Тәуелсіздігімізге 20 жыл, ал «Қазақстан — 2030» ұзақ мерзімді стратегиялық даму бағдарламасының өмірде нақты жүзеге асырылып жатқанына да, мінеки, он төрт жыл толып отыр. Бұл жиырма белес, жиырма асу өркениеттік даму жолына түскен тәуелсіз жас мемлекетіміздің дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетіп берді «Қай портқа бет алғанын білмейтін кеменің желі оңынан тұрмайды» деген ұлы Сенеканың сөзі бар. Ал Қазақстан атты алып кеменің үстінде өмір атты үлкен мұхитта жүзіп келе жатқан біз болсақ, қандай портқа бет алғанымызды айқын білеміз. «Қазақстан — 2030» — біздің адастырмайтын бағдар шамымыз. Сонау алыстан жарқырап көрінетін шамшырақ маягымыз.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің келешегін осы Жолдауында әдеби метафоралық теңеумен былай деп бейнелеген-ді:
«2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін... Жануарлар әлемінде Жолбарыс туыстас болғанымен, Барыстың өзіндік ерекшеліктері де бар. Бұл өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланатын Барыс болмақ...»
Кетті күндер елесі,
Небір тоңған, жылаған.
Қазақстан кемесі —
Штурвалда Нұр-Ағаң.
Бет түзеді сеніммен,
Бақыт, шаттық портына.
Мейірім боп төгілген,
Тастап нұр іс артына.
Оның әрбір ісінде —
Кемелденген болашақ.
Ал жүзінде, жүзіңде
Имандылық, Парасат.
Бәрі осының, осының,
Шыққан нәрсе намыстан.
Тыңдап сөзін досының
Айдаһар мен Арыстан,
Қажет болса осы күн
Қаймығады Барыстан... —
деп сонау Жолдау жарияланған 1997 жылы-ақ жырлағанымыздай, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі жыл сайын биіктен биікке көтеріле берді десек, артық айтқандық болмас. Досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндірер небір тамаша табыстарға қол жеткіздік.
Елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, көлік-коммуникация, энергетика салалары, әлемдік рынокқа шығудағы бірлескен жұмыс, кедендік, тарифтік реттеу, аймақтағы қауіпсіздікті нығайту мәселелері бір жүйеге келтірілсе, бұлардың бәрі «Қазақстан — 2030» дағы «Ұлттық қауіпсіздік» атты 1-ші ұзақ мерзімдік басымдықтағы жоспарлы міндеттер болатын. Демек, біз «Қазақстан — 2030»-дың әр тармақтарын мүлтіксіз орындап келеміз десек те болады.
Мен «Қазақстан — 2030» ұзақ мерзімді бағдарламаның негізі бұдан он бес жыл бұрын емес, ресми түрде он тоғыз жыл бұрын қаланғанын оқырмандардың естеріне сала кетсем деймін. 1992 жылы Президентіміздің «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының Стратегиясы» атты алғашқы ғылыми еңбегі жарық көрді. Ал одан бір жыл өткен соң, 1993 жылы «Қоғамның идеялық бірігуі — Қазақстан дамуының кепілі» атты екінші еңбегі жарияланды.
Міне, осы еңбектердегі негізгі бағыттар республикамыздың 1995 жылы референдум негізінде қабылданған жаңа Конституциясында жарқын көрініс тапты. Біз бұдан Елбасының еліміздің өркениетті дамуының теориясын сонау тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінде-ақ ерте бастан ой елегінен өткізіп сараптағанын көреміз.
Елбасымыз сол алғашқы еңбектерінде кезінде өзіміз шекпенінен шыққан социализмнің өмір сахнасындағы өшу дағдарыстарын алғаш ашып көрсеткен-ді. Еңбектің басты құндылығы да осында тұғын. Алдағы талай ұрпақ бір саяси қоғамдық құрылыстың жетістігі мен кемістігін, жойылуының себеп-салдарын енді Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері арқылы түсініп пайымдайтын болады.
Сонымен зердемізде сақталып қалу үшін социализмнің түбіне жеткен «бәлелерді» Нұр-Ағаңның «Қазақстанның болашағы — қоғамның идеялық бірлігінде» еңбегі арқылы тағы бір саусақпен санап, түсін түстеп көрелікші. Бұл бізге қазір өмір сүріп жатқан қоғамымызды нақтырақ ұғыну үшін, тәуелсіздіктің құнын тереңірек түсіну үшін қажет.
Бірінші — нарықты экономика алдында тізе бүгіп, басын иген жоспарлы экономика дағдарысы.
Екінші — демократияны қолжаулық етіп, білгенін істеген бюрократиялық саяси билік дағдарысы.
Үшінші — интернационализм деген атты бүркеншік етіп жамылып, ұлттың уыз қасиетін қылышпен қиғылаған ұлттық дағдарыс.
Төртінші — өзгенің жер-суын, қазына-байлығын тонау мақсатында туындаған экологиялық дағдарыс.
Бесінші — адамдарды әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен, наным-сенімінен айырып, мәңгүрт еткен имандылық дағдарыс.
Елбасы осы саусақпен санап көрсетілген апаттардан шығу жоспарын бүкіләлемдік азаматтық тәжірибемен байланыстыра отырып, бағдарлама сызып, республиканың өзіндік идеологиясын ұсынды. Ол — «Қазақстан — 2030» ұзақ мерзімдік стратегиялық бағдарламасы. Демек, бізге идеология керек екен, онсыз, яғни белгілі бір мақсат-мүддесіз қоғамның алға жылжуы мүмкін болмай шықты.
Басты мақсат — елдегі барлық саяси партиялар мен қозғалыстардың күштерін халықты нарық күйзелісінен алып шығатын бірлікке, ынтымаққа топтастыру. Ол — ұлтаралық бірлік. Өйткені Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Қай ұлттың өкілі болмасын, Қазақстанда тұрады екен, оны қасиетті де киелі Отаным деп мойындап, оның гүлденуі үшін қызмет істеу.
Ол — ұлт ішілік бірлік. Өйткені қазақ ұлтының өзі жүзден, рудан, тайпадан, бөлімнен тұратын халық. Жікке бөлінеміз деп шілдің қиындай шашырап тоз-тоз болып кетпей, «бір халықпыз, қазақпыз, өзгелерге өнеге-үлгі көрсететін ұлтпыз, мынау он сегіз мың ғаламның ортасынан алатын біздің де орнымыз бар» — деген биік сенім, сезімде болу.
Сөйтіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ең бірінші — әлеуметтік бағдарланған аралас нарықты экономика құру; екінші — ұлттық кәсіпкерлікті қолдау; үшінші — өндірісті құрылымдық жағынан қайта құру; төртінші — халықты әлеуметтік қорғау; бесінші — мемлекеттерден экономикалық, саяси серіктестіктер таңдау; алтыншы — республикада құқық мәдениеті мен құқықтық реформаны жүзеге асыру; жетінші — қазақ елінің қорғаныс қабілетін сақтайтын ұлт қауіпсіздігін нығайту; сегізінші — біздің барлығымыз да бұрынғы КСРО-ның немесе ТМД-ның емес, тәуелсіз, болашағы жарқын Қазақстан мемлекетінің азаматы екенімізді жан-жүрегімізбен түсініп, ұғыну, сөйтіп әрбір адамды бала кезінен «Қазақстан — менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» — деген қарапайым ойды бойына сіңіруге тәрбиелеу; тоғызыншы — тіл мәдениетін көтеру, оның ішінде өзге тілдерге көлеңке түсірмей, қазақ тілін мәдениеттің бір бөлігі ретінде, барлық қазақстандықтарды біріктірудің қосымша факторы ретінде қарастыру.
Ол барлық ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін танытып білдірудің негізгі ұйытқысы болуы тиіс. Оныншы — еліміздің көпұлтты ғана емес, көпдінді екенін де ескеріп, оған түсіністікпен қарау. Дінге идеологиялық қарсы тұрудан бас тарту, бірақ діни сезімдерді қоғамда жанжал туғызу үшін пайдалануға жол бермеу, ең соңында осындай жаңа идеялық тұжырымдаманы жүзеге асыратын институттарды айқындау. Осылай қоғамды реформалау ісінде насихатшылар мен идеологтардың, оның ішінде бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің терең білімді топтарына сүйену. Олар қалың бұқараға, әсіресе жергілікті халыққа экономикалық стратегия мен тактиканы белсенді түсіндіріп, жеткізушілер болуға тиіс.
Мінеки, сіз бен біз болып жүзеге асыратын міндеттеріміз осылар болмақ. Және бұл міндеттердің көбі өткен он жылдың ішінде бүге-шегесіне дейін үңіліп қараған адамға жүзеге асып жатқаны тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр.
Маңғыстау — республикамыздағы әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің қаймағы бұзылмаған қазақтар басым тұратын облыстардың бірі. «Қазақстан — 2030» бағдарламасына сай түбек түлеп, жүйелі дамып келеді. Ақмаржан әсем қала Ақтау еліміздегі ең көрікті қаланың біріне айналып келеді.
Елбасы «Ақтау сити» қала құрылысының басталу рәсіміне қатысып, сәттілік тілеп кетті. Ақтау — сонымен бірге теңізге шығатын қақпа. Мұнда бірнеше зауыттар дүниеге келді. Көршіміз Түрікменстанмен байланыс жақсаруда. Екі елді байланыстыратын темір жол, автомобиль жолдары салынуда. Биылдың өзінде аймақтың экономикасына 70 млрд. теңге инвестиция құйылыпты.
Ал Маңғыстау мұнайы еліміздің экономикасын нығайтуда басты фактордың бірі болғаны белгілі. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ отандық 30 корпоративті көшбасшының алдыңғы қатарында келеді. Жаз бойы Ақтау қаласындағы көркейту жұмыстары бір толастаған жоқ. Асфальт жолдар төселді, жылу, су құбырлары тартылды, тынымсыз жұмыс істеген алып крандар, ыңғайлы жағажайлар келушілердің көңілін еріксіз жағымды әсерге бөлейді. Істеліп жатқан игі істердің бәрі облыс әкімі Көшербаев Қырымбек Елеуұлының қарымды қайраткерлігін дәлелдейді. Ол өзге әкімдердей келе столға отырып алып, елді сәлемдемемен басқарған жоқ, аймақты ерінбей аралап, аудан емес, әр ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты, көзімен көрді, көңілге түйді. Халықпен жарқын жүздесті.
Тәуелсіз Қазақ Елі жеріміз көлемі жағынан дүниежүзінде 9-шы орында, ал халқының саны жөнінен 71-ші орында екен. Минералдық байлығы жағынан аса бай елдердің санатында. Түсті, сирек, қымбат металдар өндіруден 3-6 орындардамыз. Ал мұнай қорынан 10-шы орынға ілінуге мүмкіндігі бар.
Қазақстанның гүлденуі үшін ең басты нәрсе — бірлік пен ынтымақ. Ал олар бізде бар. Ғұлама жазушы Әбіш Кекілбаевша айтсақ: «Қуана білмегенге құт дарымайды, бағалай білмегенге бақ қонбайды, табына білмейтін қауымнан Пайғамбар шықпайды, бағына білмейтін халыққа Патша құтаймайды. Ел содан барып азады, жер содан барып тозады...»
Демек, бағалай білсек, өз қандастарымыздан шыққан Пайғамбар да, Патша да бар. Тек соларды көре білелік, соңынан ере білелік. Жетістіктеріміздің жемісін тере білелік.
Бір көршіміз — Арыстан,
Бір көршіміз — Айдаһар.
Оңбайды екен алысқан,
Паналар жер қайда бар?
Батыл, алғыр болмасаң,
Бірі дайын ұтуға.
Жалын атып жанбасаң,
Бірі дайын жұтуға.
Мекен етсең сақтана,
Екі алыптың арасы.
Барыс болып тек қана,
Көзің жалын шоқтана,
Аман-есен қаласың.
Тіземіз дірілдемей, алыптармен алыпша сөйлесу дәрежесіне алғашқы жиырма жылда жеттік. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның көк байрағы әрдайым биіктен желбірей береріне қарапайым азаматы — менің сенімім шексіз.
2011 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі