Эссе және өлең-жыр байқауы

Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы қазақ қызының намысты да өжет жан екенін дәлелдеп жазыңыз

Бақыт жолы біліммен табылады...

Ахмет Йүгінеки

Қай заманның болмасын, өз қиындығы, өз тартымдылығы бар. Қазақ халқының басынан не өтпеді десеңізші!.. Оған дәлел, тарих айнасы – көркем әдебиет. Небір аласапыран кезеңдерді, аштық, соғыс, небір жылан үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай өмірді көз алдымызға әкелетін әдебиет емес пе? Сондай шығармалардың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы.

«Ақбілек» - Қазан төңкерісінен кейінгі азамат соғысы зардабының әсерінен қазақ ауылының өмір-тіршіліктері мен таптық тартыс кесірінен қорлық көрген қазақ қызының ауыр тағдырға берілмей, «көзі ашық, көңілі ояу» тұлғаға дейін көтерілгендігін баяндайтын туынды.

Ақбілек – ата-анасының бауырында еркелеп өскен, ауыл ішінде «Мамырбайдың Ақбілегі» болған, бір мезетте анасынан айрылса, сол мезетте өзін өлдіге санайтын оқиғаға ұшыраған,  сөйте тұра тағдырға қасқая қарсы тұрған қайсар қазақ қызы. Оған дәлел – орыстың мазағынан соң жалғыз қалып, жапан түзде қасқырмен алысып, ерлікпен жеңуі. «Ақбілек аллалап, қасқыр абалап, Ақбілек сабалап»  отты көзді жыртқыштармен көп алысты. Былайғы уақытта қарусыз түз жануары алпамсадай еркекке де оңай алғызбайды, ал Ақбілек еш қарусыз-ақ, «қасқыр оттан қорқады» дегенді есіне түсіріп, шоқты алаулатып жауын қуды. Осы тұста Ақбілекті қайсар, жауына оңай берілмейтін адам ретінде танимын.

Ақбілек – қиялшыл тұлға. Кеше ғана көзі жастан құрғамай, «неге ғана қара жер қақ айрылып мені жұтып кетпейді?» деп түңілсе, келесі күні төсекте жатып, өзінің үлде мен бүлдеге оранып ұзатылып, ақ отауында Бекболатына торсықтай ұл сыйлап, бақытты өмір кешіп жатқандығын қиялдайды. Бұл оның қиындыққа тез беріле салмайтын жанының тазалығын, арманға да балаша қуанатындығын көрсетеді.

Ақбілек қандай қасиеттерімен жарқын өмірге қадам басты, қандай күш өшкен өміріне шырақ жаққызды? Оған себеп – Ақбілектің өжеттілігі, өзіне бекемділігі. Орынборға барып оқып жүргенінде жан-жақтан тамсанып қызығушылар да, қала қызы ретінде желіктірушілер де болды. Олардың біріне де мән бермей, оқу үшін келгендігін мықтап назарда ұстауы, қазақ қызына тән салмақты да өжет болуы – Ақбілектің асыл қасиеттерінің бірі.

Қазақ қызының шет жерге барып оқуы да оңайға түспейді. Онысы Кәмилаға айтқан «жасынан оқымаған соң, кісінің тілі де қатып кетеді екен, жуырда икемге келмейді екен» деген сөзінен байқалады. Дегенмен орыс тілін бір адамдай-ақ меңгеріп алады. Бұл оның еңбекқорлығы деп білем.

Тағдыр тәлкегіне, қоғам әділетсіздігіне құрбан болған Ақбілек сынды қазақ қызы қаншама? Жалғыз Ақбілек жылап, басына салғанға көніп, бар өміріне нағлет айтқан жоқ, бірақ жалғыз Ақбілек сүрінген жерінен қайта тұрып, өжеттілік танытты. Автор Ақбілекті осы қырынан ұрпаққа үлгі етті. Біздің заманымызда да түрлі жағдайға байланысты тағдыры ауыр боп жүрген қыздар бар. Автор соларға «құласаң, қайта тұрып жүгіруге қақың бар, оқу оқы, білім ал» дегенді айтқысы келген деп ойлаймын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы - қай заманның ұрпағына да берері мол өміршең шығарма.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Айнұр

Өте жақсы жазылған . "Ақбілек" романын оқуға кеңес беремін!!!

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...