Ол күні Москва самолеті кешікпей, мезгілінде келді. Жазушылар одағы қармасының кезекті пленумынан қайтқан қаламдас ағаларды Алматы аэропортында таң қараңғылығында қарсы алдық.
Ақын ағаның үйінде екеуміз ғана әңгіме әңгімелесіп отырмыз. Әңгіме бір ауық пленум жайына ауысса, енді бір сәтте жазушылар бригадасының Батыс Қазақстанға баратын сапарына қарай ойысады.
Саған биыл Нарынды аралатамын, Орданы көрсетемін, — дейді ол сөз арасында.
Ол маған өз жоспарларын әңгімелейді.
Шағындау ғана екі поэма жазсам деймін. Біреуі Ленин туралы. Әзірше шартты аты —
«Ильич көзімен». Екіншісін — «От ішіндегі қыз» деп атағым келеді. Мәншүк туралы.
Ол от жанарлы үлкен көзін маған қадайды. Сөйтеді де сал күлімдеп:
— Екеуінің де көлемі шағын болады. Ұқтың ба? Әрқайсысын жолдан асырмасам деймін...
Мен кенеттен әңгіме бетін келесі кітап жағына қарай бұрамын. Сен менің сөзімді ілтипатпен тыңдап алады да:
Жоқ, қазақша бір томдық дегенді атай көрме. Менің алпыс жылдығым келе жатқан жоқ па? Томдықтарды сонда шығармаймын ба?
Мен үндемедім.
Екеуміз де тым-тырыс біраз отырдық.
Бұл әңгіме мың тоғыз жүз алпыс бесінші жылғы февральдің кезінде болып еді.
Сондағы айтқан алпысына ақын ағамыз жетпей кетті. Оны сұм жал төтелеп келіп жетелеп әкетті.
Жоқ, олай емес, ол өмірден кетсе де, көңілден кетпейді. Дұрысында, ол өмірден де кеткен жоқ. Зымыраған составтан шағындау бір аялдамада түсіп қалған жауынгер сияқты қайран Тәкең сол мен туған елдің ормандары мен көлдерін, таулары мен дөңдерін аралап кете барды.
...Ол әрдайым санамызда, зердемізде. Жөнді ағара қоймаған алшын сол қолымен бір қайырып қойып, шекесінен қараған қалпында ол бәрімізді де кәріп тұрған тәрізді. Ол ешкімге де тіл қатпады, бірақ өзінін әйгілі өлеңіндегідей:
Емеспін мен министр де, мистр де,
Ақынға шен жараспайды дәстүрде.
Мистр емес, Жароков боп атанып,
Өлеңдеттім Отанымда естім де! —
деп ішінен күбірлеп тұрғандай.
Иә, ол өзінің кір жуып, кіндік кескен жерінде, алтын бесік туған тілінде тек қана Тайыр Жароков боп атанып, өмірі мен өнерін, дарыны мен жалынын көн ұлтты әдебиетіміздің игілігіне қалтқысыз жұмсады.
Сандуғаштың сайрау үшін, сұңқардың самғау үшін жаралатыны сияқты, ол поэзия үшін туған адам еді. Өлеңі түгіл, жайшылықтағы сөзінің өзі де ұйқаста тұратын. Жиын-мәжілістерде, ақындық делебесі қозған шақтарда жыр шумағын десте-дестесімен ақтаратын.
Дүниеге ақын боп келген Тайыр біреу ғана болуға тиіс еді. Ол шынында солай болды да! Пушкин біреу, Абай біреу болуға тиіс. Сол айтқандай, Тайыр да қайталанбас талант ретінде біреу ғана еді. Табиғат оған дарқан дарын, асқақ арын, жомарт жүрек сыйлады. Енді бізге Тайырды қайталайтын екінші Тайыр керек болмас. Бізге Тайырды қайталамайтын, бірақ оның сүйікті бейнесін, серпіні мен құлашын, асқақ үні мен абзал адамгершілігін еске түсіретін мықты бір ақын керек-ақ сияқты.
Азамат ақынның коммунист ақынның адамгершілік қасиеті айтса айтарлықтай-ақ еді ғой! Аңқылдаған ақ көңіл, адал ниет дейтініңіз, адамға мейірбандық, қамқорлық, түрлі түсті ұсақ мінездерден өзін аулақ ұстап, өсек-аяңға бой алдырмау дейтініңіз Тәкеңнің еншісіне біткендей таусылмас қазына сияқты еді-ау, шіркін! «Менің сырым» аталатын елеңіндегі:
Біреуге өмірімде
Қас қылып көрген емен.
Жанжалға, тегі, мүлде
Бас сұғып көрген емен.
Біреуді туғалы мен
Өсектеп көрген емен.
Ол өсек қуғанымен,
Өседі деп көрген емен.
Келгенше осы жасқа
Күндеуді білген емен.
Күндегіш кейбір досқа
Күңкілдеп көрген емен... —
деп келетін жолдар әйтеуір бір лирикалық қаһарманның емес, ақынның өз басына тән қадір-қасиеттерді аңғартады.
Осыларды Тәкеңнің өзгелерге өнеге боларлықтай мінезі еді дей тұрып, мен абзал ағамызды көрінгеннің илеуіне көне беретін аса көңілшек етіп көрсетушілердің ағаттық жасап алатынын ескерте кетсем деп едім. Мейірбан Тәкең, адал Тәкең өзінін коммуниста ар-ұжданына, коммунистік көзқарасына қайшы келетін нәрселерді қабылдай бермейтін. Тәкеңнің адамгершілігі дегенді, міне осылай ұғыну керек.
Тәкең қалдырған әдеби мұра жайына ауыссам, қазақ поэзиясының ғана емес, бүкіл советтік поэзиямыздың көрнекті өкілдерінін бірі, тамаша ақынымыз Тайырдың қандай шығармалар жазғанын оқырмандар қауымы жақсы біледі ғой деп ойлаймын. Сондықтан оларды санамалап жатпай-ақ, жұрттың бәрі біле бермейтін бір деректі хабарлай кетейін. Мен осы арада цифрларды сөйлеткім келеді. Тайыр қалдырған тел шығарманың жалпы жол саны қырық бес мыңды алқымдап тастайды да, аудармасының жол саны жиырма .бес мыңға жетіп жығылады. Бәрін қоссақ жетпіс мың жол болып шығады
Тайыр жылдардың немесе кезеңнің жыршысы емес, ол тұтас бір елдің ақыны. Ол қашанда дәуір деңгейінен табылып, өз заманының мезгілдік биік мінбесінен тіл қата білді. Ол адамдар үшін адамдар туралы жазды.
Біз серпісек құлашты,
Тау қырандай серпеміз.
Біз серпісек құлашты,
Таңға ұрандай серпеміз.
Біз серпісек құлашты,
Айға қарай серпеміз.
Біз серпісек құлашты,
Алға қарай серпеміз!
Бұл шуақтардағы лепті лебіздер әйтеуір бір ақыл емес, ақындық формуласы. Өйткені мұнда біздің социалистік тон серпін мен екпін, тегеурін мен қарқын зор эмоциялық бейнеленген.
Осындай асқақ арын, тегеуірінді күш, жер мен көкті қаусыра кең құлаш Тайырдың көптеген өлеңдерінің өзегі болып естіледі. Мәселен, теңізде кеме үстінде келе жатып ол:
Үстім де көк, астым да,
Үстім бе аспан, астым ба?
Құшақтап жұлдыз, ай сүйген,
Көмейінен күн күлген,
Нұр сәулетті аспанды
Аяғыммен бастым ба?! —
деп, бұрын-соңды ешкім айтпаған аса айшықты да әсерлі жыр шумақтарын ернектейді. Жоқ, бұл жай көркем өрнек емес, бұл — жанды сурет, бұл — совет адамының жеңімпаз күшін, асыл арманын ардақтау, көңіл көзін келешекке қадап, оның келбетін көрсетуге құштарлану. Естеріңізге сала кетейін, бұл өлең 1931 жылы, атақты «Күн тіл қатты» поэмасынан үш жыл бұрын жазылған. Байқап отырсам, аспан әлемін игеру идеясын өз поэзиясында көтерудің алғашқы бір нышанын ақын осынау өлеңінде абайлатқан екен.
«Күн тіл қатты» кезінде поэзиямызда ғана емес, бүкіл әдебиетімізде ірі құбылыс болған, соқталы да сындарлы дүние. Ол аспан әлемін бағындырушыларға арналып қазақ әдебиетінде алғаш орнатылған көркем ескерткіш іспетті. Тайырдың өлмес-өшпес шығармасының құндылығы да осында.
«Күн тіл қатты» шумақ сайын шиыршық атып, шығаннан шығанға көтеріле түсетін асқақ пафосқа құрылған. Мұндағы образдар да, сөз кестелері де ірі бітімді, әшекейлі де айшықты. Ылғи бір еңсермелі екпін, ылғи 'бір шырқауларға шығандау, ақыр-аяғында көктегі күнмен сөйлесу...
«Күн тіл қатты» Тайырды қазақ өлеңінің биік орбитасына шығарды да, ол білектен әл, жүректен нәр кеткенше осы орбитадан түсіп көрген жоқ. Осынау орбитада тұрып ол атақты «Тасқынды» туғызды.
Осынау орбитада тұрып ол халқына «Жапанды орман жаңғыртты», «Құмдағы дауыл» сияқты сом бітімді дүниелерін сыйлады.
Қазақ өлеңінің, жалпы советтік өлеңінің ұлы өзені арнасында өз ағынымен, өз тасқынымен толассыз, тынбай тасып келе жатқан «Тасқын» сол бетімен келешек ұрпақтарға жететініне ешкім де күмәнданбаса керек. Жаңа совет қоғамы тәрбиелеп өсірген жаңа адамдарды қазақ поэзиясында алғаш тұлғаландырып, көрікті келбетімен көрсете білген ақынға бүгінгі буын да, болашақ ұрпақ та алғыс сезімін білдіретініне сенім зор.
Ақынның соңғы поэмасы «Тасқынға тосқын» да жаңағы біз айтқан биік орбитада тұрып туғызған ең күшті, ең әсерлі дүниелерінің бірі.
Сөз иіні келгенде айта кетейін, алпысыншы жылдардың бас кезінде Тайыр поэзиясында соны сапа-сипаттар, тың нәр-нақыштар белгі бере бастаған болатын. Меніңше, мұндай қасиеттер «Тау жырлайды» жинағына енгізілген өлеңдерінен айрықша байқалады. Тайырдың бұл кездегі шығармаларында шынайы лиризм, тереңге бет алған философиялық толғаныс-тебіреністер үнемі бой көрсетіп отырады.
«Тасқынға тосқын» поэмасында да осындай қадір-қасиеттер мол. Әңгіме Есік көлінде болған қайғылы халды шығарма өзегі етіп алуда емес. Әңгіме «Тасқынға тосқында» ақынның сұлулықты, сұлулық дүниесінің сырларын сүйсіне жырлауында. Түптеп келгенде «Тасқынға тосқын» совет адамына, оның жасампаз енбегіне, алдыңғы қатарлы ғылымға арналған гимні деуге әбден татитын туынды.
Ақын бұл поэмасын сырқаттанып жүрген шағында жазды. Соған қарамастан «Тасқынға тосқын» өзінің идеялық-көркемдік қуаты, сөз өрнегі, тіл кестесі, образ жүйесі жағынан ете бір жарасымдылықпен, келбетті көркемдікпен нақышталған дөңгелек бітімді, әдемі дүние.
Тайыр Жароков поэзиясының өрнегі бай, бояуы әр алуан, ырғағы мен интонациясы әрі назды, әрі сазды, әрі арынды, әрі жалынды. Оның өлеңдері мен поэмаларынан бұлтты күннің күркірі мен жазғы жаңбыр сіркірін, жасыл жапырақтың дірілі мен көк қасқа бұлақтың гүрілін естісең; орманның генералындай қасқайып тұрған еменді, тік тұрып ұйықтаған ақ қайыңды, лақтырған алтын доптай болып Алатаудан асып келе жатқан күнді көресің. Бұлардың үстіне қазақ ақындарының ішінде күнге алдымен тіл қатқан Тайырдың өлеңінде күннің шуағы мен шапағы, ай мен жұлдыздың жарығы үнемі сәулеленіп тұрады.
Қазақтың Тайырдай перзенті, Тайырдың аса талантты ақыны болғаны — ол анығында әдебиетіміздің ырысы, абыройы деп бағалау керек. Егер ол тумаса, егер ол поэзия әлемінде қанат қақпаса — ұлттық өлеңімізде бір ірі ақын мәңгілік жетіспей тұрған болар еді...
Тайыр Жароков — туған халқының рухани, мәдени, әдеби тарихынан өзіне лайық берік орын алған соқталы тұлға. Ол поэзияның алқара көк аспанында үнемі жарқырап көрінетін шолпан жұлдызы тәрізді, өз халқымен, қазақтың өлеңімен мәңгі бірге жасайды!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі