің қалай, Қошан батыр өсіп келе жатыр ма? Ағаның қара шаңырағының иесі сол ғой.
Әлінің шай қайнатым мен ет пісірім уақыттың ішіндегі бар айтқан әңгімесі осы болды. Шайды үнсіз сораптады, бағыланның жас етін аузына үнсіз үсті-үстіне тыққыштады. Қолын шайды, тісін шұқыды. Сосын:
— Жеңеше ертең ерте жүріп кетсем, жылқышылар қосында шаруам бар, — деді де сыртқа шығып кетті.
Ақшолпан ойланып қалды. Әмеңгерлік жолымен қалауын сұраса іштей осы қайнысын меншіктеп жүрген. Тек үйіндегі шүйкебасы долылау, Ақшолпан «бір жыныстанбыз ғой, оның да тілін табармын», — деп ойлаған. Міне енді сол көңілі құлаған қайнысы жеңгенің оңаша ақбоз үйіне арнайы ат басын тіреп қонғалы тұр, Демек... оның да көңілінде...
Ақшолпан ақ боз үйдің ішіне екі төсек салды. Бірін кішігірімдеу, қойшы-қолаңның төсегіндей жұқалтаңдау етіп төседі, екіншісін екі кісілік, яғни бұрынғы отағасы бардағы төсектей көз жауын аларлық етіп салды,
Неде болса арадағы нәзік жіптің, түйілген тұсын Ақшолпанның өзі шешуге ниеттенді.
Сырттан үйге кіріп келген Әліге:
— Қайным! — деді — келісіңнің сыр-құпиясын әлі ашпадың, егер қонақ болып келсең онда қонақ төсегің анау (босағаға жақындау салынған жұпыны төсекті нұсқады), ал... ағаңның орнын жоқтатпағалы келсең... төсегің мынау! (ылғи құстың мамығынан ғана жасалған, шәйі жібектермен тысталған, қандай еркектің болса да есін алатын оттай ыстық жар төсегін көрсетті).
Әлі жеңгесіне қарап қалып еді... Жасы жиырмадан енді асқан келіншек қырдың қызыл түлкісіндей кұлпырып-ақ тұр екен. Дүниеде, сірә, бұдан асқан сұлу ұрғашы болмас. Жүрегі бүлк етті. Жанарын әлгі сұлулық жасқап өзінен мүшел жас кіші, бірақ қазіргі сәттегі үстемділікті, билікті өз қолына алып тұрған келіншекке екінші рет тік қарауға батылы жетпеді. Осы сәт көз алдына үйіндегі бейпіл ауыздау өз қатыны елестеген. Осы қылығын сезсе күн ертең отының басы ойрандалатындай сезінді.
Әлінің маңдайынан тер бұрқ етті. Жеңгесінің бұл батыл қылығы оған жуса кетпейтін күнәдай көрінді. Егер қосылыспақ болған күннің өзінде де неке суын ішісіп, айдай әлем алдында жария етіп барып... жар төсегіне жату керек емес пе?
— Ақшолпан! — деді ол сырт киімін кереге басына іліп жатып, — Бүгін, м-ме-ен.. қонақ ретінде келдім... Ал мүмкін кейін...
Ақшолпан Әлінің сөзін аяқтатпай қатқыл үнмен үзіп жіберді.
— Қонақ болсаң төсегің анау.
Өзі сыртқа атып шығып, өксігін баса алмай ағыл-тегіл ұзақ жылады. Тағдырын қарғады, әкесін қарғады, өз әлін білмей отқа қолын көсеген кәрі қақпас отағасы Қожаназарды қарғады, өмірді ойыншықтай көріп бәріне келісім берген өзін қарғады.
Қайнысының сондағы келісінің мәнісіне түсінбеген, өзінің ерке қылығы сәтсіз болып шықты. Ақшолпан сол оқиғаны еске алып әлгі сөзін тағы қайталады.
— Жігерсіз, жасық, еркек емес!.. Түн тылсымы, түн арбауы келіншекті ұйықтатар түрі жоқ.
Байдың бұла қызы өмірдің қысастығына қысастықпен жауап бергісі, тіпті тәлкек еткісі келген. Бірақ қатал тағдыр аңғал, сәби көңілді бойжеткеннің түсінік-түйсігінен тым күрделірек болып шықты. Ол оңаша үйде отырып өз-өзінен, мынандай мағынадағы зар өлең айтатын болды:
Умашталып басылып,
Төсек бұл жатқан шашылып.
Түлкі құйрықты қу тағдыр.
Қарғаймын сені ашынып.
Сөндірген кім бар отын өз,
Жұлқысар шақта етін өз
Араша түспей ұзатқан,
Қарғаймын әке қатыгез.
Сақалын мұртын ақ басқан,
Кірпігін қарар қақпастан,
Балымды сорған тілімнен,
Қарғаймын сені қақбас шал.
Оттан да ыстық қойны бар,
Ашылған талай қойындар.
Қарғаймын тағы батылсыз,
Қайнағалар, қайнылар.
Қайтемін жәудір көзімді,
Бола алмай шыққан төзімді,
Тәкапарлықтан тартқан сазайын,
Қарғаймын және өзімді.
Дүние қоңыз қуған кіл,
Шыққандай жаурап судан бір...
Не жаздым мені зарлатқан,
Тылсымы мол қу тағдыр.
Иә, тағдырының бұлай түзілуіне өзі кінәлі. Менің бетіме жан қарай алмайды, айтқаным орындалады, — дейтін өркөкіректігі түбіне жетті. Олай емес, бәрі де алдамшы, жалған екен. Оның есіне Қожаназар байға қалай тоқал болғаны түсті...
...Әлім елінің аузынан тастамайтын «айдай сұлу Ақшолпаны» болатын бұл. Әкесі мыңғырған бай болса, өзі аса сұлу қыз болса Ақшолпаннан бақытты кім болмақ. Қызметші қыздарының бірі маңдайын сипап, шашын өрсе, бірі балтыры меи санын сылайтын. Сол кезде бұл маужырап ұйқыға кететін. Жігіттердің аузында «Ақшолпан», жеңгелердің аузында «Еркежан», «Сырғалым» болатын.
Бірде елінде той болды. Қыз-бозбалалар отырған отау әркезде көңілді, ән-күйге бөленбей ме? Ақшолпан қолына домбыра алып, мақпал дауыспен үзілдіріп ән шырқады. Тойшылардың бірі есіктен, бірі іргеден, аттылар жабықтан таласа сығалап қалыпты.
Кенет Ақшолпанның көзі жабықтан сығалап тұрғандардың ішінен сақалы аппақ, жанары нұрлы, құндыз бөрікті, асыл шапанды қартқа түсті. Әлгі паң мінезді қарт Ақшолпанға сүйсіне қарап тұр екен. Манадан бері ту сыртынан оқша қадалған көздің иесі осы екенін сезгендей:
— Мына ақшұнақ шалға да қыз керек пе, әй! деп сыңғырлай күліп еді, оған «Сары майдан дәме еткен итім құрсын» деп бозбалалардың бәрі қосылып күліп, қолдарын шошайтып әлгі қызға тесіле қараған қартты мазақ етті.
Бірақ Ақшолпан аузынан аңдамай айтылған осы сөздің кейін өзінің бар тағдырын шешерін сол бойда қайдан білсін?!
Жабықтан сығалап тұрған шал адайдың атақты байы Қожаназар болатын. Өзін құдай санайтын Қожаназарды әлгі сөз қамшымен қақ маңдайдан сарт еткізіп ұрғанмен бірдей болды. «Тоты құс торға өзің түстің», — деді бай іштей бір мырс етіп.
— Мына тоты құс, кімнің бақшасынан екен, білші, — деді ол қосшысына қарап. Сөйтті де тойдың соңын күтпей ауылына cap желіп жүре берді.
Той иелерінің ішінде абыржу пайда болды. «Қожаназар өкпелеп кетіпті.». «Кімге?» «Әлімдерге», «Неге?» «Сәлкен байдың сайқымазақ қызы «ақшұнақ шал» деп масқаралапты». «Ұят болған екен». Әлімдер енді сендер Адайға ат-шапан айып төлейсіңдер. Жігітке емес, қыздарыңызға мырзамызды сөккізіп...
Қожаназарға да керегі осы қаңқу сөз еді. Келе Сәлкел байдың ауылына құда аттандырды. Айтқаны: «Топ ішінде абыройымды төккен қызға көңілім ауды. Шал демесін. Аруым — деп қадірлеп өтем. Ақшолпанға да алла «адамың осы» — деп тұспалдаған болар, әйтпесе сақалыма жабысар жөні жоқ еді».
Сәлкен ауылының түндігі құйын соққандай тулады.
— Қожаназардың қай басынғаны.
— Сексендегі шалдың дәмесінің зорын.
— Қызымыздың теңі болса бір жөн.
— Қойыңдар, ағайын, қызымыздың өзінен, жатқан айдаһардың құйрығын басып...
Осы кезде Ақшолпан:
— Әке жатқан айдаһардың құйрығын бассам, басымды бәйгеге өзім тігейін. Бай малжанды келеді. Оны малмен қашырталық. Әрі қанша бай болса да тауып бере алмайтын қалың сұраңыз. Қалың малым мынау болсын. Қожаназардың жасы 80-де ғой, бір өңнен шашасы ақ, алааяқ 80 күрең құнажын байтал, 800 ақсарбас марқа, 40 алмас өркеш ақ тайлақ...
Қандай байдан да бір-бірінен айнымайтын бұндай төл түрі табылмайтын. Қыз байламын естіген құдалар елге шапты.
Қожаназар жылқышы ұлы Есбердіні, қойшысы мен түйешіні шақыртып алды.
— Әке! — деді Есберді, — алаяқ, шашасы ақ 80 күрең байталды бір айғырдың үйірінен-ақ тауып берем.
— Байеке! — деді қойшы, — 800 ақсарбас марқаңыз анау бөлек жатқан отар.
— Қожеке! — деді байдың өзімен тұстас түйеші — алмас өркеш 40 ақ тайлақ Қожаназардың келесінен табылмағанда қайдан табылады. Бірақ кәрі тарлан айғыр-ау, осы жолы үйірге түспей-ақ қойсаң қайтеді? Онсыз да әйелмен баладан кенде емессің ғой...
Ақшолпанның қалың малы сол бойда Сәлкен байдың ауылына айдалды. Қожаназар байлығымен жеңіп кетті. Жылқысы да, қойы да, түйесі де асыл тұқымды болып шықты. Жас ару аузынан жазды.
Сөйтіп Қожаназарға тоқалдыққа келді. Алғашқы түні отағасы ыстық көрпені ашып «Шолпанжан, кәрі деме, жаным жас, көңіліңмен маған берілсең айтқанын, екі етілмейді... Бісмілдә, рахман-рахим», — деп теріс қарап солқылдап: жылап жатқан Ақшолпанды бауырына басқалы өзіне қарата берген.
Ашулы Ақшолпан оның қолын қағып жіберді де:
— Маған жолама! — деді.
Қайта теріс қарап жатты.
Бұдан кейін Қожаназар да қайтып қолын созған жоқ. Жұбату да айтпады. Таң атты. Әркім өз шаруаларына кірісіп кетті.
Екінші түні де бір төсекте некелері қиылған ерлі-зайыпты екі адам, дәлірек айтқанда сексендегі шал мен 17-дегі жас қыз екі жаққа қарап жатып шықты.
«Ашуың басылсын, қақпанға түскен бөкенсің ғой, қайда кетермін дейсің», — деп ойлады бұл өмірден түздің де, төсектің де ләззатын көп татқан отағасы.
