Өлең, жыр, ақындар

Аталар мұрасы – халық қазынасы

Жамбыл облысы, Меркі ауданы.
Гранитогор санаториялық мектеп-интернатының
Тәрбиешісі: Шалабаев Нурбол Шанашбекович


Мақсаты:

Білімділік - аталардан қалған ұлағатты сөздерді балаларға ұғындыру;

Тәрбиелік – сол сөздерден өнеге алуға баулу;                                                                     

Дамытушылық – ойын нақты жеткізуге, тапқыр сөйлеуге,ақылды,салмақты ой айтуға үйрету.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, плакаттар.
    Барысы.
Жоспар
1.    Аталар сөзі-ақылдың көзі.
2.    Ата өсиеті.   
3.    Баталы құл-арымас.                                                                                                               

1-жүргізуші:«Сәлем - сөздің анасы» демекші, армысыздар ағайын!
2-жүргізуші: Қадірменді көпшілік, бүгінгі «Аталар мұрасы - халық қазынасы» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Ендеше күнделікті өмірде ата-әжелеріміздің, ата-аналарымыздың айтып отыратын «Аталар сөзі-ақылдың көзі» бөліміне сөз кезегін берейік.
Жігіт: Ата! Қол бастау қиын ба,
Жол бастау қиын ба,
Сөз бастау қиын ба?
Қарт: Е, балам!
Қол бастау қиын емес,
Көк найзалы ерің болса.
Жол бастау қиын емес,
Соңыңнан ерген елің болса.
Бәрінен де сөз бастау қиын.
Тауып айтсаң,мереке қылады.
Таппай айтсаң,келеке қылады.
Жігіт: Дұрыс айтасыз,дұрыс айтасыз.
Қарт: Е, балам!
Таза мінсізасыл сөз
Ой түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады.
Иә, балаларым, сөз кезегін түйіндейтін болсақ: «Ақыл- адамда аздырмайтын ем.
Білім таусылмайтын кен».
Адамның басшысы ақыл, жетекшісі талап, шолғыншысы ой, жолдасы кәсіп, қорғаны сабыр, қорғаушысы мінез болу керек.
2-жүргізуші: Ей, тәкәппар дүние,
Маған да бір қарашы!
Танимысың сен мені,
Мен қазақтың баласы.
1-жүргізуші: Ізетіңді инеетіп,
Иманыңды түйме етіп,
Инабатты күйме етіп,
Жүрші, балам, жамандықты күйретіп,-дегендей біз бабаларымыздың мұрасын, халқымыздың жақсы дәстүрлерін бойымызға сіңіріп, жалғастырып, жамандықтан аулақ,жаны таза ел жанды ұрпақ болып өсейік.

Көрініс:«Ата өсиеті»
Жігіт: Ассалаумағалейкүм,ата!
Қарт: Аманбасызң, балам? Бақытты болу оңай ма?
Жігіт: Ата, жары жақсы болса,бақыты жанында.
Қарт: Жоқ, балам! Ақыл басыңа болса, бақыт жаныңда болады. Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты болам десең ақылдықты үйрен,не ақылды қызға үйлен.
Жігіт: Дұрыс айтасыз,дұрыс айтасыз!
Қарт: Балам, үйде кім,елде кім қадірлі?
Жігіт: Үйде ана,елде бастық қадірлі.
Қарт: Жоқ, балам, үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. «Бала-үйдің патшасы», «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген халқым.
Қарт: Балам, үйдегі алтын қазық кім?
Жігіт: Ата, үйдегі алтын қазық-бала.
Қарт: Жоқ, үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана ақылшың, әке қамқоршың, ағаң қорғаушың, інің сүйенішің, қарындасың қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағаның ақылы кем, әкені сыйламағаның жақыны кем. Ананың мейрімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде болады,балам.
Жігіт: Ой, қандай керемет сөздер!
Қарт: Балам, достықты нығайтатын не?
Жігіт: Ата, достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туысқандық, бауырмалдық нығайтады.
Қарт: Дұрыс,балам, сенің айтқаның достық пен жолдастықты дамытады. Есіңде болсын, шын достық ақылдыға тән. Өмірде дос болуды ойласаң «Сәлеметсіз бе?», «Кешіріңіз?», «Рахмет», «Сау болыңыз» «Сәлем айтыңыз», «Рұқсат па?» деген сөздерді шын көңілімен айтуға үйрен.  Сәлемдесуді білген кешіре де біледі. Жөн сөз көңіді өсіреді, жөнсіз сөз үмітіңді өшіреді.
Жігіт: Рахмет, ата, сіздің ғибрат аларлық сөздеріңізді есте сақтаймын!
2-жүргізіуші:  Салт-дәстүр – халық педагогикасының бастауы. Елдігіміздің, егемендігіміздің арқасында қайтып оралған салт-дәстүрімізді тұрмыстық негізде қолданып жүрміз. Соның ішінде батаға түсінік бермекшіміз.
Баталы құл-арымас,
Батасыз құл-жарымас.
Батамен ел көгереді,
Жауменен жер көгереді,-дейді дана халқымыз.
1-жүргізуші: Бата – халықтың рухани күш алатын құдіретті сенім күші. Ол-ел сенімін ақтайтын абзал азаматтарға, талантты жастарға, көптің жүгін көтерген адамдарға, жас сәбиге немесе үлкендер жақсы  ісіне риза болған жағдайларда берілетін үлкен кісілер мен ақсақалдардың ақ тілегі әрі өмірлік жолдамасы.  (Бата беріледі).
Қарт: Ата сөзі дарып мол,
Ақ уызға қорық бол.
Абылайдай алып бол,
Шоқын сынды жарық бол.
Абайға ұқсап милы бол,
Құрманғазыдай күйші бол.
Ақандайын сері бол,
Қажымұқандай ер бол.
Сәкен сынды сұңқар бол,
Бағың жанып әр дайым,
Жақсыларға жақын бол.
Осы айтқаным періште құлағына шалынсын.
Бәрінен де,құлыным,
Аман бол,қалқам,аман бол!
Әумин!
Қорытынды:
Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі тәрбие сағатынан қандай әсер алдыңдар, ой түйдіңдер,қандай өнеге алдыңдар? Өз ойларымызбен бөлісіп, бүгінгі тәрбие сағатын қортындылайық. (Оқушылардың ойлары тыңдалды.)
Кешегі күнсіз келешек жоқ. Бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан ата-бабалармыздың мол мұрасымен сусындату-біздің міндетіміз. Ұлдың батыр, қыздың әдепті болып қалыптасуы бабалар мұрасына байланысты. Демек, бабалармыздың өнеге-өсиетін пайдалана отырып тәрбиелеу ұлттық тұлғаны қалыптастарады.

Сараптама: Бұл тәрбиесағаты оқушылармыздың бойына ұлағатты қасиеттерді сіңіріп, оларды имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу және оқушы бойына әдептілік және адами қасиеттерді қалыптастыру, жақсы мен жаманды ажырата біліп, аталы сөздерден ғибрат алғызады. Ата-бабалармыздан бізге жеткен көптеген ғибрат аларлық, тамаша тәлім-тәрбие берерлік сөздер өте көп айтылды. Осы сөздерден өнеге алар мақсатында өткізілді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз