Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
№2 орта мектебінің
Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі
Молдакадырова Роза Орынбасаровна
Мақсаты: қазақ халқының қаһарман ұлы, жазушы Бауыржан Момышұлының өмір жолынан мағлұмат беру, ерліктерін, артында қалдырған өсиет сөздерін үлгі ету. Оқушыларды шығармашылыққа, ізденімпаздыққа баулу, отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беру.
Әдіс-тәсілдер: топпен жұмыс, баяндау, әңгімелеу, іздендіру.
Көрнекілігі: интерактивті тақтада слайдтар, Б.Момышұлына арналған «Аңызға айналған ғұмыр» кітап көрмесі, буклеттер, нақыл сөздер.
1. Ерлік – елдің қасиеті,
Жүректілік – жігіттің қасиеті
2. Өз халқын құрметтеп сүймеген адам,
Опасыз, оңбаған адам.
3. Ешкім де ұмытылмайды,
Еш нәрсе де ұмыт қалмайды.
4. Ерлік өлмейді, ер ұмытылмайды.
Барысы.
(Оқушылар 4 топқа бөлінеді. Әр топтың өз аты, мақсаттары, тапсырмалары бар. Топ жетекшілері сабақ барысында өз топ оқушыларына басшылық жасап ұйымдастырып отырады.)
1. топ. «Ұшқан ұя». Б.Момышұлының өмірі, білім алған ордасы, еңбек жолы туралы жинаған мәліметтерін ортаға салады.
2. топ. «Отан үшін от кешкен». Соғыстағы ерліктері, қаруластары туралы баяндайды.
3. топ. «Ұрпаққа өсиет». Б.Момышұлының артында қалдырған өнеге-өсиет сөздеріне, жазған шығармалары мен өлеңдеріне тоқталады.
4. топ. «Өмір-дастан». Б.Момышұлы туралы жазылған шығармалар, өлеңдер.
Кіріспе сөз
Мұғалім: Екінші дүниежүзілік соғыс туралы айтсақ, алдымен елін, жерін қасықтай қаны қалғанша қорғаған 1 жарым миллионнан астам отандастарымыз еске түседі. Соғыстың оты әрбір отбасын шарпып өтті. Ана баласынан, сүйген жар сыңарынан айырылды. Елін, жерін қорғауда өшпестей ерлік көрсеткен, ерлігі бүгінде аңызға айналған батырларымыздың есімі тарихта мәңгілік қалды.
Бүгінгі сынып сағатымыз аты аңызға айналған қазақ халқының қаһарман ұлы, ержүрек қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлына арналады. Бауыржан атамыздың 100 жылдық мерейтойы жер-жерде аталып өтіліп жатыр. Өзі ерлікпен қорғаған Мәскеу қаласында бір мектепке Б. Момышұлының есімі берілді.
Топ төртке бөлініп Бауыржан атамыздың өмірін, шығармашылығын зерттеп, сіздерге таныстырады.
Сөз «Ұшқан ұя» тобына беріледі.
1-оқушы: Б. Момышұлы 1910 жылы 24-желтоқсанда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көлбастау ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы орта мектепті 1928 жылы бітіріп, еңбек жолын бастауыш мектепте мұғалім болып бастады. 1932 жылы Қызыл армия қатарына алынады.
Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер-балдай.
Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа,
Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай.
Көкорай шалғын, кең өлкем, жерің сәнді,
Жазық салқын, жайлауың малға жайлы.
Сағынып алыс жерден келгенімде
Көзім тойып көркіңе, мейірім қанды.
2-оқушы: Әрі қарай еңбек жолын Шымкент, Алматы қалаларында банк салаларында жалғастырады. 1936 жылы Ленинград қаласында финанс академиясы жанындағы курсты бітіріп, қайтадан Қызыл армия қатарына алынады. Взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, ал 1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы жұмыстарын атқарады.
Қайтпаған дауылдан,
Кек алған жауынан
Халқының қастерлі
Жайсаңы – Бауыржан, қайсар ұл –Бауыржан!
Қазақтың қамы үшін
Жүрегі ауырған.
Елінің намысын
Қорғаған –Бауыржан, өр бабам –Бауыржан!
3- оқушы: Соғыс басталысымен 316-атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамына майданға аттанады. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысты. Панфилов атындағы 28-гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болды, соғыстың соңғы жылдары осы дивизияны басқарды.
Жеңіс бізге оңайлықпен келмеді,
Жастық күйреп, халық сиреп көнерді.
Жарақат алғандардың күшіменен
Өркендеттік өмір менен өлеңді.
4-оқушы: Соғыс кезінде ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен ерекше көзге түсті, батырлық атақдаңқы аңызға айналды. 1952 жылы Кеңес Армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірді. 1950-1956 жылдары әскери академияда сабақ береді және тұрақты әскери қызмет атқарады.
Соғыс өтті жалмап талай өмірді,
Қаншама қан еш жазықсыз төгілді.
Соғыс тағы естілгенде құлаққа,
Елестетер қара тажал өлімді.
Келді міне, күндей жайнап гүл көктем,
Самал желі шашты тарап, бетті өпкен,
Ұмытуға хақымыз жоқ оларды,
Олар біздің бақыт үшін қан төккен.
5-оқушы: Бауыржан атамыз соғыстағы ерен ергілі мен жастарға патриоттық тәрбие берудегі еңбегі үшін «Қызыл Ту», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы», «1-дәрежелі Отан соғысы», 2 рет «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталды.
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей қып,
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.
Үстінде туған елдің тұрды толқып,
Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін.
Атағы атын алып келді шалқып,
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.
«Отан үшін от кешкен» тобы. (Деректі фильмнен үзінді көрсетеді)
6-оқушы: Бауыржан Момышұлына жауангерлік мінездеме:
1910 жылы туған, 1942 жылдан БКП мүшесі, ұлты қазақ, әлеуметтік тегі-қызметші жалпы білімі - орта, әскери білімі – бір жылдық. 1932 жылдан 1934 жылға дейін Қызыл Армия қатарында. 1941 жылдың қыркүйегінен майдандағы армияда.
7-оқушы: Б.Момышұлы жолдастың тактикалық даярлығы жақсы, өзінің әскери білімін неміс-фашист оккупанттарына қарсы кескілескен шайқастарда, іс жүзіндегі командирлік жұмыста арттырған және ол білімін ұрыста шебер қолданды.
1941 жылғы шілде-қыркүйек айларындағы кезеңде атқыштар батальонының командирі болған капитан Б.Момышұлы жауынгерлер мен командирлерді өз отанына шексіз берілгендік рухында тәрбиелеп, өз батальонының жауынгерлік құрамының сапалы әскери даярлығына қол жеткізді.
Айқастың асқан талай ауыр жолын,
Ағындап ақбоз атпен Бауыржаным.
Қиында қырандардай қайыспас ер,
Қашанда риза саған бауырларың.
Басқарып отызында полкті өзі
Жау жүрек Жуковқа да жолықты өзі.
Бес рет қоршауды да бұзып Баукең,
Бес рет Крюкованы да алыпты өзі.
8-оқушы: 1941 жылы қазан айында Мәскеу үшін болған ұрыстарда Бауыржан Момышұлы жолдас басқарған батальон жауға қарсы ерлікпен шайқасып, оған елеулі соққы берді.
1941 жылы қараша айынан Бауыржан Момышұлы жолдас-1073-полктің командирі, ол басқаратын полктің жауынгерлік құрамы Батыс майданда жауға батыл тойтарыс беріп, оның бірқатар әскери құрамалары мен көптеген техникасын жойды. Дивизияның басқа бөлімдерімен бірге Б.Момышұлының полкі неміс оккупанттарын Мәскеу түбінде талқандауға жол ашты.
Дивизияның бүкіл еліміз алдында белгілі жалпыға мәлім еңбектері оның гвардиялық және Ленин орденімен наградталуы майор Б.Момышұлы басқаратын 1073-атқыштар полкінің жауынгерлік табыстарымен байланысты.
Бауыржан Момышұлының тұлғасын қай жағынан алып қарасақ та үлгі-өнеге болып қала беретіні ақиқат.
Қазаққа бір көрінер белес жетіп,
Батырды эпостағы елестетіп.
Момышұлы дегізген ұлы тұлғаң,
Өзіңді аңыз етті ел ес кетіп.
«Ұрпаққа өсиет» тобы.
9-оқушы: Бауыржан Момышұлы батыр, ержүрек қолбасшы ғана емес, бойында жазушылық, ақындық қасиет те болған. Баукеңнің қаламынан шыққан шығармалары «Ұшқан ұя», «Офицер күнделігі», «Бір түннің тарихы». ССРО-Германия соғысының үлкен шежіресі іспетті күрделі шығармасы «Москва үшін шайқас» (1959жыл). Мұнымен қатар «Жауынгер тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Төлеген Тоқтаров» т.б. шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылды.
Сол атың алыстарға таныс бүгін,
Халықпен, заманамен тоғысты үнің.
Құрметтейді әрқашан тұрғыласы
Ардагер Отан ұлын, Момышұлын.
10-оқушы: Мен Бауыржан атамыздың артында қалдырған, қазір ел арасында мақалға айналып кеткен өнеге-өсиетчөздерін сіздердің назарларыңызға ұсынамын.
1. Тізе бүгіп тірі жүргеннен,
Тіке тұрып өлген арттық.
2. Жерге тер төгіп қызмет ет,
Халыққа қан төгіп қызмет ет.
3. Қайратыңа әдісінді жолдас ет.
Әдісіңе ақылыңды жолдас ет.
4. Тексізден тезек артық,
Арсыздан айан артық.
5. Отан үшін отқа түс - күймейсің.
6. Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады.
7. Ердің туы – намыс.
11-оқушы: Мен Бауыржан атамыздан қалған өсиет сөздері мен баталарын жинақтап, сіздерге бірнешеуін ұсанайын.
Өсиет
Ақыл айтар мезгілде
Мың жасаған шалдай бол.
Қатал болар мезгілде
Шатырлаған жайдай бол.
Мейірім түсер мезгілде
Ағарып атқан таңдай бол.
Жауды бөгер кезіңде
Көлденең жатқан ордай бол.
Бата
Иә, құдайым! Тілегімді қабыл ет!
Дозақтың отынан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта.
Халықты жеген бастықтан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Адамды қадірлемес есерден сақта,
Нанды басқан кесірден сақта,
Мезгілсіз келген өлімнен сақта,
Ұятсыз қызыңнан сақта,
Қайырымсыз жекжаттан сақта.
Түнере атқан таңнан сақта,
Жаңбырсыз шаңнан сақта.
Еңбегіміз өнімді болсың,
Қамбамыз астыққа толсың,
Маңырыған мал өріске толсын.
Ағаш берсең, жемісті ғып бер.
Жомарт болсаң, осы айтқандарымның
Бәрін үйіп-төгіп бір-ақ бер!
12-оқушы: Бауыржан Момышұлы ана тіліне араша бола білген. Ол сонау 1944жылы 25-ақпанда қазақ тілінің жай-күйін мәселе етіп көтере білген. Ол орталық Комитеттің хатшысы М.Әбдіхалықовтың атына «Қазақ тілі туралы пікір» атты арнайы хат жазды.
Ол хатында «Тілсізді –айуан деген. Тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық» дей келіп сол кездері қазақ тілінің тілдік сапасының жоғалып бара жатқанын тілге тиек етіп, мүшкіл халіне күйінеді және үкімет тарапынан қолға алынбаса қазақ тілі құмға сіңген судай жоғалып кетерінің өзі ғажап емес екендігін айтқан.
«Өмір-дастан» тобы.
13-оқушы: Бауыржан атамыздың өмірі, ерлігі –бізге үлгі. Ол кісі туралы жазылған шығармаларды оқи отырып, өмірде ештеңеден қаймықпаған, әділ, бірбеткей, туған халқын шексіз сүйген адам деп танимыз.
Сіздердің назарларыңызға атамызға арналған «Аңызға айналған ғұмыр» атты кітап көрмесін ұсынамыз.
Бауыржан атамыздың өзімен бетпе-бет жүздесіп, сұхбат түрінде жазылған шығарма –халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз туындысы. Аты айтып тұрғандай ел арасында Бауыржан атамыздың ерлігі туралы аңыз әңгімелер өте көп. Осы шығарманы оқи отырып атамыз туралы ақиқат пен аңызға көз жеткізуге болады.
Бауыржан бізге Қобланды боп жеткендей,
Бауыржан аты күркіреген көктемдей.
Бауыржан аты –қылыштары жарқылдап,
Тасырлатып атты әскерлер өткендей.
Бауыржан аты –Волоколам қорғаны,
Панфиловтың шабуылшысы қолдары.
Бауыржан аты – шеру тартқан батысқа
Гвардиялық дивизия жолдары.
Бауыржан аты – ақыл, ерлік, жол басы,
Сайыпқыран солдаттардың жолдасы.
Майданда тек өз ерлігің жетімсіз,
Бауыржан аты – батырлардың қолбасы.
Бауыржан аты – дуылдатқан батырлық,
Бауыржан аты – жалын атқан ақындық.
Ақын, батыр қартаймайды ешқашан
Халқымыздың мәңгілік есінде сақталат.
14-оқушы: Атамыздың келіні, этнограф жазушы Зейнеп Ахметованың жазған шығармасы –«Шуақты күндер». Бұл шығармадан ата мен келін арасындағы сыпайылық, тәлім-тәрбие, салт-дәстүр сияқты көптеген құндылықтарды білесің.
15-оқушы: Ж. Егембердиеваның «Өмірінің өзі-дастан» шығармасы. Бауыржан атамыздың өмірінің соңғы кезеңдерінде бірге болған жары Жәмила апамыздың естелік шығармасы. Бұл шығарманы оқи отырып атамыздың мейірімді, балаша адал мінез-құлқын біліп таңқалдым. Көбіне ол кісіні қатал,тік мінезді дейді ғой. Ауруханада жатып өткізген уақыттарын, өмірінің соңғы минуттарын көзіңе жас алмай оқи алмайсың.
16-оқушы: «Өмірдің рахатын надан ғана көреді, азабы болса ердің сыбағасы» деп ата-бабаларым айтып кеткендей, сол кезде ел үшін, Отан үшін азап көріп, көпке шыдап, борыштарын қанмен жуып, майдан алаңында жан тәсіл еткен, ананың ақ сүтін ақтаған адал жолдастарымыз да көп-ақ еді..
Олардың қабірлерін әлдеқашан жусандар басты. Олардың істері, төккен қандары, болашаққа игілікті, нұрлы жауындай төгілді. Бүгінгі гүлдер солар болмаса өссер ме еді, құлпырып тұрар ма еді?» деп Бауыржан Момышұлының өзі айтқанындай, бүгінгі күннің гүлдері, болашақ иелері өз елің мен жерлеріңді көркейтіп, Қазақстанның намысын қорғайтын отаншыл азаматы болып өсіңдер!
17-оқушы: Халқымыздың мәңгілік мақтанышы ардагерлеріміздің даңқы мәңгі арта берсін!
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының рухына және қан майданда пида еткен аға-апаларымыздың рухына мың тағзым. Олардың ерлік ісін ұмытпаймыз, ұлықтаймыз!
Адам қанша өзгерсін, заман қанша,
Отан сөзі жүрекке от тастайды.
Елім деген жас ұрпақ аман болса,
Ерлік жолын ешқашан шөп бастайды.
Қорытынды.
Мұғалім: Міне, оқушылар, бүгінгі сынып сағатынан Бауыржан атамыз туралы көптеген мәліметтер білдіңіздер. Әр қырынан танып,жан-жақты таныстыңдар. Ол кісінің өмірі сендерге үлгі, өсиет сөздері таза бұлақтай жаныңды тазалайды. Әр топ оқушылары өздеріне берілген тапсырманы орындап, сабақ мақсатына жетті деп ойлаймын. Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Қанша уақыт өтсе де Бауыржан Момышұлының есімі әр ұрпақтың санасында мәңгі қалады, бірге жасайды.
Бауыржан атамыз бір өлеңінде былай деп жазды:
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде»,
Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түпкірінен сөз келгенде.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі