Әкесі Қарабатыр дүние салған соң шешесі Құлақайға:
— Елді арбап, алдағаныңды қой. Өстіп жүріп бір күні байлардың қолынан өлесің, — деп жалынады.
— Қоямын, енді ешкімді алдамаймын, — деп анасының көңілін жыққысы келмеген Құлақай еріксіз уәде береді.
— Қарағым, менің ақылыма көнсең, Боқбасар бидің ақылын ал! Өзім ертіп апарайын, — деп анасы сол кездегі қалың қауымның сыйлысы болған ел ағасын ауызға алады.
— Жарайды, — деп Құлекең оған да көнеді.
— Оның батасын алу үшін бір мал табу керек, — дейді анасы.
— Жарайды, жол-жөнекей бірдеңе табылар, — дейді Құлақай.
— Қарағым-ау, әлгінде қойдым дегенің қайда? Тағы біреуді алдап алғың келіп тұр ма?
— Ал, алдамайын, бір жақсы ат таба қойыңызшы.
— Оны қайдан табамын, жарығым-ау!
— Онда менің жолыма көлденең тұрмаңыз. Жүріңіз, кеттік.
— Қайда?
— Бата алуға.
Құлақай анасын ертіп, бидің аулына келе жатса, жол жиегінде бір табын сиыр жусап жатыр екен.
— Мынау Боқбасардың сиыры ғой. Анау тарғыл өгізді ұста, — дейді Құлақай қасына еріп жүрген інісі Бәйдекке.
— Қой, қарағым, танып қойса, ұят емес пе? Өз малын өзіне апарғанымыз, — дейді анасы.
— Жоқ, шеше, мен ес білгелі мен өз малын өзі таныған бай көргем жоқ.
Бұлар кеш бата тарғыл өгізді жетектеп, бидің үйіне келеді.
Би:
— Мына зәлім қайдан келіп еді, бір пәле шығармаса игі еді,— деп, Құлақайды қой сойып, қонақ қылады. Ет желініп болған соң, Құлақай биден бата сұрайды. Би есік жаққа жалтақтай қарап, бірдеңе дәметкендей болады.
— Жасаңыз, жасаңыз, биеке, тәбәрігіңіз дайын, — дейді Құлақай. Сөйтеді де Бәйдекке «бар, алып кел» дегендей ым қағады. Бәйдек өгізді жетелеп әкеп, есіктен басын көрсетеді.
— Міне, биеке, тәбәрігім — тарғыл өгіз, — деп Құлақай қолын жаяды.
— Е, бәсе, — деп би жымың-жымың қағады, — бұл қу тағы алдап соққалы отыр ма деп ем.
Ол «бісімилла, раббим» деп батасын шұбыртып жасай бастады. Бата бітіп, бет сипасқан кезде бидің ортаншы ұлы Оспан тұрып:
Мынау өзі біздің өгізден аумайды екен, — десе керек.
— Ә, солай ма, — дейді Құлақай қуланып, — ол да біреудің тәбәрікке бергені шығар.
— Иә, иә, тәбәрікке келген. Әумин, игілікке ұстасын, — деп Боқбасар би сақалын сипапты.
Көңілқош
Мына әңгіменің авторы кім болды екен? Құлақай Қарабатыр ұлы 1859 жылы туып, 1916 жылы дүниеден озған. Ал Боқаң болса, он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, Қисықпен (1791-1858) замандас болған. Сол себепті, Құлақай Боқаңа бата алуға барды деп айту қисынға келмейді.
Сабит
Көңілқош, Боқаң Қисықпен замандас болды дейсің, Қисықтан жасы кіші болған шығар, Қисықтан кейін қайтыс болған шығар, сол себепті, Құлақай Боқаңа бата алуға барды деп айту қисынға оп оңай келді келеді.