Үшінші түн. Әрберден соң Ақшолпан қосағына бұрылды. Бойындағы ашу тарап, жуасыпты. Мүмкін күндізгі абысын-ажындардың құлаққа сыбырлаған құпиялары да әсер еткен болар.
Ақ білекті созып, ерінің мойнына салды. Сосын наздана осы кісіні тұңғыш жабықтан көргендегі теңеуін әуендете қайталай тіл қатты: «Құдай салды мен көндім а-қ-шұн-ақ шал бері жат!».
Қожаназардың құлағына бұл жолғы әсем әуен ырғағымен айтылған «ақшұнақ шал» сөзі ілкідегідей түрпідей тиген жоқ, қайта аса бір жағымды, аса бір қайда, баланы еркелеткендей естілген.
Ақшолпан басына түскен тағдыр тәлкегін осылай жеңген. Аз күнде-ақ байдың ерке тоқалына айналды. Қожаназар өзге әйелдерін мүлдем ұмытты. Дүниеге ұл келді. Ақшолпанның бағы одан сайын жана түскен... Отасқан соң екі жылдан кейін Қожаназар дүние салды... Міне содан бері жас келіншек жар төсегін, ең ыстық, ең ләззатты сәтін аңсап, жалғыздықпен алысумен келеді.
Түн тылсымы, түн арбауы келіншекті ұйықтататын емес. Тұла бойын өртеп бара жатқан алапат жалын Наурыз келе дүниедегі бар тіршіліктің жанданатын, қимыл қозғалысқа түсетін, махаббаттың бүр жаратын әдеті ғой.
Ақшолпанның бойында аласұрған бір нәрсе құжынап жыбыр-жыбыр еткендей. Бұл құрттың емі... тек жар төсегі. Көрпеде, көпшікте мыжғыланып қалған. Тіз киімін шешіп тастаған Ақшолпан шапанын желбегей жамылып тысқа шықты. Жер бір ақ, бір қара матадан құрап тігілген әдемі көрпе тәрізді. Шығыс жақтан баяу қызыл жел еседі. Есік алдындағы қоңырайған бақа төбенің көлеңке жақ баурайындағы күртік нардың ортасына жүресінен отыра кетті.
«Есімді есірік еткен, тезірек жер астына көміліп, құм толғыр неме, мә, саған, мұздай қар асатайын!».
От болып өртенген денеге қысқы ызғарынан айырылып моп-момақан күйге түсіп жатқан сап-салқын ұлпа қар тиген бойда жұп-жұмсақ болып еріді. Өрттің емі су емес пе? Ыстық дене рахат сезімге бөленгендей бей-жай тарта бастады. Тұла бойдан шыпылдап тер бусанғандай ма?
Ақшолпан маужырады. Бір рахат сезімге бөленді. Түндер бойы қағылмаған кірпік жұмылып, ұйықтап кетті. Келіншек оянып кеткенде таң рауандап келе жатты. Тұла бойы жеп-жеңіл манағы өрттің, жыбырлаған құрт-құмырсқаның бірі жоқ. Су сепкен тозаңдай басылған.
Келіншек өз-өзінен таң қалды. Тіпті не болғанын бұл жерге қалай келгенін, не күй кешкенін есіне түсіргелі біраз тұрды. ...Ақшолпан содан кейін түнгі жар төсегі ләззатын аңсаған сезім арналысынан біржола құтылды. Пенделікпен, нәпсіқұмарлықпен ісі жоқ сол елдің ақ жаулықты әжесі болды. Оның алдынан қайны да, қайнаға да, абысын-ажын да, келін-қыз да кесе көлденең өтпеді. Ақшолпан қыздай қосылған қосағы Қожаназарға адал күйінде дүниеден кетті...
Хамит
Әңгіменің аяғы сылдыр су болып кеткен бе деген ой туындайды. Дегенмен, аналарымыздың ақылдылығы мен нәпсіге тосқауыл қоя білуі үлкен парасаттылықты қажет етеді. Тап осы мәселені көтеруде әңгіме тұғырлы шыққан.