Өлең, жыр, ақындар

Сағынғали Сейітов

Сағынғали Сейітов (1917–2007) 20 қарашада Орал облысы, Ақжайық ауданы, «Өлеңті» кеңшарында туған.

1937 жылы Орал су транспорты рабфагын, 1941 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін тамамдаған. 1941–1947 жж. Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметте болды. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. Соғыстан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болып істеген. Филология ғылымының кандидаты.

Тырнақалды өлеңі 1936 жылы Оралдың облыстық газетінде жарияланған. Тұңғыш жинағы – «Большевиктер» 1951 жылы жарық көрген. Содан бері қазақ, орыс тілдерінде қырықтан астам кітабы басылып шыққан. Оның ішінде «Жолдас жүректен» (1953), «Ортақ ой» (1956), «Бетпе-бет» (1959), «Өрден өрге» (1963), «Жаңғырық» (таңдамалы, 1967), «Жолдас уақыт» (таңдамалы, 1977), «Сәулет» (1988), «Серпер» (1994), «Сеңгір» (1997), «Самғау» (2001) атты жыр жинақтары бар.

Бірқатар оқулықтар және «Қырық жылда» (1957), «Әдебиеттер достығы» (1965), «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі» (1966), «Тоғысқан толқындар» (1974), «Туысқандық туғызған» (1979), «Өлең өлкесінде» (1984), «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» (1985) атты монографиялар мен әдеби зерттеулердің авторы.

Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.


Қарап көріңіз

Пікірлер