(Л. Толстойдан)
Ескі заманда Асурия патшасы Асархидон Лаэлидің елін шауып, қалаларын өртеп, бастығы Лаэлидің өзін, тамам жақсы кісілерін ұстап алып, батырларын өлтіріп, Лаэлиді абақтыға жауып қойды. Асархидон қымбатты төсегінде жатып ертең Лаэлиді қандай қиын азаппен өлтіруін ойлап жатыр еді, бір дыбыс шыққан соң көзін ашса, қасында бір бурыл сақалды, өткір көзді, шалдау адам тұр екен. Сол шал айтты:
— Сен Лаэлиді өлтіртемісің?
Асархидон: — Өлтіремін. Бірақ қандай қинаумен өлтіртетінімді ойлап жатырмын,— деді.
Шал: — Сен өзің Лаэлисің, өзіңді өзің өлтіртесің бе?
Патша: — Жоқ, мен Асархидонмын!
Шал: — Олай емес, сен Лаэлисің. Бірақ өзіңді Асархидон деп ойлағансың.
Патша: — Неге? Мен алтын төсегімде жатырмын. Лаэли абақтыда. Ертең мен оны қандай қинап өлтірген қызығыма қара!
Шал: — Жоқ, сен Лаэли дегеніңді өлтіре алмайсың!
Патша: — Оның он төрт мың батырларын өлтіргенде, оның жалғызын өлтіре алмаймын ба?
Шал: — Сен ол он төрт мың кісінің біржола жоқ болып кеткенін неден білдің?
Патша: — Өз көзімше өлтірттім.
Шал: — Бұл да саған ғана солай болып көрінген. Анығында сен оларды қинай алған жоқсың, өзіңді өзің қинадың. Ешкімнің жанын да жоғалта алған жоқсың.
Патша: — Бұл сөзден түк білгенім жоқ.
Шал: — Білгің келе ме?
Патша «білгім келеді» деген соң, шал бір шылапшынға су толтырды да айтты:
— Осы суға түсіп отыр-дағы, мен мына бір кесе суды басыңа құя бастағанда, басыңды суға бір тығып ал, сонда не көрер екенсің, — деді. Шалдың айтқанын істеп, басын суға тығып еді, өзіне-өзі бөтен біреу сықылданып, қасында бір сұлу қатынымен төсекте жатқан сияқтанып көрінді. Сонда қасындағы қатыны айтты: «Сүйікті ерім, Лаэли. Сен кешегі көрген бейнеттерден қиналып, әбден шаршап, көп ұйықтасаң да оятпадым. Залда тамам уәзірлерің күтіп тұр, тысқа шық!» — деді.
Асархидон өзін мүлде Лаэли деп біліп, киініп залға келген соң, уәзірлер бас ұрып амандасып, әрқайсысы өзіне лайық орындарына отырды да, үлкен уәзірі айтты: «Асархидон антұрғанның осынша қор қылғанына шыдауға болмайды, қазір дайындалайық та, соғысайық», — деді. Өзін-өзі Лаэли деп біліп отырған Асархидон ол сөзді мақұл көрмей: «Асархидонға бітім қылайық деп елші жібер», — деді. Өзі аңға шығып кетті. Ол күні құлан атып келіп, кешке уәзірлерімен әңгімелесіп, кәнизәк-қыздарын билетіп, сауық салып, ертең және аңға шығып, бір ұрғашы арыстанды өлтіріп, екі баласын тірі ұстап алып келді. Сүйтіп, күндіз аңға шығып, түнде сауық салып Асархидонға жіберген елшісін күтіп, неше жұмалар өтті. Бір айдан соң елшісі құлақ, мұрнын кестіріп келді және «алым төлеп, сый бермесең, өзіңді де осындай қыламын» деген Асархидонның хатын әкеліп берді. Өзін Лаэли деп отырған Асархидон уәзірлерін жиып, ақылдасып еді, жау Асархидонға өзінен бұрын аттанып барып соғысуды ұнатқан соң, әскер жиып алып аттанды. Жеті күн өтіп, сегізінші күні бір судың бойында екі жақтың әскері қарсыласып, басында бұлар жеңсе де, аяғында жау жеңіп, өзін бас қылып, қанша батырларын кісендеп алып, оныншы күні Нейнува қаласына апарып, әлігі Лаэлимін деген Асархидонды абақтыға жапты.
Сонда бұл Лаэли болып отырған Асархидон ертең өзін жау Асархидон қанша қатты қинаса да, білдірмей шыдамақшы болып, көңілін бекітті, сүйтіп жиырма күн абақтыда жатқанда жақын туысқандарын, батырларын алып келіп, көз алдында бірінің тірідей терісін сойып, бірінің қол-аяғын кесіп, бақыртып жатса да шыдап, пішінін бұзбады. Бір күні екі жендет келіп, екі қолын артына байлап, қып-қызыл қанның ортасындағы кісіні артынан шаншып өлтіретін темір сояу қазықтың қасына алып келді.
Сол қазыққа артынан шаншып аузынан шығарған өзінің бір жолдасының денесін алып тастап, қазықты босатқанын көріп, «енді мені де соған шаншады-ау» деп тұрғанда, екі жендет мұның бар киімін шешіп, өзін қазыққа қарай апара жатқанда: «Апырмай! Мен Асархидон емес пе едім, Лаэли емес едім ғой! Бұл түсім болса керек», — деп, қанша тырысып оянайын десе де болмады. Және «Лаэли де — сен, Асархидон да — сенсің» деген бір дауыс естілгендей болды.
Аяғында қаншама жалынса да оған қарамай жендеттер қазыққа шанышпақ болған соң шыдай алмай: «Ойбай, өлдім!» — деп бұлқынып, басын көтеріп алса, баяғы шал кеседегі суды мұның басына құйып та болған жоқ екен.
Асархидон:
— Уһ! Қанша көп бейнет тартып жазаландым! Енді болмаса өліп едім, — дегенде, шал айтыпты:
— Не айтасың! Мына бір кесе суды құйып та болғаным жоқ. Бір секундтың ішінде сонша көп бейнет көруге бола ма? Бірақ осы бір секундте не көрдің? Бағанағы менің «Лаэли өзіңсің» деген сөзімнің анық екенін білдің бе? Ол түгіл, аңда жүріп атып алған құландарың мен арыстандар да сенің өзің екенін білдің бе? Сен «тіршілік жалғыз менде ғана, жалғыз маған ғана керек» деп білесің.
Жоқ, олай емес! Ол ой — өтірік! Алдау. Ол өтірік, алдауды көзіңнен алып тастап едім, барша жан иесіне қылған зұлымдығың аяғында өзіңе келетінін көрдің.
Тіршілік пен рахат жалғыз саған ғана керек емес, тамам жан иесіне де керек. Бірақ сен жалғыз бір өзіңе тиген үлесің — тіршілігіңе ғана иесің. Сол тіршілікті жақсы өткізуге әм соңыра пайдасын көруге жалғыз-ақ жол бар. Ол жол жалғыз ғана өзіңді жақсы көріп, өз пай-даңды ғана ойлаумен табылмайды, барша жан иесіне шын жаның ашып, шын махаббат етумен табылады. Енді ұқтың ба? — деді де, шал көрінбей кетті.
Асархидон түні бойы ойланып, ұйықтамай, таңертең Лаэлиді қалған жолдастарымен біржола босатып, достасып, сый беріп қайтарды да,
Сарданипал деген баласына патсалығын беріп, өзі жаяу ел аралап жүріп: «Адам басқа біреуге, тіпті, барша жан иесіне қылған жаманшылығы өз басына істегені болады екен, оны көзім көрді, — деп зарлап, — ешкімге зұлымдық ете көрмеңдер», — дейтұғын болды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі